Тікелей эфир

Баспаналы болудың төрт жолы ұсынылды

Фото комитеттің баспасөз қызметінен
Фото комитеттің баспасөз қызметінен
Жаңа тұрғын үй саясаты баспаналы болғысы келетін отбасыларға әлеуметтік жағдайына қарай мүмкіндіктер ұсынуды көздейді.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов ел азаматтарын баспанамен қамтамасыз етудің механизмін таныстырды.

Табыстарына қарай баспанаға мұқтаж отбасыларға үй алудың бірнеше жолы ұсынылады:

  1. Мүлде табысы жоқ не отбасының жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (29,7 мың теңге) төмен әлеуметтік әлсіз топтарға сатып алуға болмайтын жалдамалы пәтер ұсынылады. Бұл топқа: жетім балалар, Бірінші және екінші топ мүгедектері, зейнеткерлер және т.б. жатады.
  2. Отбасының жан басына шаққандағы табысы екі ең төменгі күнкөріс деңгейінен (59,4 мың теңге) төмен және кезекте тұрған адамдарға "Бақытты отбасы" және "2-10-25" бағдарламалары бойынша жеңілдетілген несие беріледі. Бұл топқа көп балалы, толық емес және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар жатады.
  3. Отбасының жан басына шаққандағы табысы 3,1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (92 мың тенге) төмен болса, "5-20-25" бағдарламасы бойынша баспаналы болу мүмкіндігі беріледі.
  4. Отбасының жан басына шаққандағы табысы 3,1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (92 мың тенге) жоғары болса, бұл отбасылар "7-20-25" бағдарламасы не нарықтағы өзге де бағдарламалар мен баспаналы болудың жеке кәсіпкерлер ұсынатын жолдары арқылы үйлі бола алады.
2019 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі 29 698 теңге.

Оқи отырыңыз: "Бақытты отбасымен" баспаналы болғандар. 2%-бен үй алғандар не дейді?

Бұл ұсыныстар 2025 жылға дейін әрекет ететін мемлекеттік "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында қарастырылады.

Тағы бір жаңалық, баспанамен қамтамасыз етудің ашық және жүйелі жүзеге асуын қамтамасыз ету мақсатында үйге кезекте тұрған адамдардың бірыңғай республикалық базасы жұмыс істейтін болады.

"Бұл базада кезекте тұрған отбасының мәртебесі, табысы, басында үйі бар-жоғы, қандай баспанаға мұқтаждығы туралы ақпарат қамтылып, ол ұдайы жаңартылып отырады", – дейді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары