Прямой эфир Новости спорта

Күйзеліс күйретеді

Қабағы қатыңқы жас қыз адамдар арасымен асыға басып келе жатты.

Екінің бірінде күйзеліс

Соңғы жылдары жан күйзелісі (стресс) – ең жиі, екінің бірінде, кездеcетін дертке айналды. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін стреске ұшырайтын кезеңнен аман шығудың жол бар ма? Әлеуметтік өмір сүру деңгейі төмен бізбен салыстырғанда жоғарылардың жүйкесі керемет болар деп ойлауымыз мүмкін. Статистиканың сараптауына сүйенсек, еш айырмасы жоқ боп шықты.

Әр қоғамның өз талабына сай күйзелісі бар. Алпауыт компанияда қызмет ететіндер жоғары жалақысынан айрылып қалмау үшін арпалысып, стреске ұшырайды екен. Креслосына көз тігіп, желкесінен демалып отырған бәсекелесіне жеткізбеуге жанталасқанның күйзелмеуі әсте мүмкін емес.

Тіршілікте, отбасындағы сансыз күйзелістен жүйкесі күйремеген адамды табу – шөмеле шөптен ине іздегенмен бірдей болар. Содан кеп: "жаһандануы жоқ кезде өмір сүрген аталарымыз қандай бақытты болған?!" деп, өтіп кеткен бабалардың заманын аңсап қоямыз.

Шынтуайтында солай ма? Сонау тарих жолдарына көз салсақ, Білге қаған мен Күлтегін батырдың Көк Түрік мемлекетін күшейту жолында жүргізген жорықтары баянындағы Тоныкөктің: "Түрік халқы үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым" деген жыр жолдары бар.

Өмірі аттың жалында,өзі тосын жаудан бесіктегі баласы мен еңкейген қариясын қорғаймын деп босағасында қаруын сайлаумен өткен аталарымыздың сағат сайын сәт сайынғы күйзелісімен біздің күйкі тірлігіміздегі күйзелісімізді салыстыруға келе ме?..

Үрей мен тұрақсыздықта ғұмыр кешсе де баласына зекіместен жаужүрек болуға баулыды. Күйзелістен құтыламын деп әйелін бала-шағасымен көшеге тастап, қашып кетпеді. Жанын жегі құрттай жеген күйзелісін әйел мен балаға көрсетпестен жеңе білді.

Әйелдер ше? Қанша қиналса да баланы жылатып, желкелей жетектемеді. Бейәдеп қылықпен ауыл елдің талқысына түспеу үшін баланың жылағанын естіртпеуге жанын салған. Қилы заманда жүріп, соның бәріне сабырды қайдан тапқан?!

Әулеттің шаңырағын шайқалтқызбай, ұрпағын жарқын болашаққа жетелей білген бабалар жолынан алар үлгіміз жеткілікті. Жағдайымыз жөнделген сайын қуанудан, өзгенің қуанышын бөлісе қуанудан кетіп барамыз. Ең қарапайым бақыт – тіршілік теперішінен қанша қиналсақ та, шекарамыздың жау тұяғынан дін амандығына қуануды қабылдай алмаймыз. Төтеннен жау келмейтіне сеніміміз молдықтан болса керек.

Күйзеліссіз өмір бар ма?

Әлемдік деңгейдегі ғалым Сельенің айтуынша: "Стрестен толық құтылу, бұл – өлім" дейді. Өйткені, 24 сағатымыздың стрестен бос минуты өте аз екен. Жаһанданудың ең алапат ауруы – күйзеліске ұшырағандардың қатары күрт өсіп барады.

Қатты шаршағанда "бес минут көз іліктірсем шаршағаным басылады" деген үмітпен ұйықтауға тырысамыз. Бірақ, ғалымдардың дәлеліне сенсек, ұйықтап жатқанда түс көргеннің өзі стрестің белгісі боп шықты. Қатер туғызып отырған мәселе: өмір тауқыметін көріп үлгермеген жас ұрпақ арасында стреске ұшырайтындар саны ойлантатын дәрежеге жетіпті. Тіптен, жетегіндегі сәбиінің сұрағына жауап берудің орнына қағып-соғып, өзімен қоса сәбиді де стреске ұшыратып жатқандар қаншама?!

"Қайда барсаң, Қорқыттың көрі" екен делік. Құтылатын жолы бар ма? Соңғы жылдары күйзелістен дер кезінде құтылу жолдарын насихаттайтын шетелдік психологтардың кітаптары қалың нөпірге айналды. Түбіне жете алмастай шексіз оқудан күйзеліске ұшырауыңыз әбден мүмкін.

Не себепті сабырдан айырылдық?

Жуырда, көпшілік орнында телефонмен сөйлесіп отырған әйелдің дауысы назарымды аударды. Айналасындағы адамдарды елеуге мұршасы болмай жатса керек, дауысы қаттырақ шықты.

Трубканың ар жағындағының сөзіне құлақ аспай, дауысын қатайтып: "Өзің врачсың. Ауруыңды кез-келген жаңа дәрімен емдей бергенше, стреске жол бермеу жағын қарастырсаңшы? Бәр ауру стрестен! Сен, кеңестік медицинаны бітірген кәсіби дәрігер бола тұра, БАД деген пәлекетке неге құмарсың? Жолама!.. БАД-қа жолама?!" деген сөздерінен өзінің де дәрігер екенін түсіндім.

Бірәз сөйлесіп болған соң, қасында отырған маған бұрылып: "Адамдарды еш түсінбеймін. Оңына қарай жетелесең, көнбейді, қисайған күйі құлайды. Кез-келген ауруды емдейді деп алаяқтар ойлап тапқан БАД деген пәлеге адамдар несіне құмар? Оның бәрі – әшейін ақша жалмауға арналған алдамшылар" – деді.

Сөзінен түсінгенім: соңғы бес жылда стреске ұшырағандардан аяқ алып жүре алмастай күйге түскеніміз. Әсіресе, іштен күйзеліп туылатын нәрестелер саны күрт көбейіп кеткен. "Қалай тумайды?! Аяғы ауыр әйелдің күнделікті басынан кешетін күйзелісі жатырдағы балаға берілетінін білесіз. Қарап тұрсаң, өмір сүру күннен-күнге қиындап барады. Бала тумай тағы болмайды" деп, дәрігер әйел ауыр күрсінді.

Құшақ жайған қыз

Назарымызды қолдарын бейне құстың қанатынша жая асығыс басып келе жатқан жас қыз аудырды. Қабағы қатыңқы. Қарсы беттегі келушілерге қызмет көрсетіп отырған бірнеше қызметкер арасынан орта жастағы келіншек орнынан ұшып тұрды. Өзіне беттеген қызды көргенде, қуанып кетті.

Асыға басқан қызды столының тұсынан қарсы алып, құшағына алды. Екеуі әрі кетсе бір минуттай үнсіз құшақтасып тұрды. Жас қыз қызметтесіне "Рақмет?" деген бойы келген жағына қарай жүгіре басып кете барды. Қатыңқы қабақ лезде жайдарылана жайнап шыға келді.

Келіншек қызметтесінің соңынан күлімсірей қарап, жұмысына кірісіп кетті. Көз алдында болған тосын оқиғаға қаумалаған адамдар таң қалысты. Кезекте тұрғандар арасынан көргеніне шыдай алмаған біреу: "Бұларыңыздан не түсіндік? Әй жоқ, шәй жоқ құшақтастыңыздар? Үн-түнсіз айырыла салдыңыздар?" деп сұрады.

Бұл – айнала тұрған бәріміздің көкейіміздегі сауал еді.

"Жәй... Бақытты болу үшін?!" Иығын қиқаң еткізген келіншек жұмысын жалғастыра берді. "Бақытты болу үшін құшақтасу жеткілікті ме?!" Қысқа һәм түсініксіз жауабы бәрімізге бұрынғыдан бетер қызығушылық тудырды.

"Құшақтасса бақытты бола салады ма екен?" деп, әлгі кісі келіншекке қадала түсті. Компьютердің түймелеріне саусағын кідірте сәл үнсіздіктен соң келіншек: "Егер сіз өзіңізді бақытсыз сезініп тұрсаңыз, сізді де құшақтауыма болады. Күйзелген кезде жүрек жылуын бөлісе алатын жанның мейірімі екі жақты бір сәтке болса да стрестен арашалайды" деп жымиды.

Ойланып қалдық. Қасымда отырған дәрігер әйел: "Бір ғана қарапайым қаракетпен осынша адамға рухани тәлім бергеніңізге дән ризамын. Елей бермейтін кішкентай ғана қаракетте қаншалық мейірім барын нақтылы жеткіздіңіз?!" деп, алғысын білдірді.

Дәрігердің сөзін кейін біріміз қолпаштай қоштап, екіншіміз іштей тамсандық. Түсіндіруді қажетсінбейтін қарапайым құшақпен жаны жаураған жанды минуттық мейірімге бөлеудің нәтижесін қыздың жайраңдап жазылған қабағынан көрдік.

Жылаған баланы құшағымызға бассақ, уанады. Үрей буған түйір жүрек жұбаныш тауып, қорқынышын ұмытады. Ұяны паналаған балапандай ересектің құшағынан мейірім табады. Күйзеліс иықтан басқан тұста бала түгілі ересектің өзгеден жұбаныш іздеп тұратыны рас қой.

Құшақта мейірім мол

Көптен көріспей кеткен туысымызды, досымызды, танысымызды көргенде құшақтассақ, сағынышымыз басылғандай әсерде боламыз. Ғалымдардың айтуынша құшақтасқан кезде адам бойынан жылулықпен қатар мейірім шуағы бөлініп, екі адам арасында сыйластық энергиясы ұлғая түседі екен.

Ертеде аталарымыз көріскенде иық соғыстырған. Бас түйістіре амандасқан. Тіптен, қаралы сәтте де құшақтаса көрісеміз. Құшаққа алып тұрып көңілімізді білдіреміз. Иығынан қағып, жұбаныш сөзімізді айтамыз. Демек, шынайы ниетпен құшақтасуда терең мән бар.

Бас көтеруді өзіңнен баста

Десе де, стрестен құтылу өз қолымызда. Атам қазақ "болған іске – болаттай бол" дегенді текке айтпаған. Сабыр сақтап, күйзелістің құрдымына кетпей, аман қалуды қарастыру өз бойымыздағы тосын тауқметке қарсы тұра білу қабілетімізге тікелей байланысты.

"Уайым түбі – тұңғиық , батасың да кетесің, сабыр түбі – сары алтын, өтесің де кетесің" деген атасөзді бойымызда дарыта білсек, стрестен құтқарарлық терең мән бар. Өкінішке қарай, ойлануға уақытымызды бөлмейміз. Жәй жауаптың орнына кіжініп, жанға тиердей шағып жауап береміз. Алдыңда жәйбарақат тұрған жанды өз күйзелісіңмен жазалауға жақынбыз. Бақытты жанда көргенде қуанудың орнына күйзеліске ұшырап, өшігуіміздің сыры неде?

Физикалық һәм психологиялық боп бөлінетін стрестің тәннен де ауыры – жан азабының күйзелісі болмақ. Саналы сатыдағы адамдардың өзгені қаралауға келгенде алдына жан салмайтын бейқасиетінен арылу замана ағымымен қиындай түсуінде көптеген себеп-салдары бар.

Маңызды себепкердің бірі – әлеуметтік желі боп тұр. Алмағайым заманда табаным таймасын деп тілеңіз. Сәл қисайса, әлеуметтік желідегілер шиедей талап тастайды. Ең қарапайым мысал: әулеуметтік желіде отырып, психологиялық стреске ұшырайтындарды қарастырайықшы. Бір жәйсіздікке ұшыраған жанды күллі желідегілер шулап, түймедейін түйедейге айналдырып, адам санатына жатпайтындай ахуалға түсіріп, тіршіліктен бездіріп жібереді.

Жаңылғанына "күйзеліске ұшырадың-ау" деместен жан жарасына уды аямай құйып, әлемге дабылдатады. Аямайды. Физикалық тұрғыдан қол жұмсамай-ақ, психологиялық тұрғыдан адамды жоқ қып жіберуге дайын. Көптің талауына түскен адам өмірге деген құлшынысын жоғалтып, бойын тіктей алмай, ақыр соңы кеселге ұрынып жатады. Неге қатыгезденіп кеттік?

Күйзелгенді қолдай жүр

Белгілі ғалым Гоур өз зерттемесінде әлеуметтік қолдауды көп көретін жандарда ағзаны респираторлық инфекциядан қорғауда маңызды рөл атқаратын қан құрамы теріден тыс көлемі жоғары екенін тапқан. Әлеуметтік қолдау тек дене үшін емес, сонымен қатар адамның ішкі жан дүниесінің де дәрімені боп табылатынын анықтаған.

Уыстап ішкен дәріден бір ауыз жылы сөздің шипасы басым екенін ескереміз бе? Бүгінгі қоғам әлсізді аяусыз ажалға итермелеп, мықтысы ғана ысырылып шығатын жыртықштар аренасына айналғандай. Қасында қолдаушылары болмаса, жеке тұлғаны қатулы қоғамды қиындықтан құтқара алмайды.

Келте тоннның етегін кесіп бере алмасымыз анық. Ендеше, бір мысқал мейірімді айналамызбен бөлісе жүріп, қасымыздағы күйзелген жанға қолдау көрсете білейік, ағайын!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Была ли эта статья для вас полезной?
0

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров