Тікелей эфир

Clubhouse. Бұл қандай желі және оның кең таралуына негіз бар ма?

Биылғы қаңтарда Clubhouse қосымшасының құны шамамен 1 миллиард долларға бағаланды.

Тек аудиоға негізделген Clubhouse жаңа әлеуметтік желісі бүкіл әлемде кеңінен тарала бастады. Бірнеше апта ішінде Clubhouse App Store-дағы ең көп жүктелген қосымша болды. Бүгінде бұл желіге қосылғандардың саны 10 миллионға жуықтады. Олардың қатарында қазақстандықтар да бар. Жер жүзіне жаппай тарап жатқан бұл желінің нендей сиқыры бар? Clubhouse өзге танымал желілердей жаппай жұрттың көңілінен шыға ма және оның ғұмыры ұзақ па? Іnformburo.kz жауап береді. 

Clubhouse. Бұл не?

Clubhouse – қолданушылар тек дауыспен сөйлесе алатын жаңа әлеуметтік желі. Ол тек аудиоға негізделгендіктен, онда тек сөйлеуге немесе тыңдауға болады. Мәтін жазып, сурет жүктеу қарастырылмаған. Желінің өзі клубтардан және бөлмелерден тұрады. Қолданушылар белгілі бір тақырыпта әңгіме айтқысы немесе пікірталас ұйымдастырғысы келсе, көпшілікке арналған "бөлме" ашады. Оның жазылушылары бұл туралы хабарлама алады. Әркім қалауы бойынша бөлмеге қосылып, тыңдайды немесе қолын көтеріп сөйлей алады. "Бөлмелер" ашық, жабық түрде өтеді немесе белгілі бір "клуб" мүшелеріне арналады. Қолданушы "бөлмелерде" үш рет пікірталас ұйымдастырғаннан кейін өзінің тұрақты "клубын" құрауына болады. Клубты тіркеу үшін Clubhouse модераторларының рұқсаты керек.

Қолданушылар бұл желіден өзіне қызық тақырыптағы "бөлмені" іздей алады немесе оның лентасынан шығуы мүмкін. Қолданушы желіге тіркелген кезінде қызығатын тақырыптарын көрсетеді. Сол кезде қолданушыға арналған "бөлмелер" лентаға шығады. Әр "бөлмеге" 5 мыңға дейін адам қосыла алады.

Clubhouse қосымшасы. Сурет bbc.com сайтынан алынды

Оқи отырыңыз: "Онлайннан – офлайнға". Желі қолданушыларын біріктіретін шаралар қажет


Clubhouse қашан пайда болды?

Әлеуметтік желі 2020 жылдың көктемінде пайда болды. Оны Стэнфорд университетінің түлектері Пол Дэвисон мен Роэн Сет жасаған. Тек IOS жүйесінде жұмыс істейтініне қарамастан, қосымшаның құны 2020 жылдың желтоқсанында 100 миллион долларға бағаланған. Ал биылғы жылдың қаңтарында шамамен 1 миллиард доллар болды.

Авторлар платформаның басты қағидаттарының бірі – "шынайы қарым-қатынас пен пікірін ашық айту" екенін атап өтті.

Желіге қалай қосылуға болады?

Қазіргі уақытта платформа жалпы көпшілік үшін жабық күйінде қалып отыр, желі тек iOS құрылғыларына қолжетімді. Дегенмен, құрылтайшылар оны жақын болашақта баршаға қолжетімді етуге уәде берді. Ал әзірге кез-келген адам желіге тіркеліп, бірден кіріп кете алмайды. Оған екі жолмен қосылуға мүмкіндік бар:

  • Clubhouse-ты қолданып жүрген қолданушыдан "инвайт" арқылы шақыру алу;
  • AppStore-дан қосымшаны телефонға жүктеу арқылы өтінім беру және Clubhouse-та тіркелген контактілер тізімінен біреудің ол өтінімді мақұлдауын күту.

Дегенмен, сіз досыңыздың мақұлдауын ұзақ уақыт күтіп қалуыңыз мүмкін. Өйткені, желідегі пайдаланушылардың саны әлі де шектеулі және әрбір тіркелген қолданушы бастапқыда достарына 3 реттен артық "инвайт" жібере алмайды. Мұндай шектеуді пайдаланған "пысықай" желі қолданушылары тіпті инвайттарын саудаға салып, бизнеске айналдырғаны бар. Мысалы, қазақстандықтар Olx-те инвайтты 3 мың теңгеден бастап, 25 мың теңгеге дейін сатып жатыр.


Оқи отырыңыз: Кибербуллинг: балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?


Clubhouse-тың атағы неге жер жаруда?

Мәлімет бойынша, Clubhouse тек 2021 жылдың басында ғана кеңінен қолданысқа ене бастады. Тіпті TikTok пен Telegramды басып озып, App Store жүйесіндегі алдыңғы қатарлы жүктемелі тегін әлеуметтік желі қосымшасына айналды. Ағымдағы айдың 10 жұлдызындағы мәліметке қарасақ, қосымшаны әлем бойынша 5 миллионнан аса адам жүктеген. Бүгінде бұл сан 10 миллионға жуықтады.

Сарапшылардың пікірінше, аталмыш әлеуметтік желінің танымал болуына Clubhouse-қа тіркелген әлемдік деңгейдегі танымал жұлдыздардың әсері болуы мүмкін. Олардың арасында Илон Маск, Марк Цукерберг, Канье Уэст және Джаред Лето бар. Қосымшаның ерекшеліктерін ескере отырып, кез-келген пайдаланушы бұл адамдармен қажетті сәтте ашық бөлмеде еркін сөйлесе алады.

Қазіргі уақытта қосымшада блогерлер, журналистер, кәсіпкерлер, мәдениет қайраткерлері және басқалар тіркелген.

Clubhouse-та сөз бостандығы бар ма?

Clubhouse пайдаланушылардан белгілі бір ережелерді сақтауды сұрайды. Мысалы, барлық қолданушылар желіге өздерінің шынайы аты-жөнін көрсетіп тіркелуі керек және жасы 18-ден асқан болуы шарт. Рас, мұны толық бақылау әзірге мүмкін емес.

Clubhouse-да біреуді қорлау, кемсіту, бопсалау және жалған ақпарат таратуға тыйым салынады. Сондай-ақ, бөлмелерде болып жатқан әңгімелерді жазып алу мүмкін емес.

Платформадағы модерация пайдаланушылардың өздері есебінен жұмыс істейді: әр қатысушы платформаның ережелерін бұзған адамға шағымдана алады. Содан кейін Clubhouse тергеу жүргізіп, тиісті шешім қабылдайды. Сондықтан, айтар сөзге абай болған жөн.


Оқи отырыңыз: Жалған ақпарат таратушылар қалай жазаланады? Қылмыстық және әкімшілік кодекс баптары


Қауіпсіздік қандай деңгейде?

Ақпан айының ортасында Stanford Internet Observatory (SIO) американдық сарапшылары Clubhouse құру кезінде әзірлеушілер қытайлық Agora компаниясының технологияларын қолданғанын анықтады. Сонымен қатар, пайдаланушылар мен бөлмелердің деректері Қытай ұйымына шифрланбаған түрде жіберіліп отырған. Яғни деректер Қытай үкіметінің қарамағына оңай кіре алды.

Clubhouse өкілдері зерттеушілерге жауап ретінде, қауіпсіздікті күшейту мақсатында қосымша шифрлауды қосуды жоспарлап отырғанын айтты.

Қытайда да Clubhouse ақпан айының басында танымал бола бастады. Бірақ көп ұзамай аталмыш желі ел аумағында бұғатталды. Өйткені, қысқа уақыт ішінде, платформа қытайлық пайдаланушыларға қол жетімді болған кезде, олар Қытайда көпшілік алдында айту мүмкін емес көптеген тақырыптарды талқылаған.

6 ақпанда Қытайдың Clubhouse сегментінде " Шыңжаңда концлагерьлер бар ма?" деген "бөлме" пайда болды. 12 сағатқа созылған пікірталаста ұйғыр мұсылмандары қытайларға өз тарихын айтып берген. Олардың көпшілігі осы уақытқа дейін осындай лагерьлердің бар екендігіне күмәнданды.

1989 жылы Қытайда тыйым салынған тақырып болып табылатын Тяньаньмэнь алаңындағы наразылықтарды талқылауға арналған "бөлме" пайдаланушылардың рекордтық саны – 5 мыңды жинады.

Clubhouse басқа желілерді басып оза ала ма?

Атағы жер жарып тұрған Clubhouse-тың мұндай қарқыны қашанға дейін сақталары белгісіз. Қазірдің өзінде көпшілік бұл платформа Instagram және Facebook желілерін басып оза алмайтынын айтып жатыр. Өйткені, мәтін жазу, сурет жүктеу, видео қарау мүмкіндіктері мүлдем жоқ. Сондай-ақ, бөлмеде әңгіме айтып, тақырыпты талқылап отырғанға ұзақ уақыт кетеді. Сондықтан осы әсері бұл желіден кей қолданушылардың бас тартуына себеп болуы мүмкін. Тағы бір кемшілігі – бөлме жабылған соң жазбаның сақталмайтыны. Яғни, белгілі бір адамдардың талқысы өтіп жатқанын білген бойда кіріп қарамасаңыз, кейін онда не айтылғанын білу мүмкін емес.

Серіктестер жаңалықтары