Бүгін ҰБТ-ның бірінші күні тек 6 512 талапкер тест тапсырады. Ел аумағындағы 161 пунктің 54-і ғана істейді. Тест тапсырушылар ҰБТ қағидаларымен қатар санитарлық талаптарды сақтауы тиіс.
Informburo.kz ҰБТ тапсырушылар мен олардың ата-анасына тестілеуге қатысты қажет ақпаратпен бөліседі.
Тестілеу пунктінде медициналық-санитарлық талаптар сақталады
Биыл коронавирус жағдайына байланысты ата-аналарға және басқа да адамдарға ҰБТ өткізу пунктеріне келуге және ғимарат аумағында жүруге тыйым салынады. ҰБТ өткізу пунктері баррикадалық ленталармен қоршалады. Әрбір аудиторияда бейнебақылау камерасы орнатылған. ҰБТ-ның қалай өтіп жатқанын кез келген адам онлайн-трансляциядан көре алады.
Тестілеу пунктінде медициналық-санитарлық шаралар қабылданған:
- дезинфекциялық тонельден өту;
- арнайы дезинфекцияланған кілемшеде аяқ киімді зарарсыздандыру;
- дене қызуын өлшеу;
- қолды зарарсыздандыру сұйықтығымен өңдеу;
- медицина маскасын беру.
Тестілеуге кіргізу және отырғызу кезінде тест тапсырушылар арасындағы арақашықтық кемінде 2 метр болуы тиіс. Әрбір аудитория бактерицидтік құралдармен және ауа рециркуляторларымен желдетіліп, өңделеді. Санитарлық талаптар қатаң сақталатындықтан аудиторияны жартысын ғана толтыруға болады.
Оқи отырыңыз: 132 мың үміткер – 54 мың грант. Биылғы түлектер ҰБТ-дан сүрінбей өтуі үшін нені білуі тиіс?
Биыл ҰБТ-ға бірнеше жаңашылдық енгізілді
Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы өзгермесе де, қағидаларына жаңашылдық енгізілді:
- тестілеуге кіретін қатысушыға алғаш рет бет-әлпетін тану – Face ID көмегімен тұлғаны сәйкестендіру тәсілі қолданылады;
- 2020 жылы ҰБТ сертификаты электрон нұсқада беріледі;
- білім беру грантын тағайындауда да электрон куәлік енгізілген;
- академиялық кезең аяқталғанға дейін ҰБТ-да шекті балын жинай алмағандар жыл бойы тестілеуден өте алады;
- педагогика мамандықтарына тапсыратындардың шекті балы 60-тан 70-ке дейін көбейді;
- талапкерлерден тестілеу кезінде қолдануға тыйым салынған заттар табылса немесе ҰБТ бейнежазбасын қарағанда мұндай көмекші заттар пайдаланғаны анықталса, ҰБТ нәтижесі мен білім беру гранты жойылады;
- тестілеуге 10 минут қосылып, тест тапсыру уақыты 4 сағатқа дейін ұзартылды;
- алғаш рет калькулятор пайдалануға рұқсат беріледі, бірақ өзімен бірге калькуляторды өзімен алып келуге тыйым салынады;
- тестілеуден өз күшімен, әділ жолмен 140 ұпай жинаған әрбір тест тапсырушыға заманауи, соңғы модельдегі ноутбук сыйға беріледі;
Оқи отырыңыз: ҰБТ тапсырушылар нені білуі керек?
ҰБТ-ны үйден бақылауға болады
Ата-анаға, балаларды алып жүруші тұлғаларға ҰБТ пункттерінде күтуге тыйым салынады. Ата-ана тестілеу барысын ҰБТ өтіп жатқан жерге келмей-ақ, үйінде отырып көре алады. Онлайн трансляцияға арналған сілтеме БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы таратылып, көпшілікке жария етіледі. Кез келген адам сілтеме арқылы өтіп, ҰБТ-ның қалай өтіп жатқанын көреді.
Биыл кез келген адам ҰБТ-ны Digital Agent қосымшасы арқылы бақылай алады. ҰБТ өткізу ережелерін бұзу фактісі анықталса, фото/бейне жазбаны Digital Agent қосымшасына тікелей жіберуге болады немесе 1414 және 1424 телефондарына хабарласа алады. Орталық әрі қарай шара қолданады. ҰБТ-ның өткізілуін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторингтік топтың мүшелері қадағалайды.
Оқи отырыңыз: Оқушыларға арналған гранттар. Qazbilim олимпиадасына қалай қатысуға болады?
2020 жылы 54 мыңға жуық білім беру гранты бөлінді
Биыл жоғары білімі бар кадрларды (бакалавр) даярлауға бөлінген грант саны – 53 864. Гранттың басым бөлігі:
- инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – 14 681;
- педагогикалық ғылымдар – 8 243;
- жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 4 088;
- ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 3 815;
- денсаулық сақтау мамандықтарына 2 700 грант бөлінген.