Тікелей эфир

Медиа еркіндік. Қай елдер журналистер үшін қауіпті?

Фото cpj.org сайтынан алынды
Фото cpj.org сайтынан алынды
Freedom House мәліметіне сүйенсек, әлемдегі елдердің төрттен бір бөлігінде сөз еркіндігі жоқ. Өкінішке қарай, олардың қатарында Қазақстан да бар.

Неге журналистердің өміріне жиі қауіп төнеді?

Журналист – әрбір азамат білуі тиіс ақпаратты жинап, жария ететін қоғам қызметкері. Оның кәсіби қызметі қоғамдағы кез келген мәселеге қатысты болуы мүмкін. Ал журналистің басты міндеті – қоғам алдындағы адалдығы.

Бүгінде журналистердің белгілі бір саяси күштің немесе тұлғаның "қолшоқпарына айналып кетті" дейтін пікір жиі айтылады. Расында да демократиялық принциптер ескерілмейтін автократиялық елдерде медиа нарығы үкіметтің монополиясына айналып жатады. Демек, олар сол ел билігін дәріптеуші күшке айналады.

Десе де, кез келген елде журналистің жазылмаған кодексін құрметтейтін, тек қоғамға қызмет ететін әріптестеріміз бар. Олар әділ шешімді іздеп, шындықты судың бетіне шығару жолында автократиялық билік немесе солшыл ұйымдар тарапынан қысымға алынады. Тіпті өміріне қауіп төнетін сәттер де аз емес.

Қай елдерде журналистер үшін қауіпті?

Журналистерді қорғау комитетінің (Committee to Protect Journalists) мәліметіне орай, 2018 жылдың басынан бері әлемде 71 медиа қызметкері өлтірілген. Олардың 19-ын өлтіру мотиві анықталмаған.

Журналист өміріне қауіпті елдердің қатарында Ауғанстан көш бастап тұр. Жыл басынан Ауғанстанда 15 медиа қызметкердің өмірі қиылған болса, тізімді Мексика (9), Йемен (8), Сирия (7) және АҚШ (6) жалғастырады.


Қазақстан Freedom House ұйымының зерттеуінше "еркін емес" елдер қатарында

Freedom House ұйымының зерттеуінше Қазақстан "еркін емес" елдердің қатарында / Фото freedomhouse.org сайтынан алынды


XXI ғасырдың басында журналистерге жасалған қастандық Азияның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі елдерде жиі тіркелсе, соңғы онжылдықта Таяу Шығыс және Африканың солтүстігіндегі елдерде белең алды. Медиа қызметкерлері үшін ең қауіпті елдердің тізімі басында Латын Америкасының Бразилия, Колумбия және Никарагуа сынды елдері де жиі көрінеді.

Қай саладағы журналистерге қауіп көбірек?

Бұл сұрақты медиа саласында көпжылдық тәжірибесі бар ағылшын журналисі, әлемнің 30 елінде өкілдігі бар Ethical Journalism Network ұйымының президенті Айдан Уайтқа (Aidan White) қойып көрдік.

– Журналистика саласының қалыптаса бастаған кезінен саяси тақырыпта жазатын медиа қызметкерлеріне қауіп көп болған. Бұл қазір де бар. Одан бөлек, бүгінгі қоғамда тыныш емес аймақтардан ақпарат тарататын соғыс журналистеріне де қауіп басым. Сондай-ақ, діни және расистік мәселелерді жазатын тілшілерге де экстремистік топтар тарапынан қауіп төнетінін жиі байқаймыз, – дейді Айдан Уайт.

Ағылшын журналисінің айтуынша, қоғамдық тұлға (public person) мен жеке тұлғаның (private person) айырмасын білмейтін елдердегі билік журналистердің жұмысына кедергі келтіріп, олардың құқығын шектеуге бейім. Оған Қазақстандағы Ratel.kz редакциясын сотқа тартылуы мысал бола алады.

Журналистиканың еркіндігі – оның басты құндылығы

Айдан Уайт бүгінгі таңда әлемде коммерциялық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ететін медиа ұйымдардың азайып кеткетін айтады. Ал оларды қаржыландыратын ұйымдар мен саяси қозғалыстар өз мақсатында пайдаланғысы келеді.

– Өкінішке қарай, әлемде ешбір ұйымды не саяси билікті қолдамайтын еркін медиа ресурстарының саны азайған. Журналистерді дайындауға, жалпы журналистика саласында жасалатын инвестиция көлемі де кеміген, – дейді ағылшын сарапшысы.

Жамал Хашоггидің өлімі әлемді неге дүр сілкіндірді?

Жамал Хашогги есімді The Washington Post басылымының араб текті тілшісі 2 қазан күні Стамбұлдағы Сауд Арабиясының бас консулдығына кіргеннен кейін жоғалып кетті. Алғашқы 3 аптада Сауд Арабиясының билігі оның жоғалып кетуіне қатысты нақты ақпарат беруден жалтарды. Тек қазанның 22-сі күні Эр-Рияд билігі Жамал Хашоггидің консулдықта болған төбелестің кесірінен қайтыс болғанын ресми жариялады. Бірақ оның денесі әлі табылған жоқ.


Хашогги қастандығына қатысты Стамбұлдағы Сауд Арабиясының консулдығы ғимаратының алдында халықтың наразылық акциясы жалғасып жатыр

Хашоггиге жасалған қастандыққа қатысты Стамбұлдағы Сауд Арабиясының консулдығы ғимаратының алдында халықтың наразылық акциясы жалғасып жатыр / Фото Getty Images


Журналистің қастандықпен өлтірілгені, тергеу жұмыстарының барысы туралы әлемнің барлық медиа ресурстары қалмай жазып жатыр. Кейбір сарапшылар оның өлімінің біреулерге тиімді болғандықтан, аты шығып, әлемдік БАҚ өкілдерінің аузынан түспей жатқанын айтады.

Хашогги өлімі АҚШ билігіндегі демократтарға тиімді

Ағылшын журналисі, Гарвард, Оксфорд және Стэнфорд университеттері мен Гувер Институтының профессоры Ниалл Фергюсонның ойынша, Хашоггидің Сауд Арабиясының билігін сынға алғандығы америкалық демократтарға тиімді болып отыр.

– Хашогги – Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхамед ибн Салманның реформатор емес, диктатор екенін жазып сынға алатын журналистердің бірі еді. Ал ибн Салманның Дональд Трамп және оның отбасы мүшелерімен тығыз байланысы бар екені белгілі. Демек АҚШ Президентін биліктен тайдыруды көздейтін демократтар (АҚШ медиа құралдарының басым бөлігін иемденушілер – ред. ) мүмкіндігінше Хашогги өлімін алға тартып, әлемнің назарын арабтың қанішер ханзадасына қаратпақ. Кейіннен оның Трамппен байланысы сынға алынып, республикалықтардан шыққан Президенттің абыройына нұқсан келтіруді көздейді, – деп жазады профессор Фергюсон өзінің жеке сайтында.

АҚШ-та сөз бостандығы бар, бірақ медиа құралдарының мақсаты бөлек

Орыстың белгілі тележүргізушісі Владимир Познер осыдан үш апта бұрын АҚШ-тағы Йель университетінің студенттерімен кездесіп, америкалық БАҚ-тың толық еркін емес екенін айтып, сынады.

– Мен өз әріптестеріммен бірге The New York Times басылымында Ресейге қатысты соңғы 3 жылда жарияланған барлық мақалаларды жинап, анализ жасадым. Жарыққа шыққан мақалалардың қатарында Ресей туралы бірде-бір позитивті ақпарат таба алмадық. Сонда 3 жылда Ресейге келіп, мұндағы өмір осындай екен, ең болмағанда, балмұздақ дәмді екен деп жазатын журналист болмады ма?! – деген болатын ол.

Владимир Познер демократтардың медиа құралдарды әдейі осы мәселеге бағыттап отырғаны белгілі екенін ескерді. Себебі Трамптың билікке келуіне Ресейдің қалай араласқаны айғақталса, бұл жаңалықтан демократтардың ұтатыны айдан анық.

"Қазақ билігі азаматтық танытты, бірақ ..."

Осы жылдың мамыр айынан бері Сайрагүл Сауытбай соты мен оның кейінгі жағдайы қазақ басылымдарының басты назарынан түскен жоқ. Ол шекараны заңсыз кесіп өткені үшін тұтқынға алынған болатын. Десе де, сот шешімі бойынша босатылды. Бірақ оған оралман статусын беру мәселесі қиындай түсті.

Белгілі саясаттанушы Дос Көшім informburo.kz тілшісіне Сайрагүл Сауытбай мәселесінде азаматтық қоғам мен үкіметтің ортақ шешім таба алғанын айтады.


Сайрагүл сот залынан босатылғанымен, қазір оның оралман статусын алуы қиындап тұр

Сайрагүл сот залынан босатылғанымен, қазір оның оралман статусын алуы қиындап тұр / Фото Informburo.kz


– Қарапайым азаматтардың белсенділігі, әсіресе, Қытайдан келген қазақтардың Сайрагүл жағдайына бейжай қарамауға шақыруы, оның босап шығуына белгілі бір деңгейде көмектесті. Қазақ билігі азаматтық танытты, бірақ оның кейінгі әрекеті бәрімізді таңқалдырып отыр, – дейді ол.

Үкіметті сынға алғанның бәрі оппозиция емес

Қарапайым халықтың журналистерге қатысты ойы әртүрлі. Айта кетсек, қазақ үкіметін сынға алатын журналистерді азаматтар оппозиция өкілі деп ойлайды. Дос Көшімнің айтуынша, бұл – үлкен қателік.

– Оппозиция қазіргі билікті ығыстырып, орнына келетін келесі саяси күш. Ал сын айтушы азаматтардың мұндай мақсаты жоқ. Олардың ішінде мен де бармын, мысалы. Біз биліктің жіберген қателіктерін анықтап, қолымыздан келгенше дұрыстау үшін өз ұсыныстарымызды айтамыз, – дейді Дос Көшім.

Саясаттанушының ойынша, қоғамның медиа саласына қатысты ағартушылық жұмыстарын жүргізу қажет.

Медиа ағартушылықты мектеп бағдарламасына енгізу керек

"Интерньюс Қазақстан" заңгері Ольга Диденко да Дос Көшімнің пікірімен келіседі. Оның ойынша, Қазақстандағы қарапайым халық БАҚ таратқан жаңалықтарға өзіндік зерттеу жасап, ақпараттың дұрыс не бұрыс берілгенін өзі үшін анықтауға қауқарсыз.

– Азаматтардың басым бөлігі Отандық медиа ресурстар ұсынған жаңалықты сол күйде қабылдайды. Сыни көзқарас болса, сол редакцияны немесе журналисті оппозицияға балайды. Осының алдын алу үшін олардың медиа саласындағы білімін арттыру керек, – дейді Ольга Диденко informburo.kz тілшісіне.

Заңгер Канада және Аустралия елдеріндегідей мектеп бағдарламасына медиа ағартушылыққа бағытталған сабақтарды енгізу қажет екенін айтып өтті.

Азаматтық қоғамның қалыптасуына үкімет тарапынан кедергілер бар

Дос Көшім үкіметтің заң шеңберінде белсенді азаматтардың әрекетіне тосқауыл қойып үлгергенін айтады.

– "Билікке қарсы, жаман көзқарасты қалыптастырғаны үшін" деген тіркесті де қылмыстың шарты сияқты етіп заңға қосқалы жатыр. Бұл – ақымақтықтың шыңы. Билік өзіне шаң жолатпауы үшін сыни пікір білдірген кез келген белсендіні оппозицияның жақтасы ретінде көрсетуге тырысады. Бұл – билік пен азаматтық қоғамның арасындағы күрес, – дейді саясаттанушы.


Қазақстан соңғы 5 жылда рейтингте еш көтерілмеген

Қазақстан позициясы соңғы 5 жылда рейтингте еш жоғарыламаған / Фото rsf.org сайтынан алынды


Дос Көшім Қазақстанда Қытайдағыдай интернетке тыйым салса, таң қалмайтынын айтады. Себебі әлеуметтік желілердің уақытша бұғатталуының күнделікті үрдіске айнала бастағаны соған алып келеді.

Қазақстан Тәжікстан мен Қырғызстаннан да артта

Reporters Without Borders халықаралық ұйымы жасаған сөз бостандығы бойынша елдер рейтингінде Қазақстан жыл сайын төмендеп келеді. Биыл Қазақстан 180 елдің ішінде 158 орында тұр, яғни Қазақстан сөз бостандығы көп шектелген 25 елдің қатарында. Себебі елдегі БАҚ туралы заңға енгізілген өзгертулер белсенді азаматтардың өз ойын білдіру мүмкіндігін шектеп отыр.

– Соңғы жылдары Қазақстанда сөз бостандығына қарсы қозғалған қылмыстық істер жиілей түсті. Мысалы, белсенділердің айтқан сөзі көбіне дәлелсіз деп табылып, "жала жапты", "біреуді кемсітті", "әртүрлі конфликтіні ушықтырды", "өтірік ақпарат таратты" деген айыптаулар тағып, оларды соттап жатыр. Шын мәнінде, бұл – сөз бостандығын шектеу. Ол өзгермейінше, Қазақстан рейтингтің төменгі жағында қала береді, – дейді Ольга Диденко.

Аталған рейтингте Қырғызстан 98 орында болса, Тәжікстан 149 орынға тұрақтаған. Интерньюс заңгерінің айтуынша, көрші елдердің рейтингте Қазақстаннан жоғарыда орналасуы онда сөз бостандығын шектеуді қылмыстық деңгейге көтермеумен түсіндіріледі.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары