Орта Азияның діни әрі мәдени ордасы
Бұхара – 2,5 мың жылдық тарихы бар, Өзбекстан территориясының орталық бөлігінде орналасқан көне қала. Ерте орта ғасырлардан бастап Бұхара – Орта Азияның басты білім ордасы, ал Азиядан Еуропаға жүретін сауда керуендерінің тоқтайтын негізгі қалаларының бірі болған.
Өзбекстанның көне қаласында 100-ден астам медресе, әр кезеңнің түрлі сәулет стилінде мешіттер, мавзолейлер мен бекіністер және өзбек шахтарының сарайлары сақталған. Орта Азияның мәдениеті, тарихы мен халқының тұрмыс-тіршілігі туралы білгіңіз келсе, Бұхараға баруды жоспарлаңыз.
Транспорт мүмкіндіктері
Қазақстанның ешбір қаласынан Бұхараға тікелей әуе рейстері әзірге жоқ. Тек Ташкенттің әуежайында біршама уақыт күтіп, рейс ауыстырып, жете аласыз. Ташкентте күту уақыты тым ұзақ (18-22 сағатқа дейін). Бұл бағыт сізге тиімсіз болса, пойыз жолын қарастырып көрейік.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевтің Қазақстанға соңғы сапарынан кейін Алматы мен Ташкент арасында жүрдек пойыз қатынайтын болды. Одан бөлек, Қазақстанның республикалық маңызы бар қалаларынан Өзбекстанның тарихи шаһарларына тікелей бағыттарды ашу да жоспарланған. Бұл екі ел арасындағы қарым-қатынастың жақсара түскенін білдіреді.
Әзірге Алматыдан Бұхараға тікелей пойыз жоқ. Тек Ташкент арқылы бара аласыз. Мысалы, Алматы қаласынан Ташкентке дейін жүрдек пойыздар (купе – 18 000 теңгеден басталады) 17 сағатта (Астана – Ташкент бағытына жай пойызбен 1 тәулік 11 сағат кетеді, купе – 39 228 теңге) жетеді.
Ал Ташкенттен Бұхараға небәрі 3 сағат 40 минутта (купе – 8 000 теңгеден басталады) жете аласыз.
Ең тиімді бағыт
Бұхара қаласына тез әрі өзбек даласын тамашалай отырып жетуді ниет етсеңіз, сізге Ташкентке дейін әуе рейсімен ұшып, одан ары арнайы пойыз бағытын таңдағаныз абзал. Немесе жеке көлігіңізбен саяхатқа шығыңыз. Өзбекстанға көлікпен саяхаттауға қатысты қосымша ақпараттарды мына сілтемеден таба аласыз.
Алматыдан Ташкентке ұшатын рейстердегі стандартты орындар 52 000 теңге (Астанадан – 54 000 теңге) төңірегінде тұрады. Ал Ташкенттен Бұхараға күн сайын бес пойыз жүреді.
Бұхараға Ташкент арқылы өтуді жоспарласаңыз, Өзбекстанның "Швейцариясында" да демалуды жоспарыңызға кіріктіріңіз. Ташкент қаласынан 100 шақырым шығыстағы курортты аймақта сізге қазақ тілінде қызмет көрсетіледі. Көрші елдің Швейцариясында демалуға қанша қаржы кететіні туралы мәліметті мына сілтеме арқылы таба аласыз.
Қонақ үйлер
Бұхараның темір жол вокзалынан қаланың орталығы Ләбі Хауызына (Lyab-i Khauz) дейін жергілікті такси жүргізушілері 6-8 000 сумға (370 теңге) жеткізіп салады. Аталмыш қаладағы қонақ үйлер саны 40-тан асса, соның үштен екі бөлігі қаланың тарихи орталығында, ескі қалаға жақын жерлерде орналасқан.
Айта кететін жәйт, Өзбекстанның Самарқан және Бұхара сынды туристік қалаларында қонақ үй мен музейлерге кіру билеті екі түрлі бағамен сатылады. Әдетте шетелдіктер Өзбекстан азаматтарына қарағанда екі есе көп төлейді. Мұндай тәжірибе өзге еш елде қолданылмайды.
Бұхарадағы 3 жұлдызды қонақ үйлердегі екі адамдық орынның бағасы 310 000 сумнан (14 280 теңге) басталады. Ал 4-5 адамдық отбасылық кешендердің бағасы – 620 000 сум (28 560 теңге).
Көне қаладағы ең сұранысқа ие қонақ үйлердің бірі – Көіалташта (Kukaldosh) тәулігіне 380 000 сум (17 380 теңге) төлеп, теледидар мен салқындатқышы бар 1 орындық бөлмені (Өзбекстан азаматтары үшін 180 000 сум) жалдай аласыз. Ал 2 орындық бөлменің бағасы – 510 000 сум (23 335 теңге). Өзбекстандықтар үшін 240 000 сум. Төлем қызметіне Wi-Fi мен таңғы ас кіреді.
Осы сынды қызметті Jeyran, Chor Minor, Sasha&Son, Amelia, Komil, Khurjin, Shams, Rizo, Malika, Safia және Lyabi House сынды қонақ үйлер көрсетеді.
"Хонадон", шетелдіктерге "хостел" терминімен белгілі
Ал қаланың орталығында тоқтайтын қонақ үйлермен қатар жергілікті тұрғындар ұсынатын қолайлы орындарды да қарастырғаныңыз жөн. Себебі олардың бағасы жоғарыда аты аталған қонақүйлерден әлдеқайда арзан. Ал қызмет көрсету сапасы қонақ үйлердікінен қалыспайды.
Хонадон көбіне B&B (Bed and Breakfast) стилінде туристерді қабылдайды. Шетелде бұл қызмет түрі – "хостел" деп аталса, Өзбекстанда "хонадон" сөзі қолданылады.
Олардың бағасы да Kukaldosh немесе Malika қонақ үйлерінен айтарлықтай арзан. Мысалы, Mubinjon's Bukhara House апартаментінде 4 адамдық бөлмедегі 1 адамға түнеу бағасы 70 000 сумды (3 200 теңге) құраса, Rustam&Zuxra хонадонында екі орындық жеке бөлмелер 160 000 сумнан (7 320 теңге) басталады.
B&B стилінде қызмет көрсететін Sarrafon және Madina&Ilyos атты хонадондар бар. Одан бөлек, Бұхараның орталығындағы Ләбі Хауыз төңірегіндегі Елшони Пир, Арабон және Номозгох көшелеріндегі үйлердің басым бөлігінде жеке бөлмелер жалға беріледі. Олардың бағасы хостелдерден де арзан.
Хонадонда тоқтау арқылы бұхаралықтардың өмірін зерттеуге мүмкіндік аласыз.
Ләбі Хауыз
Орта Азияның XV ғасырдағы көшелерінде серуендегендей сезімге бөленгіңіз келсе, саяхатыңызды Ләбі Хауыз жанынан бастаңыз. Мұнда 500 жылдық ағаш пен Бұхарада өте сирек кезедесетін қолдан жасалған су айдынын көресіз.
Ләбі Хауыз айналасында Нәдір Диван Бегі мен Көкілташ медреселері орналасқан. Одан бөлек, су айдыны жанында Өзбек фольклорында жиі кездесетін кейіпкер Қожа Насырдың есегіне мінген монументі орнатылған аллея бар.
Тарихи деректерге сүйенсек, Бұхара хандығының үшінші билеушісі Имамқұлы ханның уәзірі Нәдір Диван Бегі хауыз маңынан керуен сарай салуды бұйырған. Кейіннен ханның үкімімен бұл кешен медресе болып қайта құрылады.
Нәдір Диван Бегі медресесіне қарама-қарсы бетте Бұхараның мәдени іс-шаралары ұйымдастырылатын ғимарат салынған. Оның ішінде 100-ге жуық адам сыятын арнайы акустикалық зал бар.
Өзбектің қолөнері
Бұхара – Ұлы Жібек Жолы тармағында бой көтергендіктен, ежелден шетелдіктердің жиі тоқтайтын мекені болған. Сондықтан мұнда керуен сарайда түнейтін саудагерлер үшін ұлттық ою-өрнегі бар киімдерді тігіп, сату үрдісі қалыптасқан.
Базардың өзінде отырып арнайы тапсырыспен киім тігетін тігіншілердің айтуынша, ұлттық нақышта тігін тігу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол – ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан өнер екен.
Бұхарада сауда орталықтары өте көп. Бұрын білім ордасы болған медреселердің іші бүгінде саудагерлерге толы. Мұнда орта ғасырдың базарындағыдай сауда дүңгіршектері жұмыс істейді.
Бахауиддин Нақшбанди көшесімен орта ғасырда жүргендей серуендеп, әртүрлі саланың ұсталарын жолықтыруға болады Олардың ұлттық өнер үлгісін жасау әдісімен таныса аласыз.
Абдулла (жоғарыдағы суреттегі шебер) – Вахитовтар отбасындағы ең кенжесі. Есін білгелі әртүрлі металға өзбектің ұлттық ою-өрнегін салумен айналысады екен.
Абдулланың ағасы Мадуллоның жасап жатқан бұйымы1 500 000 сум (68 630 теңге) тұрады.
Бахауддин Нақшбанди көшесінің бойында Тоқи Саррафон күмбезді (үсті жабық) базары орналасқан. Бұл жерде түрлі қолөнер бұйымдарын сатып алуға болады.
Орта ғасырларда Тоқи Саррафон сауда орнында ақша айырбастаумен айналысатын Бұхаралық еврейлер отырған. Олар керуенмен келген көпестерге қажет валютаны айырбастайтын болған.
Бұхаралық еврейлер
Чашма Аюд мавзолейінің шырақшысы, жергілікті ақсақал Қадыр атаның айтуынша, Орта Азияға еврейлер алғаш рет Парсы патшасы Кир ІІ әскерінің құрамында келген. Ол кезде Бұхара қаласының негізі қаланбаған да болатын.
Мәуереннахр (Әмудария мен Сырдария аралығы) Парсы территориясына кіріктірілгеннен кейін еврейлер Бақтрия төңірегіндегі (қазіргі Бұхара аумағы) аймаққа бейімделіп, қолөнер және саудамен айналыса бастаған. XX ғасырдың басында Бұхарадағы еврейлер саны 8 мыңға (сол кездегі қала халқының 12 пайызы) жетеді.
– Бұхараның Ұлы Жібек жолындағы басты қалалардың біріне айналуына жергілікті еврейлердің үлесі орасан зор. Олардың сауда жасауға бейімділігі керуендердің Бұхараға тоқтамай өтпеуіне себепші болған, – дейді Қадыр ата.
Бахауддин Нақшбанди мен Мехтар Анбар көшелерінің қиылысқан жеріндегі сауда дүңгіршектерінде әлемнің ешбір жерінде баламасы жоқ шахмат тақтасын көресіз. Ұстаның шахматтың әрбір бөлшегіне едәуір уақыт жұмсағанын байқауға болады.
Мехтар Анбар көшесіне параллель жатқан Қожа Нуробобод пен Хақиқат көшелерінің қиылысында Тоқи Заграгон жабық базары орналасқан. Тоқи Заграгон өзінің қымбат бағалы әшекей және зергерлік бұйымдарымен әйгілі.
Тарихи деректерге сенсек, Бұхарадағы сұранысқа ие зергерлер тәжік және өзбек ұлттарынан болған. Ал зергерлік дүкендердің басым бөлігі еврейлерге тиесілі болыпты.
Бүгінде Бұхарада еврейлер жоқ дерлік, қалмаған. Олар соңғы 2 ғасыр бойы Израильге көшін жалғастырды. Ал 1970-80 жылдары бұхаралық еврейлердің басым бөлігі АҚШ-қа жаппай көшеді.
Бұхарада зергерлік бұйымдарын саудалаумен айналысқан Орта Азия еврейлері Нью-Йорк қаласында да осы кәсібін жалғастырады.
Нью-Йорк қаласының Манхэттен округіндегі 47 көше ел аузында "Бриллиантты көше" деп аталады. Қазіргі таңда, аталмыш көшедегі зергерлік дүкендердің басым бөлігі бұхаралық еврейлерге тиесілі.
Бүгінде Иерусалимдегі бұхаралық еврейлер тұратын квартал –қаланың ең қымбат ауданы болып саналады. Ал олардың Нью-Йорктағы қонысы – Куинс округіндегі Rego Park болып отыр.
Бұхара - саудагерлер қаласы
Бұхарада кез келген туристі баурап алатын қолөнер бұйымы немесе кәдесый табылады. Мұны жергілікті саудагерлер де жақсы білетіндіктен, олар сіздің қызыққаныңызды көріп, бағасын еселеп айтады. Сондықтан кез келген бұйымды көрген бойда бірден сатып алуға тырыспаңыз.
Сатушылар туристің сыртқы пошымына қарай, бұйымның бағасын бірнеше есеге көбейтіп айтады. Ал аса қызығушылық танытпай, өзіңізді немқұрайлы қарап келе жатқан адам сияқты көрсетсеңіз, тауардың бағасы бірден төмендейді.
Саудагерлермен саудаласуға болады
Бұхаралық сатушылардан бір нәрсе алмас бұрын, оның айтқан бағасын 2 есе азайтып сұраңыз. Содан айтылған екі бағаның ортақ межесіне келісуге болады.
Жергілікті халық тек саудамен нәпақасын тауып отырғандықтан, әр түристке кем дегенде бір тауарын өткізудің бар амалын жасайды.
Сондықтан алғыңыз келген тауар төңірегінде сәл кідіріп, кетуге ыңғай танытып, соңғы бағасын сұраңыз. Сол кезде, кез келген тауарды ақылға қонымды бағасына сатып ала аласыз.
Ағылшын тілі жаппай қолданыста
Шетелдіктерді Өзбекстанның көне қаласындағы тарихи ескерткіштер қызықтырады. Одан бөлек, туристер бұл өңірге мәдени "шок" алу мақсатында келеді.
Бұхара көшелерінде серуендеп жүріп, саудагерлер арасында орысша да, ағылшынша да сөйлейтін азаматтарды жиі кездестіруге болады.
Төмендегі суреттегі сатушының есімі – Акбар. Ол кішкентайынан әкесінің қасында сауда жасап келеді. Акбардың айтуынша, ол ешқашан ағылшын тілін арнайы оқу орталығына барып оқымаған. Бірақ кез келген туриспен ағылшынша ауызекі еркін әңгімелесе алады.
– 5-6 жасымда базарда жүрген шетелдік туристермен сөйлесуге қызығатын едік. Ал мектеп жасына жеткен кезде, туристерге жол көрсетумен айналыса бастадым. Олар есесіне бізге ақша беретін, – дейді Акбар.
Акбар дүңгіршектегі саудасымен қатар, туристерге түнеуге арзан қонақ үйлер мен дәмді тағамдар ұсынатын ресторандардың мекенжайын айтып, табыс табады екен.
Пайдалы бұйымдар
Бұхара базарларында естелікке алатын кәдесыйлардан бөлек, әртүрлі пайдалы бұйымдарды да кезіктіруге болады. Мысалы, кітап оқыған кезде қажет болатын сүйемел солардың қатарында.
Кезінде Бұхара білім ордасы ретінде танылғандықтан, мұнда кітап оқуға аса мән берілген. Сондықтан медресе шәкірттерінің назары кітапта болуы үшін бар жағдай жасалған. Оның нәтижесін кітап сүйемелі сынды бұйымдардың сұраныста болуынан білеміз.
Жергілікті ұсталар барынша көбірек табыс табу мақсатында туристердің қалауындағы кез келген затты тапсырыспен ағагтан жасайды. Сол себепті де, базарлардың ішінде ұсталардың шеберханаларын жиі көресіз.
Бұхара тарихын бірнеше кезеңдерге бөліп зерттеуге болады. Интернет арқылы жалпыға бірдей ақпаратпен таныса аласыз. Ал жергілікті азаматтар сырттан келетіндер біле бермейтін деректермен танысуыңызға көмектеседі.
Сондықтан Бұхара көшелерінде сізге тарихи тур жасауды ұсынатындардың бетін қайтаруға асықпаңыз. Олар небәрі 5-10 000 сумға тарихи қала туралы қызық мәліметтерін сізбен бөліседі.
Керуен сарайлар
Қаланың ескі бөлігі аумағында бұрын керуен сарай қызметін атқарған кешендер көп. Себебі Қытай, Үндістан, Иран және Араб елдерінен батысқа бағыт алған керуендер осы қалада тоқтап, тауар алмасатын болған.
Керуендегі көпестер өздерімен бірге қызметкерлері мен күзетшілерін ерткен. Орта ғасырлардағы керуен сарайлар олар үшін қонақ үй қызметін атқарған.
айлар бүгінде тарихи құрылыс кешендері ретінде ғана сақталмай, олардың ішінде сауда орындары ашылған.
Қайда тамақтануға болады?
Өзбектер тағамның түр-түрін дайындаудан өзге ұлттан аспаса, кем түспейді. Мұны Бұхараның дәмханаларына кірген сәттен пайымдауға болады.
Ескі қала аймағында жергілікті әрі Еуропа тағамдарын ұсынатын бірнеше ресторан бар. Олардың арасында ең сұранысқа иелерінің бірі – Saroy рестораны.
Saroy мәзірінде кез келген туристің көңілінен шығатын тағамдар бар. Тіпті етсіз ас жеуге үйренген шетелдіктерге де ұсыныстар көптеп табылады. Ал даяшылардың басым бөлігі ағылшын тілінде қызмет көрсетеді. Ресторандағы орташа чек бағасы – 30 000 сум (1 370 теңге).
Одан арзан мәзірді Minzifa, Lyabi-Hauz және Chashmai Mirob сынды ресторандар ұсынады. Ал тағамды өзіңіз дайындап ішуді жөн көрсеңіз, бұрынғы еврей кварталындағы Kukluk базарынан (Ешони Пир мен Иброхим Моминов көшелерінің қиылысында) асқа қажет барлық өнімдерді сатып алуға болады.
Валютаны айырбастауда нені білу керек?
Өзбекстанда дамыған елдердегідей кез келген жерде несие картасымен төлем жасау мүмкіндігі қарастырылмаған. Көбіне қолма-қол ақшамен төлеуге тұра келеді.
Саяхатты жоспарлағанда қажет қаржыны АҚШ долларына ауыстырып алғаныңыз жөн. Себебі кейбір банктерде Қазақстан теңгесін айырбастамайды. Ауыстыратын мекеменің өзінде теңгенің құнын тым төмендетіледі. Себебі теңгенің сатып алуға сұраныс дерлік жоқ.
Мысалы, Бұхарадағы Halq Bank кеңсесінде 1 теңгені 15 сумға ауыстыра аласыз. Ал теңгенің ресми бағамы 22,46 сумға тең. Сондықтан валютаның қажет бөлігін картадан шешіп алып, Ташкентте сумға немесе АҚШ долларына айырбастап алған жөн.
Содан кейін, Бұхарада банкоматтар жоқтың қасы. Олар болса да, ішінде қаражаты жеткіліксіз болатын сәттер жиі кездеседі. Сондықтан ақшаны АҚШ долларында банкнот түрінде сақтаңыз.
Бір қызығы, Бұхарада көптеген мекемелер Visa немесе Mastercard компанияларының қауіпсіздік қызметіне негізделіп, берілген несие карталарынан төлем қабылдай алмайды. Бірақ кейбір сатушылар арнайы мобильді қосымша арқылы шетел валютасында сауда жасап жүр.
Қара базардағы нарық
Өзбекстанда ақша айырбастау пунктері жоқ. Бірақ кез келген базарда ақша айырбастаушылар бар. Олар Өзбекстанның Ұлттық Банкі ұсынған бағаммен ауыстырады. Бірақ бұл заңсыз болып саналатындықтан, қара базарда ақша айырбастамаған дұрыс.
Өзбекстан Конституциясы қылмыстық кодексіне орай, заңсыз қаржы операцияларымен айналысқан азамат 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Кофехона
Старбакс сусындарын жиі тұтынатын туристерге Бұхара рестораторлары өзіндік кофе өнімдерін ұсынады. Олардың брендті кофеден кем түспейтінін, оны татып көргеннен кейін көз жеткізесіз.
Жергілікті тұрғындар әдетте шәйді көбірек ішеді. Егер дәмханада шәйға тапсырыс берсеңіз, сізге көк шәй алып келеді. Өзбекстанның оңтүстік аймақтарында шәйдің стандартты түрі ретінде қара емес, көк шәй ұсынылады.
Ал кофе тек шетелдік туристер үшін арнайы дайындалады. Сондықтан оның бағасы да айтарлықтай қымбат.
Кофеханалар көбіне жабық сауда орталықтарында кездеседі. Tea&Coffee Khona баристасының айтуынша, жаздың ыстығында да ыстық кофеі сұрап, кіретін туристер көп.
Ескінің қалдығы
Бұхара базарларын аралап жүріп, XX ғасырдың басында қолмен тоқылған паластарды да табасыз. Мысалы, Тим Абдулла хан сауда қатарында Хорезм стилінде тоқылған паластар сатылады. Олардың бағасы шараптыкі сияқты тоқылған жылына қарай қымбаттай береді.
Сонымен қатар, сауда қатарларынан ертеректе күнделікті өмірде қолданылып, бүгінде тарихи жәдігерге айналып үлгерген көзе мен құмыраларды да кезіктіруге болады. Олардың бағасы да жасалған жылына орай қымбаттай түседі.
Саз балшықтан көзе, құмыра және тағы басқа бұйымдарды жасайтын бұхаралық шеберлер көбіне қызыл топырақты– қышты пайдаланады. Оны Бұхараның солтүстік-батыс бөлігінде тек бір жерде ғана алуға болады екен.
Қызыл қыштан жасалған зат суға төзімді болып келеді.
Бұхара көшелері
Орта Азияның өзіндік ерекшеліктері мен тарихын зерделегіңіз келсе, ескі қала төңірегін жаяу кезіп шығыңыз. Нақтылап өтсек, Бахауитддин Нақшбанди, Афросиаб, Сулеймен Муродов және Низоми көшелері жасайтын шеңбер ішін серуендеу арқылы Орта ғасыр кезеңіне тап бола аласыз.
Көше бойынан түрлі медреселер мен мешіттер, сауда базарлары мен керуен сарайлар кездеседі. Одан бөлек, ХХ ғасырдың соңына дейін қолданыста болған арбаларды көресіз.
Сырты да, іші де орта ғасырлардағы кейпін сақтаған үйлерде жергілікті тұрғындар өмір сүреді. Олардың есіктері де кем дегенде 100 жылдық тарихтан сыр шертеді.
Жергілікті өзбектер діни тақырыпқа мүлде сөйлеспейді. Себебі Өзбекстанның бұрынғы Президенті Кәрімов терроризммен күресті күшейткен. Елде 2005 жылғы Әндіжан оқиғаларынан бері ешбір діни қақтығыс болмаған.
Бұхара – қала-музей
Бұхара Арк орта ғасырларда қала шахристанына кіретін негізгі қақпалардың бірі ретінде пайдаланылған. Археологиялық зерттеулерге орай, Арк біздің заманымыздан бұрын ІІІ ғасырда салынған.
Аркте соңғы рет қала әмірі Шахмұрат дәуірі кезінде (1785-1800 ж.ж.) қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалды.
Қазіргі таңда, Бұхара Арктің өңірлік музейунің бірнеше бөлімшесі ашылған. Музейге кіру бағасы Өзбекстан азаматтары үшін 2 000 сум (90 теңге) болса, шетелдіктерге – 15 000 сум (685 теңге).
Бұхара Арк бекінісі қаланың өзге қақпаларына қарағанда биігірек. Сол себепті де, Шыңғысхан шабуылы кезінде ең соңынан берілген бекініс – осы Арк еді.
Бекіністің үстінен қаланың батыс жағына қарай тамаша көрініс ашылады. Одан бөлек, қақпа алдында бекіністі көз қарашығындай қорғаған күзетшілер мен садақшылардың орындарын көре аласыз.
Орта ғасырларда Бұхара қаласындағы құрылыс жұмыстарында ағаш жиі қолданылған. Арадан 500-600 жыл өткен болса да, ағаш шатырлар беріктігін сақтаған. Сондай-ақ, ағашқа ою-өрнекті салу оңай екен рас. Сондықтан ағашты қолдану тиімді болған.
Томирис әлде Томарис?
Бұхара Арк ішіндегі өңірлік музейде біздің заманымызға дейінгі әрі кейінгі кезеңдерге жататын тарихи жәдігерлер кездеседі. Мысалы, төмендегі суреттегі ыдыс адам сүйегін сақтау мақсатында қолданылыпты.
Бұл – әрине, археологтардың тұжырымы болуы керек. Ыдысты мүмкін, өзге мақсатта да пайдаланған шығар. Тек оны бүгінде тап басып айту қиын.
Тарихи жәдігерлердің арасында қазақ даласында өмір сүрген Сақ мәдениетіне тән бұйымдар да бар. Айта кетсек, күнделікті өмірінде қолданылған сақтардың қазаны сол күйі сақталыпты.
Ол қоладан жасалған екен. Өкінішке орай, қазанның түсіндірме тақтасында оның қай жерден табылғаны жайлы мәлімет жоқ.
Қазақстан тарихында Томирис атымен белгілі сақтардың патшайымы тарихи деректерде "Томар" және "Тұмар" деп кездеседі. Ал өзбек тарихында сақ патшайымы Томарис деп келтіріліпті.
Бұхараның өз тарихи
Өңірлік музейдің ерте орта ғасырлар залында Бұхара тарихы туралы тереңінен мәлімет алуға болады. Музей қызметкерлері кез келген сұрағыңызға мүдірмей толық жауап береді.
Музейде Бұхара әмірлерінің таққа отыру іс-шарасындағы ерекше дәстүрлер туралы біле аласыз. Алтыннан соғылғандықтан әмірлердің тағын күштеп алып кетуге тырысқандар көп болыпты.
Бұхара қаласын айнала қоршаған бекіністің 11 қақпасы болған екен. Олардың әр қайсысында бір мезетте жүзден астам әскер күзетте тұратын болған.
Қос өзен аралығын жаулап алу кезінде Бұхара қаласы бекінісінің биіктігі мен бұхаралық әскердің отансүйгіштігі моңғолдарға үлкен тосқауыл болыпты.
Орта Азияға қатысы бар тарихи дерлік фильмдердің барлығы Бұхара Арктің артқы жағында түсіріледі. Бұхара Аркі бекінісін бір айналып шықсаңыз, осыған дейін өзіңіз көрген тарихи фильмдердің эпизодтары есіңізге түсері анық.
Батыс пен шығыс өнері
Елдің батысы мен шығысын қосатын негізгі тасжол бағытында орналасқандықтан, Бұхарада Өзбекстанның әртүрлі аумағынан келген бұйымдар мен қолөнер өнімдерін кезіктіресіз.
Көшелерді жағалай отырған сатушылар бар дүниесін туристерге саудалау үшін кез келген тілде сөйлеп кетуге дайын тұрады.
Жібек матадан тігілген орамалдар мен мойынорағыштарды Самарқан қаласының шеберлері тігеді екен. Бұхаралықтар да осыған ұқсас орамалдар тігеді. Бірақ олардың сапасы Самарқан тігіншілерінің өнімінен аса алмайды екен. Мұны сатушының өзі мойындап отыр.
Ал көше бойындағы сатушылардың тағы бірі қасқыр мен түлкі терісін АҚШ долларына сатып отыр. Ол тері бағасын америкалық валютамен көрсетті.
Өзінің сөйлеу диалектісі хорезмдікке ұқсайды. Ал мына терілер Қашқадария облысының таулы бөктерінен алып келінген екен.
Хорезмдік сатушының Бұхарада Қашқадария қасқырының терісін сатып отырғанынан және туристерге тауарын ұсыну әдістерінен оның саудаға әбден төселгенін пайымдай аласыз.
Бұхарадағы ең көне білім ордасы
Бұхарада 100-ден астап медресе бар екені жайлы жоғарыда айтып өттік. Солардың ішінде ерекше көзге түсетіні – Мір-і Араб.
Аталмыш оқу ордасы – бүгінде Бұхарада істеп жатқан жалғыз медресе болып саналады. Одан өзгелерінің барлығы жабылып, ғимараты басқа мақсатта пайдалануға берілген.
Мір-і Араб медресесінің алдында хорезмдік стильдегі ыдыс-аяқтар мен ұлттық бас киімдер сатылымда тұр. Олардың бағасы Тоқи Сараффондағы дүңгіршектегі бас киімдердің құнынан әлдеқайда арзан.
Хорезмдіктердің бас киімі 180 000 сумнан (8 235 теңге) сатуға қойылған.
Мір-і Араб медресесіне қарама-қарсы бетте Пои Калон тарихи кешені орналасқан. Ол орта ғасырларда Керуен сарай ретінде қолданылған. Ал кейіннен медреседе білім алатын шәкірттердің тұрақты мекені ретінде пайдаланылыпты.
Бүгінде Пои Калон кешенін хорезмдік көпестер сауда жасау мақсатында жалға алады.
Бұхарада медресе жанында мешіттің де бар болуы әдеткі жағдай. Мір-і Араб медресесінің сол жағында биік мұнаралы мешіт бар. Мұнда бұхаралықтар бұрын намаз оқуға келген болса, бүгінде туристер ұлттық киімдерді жалға алып, суретке түсу үшін келеді.
Бұхараның ескі көшелерінде серуендеп жүріп, үй сыртындағы бағаналардың ағаштан қойылғанын көруге болады. Әдетте, ағаш металл немесе бетонға қарағанда төзімді емес.
Десе де, Бұхарада осыдан бірнеше ғасыр бұрын қойылған ағаш бағаналар әлі күнге дейін тұр. Жергілікті азаматтардың айтуынша, олардың төзімділігі қалада жауын-шашынның өте сирек жаууымен байланысты екен.
Тоқи Телпак Фурушон базары
Орта ғасырларда Бұхарада 4 базар болған. Бүгінде олардың барлығы жұмыс істейді. Солардың бірі – Тоқи Телпак Фурушон базары.
Егер өзбектің ұлттық киімін сатып алғыңыз келсе, сіз дұрыс бағытта келесіз. Себебі осы Тоқи Телпак Фурушонда көбіне киім шеберлерінің тігін бөлмелері орналасқан.
Жергілікті тігіншілер өз қалауыңызбен денеңізге шақтап, ұлттық киімді тігіп береді. Оған небәрі 2 сағат уақытыңыз пен 550 000 сум (25 160 теңге) ақшаңызды жұмсайсыз.
Базарда "Made in China" киімі жоқтың қасы. Сауда дүңгіршектерінде тек Өзбекстанда тігілген киімдер тұр. Ал олардың басым бөлігі әдетте қолмен тігіледі.
Өзіңізді хан сарайында тамақтанып отырғандай сезінгіңіз келсе, Орта Азия сәулет өнеріне сай салынған құрылыс кешендеріндегі ресторандарға кіріңіз.
Бұхарада шетелдіктерді жиі кезіктіруге болады. Кейбір туристер транспорт ретінде велосипедті пайдаланса, тағы біреулері жеке көлігімен саяхаттауды жөн санайды. Қазіргі таңда көлікпен шекарадан өту еш қиындық тудырмайды. Сондықтан Бұхараның қақ ортасында еуропалық нөмірмен жүрген көліктерді жиі көресіз.
Өзбекстанның көне қалаларына көктемде немесе күзде барған тиімдірек. Жаздың ыстығынан түскі уақытта жергілікті халық та көшеге шықпайды.
Бұхара тарихы ислам дінімен тығыз байланыста болғандықтан, мұнда Орта Азиядағы ислам дінінің дамуына мол үлес қосқан тұлғалар ерекше дәріптеледі.
Мысалы, имам әл-Бұхаридің мемориалдық кешеніндегі мәліметтерден оның өмірі мен ерте орта ғасырдағы Орта Азиядағы ислам дінінің ықпалы жайлы біле аласыз.
Ерте орта ғасырларда Орта Азиядан Үнді мұхитына шейін созылып жатқан территориясы бар Саманилер мемлекетінің негізін қалаушы Исмайыл Саманидің жерленген жері де Бұхара қаласында орналасқан.
Мавзолей шамамен IX ғасырда салынған. Исмайыл Самани – Тәжікстан Республикасында ұлт қаһарманы ретінде танымал. Тіпті елдің ұлттық валютасына осы тұлғаның аты берілген. Бірақ Самани Тәжікстан территориясынан тысқары жерленген.
Бірақ Самарқан мен Бұхара қалаларында тәжік тілінде сөйлейтін адамдар көп. Осының өзі ертеректен бұл қалаларда тәжіктердің көп өмір сүргенін білуге болады. Бұхаралық еврейлердің аймақтық диалектісі де еврей-тәжік деп аталады.
Ситораи Мохи-хоса
Бұхара қаласынан солтүстік шығысқа қарай 12 шақырым жерде қала әмірлерінің жазғы резиденциясы орналасқан. Жеке көлігіңізбен жүрсеңіз, міндетті түрде кіріңіз.
Ситораи Мохи-хоса – парсы тілінен аударғанда "жұлдыздар мен ай арасындағы сарай" дегенді білдіреді. Батыс Еуропа сәулет өнерінің аттрибуттары қолданылған Бұхарадағы жалғыз құрылыс кешені. Бүгінде оның ішінде Бұхара әмірлері өмірінен сыр шертетін музей жұмыс істейді.
Жазғы резиденцияға кіру құны өзбекстандықтар үшін 2 000 сум (90 теңге) болса, шетелдік туристерге 15 есе қымбат.
Бұхара әмірлерінің жазғы демалатын орнының еуропалық стильде салынғанымен оның ішін жасауға толығымен шығыс сәулет өнері қолданылған. Кешен соңғы рет Мір Саид Әлімхан билігі кезінде толық қайта өңдеуден өткізіліпті.
Бұхарада бұдан өзге де көруге тұрарлық тарихи орындар көп. Мысалы, Бұхара маңындағы Қаған (Когон) және Гиждуван (Гиждувон) қалаларында да әмірлік кезінде салынған бірталай тарихи ескерткіштер бар.
Одан бөлек, Бұхараға саяхат жасағаннан кейін Самарқан қаласында да бірнеше күн тоқтауға тиіссіз. Бастысы қаржыңызды АҚШ долларында сақтаңыз. Сосын бар ақшаңыз несие картасында қалып қоймасын. Өкінішке қарай, Өзбекстан үкіметі осы мәселені әлі күнге дейін шеше қойған жоқ.