Тікелей эфир

Халық көп. Мектеп пен аурухана тапшы. Көк түтін, толған кәріз. Елорданың бүгінгі сиқы Тоқаевқа ұнамады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласын ары қарай дамыту туралы жиын өтті.

Елордадағы халық санының қарқынды өсуі әлеуметтік инфрақұрылым, соның ішінде мектеп пен аурухана тапшылығын туындатып отыр.

"Ішкі миграциялық процестерді бақылауға алу керек. Бұлай кете беруге болмайды. Жолдауда айтқанымдай, бұл мақтанатын нәрсе емес, бұл шешілуі керек мәселе. Қалада миллион халық бар деп мақтанышпен айтамыз, бірақ ол халықты қалай орналастыру керектігін кім ойлайды?" – деді Президент.

"Елорданың экономикасы соңғы жылдары ойдағыдай дамығанын айта кету керек. 21 жылда ішкі өңірлік өнім шамамен 5,5 есеге өсті. Бұған бизнесті дамыту мен инвестиция тартудың арқасында қол жеткізілді. Қала экономикасына 9 трлн теңгеден астам инвестиция құйылып, 2018 жылы бюджетке 1,1 трлн теңге түсті", – деді Президент.

Екіншіден, Президенттің айтуынша, қала инфрақұрылымы айтарлықтай кеңейді.

"Үшіншіден, елордамызда халықаралық маңызды іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Бұл үлкен жетістік. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, халықаралық ЭКСПО көрмесі мен жуырда өткен инновациялық форум осының дәлелі. Алдағы уақытта қаланың халықаралық деңгейде маңызын арттыра беретін боламыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құрылысшы азайып, саудагер көбейді

"Нұр-Сұлтан қаласын Еуразияның іскер, мәдени және рухани орталығы ете отырып, негізгі басымдық халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, тұрғындармен тиімді кері байланыс орнатуға беріледі", – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Әкімнің айтуынша, қаланың бизнес жасау тартымдылығы артып келеді. Соңғы он жылда өнеркәсіптік өнім көлемі 6 есеге өскен.

"Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4 есеге ұлғайды. Олардың шығарған өнімдері шамамен 8 есеге артып, 5 трлн теңгеге жетті. Соңғы үш жылда жылына тұрақты түрде 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынуда. Жыл басынан бері барлық сала бойынша оң динамика бар. Дегенмен, үш салада төмендеу байқалады", – деді әкім.

Атап айтсақ, былтырғымен салыстырғанда биыл құрылыс көлемі 5,3 пайыз, негізгі капиталға салынған инвестиция 13,1 пайыз, ал тұрғын үй құрылысы 32,8 пайызға азайып кеткен.

Есесіне сыртқы сауда айналымы 27,2 пайыз, шағын және орта кәсіпкерліктің өндірген өнімі 17,8 пайыз, өнеркәсіптік өнім 15,8 пайыз, көтерме сауда 9,9 пайыз өскен.

Үй кезегінде 47,6 мың адам тұр

Елордада халық санының тұрақты өсуі байқалады. Астананы мұнда көшірген сәттен бастап халық саны 280 мыңнан 1,1 млн-ға жетті. Тұрғындардың дені 35 жасқа дейінгі азаматтар.

"Халық санының артуы бірқатар мәселелерді туындатты. Әлеуметтік инфрақұрылымға салмақ түсіп, қаланың шетіндегі елді-мекендерді дамыту, сапалы жұмыс орнын ашу қажеттілігі туындады", – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, жүргізілген сауалнамаға қатысқан қала тұрғындарының тең жартысы қолжетімді баспананы негізгі мәселе деп атаған.

"Қазіргі таңда үй кезегінде 47 600 адам тұр. Оның жартысынан көбі түрлі әлеуметтік топтарға жататындар", – деді әкім.

Алтай Көлгіновтың айтуынша, қазір қала билігі қолжетімді баспана құрылысын үш есеге дейін арттыру жұмыстарын бастап кетті.

"2019 жылдың қорытындысы бойынша, бюджет қаржысы есебінен жалпы 190 мың шаршы метр болатын 2400 пәтер тапсырылады. Ал келесі жылы, жергілікті бюджет қарастырылған жағдайда, жалпы ауданы 550 мың шаршы метр болатын 7 мыңға жуық пәтер салынады", – деді әкім.

Проблемалы тұрғын үйлер салынады

Жоғарыда аталғандай, биыл тұрғын үй құрылысы былтырғымен салыстырғанда шамамен 30 пайызға азайған. Мемлекет басшысы осы орайда индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтан мәселеге қатысты жауап беруін талап етті.

"Тұрғын үйді пайдалануға беруде бірнеше проблема бар. Мәселен, бірнеше көпқабатты тұрғын үй салынып, дайын тұрғанымен қажетті инфрақұрылымға қосылмаған. Сол себепті пайдалануға берілмеді", – деп жауап берді вице-министр.

"Бұл – аса өткір әлеуметтік проблема. Осы тұрғыда қарастыру қажет. Көптеген түсінік беруге болады. Бірақ, жасаңдар!" – деген Президент қала әкімі Алтай Көлгіновке тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны мен құрылыс жұмыстары көлемін арттыруды тапсырды.

"Үлескерлік мәселесі де жедел шешуді қажет етеді. Қалада 49 проблемалық нысан қалып отыр. Олардың құрылысының аяқталуын 13 500 үлескер күтуде. Бұл проблеманы шешуге 2018-2019 жылдары 40 млрд теңге бөлінді. Бірақ, небәрі 4,5 млрд теңгесі ғана игерілген. Бұған қосымша, әкімдік 170 млрд теңге сұрайды", – деді Мемлекет басшысы.

Өз сөзінде қала әкімі әрбір проблемалы нысанға қатысты жол картасы әзірленгенін айтты.

"Оларда жобалық-сметалық құжаттарының болмауы сияқты проблема болды. Көптеген алаяқтар тұрғындарды алдаған. Қазір олар түрмеде отыр және заңға сәйкес жауапкершіліктері бар. Олар құжаттарын жоғалтып алған немесе бермеген. Сондықтан бүкіл жаз бойы құжаттарын әзірлеумен айналыстық, қаржы институттарымен, екінші деңгейлі банктермен, орталық мемлекеттік органдармен жұмыс істедік. Әрқайсысы бойынша нақты жоспарымыз бар. Біз сіздің тапсырмаңызды орындаймыз", – деді Алтай Көлгінов.

Осы орайда Мемлекет басшысы ҚР Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне бұл мәселемен нақты айналысуды тапсырды.

"Алаяқтар түрмеде отыруы тиіс. Өйткені, олар өздерінің іс-әрекеттерімен азаматтарымыздың құқықтарына қастандық жасап отыр. Азаматтарымызды алдап, оларды далада қалдырады. Мұндай жағдайда мемлекет те араласпай қалмауы керек. Әрекет етіңдер де, баяндаңдар!" – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

2020 жылы елордада жаңадан 12 мектеп салынады

Қала әкімі Алтай Көлгінов елордадағы білім саласының басты мәселелерін де атады.

"Он жыл бұрын қаладағы 73 мектепте 70 мыңнан астам оқушы болса, қазір 112 мектепте 180 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Биыл 9 мың түлек мектеп бітірді. Ал қыркүйекте 24 мың бала бірінші сыныпқа қабылданды. 8 мектепте үш ауысымда жұмыс істеп жатыр. Ендігі басты міндеттердің бірі мектептер тапшылығын шешу. Бес жылдық кешенді жоспарға сай, 50 мектеп салыну жоспарланған", – деді әкім.

Алтай Көлгіновтың айтуынша, биыл 7 мектеп салынды.

"Алайда бұл жеткіліксіз. Сол себепті 2020 жылы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп 12 мектептің құрылысын аяқтаймыз. Сонымен қатар, 18 мектептің құрылысына 18 инвестор табылды. Олар жеке қаражат есебінен салынып, бюджетке ауыртпалық түспейді. Тартылатын инвестиция көлемі 50 млрд теңгеден асады. Инвесторлар арасында Сингапур,Үндістан, Бахрейн, БАӘ елдері бар. Қалғандары жергілікті инвесторлар", – деді Алтай Көлгінов.

Әкімнің айтуынша, қала бойынша 170 оқытушы тапшы. Жергілікті атқару органынан осы мақсатта грант бөлінеді. Алдағы үш-төрт жылда осы грантты алған түлектер қала мектебіне жұмысқа орналасады.

"Педагогикалық колледжде мемлекеттік тапсырыс бойынша 800 студент білім беру саласы бойынша оқып жатыр. Олардың 90 пайызы мамандықтары бойынша жұмыс істейді деп күтеміз", – деді әкім.

"Қала бойынша 3-6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі білім берумен қамтылу деңгейі 94 пайызды құрайды. Солардың ішінде 40 пайызы жеке меншік балабақшаға барады. Егер жеке меншік балабақшалар болмағанда 90 млрд теңгеге 8 балабақша салу керек болар еді. Ал бұл жеке меншік ұйымдарға мемлекет тарапынан жыл сайын 6,5 млрд теңге субсидия бөлінеді", – деді Алтай Көлгінов.

60 жыл болған аурухана жаңадан салынады

Елорданың денсаулық сақтау жүйесінде 200-ден астам клиника бар. 34-і әкімдікке тиесілі. 14 жеке меншік ұйым 200 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді.

"1959 жылы салынған темір жол ауруханасы апаттық жағдайдың алдында тұр. Құрылғылардың 45 пайызы ескірген. Үкіметтік деңгейде түркиялық инвестормен кездестік. Инвестор өз қаражатына жаңа аурухана салуға қызығушылық танытып отыр. Қазір жер телімін анықтадық. Ондағы үйлер сүріліп, келер жылы жер дайын болады", – деді әкім.

Осы орайда, Мемлекет басшысы нысанның 60 жылдан бері не себепті жөнделмегенін сұрап, Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданы әкімі Ерғали Егембердіні тұрғызды. Аудан әкімі аурухананы жөндеуге қанша қаражат бөлінгенін баяндай бастағаны сол-ақ екен, Президент оған "Жарайды, сіз сұрақты түсінген жоқсыз" – деп тыйып тастады.

"Сергектің" мүмкіндігі толығымен пайдаланылмай отыр"

"Бейнебақылау жүйесі жолдағы кісі өлімін екі есеге азайтты. Қоғамдық орындардағы құқық бұзушылық 44 пайыз кеміді", – деді әкім.

Әкімнің айтуынша, бейнебақылаудың арқасында бюджетке 6 млрд теңгеден астам қаражат түсті. Дегенмен, Мемлекет басшысы Сергек технологиясының әлеуеті толығымен пайдаланылмай отырғанын айтты.

"Жол-көлік апаттарының саны 15,5 пайызға, олардан зардап шеккендер 42 пайызға көбейді. Автокөліктерді ұрлау 20 пайызға артты. Дабыл қағарлық деректер. Құқыққорғау органдары жағдайды жақсарту бойынша қажетті шараларды қабылдауға міндетті.

"Сергек" жобасы қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін толық көлемде пайдаланылмай отыр. Басымдық жүргізушілерден айыппұл өндіріп алуға ғана жасалып отыр. Ал әкімдік пен бүкіл Үкіметтің міндеті – бүкіл қаланы цифрландыру", – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға жасаған сапарында олардың технологиясының қарыштап дамып кеткенін айтты.

Президенттің айтуынша, Қытайда мемлекет әрбір азамат туралы қай оқу орнында оқып, кіммен араласатыны туралы деректі біліп отыратынын жеткізді.

Елорданың кәріз жүйесі толып тұр. Енді жаңа станса салынады

Әкімнің айтуынша, қала тұрғындарының өсуі себебінен су мен жылу өткір мәселе болып тұр.

"Бірінші, қаланы сумен қамту 2030 жылға қарай қазіргі 100 млн текше метрден 180 млн текше метрге жетеді. Елорданы қосымша сумен қамту бойынша біз қазір министрлікпен бірге Сәтпаев арнасынан су тартқыш жобасын қарастырып жатырмыз", – деді әкім.

Әкімнің айтуынша, қаладағы жалғыз кәріз стансасы қазір 90 пайызға толып тұр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп екінші кәріз стансасы жобаланып жатыр.

Қолданыстағы ЖЭС-1 мен ЖЭС-2 қазіргі сұранысты қанағаттандырады. Дегенмен, әкімнің айтуынша, алдағы уақытта бұл жеткіліксіз болады.

"Құрылысы 2010 жылы басталған үшінші Жылу электр стансасы биыл пайдалануға берілуі тиіс болатын. Бірақ, мерзімі бірнеше рет кейінге қалдырылды. Енді тағы бір жылға шегерілмек. Өйткені, жобалық-сметалық құжатының мәселесі шықты. Оны түзету қажет. Жоба 1,5 есе қымбаттады. Бұған қоса, сомасы аз емес – 40 млрд теңгеден асып жығылады. Ал қаладағы жылу энергиясының тапшылығы бизнес дамуын баяулатады. Әкімдік мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылып жатқан жобаларды дер кезінде аяқтауы тиіс", – деді Президент.

Астана газдандыруға дайын болмай шықты

Мемлекет басшысы қаланың энергетикалық жүйесін "Сарыарқа" газ құбырына қосуға дайын болмағанын да сынады.

"Бұл – мүлдем түсініксіз мәселе. Қалай болған? Биылға көзделген 2,7 млрд теңге басқа өңірлерге беріледі. Оған қоса, біз ең бірінші кезекте, дәл осы елорданы газдандыру жайында ойлауымыз керек еді. Өйткені қыста қала түтінге оранып, ең алдымен, тұрғындардың, сондай-ақ дипломатиялық корпус алдында ыңғайсыздық туындайды", – деді Тоқаев.

Елорданың келбетіне Президенттің көңілі толмайды. Қаланың бірыңғай дизайн-коды дайындалады

Президент қаланың экологиялық ахуалымен қатар, эстетикасына да көңілі толмайтынын жеткізді.

"Елордада қала құрылысының бірыңғай саясаты жоқ. Бұл, бірқатар ауданда ретсіз, бейберекет құрылыстарға алып келеді. Көшелер мен ғимараттарды рәсімдеудің бірыңғай үйлесімді стилі жоқ. Сіздер елорданы көру үшін арнайы келген туристердің пікірлерін естіген де шығарсыздар. Толықтай алғанда, олар әрине, оң пікірлер. Бірақ, қалада эклектиканың да жоқтығы айтылды", – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, қалада жайлылық жоқ.

"Бір ғимарат бір стильде, екіншісі басқа стильде салынған. Ең бастысы, жайлылық жоқ. Плиталары ұшып, асфальт жарылып жатыр. Көгал аз. Жалпы, қаланы қадағалап, күтіп ұстамайтын секілді. Қожайыны жоқ", – деді Мемлект басшысы.

"Алыстан сәулетті ғимарат жаман көрінбейді. Ал жақын келіп қарасаң, тозып кеткен. Ең алдымен, аудан әкімдері қожайын болуы тиіс. Олар кабинетте отырмай жаяу жүріп, тұрғындардың, әрбір ғимараттың тыныс-тіршілігін, белгілі бір ғимаратта тұрып жатқан адамдардың өмірін білуі қажет. Кабинетте кешкі сағат 6-7-ден кейін қажетті құжаттарға қол қою үшін отыруға болады. Кеш болмай тұрғанда қала көшелері мен ғимараттарын рәсімдеудің бірыңғай дизайн-кодын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің әкімдікке қатаң тапсырмам", – деді Президент.

Астанада қолма қол ақша айналымын азайту керек

"Елордада картамен қолма қол ақшасыз төлем жасау үлесінің ең төмен екендігі байқалады. Небары 9 пайыз ғана. Алматыда бұл көрсеткіш 69 пайыз. Бұл проблема қала тұрғындары мен қонақтарына қолайсыздық тудырып қана қоймай көлеңкелі экономиканың да өсіміне алып келеді", – деген Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бағытта нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды.

"Қаржы министрлігіне қала әкімдігімен бірлесіп, қаланың сауда орындары мен қызмет көрсету салалаларында кассалық бақылау аппараттары мен карта терминалдарының болуына қатаң бақылауды тапсырамын", – деді Президент.

"Жаңа компанияларды қазақша атауымыз керек"

Қасым-Жомарт Тоқаев кей бизнес субъектілерінің инженерлік инфрақұрылымға қосылмағанын айтып, мысал ретінде "Premium Development Life Park" ЖШС-нің электр көзіне қосыла алмағанын айтты. Осы орайда, Мемлекет басшысы оның атауына көңіл аударып, жалпы компания атын қазақша қою қажеттігін жеткізді.

"Атауы өте қызықты екен. Жалпы, бұл компанияның атауы неліктен қазақ тілінде болмайды? Біз жаңа компанияларымызды ең алдымен, қазақ тілінде атауымыз керек. Бұл мәселені назарға алу керек", – деді.

Сөзін ары қарай жалғаған Президент аталған компания қосылуы тиіс электр желісі "Сарыарқа" велотрегінің аумағында болғанын атады. Ал велотрек басшылығы компанияны өз аумағына жібермеген.

"Велотрек басшылығы жоғары вольтты жабдықтар мен кабельдерді "Астана РЭК" АҚ-ның балансына беру қажеттігін айтқан. Осындай әуре-сарсаңның салдарынан жеке қаражатқа салынған жалпы ауданы 30 мың шаршы метрді құрайтын 340 пәтерлік тұрғын үй 8 ай бойы пайдалануға берілмеген. Бұндай жағдайға жол бермеу керек деп есептеймін. Бөлінген учаскі барлық желілерге қосылып, дайын болуы тиіс", – дей келіп, қала әкіміне бизнестің инженерлік желілерге қосылу мәселесін тәртіпке келтіру қажеттігін ескертті.

"Амал жоқ, LRT-ны аяқтау керек"

Сонымен қатар мемлекет басшысы LRT ісі бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тергеуді жеделдетуді тапсырды.

"Біреулер шетелге қашып кетті екен деп атүсті қарауға болмайды. Қашып кеткен адамдар мұның бәрін жоспарлағаны түсінікті. Өзгелерді, оның ішінде шешім қабылдаған әкімдіктің басшыларын қаперден тыс қалдырмау керек. Шешімді әкімдік қабылдады. Тереңірек тексеріңіздер, бұл өте даулы жоба, экономикалық тұрғыда түсініксіз. Әрине, Үкімет пен әкімдіктің қалауымен оны жүзеге асыруға тура келеді. Оның үстіне халықаралық міндет те бар. Бұл проблеманың мән-жайын анықтайық", – деді Қ.Тоқаев.

"ЛРТ ұзақтығы 22,5 шақырымды құрайды, 18 станса жоспарланған. Сіздер марафон жарысында 22 шақырымнан да көп жүгіресіздер. 18 станса, демек екі станса арасы бір шақырымнан сәл ғана асады. Біз жаяу одан да көп жүреміз", – деген Мемлекет басшысы мұндай жобаның бастапқы кезден-ақ мақсатсыз болғандығын айтты.

"Мұндай жобаны қалай жүзеге асыруға рұқсат берілгендігін мүлдем түсінбеймін. Үкімет пен әкімдікке ЛРТ бірінші кезеңін аяқтаудың нақты мерзімін, екінші кезеңін аяқтаудың кестесі мен тетіктерін анықтауды тапсырамын. Амал жоқ", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Қалада азық-түлік белдеуі жоқ"

Жиында Мемлекет басшысы астанадағы азық-түлік бағасының өзге өңірлермен салыстырғанда қымбат екенін сынады.

"Мысалы ұн бағасы елдегі орташа бағадан 18,2 пайыз, сүзбе 17 пайыз, пияз 14,5 пайыз, күнбағыс 9,6 пайыз, сиыр еті 6,7 пайыз қымбат. Бұл қалада тиісті инфрақұрылым және азық-түлік белдеуі жоқ деген сөз. Елордада сауда орындары тапшы. Ұйымдастырушылар көбіне белгілі бір саудагерлерге ғана мүміндік береді. Яғни, бәріне бірдей жағдай жасалмайды. Елорда әкімдігі мен көршілес облыстар арасындағы байланыс өз деңгейінде емес", – деген Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының әкіміне Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп тауар өндірушілер мен сауда желілері арасында тікелей байланыс орнату мәселесін реттеуді тапсырды.

"Ауылдан келгендерге тазалықты үйретіңдер"

Мемлекет басшысының айтуынша, елордадағы күрделі проблемалардың бірі қоқыстарды жинаудың заңсыз орындары болып отыр.

"Өте маңызды мәселе. Елорданың төңірегі немесе Ақмола облысының таяу жатқан аумағы құрылыс қоқыстарын жинаудың негізгі орнына айналған. Осы жайтқа байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қоқыстарды заңсыз жинағаны үшін жазаның әкімшілік шараларын қатаңдату бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын", – деді Президент.

Сонымен қатар ол азаматтардың да тұрмыстық мәдениеті болуы керектігін айтты.

"Тұрмыста, пәтерде, кіреберісте өздерін лайықты ұстамайды. Елордалық емес, қалалық өркениетке ешқандай қатысы жоқ адамдар сияқты. Осыған байланысты түсіндіру жұмыстары болуы қажет. Егер біреулер ауылдан келетін болса, онда ол өзінің қоқыс-қалдықтарын жинап үйренсін, соны түсіндіріңдер", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары