Informburo.kz Үкіметтің биылғы 8 маусымдағы қаулысына сәйкес, бакалавриат және магистратура бойынша білім беру гранттарын тағайындау ережесіне енгізілген өзгерістерді түсіндіреді.

№1. Гранттарды кім тағайындайды?

Республикалық бюджет есебінен бөлінетін гранттарды үлестіру үшін комиссия құрылады. Биылғы жаңалық – комиссияның құрамына үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) өкілдері кіреді. Комиссия мүшелерінің саны тақ санды құрауы тиіс. Құрамына:

  • Білім және ғылым министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар;
  • азаматтық қоғам институттары;
  • үкіметтік емес ұйымдар;
  • "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы;
  • ЖОО қауымдастықтары;
  • ЖОО ректорларының кеңесі кіреді.

Бұрын комиссия төрағасын Білім және ғылым министрлігі тағайындаса, биылдан бастап республикалық комиссия мүшелері дауыс беру арқылы төраға, оның орынбасары мен хатшысын сайлайды. Бакалавриат гранттарын үлестіру үшін 1 тамызға дейін, ал магистратура мен докторантура гранттарын үлестіру үшін 24 тамызға дейін комиссия отырыстары болады.

Комиссия отырысы оның құрамының кемінде үштен екісі жиналғанда заңды болып есептеледі.

№2. 2020 жылы қанша білім гранты бөлінді?

2018 жылдың 18 сәуірінде Үкімет алғаш рет үш жылға бірдей грант бөлу туралы қаулы қабылдады. Соған сәйкес, биыл республикалық бюджеттен:

  • бакалавриатқа – 53 864;
  • магистратураға – 13 300;
  • докторантураға – 2 355 грант бөлінді.

Грант республикалық бюджеттен ғана емес, аймақтық бюджеттен де бөлінеді. Биыл жергілікті әкімдіктердің алдын ала есебінше 2 мың грант бөлу жоспарда бар.

Грант ЖОО-ға емес, жоғары балл алған талапкерлерге беріледі. Олар таңдаған оқу орны бойынша мемлекеттік тапсырысқа ие болады.


Оқи отырыңыз: 132 мың үміткер – 54 мың грант. Биылғы түлектер ҰБТ-дан сүрінбей өтуі үшін нені білуі тиіс?


№3. Гранттар қалай беріледі?

Биылдан бастап ҰБТ сертификаттары қағаз емес, электронды түрде беріледі. Білім беру грантын тағайындауда да осындай куәліктер болмақ. Құжатта үміткердің жеке мәліметтері мен ҰБТ-да жинаған ұпай саны жазылады. Электронды куәлік ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында жарияланады.

№4. Жергілікті бюджет есебінен бөлінетін гранттарды кім тағайындайды?

Ол үшін жергілікті атқарушы органдар комиссия құрады. Құрамына:

  • жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері;
  • үкіметтік емес ұйымдар өкілдері;
  • "Атамекен" ҰКП аймақтық палаталар өкілдері;
  • азаматтық қоғам институттары өкілдері.

Комиссия төрағасы бұрын жергілікті әкім болса, биылдан бастап комиссия мүшелері сайлайды. Республикалық комиссия гранттарды үлестірілгеннен кейін комиссия отырысы бакалавриат гранттарын үлестіру үшін 15 тамызға дейін, магистратура мен докторантура гранттарын үлестіру үшін 27 тамызға дейін өтеді.

№5. Конкурсқа қатысу үшін қандай құжаттар керек?

Конкурсқа қатысу үшін қабылдау комиссиясына немесе ақпараттық жүйе арқылы бірнеше құжат тапсыру қажет. Олар:

  • белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш;
  • білім туралы құжат;
  • ҰБТ сертификаты;
  • 086-У үлгісі бойынша медициналық анықтама;
  • жеке куәліктің көшірмесі.

Ал техникалық және кәсіптік білім алған және кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар адамдар қосымша құжаттар тапсыруы шарт. Олар:

  • еңбек кітапшасы;
  • жұмыс берушінің қолы мен мөрі қойылған қызметтік тізім;
  • еңбек қызметі туралы ақпарат көрсетілген архивтік анықтама;
  • бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы үзінді;
  • мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жасалған әлеуметтік аударымдар туралы мәліметтер;
  • жұмыс беруші рәсімдеген еңбек шарты, онда құжатты тоқтату күні мен себебі жазылуы шарт;
  • жұмыс берушінің актілерінен еңбек шартын жасасу және тоқтату туралы мәліметтер;
  • жалақы төлеу туралы құжат үзінділері.

Бейіндік пәндер сәйкес келген жағдайда, оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының төрт тобына дейін көрсете алады.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер 13-20 шілде аралығында қабылданады.


Оқи отырыңыз: Оқушыларға арналған гранттар. Qazbilim олимпиадасына қалай қатысуға болады?


№6. Оқуға түсуге қажет шекті балл қандай?

"Бакалавр" дәрежесі бойынша білім беру гранттары ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кешенді тестілеудің нәтижесіне қарай конкурстық негізде беріледі.
  • ұлттық ЖОО-ға түсу үшін – 65 балл;
  • басқа ЖОО-ға түсу үшін – 50 балл;
  • педагогикалық мамандықтарға түсу үшін 60 балдан 70-ке көтерілді;
  • "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" білім беру саласындағы мамандықтарға түсу үшін – 65 балл;
  • "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" білім беру саласындағы мамандықтарға түсу үшін – 60 балл.

ҰБТ-да әрбір пәннен және шығармашылық эмтиханда әр турда кемінде 5 балл жинау керек.

Магистратура:

  • қазақ және орыс тілінде білім беру – 75 балл;
  • ағылшын тілінде білім беру – 50 балл.

№7. Грант тағайындауда кімге басымдық беріледі?

Конкурс кезінде грантқа үміткерлердің ұпай саны тең болса, басымдық беру шарттары қарастырылған. Олар:

  • "Алтын белгі" иелері;
  • патриотизм мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін берілетін ерекше белгі ("Елбасы медалі");
  • техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білімі туралы құжаттары бар, біліктілігін растаған және мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар магистрант үміткерлері;
  • жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) (І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған), орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстарының және спорттық жарыстардың (І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздары, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтағы олимпиаданың, конкурстың немесе сәйкес келген жағдайда, жалпы білім беретін пәндер бойынша ағымдағы жылғы Президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының ((І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздары;
  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кімәелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе қамқорлығынсыз қалған балалар; І және ІІ топтағы мүгедектер; жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдардың, бала кезінен мүгедектердің, мүгедек балалардың және үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары) ар адамдардың басым құқығы бар.

Оқи отырыңыз: Шетелде бакалавр оқу үшін дайындықты 9-сыныптан бастау керек


№8. "Елбасы медалін" алу шарттары қандай?

14-29 жас аралығындағы жастар патриотизм мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін медальға үміткер бола алады. Ол үшін үш деңгейден тұратын "Елбасы медалі" бағдарламасына тіркелу қажет:

  • қола (14 жастан бастап, деңгей ұзақтығы – 6 ай);
  • күміс (15 жастан бастап, деңгей ұзақтығы – 12 ай);
  • алтын (16 жастан бастап, деңгей ұзақтығы – 18 ай).

Қатысушылар:

  • спорттық, шығармашылық қызметпен;
  • ұлттық спорт түрлерімен;
  • ұлттық мәдениет, асхана, сәндік-қолданбалы өнерде таланты мен дағдыларын дамыту;
  • кітап оқу;
  • волонтерлік қызметпен айналысуы керек.

"Ұпай саны тең болған жағдайда "Елбасы медалі" ерекшелік белгісінің иегерлері білім беру гранттарын алуға, сондай-ақ жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылар құрамына қабылдауға басым құқығы бар", – делінген Үкімет қаулысында.

№9. Гранттар саны оқыту тіліне қарай бөліне ме?

Биылдан бастап гранттар оқыту тіліне байланысты тағайындалмайды. Бұрын, мысалы, қазақ тілінде оқу бөліміне гранттың жалпы санының 75 пайызы, ал орыс тілінде оқу бөліміне 25 пайызы бөлінген. Енді гранттар жалпы конкурс негізінде бөлінеді.

№10. ҰБТ-ға қатысушы тыйым салынған зат қолданса, грант берілмей ме?

2020 жылдың 25 тамызына дейін ҰБТ трансляциясы қайта қаралады. Талапкерлердің тыйым салынған заттар пайдаланғаны анықталса, ҰБТ нәтижесі мен білім беру гранты жойылады. Грант ҰБТ-ны адал тапсырған бітірушіге беріледі.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter