Қазіргі ақпараттық қоғамда адамдардың қарым-қатынасы ғаламторға көшіп, "виртуал әлем" пайда болды. Аты айтып тұрғандай, виртуал, яғни, шынайы емес, кей жағдайда, тіпті, қиялдан туған.

Әлеуметтік желілердегі тенденцияларды саралайтын болсақ, "демонстративті мінез-құлық" ұғымына тап боламыз. Шынайы өмірде демонстративті мінез-құлқыңызды ешкім жазып не суретке түсіріп отырмайды. Ал виртуал өмірде адамның өзі сөзбен не суреттермен бәрін жіпке тізіп отырады.


Оқи отырыңыз: Кибербуллинг: балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?


Бір адамның әлеуметтік желіде 6 ай ішінде жазған жазбалары мен суреттері арқылы оның әлеуметтік-психологиялық портретін жасауға болады.

Әлеуметтік желілерді саяси, діни, маркетингтік және тағы басқа мақсатта қолданатын топтардың барын жасыруға болмайды. Алайда, мен бұл жазбада адамдардың әлеуметтік желілердегі өздерін "танытуына" тоқталамын. Психологтардың зерттеуінше, ғаламтордағы адамдардың мінез-құлқы көбіне өздерінің шынайы бет-бейнесіне сәйкес келмейді: әлеуметтік желі индивидтің кім екенін емес, кім болғысы келетінін танытады.

Шынайы өмірдегі есеппен қарым-қатынас жасау виртуалды әлемде де адамдардың жазбаларынан айқын байқалады. Ол бір-бірінің жазбаларын бөлісу, "ұнайды" деген белгіні басудан көрініс табады. Тіпті, осы әрекеттерге қарап, адамның діни сенімі, саяси көзқарасы, араласатын ортасы туралы толық ақпарат алуға болады. Батыста мұндай зерттеулер жиі жүргізіледі. Тіпті, адам ресурстарын басқару мамандарының (HR) жұмысында зерттеу нәтижелері кеңінен қолданылады. Сондықтан, әлеуметтік желілерге тек байланыс құралы деп қарауға болмайды.


Оқи отырыңыз: Смартфон, 4G һәм әлеуметтік желілер немесе соңғы 10 жылдағы технологиялық құбылыстар туралы


Шынайы өмірдегі "өзгеге ұнау" синдромы мұнда да бар. Жазба жазғанда адамдар мазмұнынан гөрі көпке ұнауды көбірек ойлап отырады.

Қазақтілді ортада ұнамды ("лайк" жинайтын) тақырыптарға келесілер жатады:

  • өзін-өзі дамыту, мотивация, психологиялық мәселелер;
  • кәсіп ашу, табысты көбейту жолдары;
  • дін тақырыбы (Құран кәрім, хадистерден үзінділер, уағыздар):
  • саяси тақырып (билікті сынау не мақтау, антиресейшіл, антиқытайшыл жазбалар);
  • жеке бас тақырыбы (белгілі бір жетістікке жету, үй алу, туған күнмен құттықтау);
  • тарихи тұлғалар туралы (хандар, билер, батырлар);
  • мораль тақырыбы.

Осы тақырыптардың өтімді екенін жақсы білетіндер салмақты жазбалар жазып әуре болмайды. Оның орнына рейтинг үшін таласады. Бұл шынайы өмірдегі "тобырлық психологиямен" ұқсас.


Оқи отырыңыз: Әлеуметтік желідегі парақшаңызды құқыққа қайшы мақсатта пайдаланып кетпесін! Абай болыңыз!


Осындай тақырыптарға тек шулы болғаны үшін ғана үн қататындар көп. Мысалы, тіл мәселесі төңірегіндегі жанжалдар, көгілдірлер немесе Украина мен Ресей қарым-қатынасы тақырыбында әлеуметтік желіде жазбаған адам аз шығар. Шынына келгенде, олардың көбі Украинаның картада қайда екенін де білмеуі мүмкін.

Әрине, олардың арасында өздерінің білімімен, діни-саяси сенімдері негізінде көзқарасын білдіру мақсатында жазатындары да жоқ емес. Бәрін бірдей жасанды деуге болмайды.

Алайда, көп жағдайда көзбояушылық байқалады. Тіпті, кейбір адамдар тым ақылды, тым әдепті, тым патриот болып көрінеді. "Апыр-ай, шынайы өмірде де осындай ма?" деп ойлап қаласың.

Әлеуметтік желілердегі мұндай әрекеттердің сыры, мамандардың айтуы бойынша, ол жерде адамнан ешқандай физиологиялық іс талап етілмейді, пернетақтаны басып отырып-ақ "батыр" болуға болады. Дегенмен, жазбаларға немесе суреттерге жазылған оң пікірлер мен "ұнайды" деп бағалаулардан адамның жүйке жүйесі алатын әсер шынайы өмірдегідей екен. Сондықтан, адамдар виртуалды әлемнен өзінің шынайы өміріндегі психологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыра алады, солай мұқтаждық ауруына шалынады.


Оқи отырыңыз: Қазақстандағы Президент сайлауы: әлеуметік желіде не жазуға болады, нені жазуға болмайды?


Тағы да бір қызық зерттеулер бойынша шынайы өміріне көңілі толмайтын немесе қарапайым психологиялық қажеттіліктерге қол жеткізе алмайтын адамдар әлеуметтік желілерде белсенді болады екен.

Бірақ, соңында қиялда бар да, өмірде жоқ күйге түскен ғаламтор қолданушы бұдан да ауыр психологиялық ауруларға, депрессияға шалдығуы әбден мүмкін.

Әлеуметтік желілерді саяси, діни және белгілі бір тауарлардың жарнамасы үшін пайдаланатындар көп. Бір жағынан қарасаңыз, идеология алаңы мен кәдімгі базар дерсіз: Жириновскийге арналған саяси хаттар, түрлі діни ағымдарды насихаттаулар, банктің жағымды жарнамалары, шынайы һәм жасанды жырлар, баспадан жаңа шыққан кітаптар, жеңілдігі бар мейрамханалар мен автокөліктер – бәрін-бәрін табуға болады. Мен мұны бұрыс демеймін, тек мақсатты қолдана білсең, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуге болатынын және әлеуметтік желілердегі мүмкіндіктің мол екенін атап өткім келеді.

Осы тұста әлеуметтік желілерге арналған мемлекеттік жобалар да керек-ақ. Мысалы, мемлекеттік қызметтегі адамдардың әлеуметтік желідегі парақшаларын ашу. Бұл шенеуніктердің ашықтығын көрсетер еді. Жоқ емес, Президент әкімшілігі, Үкімет аппараты өкілдері мен Парламент депутаттарының, қоғам қайраткерлерінің парақшалары бар. Дегенмен, біздің қоғамда биліктегілер халықпен ашық сұхбатқа шығуға қорқатын сияқты.


Оқи отырыңыз: "Like" лайық емес, блогер журналист емес


"Нұр Отан", "Жас Отанның" парақшалары немесе олар жүзеге асырып отырған жобалардың беттері де бар. Алайда, олар көбіне ресмилік пен есеп, пафосқа толы. Ал бұл өз кезегінде ғаламтор қолданушыларының кері реакциясын тудырады. Бізде әлеуметтік медиа маркетингпен сауатты жұмыс жасайтын мамандардың тапшылығы айқын байқалады.Әлеуметтік желілерді мақсатсыз, тек бос уақытын сарп ету үшін қолданатын жастар көп.

ICT-Marketing зерттеулеріне сәйкес, Қазақстанда 70 мыңнан аса халқы бар қалаларда:

  • 16 мен 24 жас аралығындағы жастардың 66 пайызы:
  • 25 пен 44 жас аралығындағы азаматтардың 52 пайызы,
  • 45 пен 54 жас аралығындағылардың 35 пайызы;
  • 55-тен жоғары жастағылардың 10 пайызы интернет қолданады.

Ғаламторды қолданушылардың көпшілігі жастар және олар әлеуметтік желілерді көбірек тұтынады, орташа есеппен күніне 1,5-2,5 сағат уақытын жұмсайды екен. Қазақстан бойынша әлеуметтік желілік сайттардың танымалдығы және қолданушылары көптігі жағынан бірінші орында ресейлік желілер тұр: Мой мир (54%), Вконтакте (26%), Одноклассники (14 %), одан кейін Facebook (3%), Twitter (2%).


Оқи отырыңыз: Қаржы пирамидасының белгілері қандай және оған қалай алданбауға болады?


Мамандардың зерттеуінше, қолданушылар көбіне жеке қарым-қатынас және көңіл көтеру, бос уақытын өткізу үшін әлеуметтік желілерге кіреді. "Әлеуметтік желіде не істейсіз?" деген сұраққа "видеоролик, фильмдер, сериалдар қараймын", "музыка тыңдаймын", "ойындар ойнаймын" деген жауаптар ең жиі кездескен.

Осылайша, жастар уақытының біраз бөлігін әлеуметтік желілер арқылы байланысқа арнайды.

Осы тұста интернеттегі әлеуметтік желілердің контентін толықтыру немесе түрлі онлайн қоғамдық шаралар ұйымдастыру арқылы әлеуметтік желілік сайттарды жастар саясатында тиімді қолдануға болады. Батыста әлеуметтік медиа маркетинг SMM (Social Media Marketing) белгілі бір тауарды жарнамалау мен өткізуге, әлеуметтік желілер арқылы мақсатты аудиторияларға сатуға кеңінен қолданылады. Бізде бұл сала енді дамып келеді.

Сала мамандарын дайындауды Қазақстанның жоғары оқу орындарының журналистика, әлеуметтану, маркетология сияқты мамандықтарына сала етіп енгізген жөн.

Себебі, күн өткен сайын әлеуметтік желілер белгілі бір күшке айналып келеді. Қазір Facebook әлеуметтік желісінде жастардың өзара қызығушылықтарымен түрлі қоғамдық шаралар өткізіліп тұрады: фейсбукшілер жиыны (түрлі номинациялар тағайындау), әсіресе, Dombyra Party шарасы Қазақстанның әр қаласында жалғасын тауып жатты.


Оқи отырыңыз: Қоғамдағы жасандылық пен демонстративтілік туралы


Біздің ойымызша, әлеуметтік желілерді жастардың әлеуметтенуінде тиімді құрал ету мақсатында келесі бағыттарда жұмысы жетілдіру қажет:

  • БАҚ құралдарының жоғарыда аталған әлеуметтік желілік сайттардағы парақшалары арқылы мазмұнды ақпараттарды тарату (орыс тілді ақпарат көздері кеңінен қолданады);
  • мемлекет қайраткерлерінің, лауазымды тұлғалардың беттерін ашып, олардың халықпен тікелей диалогқа шығуы (қазір көбіне өнер адамдары белсенділік танытуда);
  • онлайн қолданушыларды біріктіретін шараларды көптеп ұйымдастыру (қазір ру бойынша бөлінген қауымдастықтар көп), жастар ұйымдары осы бағыт бойынша тіпті жобаларды жүзеге асырса болады;
  • ЖОО-ларда оқыту курстарының әлеуметтік желілерде бетерін ашып, оқу материалдарын орналастыру (бұл ЖОО сайтында жасалынуы мүмкін, алайды әлеуметтік желілерде ашқан тиімдірек, әрі жылдам кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді);
  • тарихи, әдеби, мәдени бағытта онлайн-жобалар ұйымдастыру.

Осылайша интернеттегі әлеуметтік желілерді жастардың интеллектуалдық капиталын арттырып, мәдениетін көтеріп, тұлғалық қалыптасуына әсер ететін, патриотизмді насихаттайтын ақпараттық коммуникациялық құрал ретінде қолданудың маңызы жоғары.

Мнение автора может не совпадать с позицией редакции.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter