Желі белсендісі кім?
Соңғы жылдары интернетте әлеуметтік желінің дамуы жеке адамның пікірінің қоғамдағы рөлін арттырды. Кез келген адам еш шектеусіз, әрі бақылаусыз ақпарат құрастырушы және таратушы болып шыға келді.
Әлеуметтік желінің өз "жұлдыздары" пайда бола бастады. Соған орай, олардың "өнімдері" де күн өткен сайын үлкен сұранысқа ие.
Тіпті, осы блогосфера дәстүрлі БАҚ-ты ығыстырып тастауы да мүмкін деген пікір қалыптасты. Біреулер еркін ойдың алаңы саналатын интернет әлемі дәстүрлі БАҚ-тың нағыз бәсекелесіне айналды деп даурығып жатыр. Басқалары блог жазушыларды интернет-журналистика дамуының тағы да бір баспалдағы ретінде қабылдауға болады дейді.
– Әлеуметтік желідегі кез келген "жұлдыз" – блогшы емес. Белгілі бір саланы жетік білетін, білімін халыққа жеткізетін адамды атайды. Егер ол қызықты әрі құнды дүние жазатын болса, өзіндік аудиториясы қалыптасады, – дейді "Қазақстан" газетінің жауапты хатшысы, журналист Бауыржан Карипов.
Әлеуметтік желі белсенділерінің барлығы блогер емес, бірақ олар да қоғамдық ойдың көшбасшылары. |
Бауыржан facebook желісінде де белсенді / Фото жеке мұрағаттан |
Қазақ блогосферасы қалай дамыды?
– Мен журналистикаға 2012 жылы келдім. Сол кезде Қазақстанда интернет-журналистика, оның ішінде блогосфера, даму қарқыны күшті болатын. Қазақ сайттары өте аз еді. Шет елде оқып келген қазақ жастары қазақ тілді блогтұғырлы сайттар аша бастады.
Қателеспесем, 2012 жылы олардың бастарын біріктірген алғашқы блог-құрылтай өтті. Дәл сол жылдары интернет те елдің түкпір-түкіпірінде қолжетімді бола бастаған кез еді. Газеттер де өз сайттарын жаңалай бастады. Ол кезде орыс тілді сайттар дес бермей тұрды, – дейді Бауыржан.
– Блогерлердің әр түрлі бағытта ашқан блогтұғырлы сайттары қазақ жастарының сұранысына ие болды. Анайы тақырыптардан бастап, тіл, дін, әлеумет, кәріс әншілері, отбасы, этнография салалары бойынша блогтар жазыла бастады. Өз аудиториясын жинап та үлгерді.
Әкімдіктер олармен санаса бастады. Блогшыларды шақырып, қаржыландырып, блогқұрылтайлар өткізді. Мен де қатыстым. Интернет саласындағы негізгі проблемаларды шешу, блог жазуды үйрету, монетизациялау басталды.
Блогерлердің арасында IT саласының түлектері белсенділік танытты. Интернетті, жаңа технологияны жақсы білетін олардың бәсі шынымен жоғары болды. Сайт жасаумен айналысты. Қоғамдық пікір туғызатындай танымалдылығы, белсенділігі арта түсті. Журналистика саласында бақтары жанды деп айтуға болады.
Соңғы жылдары жағдай өзгерді. Өзінің блогтұғырнамасын тұрақты жүргізіп жатқандар жоқ. Олардың жазғанын оқиын деп арнайы іздеп жатқан да ешкім жоқ. Себебі фейсбуктың күші күн санап арта түсуде. Блогерлердің барлығы улап-шулап осында жиналады.
Қазір белгілі бір мәселені хэштег қою арқылы көтеріп, қоғамдық резонанс тудыра алады. Мысалы, фейсбуктегі #Қаншаданболыпжатыр? #ҰлыДалаКвартиранттары хэштегімен жазылған постарға халық бей-жай қарай алмады. Қарапайым желі қолданушылары да, журналистер де блогерлерге еріп жаза бастады.
Ал әлеуметтік желі қолданушыларының бәрін блогер деуге келмейді. Сондықтан болар, қазіргі блогер – кім, блог – не деген сұрақтарға жауап беру қиын.
Блогерде жауапкершілік жоқ
Бауыржанның айтуынша, блогерлердің кем тұсы жауапкершіліктерінің жоқтығы. Қазақ үшін керек және керек емес дүниені сараламайды. Оны кейбір блогтұғырлы сайттардағы жарық көрген мақалалардан аңғаруға болады.
– Мәселен, журналистикада белгіленген жауапкершілік бар. Ол өзінің алған миссиясынан аттап өте алмайды. Халық алдында жүрген соң, қалыптасқан ережелер аясында қызмет етеді, – дейді ол.
Дәстүрлі журналистка қалып қоймайды
Әлем бойынша журналистика саласында өзгерістер бар. Қазақстандағы постжурналистиканы екіге бөлер едім: Жер митингісіне дейінгі және кейінгі. Халықтың қазір негізгі медиа құралдарына емес, фейсбук, уатсап таратқан ақпаратқа сенуі біраз мәселенің басын ашады. Сондықтан дәстүрлі медиа өкілдері "Халық неге уатсапқа сенеді?" деп ойлануы керек шығар. Жалпы жер мәселесінен кейін тек журналистикада ғана емес, біраз салаларда өзгерістер бар.
Блогерлер журналистикаға ешқандай жаңалық әкелген жоқ. Журналистика – қаламның ұшы, сөздің күші. Блогерлер мақаланы қалай жазу керектігін журналистерге үйрете алмайды. Қазір бір блогер бір жерде семинар, тренинг өткізем десе, міндетті түрде тақырыбын қараймын. "Әлеуметтік желіні қалай дұрыс пайдалануға болады?" дегеннен аспайды, – дейді Бауыржан.
– Әлбетте, араларында жалған ақпаратпен күресу, фактчекинг жайлы айтып жүргендер бар. Технологияның күн сайын дамуы, әлеуметтік желілердің пайда болуы, смартфондардың пайда болуы барлығына төңкеріс әкелді. IT саласының түлектері осы сәтті ұтымды пайдаланды.
Журналистер үшін өзгеру керек болды. Кейбірі блогерлердің көмегіне жүгінді. Бірақ кез келген адам репортаж, журналистік зерттеу, сараптамалық мақала жаза алмайды. Есесіне кез-келген адам белгілі бір саланы жетік меңгерген болса, белгілі бір сала төңірегінде аудиторияны ақпараттандырып отырамын десе, блогер бола алады.
Өкінішке орай, бізде әлеуметтік желіде белсенді болғандарды блогерге айналдырып жібереді. Осындай бір тенденция бар.
Мысалы, шет елде кез келген мемлекеттік тұлға, мемлекеттік қызметкердің, саясаткерлердің, түрлі сала мамандарының әлеуметтік желідегі парақшалары бар. Олар қоғамдағы түйіткілді мәселелер жайлы әлеуметтік желіде өз пікірлерін білдіріп жатады. Баспасөз беттерінде, сайттарда оларды ешкім блогер деп атамайды. Негізгі мамандағын, айналысып жүрген қызметін сақтап жазады. Осыны ескеру керек, – дейді ол.
Журналистің бұл ойымен блогер де келіседі
Азамат алғашқы блогын бес жыл бұрын "ҚазЖур" деп аталған блогтұғырдан бастаған / Фото Азамат Битанның facebook парақшасынан алынды |
Қай төбеден қарасақ та, дәстүрлі баспа мен электронды журналистиканы қатар қоя алмаймыз. Басқаны білмеймін, бірақ, менің жеке пікірім, бізге уақыт өткен сайын дәстүрлі баспаның құндылығы сезіліп, артып келеді. Дегенмен де баспа БАҚ-тың интернетке мейлінше көбірек шығуы үшін әлі қарайған жұмыстар күтіп тұр. |
Біреу тәтті қарбыз жейді ...
– Блогшы деген атақ емес. Ол жай ғана блогы бар адамды сипаттап атаған түріміз. Әр блогшы өз деңгейіне, мінезіне, білім-біліктілігіне қарай контент жасайды. Солардың ішінен әр оқырман өзіне қажеттісін тауып алады. Біреу тәтті қарбыз жейді, біреу қаңсығанды қалжалайды... Әркімнің талғамы әр қалай. Мен уақытымды популист һәм негатив адамдардың шимайына жұмсауға еш қимаймын, – дейді Азамат. – Қоғамдық, көп жағдайда тарихи-мәдени тақырыптарда жазып жүргендіктен азды-көпті оқырманым бар. Және олардың көпшілігінің жастар екендігі қуантады. Оның барлығын жекеме келіп түсіп жатқан хат-хабарлардан жобалап біліп отырамын.
Қазақ тілінде жазып жүрген блогшылардың әлсіз тұсы ниеттерінің, еңбектенулері мен білімдерінің аздығында. Оны ең бірінші өз бойымнан байқаймын. Орыс тілінде жазып жүрген қыз-жігіттердің басымдығы осында. Мақсат қоя біледі, соған жету жолында тынбай еңбек етеді әрі нендей дүниені қай жерден, қалай іздеу керек екенін біледі.
Журналист қайда, блогер қайда?
– Журналистика – мамандық, блогерлік – мамандық емес. Блогерлерді дұрыс ақпарат таратушылар деп те айта алмаймыз. Кейде оларды қоғамда белгілі бір ой-пікірді тарату құралы ретінде пайдаланады. Осы мақсатта олар тапсырыспен, ақылы жұмыс жасайды. Оны жасыра алмаймыз, – дейді Бауыржан.
Әрине өздерін "блогшылар" деп жүргендердің арасында да білімі мен білігі, тіпті пиғылы әртүрлі деңгейдегі азаматтардың бар екені айтпаса да түсінікті.
– Мәселен, бір жыл бұрынғы жер мәселесі желіде қызу талқыға түскенде, үнсіз қалған блогерлерді білеміз. Немесе Ата заңға байланысты халықтың пікірімен санаспағандар да бар, дейді Бауыржан.
Құнды жазба пұлды
Журналист Төлеген Байтукенов Forbes.kz сайтына берген сұхбатында Казнеттегі көп жазбаның ақшасы төленгенін қазақстандықтар сезбейді дейді.
Ол бұл туралы өзіне ақша ұсынбай тұрғанда білмеген. Адамдар әртүрлі шаралар туралы жүректерінің қалауымен жазады, сонысымен оқырманды өзіне тартады деп ойлаған.
"Блогердің танымалдылығына қарай оған, бір шара туралы Facebooк-тағы әрбір жазбасы үшін – 50-100 доллар шамасында ақша төленеді", – дейді ол.
Айтуынша, Төлеген өте қызықты тенденцияны байқаған. Қазақстанда жарнама агенттіктердің жатырынан шыққан блогтұғырлар мен сайттар пайда бола бастапты. Бұрын жарнама жасаушылар тапсырыс берушінің қаражатын өзге блогтұғырлармен бөлісетін. Уақыт өте, пайданы біреумен бөліскенше жеке сайт ашып, қаражатты тұтастай өздеріне қалдыруға болатынын ұқса керек.
Сол Forbes.kz-ке берген сұхбатында Әлішер Елікбаев Қазақстанда күнін интернетпен көріп отырғандардың барлығын ашып айтады. Оларға мемлекеттік идеологияны насихаттайтын мемлекеттік компаниялар мен мемлекет жанындағы құрылымдар бәрінен көп ақша төлейді екен.
Тапсырыс берушілер қыруар қаражаттарын жұмсап отыр. Бірақ бұл жерде сол тапсырысты ұйымдастыратын адамға да көп нәрсе байланысты.
– Ол сараң болса, төлейтін ақшасы да мардымсыз, сәйкесінше орындаушы да дарынсыз болады. Егер жомарт болса жақсы төлейді, жазба да құнды, – дейді ол.
Желідегі шимай құнсыз. Ал оған қыруар қаржы бөлеміз
Бекен аға–– тәжірибелі журналист / Фото Бекен Қайратұлының Facebook парақшасыан алынды |
Жалпы адамзаттық таным өзгерді. Рухани дәстүрлі таным және ақпараттық таным пайда болды. Ақпараттық таным жалт-жұлт еткен тек көз қуанышына айналған құнсыз дүние. Осы құнсыз дүниені насихаттаушыларды блогерлер деп атап жүрміз. |
– Осы құнсыздық жұртты жеңіл ойлауға, тез айнуға, санасыз тұрақсыздыққа алып бара жатыр. Бұл санамызды отарлаушы сыртқы күштер үшін өте тиімді. Өйткені, тек ақпараттық біліммен сусындаған қауым түбі ақ пен қараны ажырата алмайтын миғұлаға айналады. Осы миғұлалық іске қомақты қаржы бөлініп, оны іске асырушыларды блогерлер деп әспеттеп жатқан жайымыз бар, – дейді белгілі журналист Бекен ағамыз.
Министр: Блогерге мемлекеттік тапсырыс берілмейді
Жуырда ҚР Парламент Мәжілісінің отырысында ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев блогерлердің статусы журналистерге теңелмейтінін айтты:
– Кейбір блогерлердің оқырмандар саны кейбір БАҚ-тың оқырмандарынан асып артылады. Сондықтан біз блогерлерді журналистерге немесе желі басылымдарына теңегіміз келген. Бірақ қоғам қарсы пікір білдірді, сондықтан біз бұл райымыздан қайттық, – деді ол.
Сонымен қатар, оқырмандары көп блогерлерге мемлекеттік тапсырыс берілмейтінін де хабарлады.