Тікелей эфир

Букмекерлерді Бурабай мен Қапшағайға көшіру құмар ойын қаупін сейілте ме?

Сурет prodengi.kz сайтынан алынды
Сурет prodengi.kz сайтынан алынды
Букмекер кеңселерін тек екі аймаққа көшіру бюджетке түсетін салықты төмендетіп, жұмыссыздықты көбейтеді.

Үкімет "Ойын бизнесі туралы" заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, букмекер кеңселерін Қапшағай су қоймасының жағалауына және Ақмола облысының Бурабай ауданына көшіруді жоспарлап отыр. Бірақ, сала өкілдері жаңа нормаларға наразылық білдіруде. Олар заңдағы өзгерістер аталмыш саланы жоюға, көлеңкелі нарықтың пайда болуына, сондай-ақ, салық түсімдерінің қысқаруына алып келеді деп дабыл қақты. Informburo.kz сарапшылар пікірін ұсынады.

Оқи отырыңыз: Осы заманғы жастар түсінігіндегі құндылықтардың трансформациялануы

Букмекер кеңселері Қапшағай мен Бурабайға көшірілсе, бюджет түсімі азаяды

Қазақстандық букмекерлер жұмыс орындарын құрып, шағын және орта бизнестің дамуына үлкен серпін беріп отырғаны жасырын емес. Олар тапқан табысынан спортқа демеушілік көрсетіп, қазынаны толтыруға үлес қосып жатқандарын айтады. Мәселен, букмекерлерлік кеңсе қожайындары былтыр бюджетке 18 млрд теңге төлеген. Қазақстан букмекерлер қауымдастығының басшысы Арай Сағынтайдың айтуынша, егер заңға өзгерістер еніп, букмекер кеңселері Қапшағай мен Бурабайға көшірілсе, жұмыссыздық көбейіп, бюджетке түсетін салық азаяды.

"Букмекерлік кеңселердің резервациясы кезінде бюджет 18 млрд теңгені жоғалтады. Бұл экономикалық дағдарыс пен пандемия жағдайында өте үлкен мөлшердегі қаржы. Сондай-ақ, 8 мыңға жуық адам жұмысынан айырылады. Олар, негізінен, әйелдер. Бізде қазір дағдарыс, тіпті үлкен корпорациялар жұмысшыларын қысқартып жатыр. Сонда ол адамдар жұмыссыз қалмай ма? Жұмыссыздарды арандатушылар, митингілер мен жаппай тәртіпсіздіктер үшін пайдалана алады. Сыбайлас жемқорлық қаупі туындап, көлеңкелі нарық артады", – деді Арай Сағынтай.

Оның айтуынша, қазақстандық нарықта жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар тарапынан үлкен мәселелер туындауы да мүмкін. Шетелдік кәсіпкерлер Қазақстан тарапын сотқа беріп, қомақты өтемақы талап етуі мүмкін.

Оқи отырыңыз: Карантиннен кейін жұмыссыз қалмаймыз ба? Әлеуметтік зерттеу

Жұмыссыздар саны артады

Букмекерлерлік кеңсе қызметкерлерінің айтуынша, кассаларды Бурабай мен Қапшағай қаласына шығарудың келесі жағымсыз салдарлары бар:

  • Салықтық түсімдер қысқарады. 2018 жылы букмекерлік компаниялар шамамен 16,5 млрд теңге салық төлесе, 2019 жылы шамамен 18 млрд теңге салық төледі. Букмекерлер кассаларын ойын аймақтарына шығарған жағдайда мемлекет бюджетке түсетін салықтардың 90 пайызын жоғалтады (яғни жыл сайын минус 16,2 млрд теңге). Бес жыл ішінде бюджет 81 млрд теңгеден астам қаржыны жоғалтады;
  • 8 мыңға жуық адам жұмыссыз қалады;
  • заңсыз кассалардың пайда болуын тудырады;
  • ойыншылар шетелдік сайттарға кетеді.

Оқи отырыңыз: Екінші мәрте ұрлық жасайтындарға кешірім жоқ. Қылмыстық кодекске ұрлыққа қатысты тағы қандай өзгертулер енгізілді?

Ойын мекемелері кассаларының бір жерде шоғырлануы қарақшылық шабуылды арттырады

Осы заң жобасын әзірлеушілер букмекерлік кеңселерге қарақшылық шабуылдардың жасалатынын алға тартып, қауіпсіздік шараларын енгізуді міндеттейді. Яғни, мекемеге темір есіктер орнатып, күзет дабылын жетілдіру тиіс. Бірақ, сала өкілдері мұндай қауіпсіздік шаралары қазірдің өзінде қабылданғанын және егер ойын мекемелерін тек екі аймаққа шоғырландырса, қарақшылық шабуыл артатынын айтады.

"Заң жобасын әзірлеушілер жүргізетін статистика букмекерлік кеңселерге қарақшылық шабуылдардың айтарлықтай өсуін білдірмейді. 2007-2008 жылдары – 0; 2009 жылы – 1; 2010 жылы – 5; 2016 жылы - 20; 2017 жылғы 3 айда – 4 шабуыл жасалды деп көрсеткен. Олар ескі статистикаларды келтірген, кейінгі жылдардың көрсеткіші жоқ. Бұл деректер бүкіл Қазақстандағы ойын мекемелерінен алынған. Яғни елдің әр жерінде осыншама шабуыл болса, ол қалыпты жағдай, ал сол жиырма шабуыл бір ғана Қапшағайда болса, бұл өте қауіпті. Сондықтан, егер букмекерлер тек екі аумақта болса, жағдай қиындайды. Қарақшылық шабуылдар көбейіп, жергілікті халыққа зиян келтіру мүмкін. Айта кетерлігі, Қапшағай және Бурабай аудандары тұрғындарының осы норманы заң жобасына енгізген кездегі пікірі ескерілгені туралы мәліметтер жоқ", – деді "Адам Ойын" ЖШС заңгері Василий Павлюченко.

Оқи отырыңыз: Күйзеліс күйретеді

Букмекер кассаларын жапқаннан ойынға тәуелділер азаймайды

Осы заң жобасы бойынша депутаттар көптеген маңызды түзетулер енгізді. Мәселен, ойын бизнесін ұйымдастырушыларға заң жобасында көзделген міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық белгілеу. Ең бастысы, халық арасында құмар ойынға тәуелділікті төмендету. Сондықтан, депутаттар жаңа норма енгізіп отыр. Ол бойынша бәс тігуге берілген азаматты одан шығару үшін туысқандары сотқа бере алады.

"Букмекерлер мен тотализаторлардың кассаларын ойын аймақтарына көшіру әлеуметтік мәселеге ешқандай әсер етпейді. Ойынқұмарға "жер үсті" кассасында немесе электронды кассада бәс тігу маңызды емес. Ойынқұмар бәс тігу үшін ойын аймағына бармай, интернетте ойнауды жалғастырады. Алайда, егер осындай клиент букмекер кассасына барса, оған ойнауға шектеу немесе тыйым салу бойынша шаралар қабылдау оңайырақ. Осындай клиентке букмекерлерден кіруге тыйым салуды өтінетін клиенттің туыстары, ол үйден ақша алып, букмекерлік кеңседе барлық уақыттың жұмсайды деп айтуда. Егер осындай ақпарат расталса, букмекер қазірдің өзінде клиентке ойнауға тыйым салуға құқылы", – деді заңгер Василий Павлюченко.

Василий Павлюченконың мәлімдеуінше, клиенттер электрондық касса арқылы ойнаған жағдайда, туыстары мен букмекерлерге оның тәуелділігін анықтау қиынға соғады. Туыстары клиенттің "ойында" өткізетін уақытын байқамайды, ал букмекер тірі адаммен емес, "логинмен" қатынаста болады. Психотерапевт Артем Щока да букмекер кеңселерін көшіргеннен ойынға тәуелділерді азайту мүмкін еместігін алға тартты.

"Статистика бойынша, бір жылда 350 мың адам құмар ойын ойнады. Күніне 900 адам бәс тігеді. Бірақ олардың ешқайсы өздерін сол ойынға тәуелдіміз деп айтпайды. Тәуелді адамдар дегеніміз өздерінің іс-әрекеттерін, өмірлерін бақылаудан айырылғандар. Оларға көбінесе әлеуметтік жағдай әсер етеді. Кіммен араласады, отбасы қандай, қандай тәрбие алды? Ата-анасы көңіл бөлмеген, отбасындағы қарым-қатынас дұрыс емес балалар ойынқұмар болады. Ойын автоматтарына әуес болады, ұрлыққа барады, қылмысқа жасайды. Букмекер кассаларды жапқаннан тәуелділер азаймайды. Сондықтан, мұндай адамдарға көмектесу жағын қарастыру керек", – деді Халықаралық есірткіге қарсы қауымдастық өкілі, психотерапевт Артем Щока.

Оқи отырыңыз: 2020 жылдан бастап жеке кәсіпкерлерге қатысты салық тәртібі өзгереді

Букмекерлер Президенттен қолдау күтеді

"Ойын бизнесі" туралы заңнамаға түзетулерді Парламент биылғы 25 маусымда мақұлдады. Оған сәйкес, барлық букмекерлік кеңселер Алматы және Ақмола облыстарындағы екі аймаққа ауыстырылуы тиіс – қалған барлық елді мекендерде олардың қызметіне тыйым салынады. Сонымен қатар, ойын бизнесі саласында лицензия алу кезінде өтініш берушілер үшін талаптар күшейтілуде. Дегенмен, сала мамандары букмекер бизнесінің жойылуына, жұмыссыздықтың өсуіне, салықтардың төмендеуіне, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономиканың дамуына жол бермеу үшін, Президенттің атына ашық хат жолдады. Олар заңға түзетулерді қайта қарау қажет деп есептейді.

Серіктестер жаңалықтары