Тікелей эфир

Бала сабаққа бармады. Ата-анасына қандай шара қолданылады?

Арнайы informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
Арнайы informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
ҚР Білім және ғылым министрлігі мектептен жиі қалатындарға қалай айыппұл салынатыны туралы түсіндіріп берді.

Мектептегі сабақтан жиі қалатындарға 7,5 мың теңге айыппұл салынады – көп пе, аз ба? Не үшін мұндай шара қолданылады, жазасыз құтылуға болмайма?

№1. Ата-аналарға қандай негізде айыппұл салынады?

Сабаққа бармағандарға ҚР "Әкімшілік құқық бұзу туралы" кодексінің "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру жөніндегі міндеттерді орындамау" аталатын 127 бабына сәйкес жаза тағайындалады. Осы баппен 2018 жылы – 4065, 2019 жылы – 1912 ата-анаға айыппұл салынды.

2019 жылдың қаңтарында БҒМ ата-аналарға әкімшілік кодекстің "Қазақстан Республикасының білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу" аталатын 409 бабы бойынша да айыппұл салынатынын хабарлады. Педагогтармен бірге, басқа да лауазымды тұлғалар, сонымен қатар ата-аналарға салынатын айыппұл көлемі 5 АЕК-тен басталады.

№2. Айыппұл сабақтан қанша рет қалғаны үшін салынады?

Әкімшілік кодексте айыппұл салу үшін сабақтан қанша рет қалу керектігі нақты сандармен көрсетілмеген. Алайда Білім және ғылым министрлігі сабақтан жүйелі қалғандар қатарына мектепке дәлелді себепсіз 10 күндізбелік күннен көп уақыт бармаған балалар жатқызылатынын мәлімдеді.

№3. Сабақтан қалғаны үшін салынатын айыппұл көлемі қандай?

2019 жылдың 1 сәуірінен бастап айыппұл 3 АЕК (бұрын – 7 АЕК) құрайды. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда 6 АЕК болады, немесе кінәлі тұлға 5 тәулікке қамалады.

Әкімшілік кодекстің 127 бабына сәйкес, тек ата-аналарға ғана емес, сонымен қатар педагогтар мен білім беру, денсаулық сақтау саласының мамандарына да 20 АЕК көлеміндегі айыппұл мен 10 тәулікке дейін қамау түріндегі жаза тағайындау қарастырылған. Мұндай жаза бала ішімдік, есірткі құралдарын қолданған жағдайда ғана қолданылады.

№4. Дәлелді себеп және себепсіз дегендерге не жатады?

Дәлелді себептерге көп жағдайда ауырып қалу, жарыстарға, мәдени-көпшілік шараларға қатысу, түрлі отбасы жағдайлары жатқызылады. Білім және ғылым министрлігінде білім беру жүйесіне ортақ нақты қандайма бір анықтамалар жоқ.

№5. Ата-аналарға айыппұл салу туралы шешімді кім шығарады?

Сот. Ювеналды полиция қызметкерлері әкімшілік хаттама жасайды. Кінәге айғақ ретінде мектеп басшылығы ұсынған және ата-аналар мен басқа да заңды өкілдерінің жоғарыдағы міндеттерді атқармағанын растайтын материалдар болуы тиіс.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Ребёнок не ходил на занятия. Как наказывают родителей за прогулы детей?

№6. Сабаққа қатысу көрсеткішін кім қадағалайды?

Сынып жетекшілері мен пән мұғалімдері. Олар бұл мәліметтерді "Күнделік" ақпараттық жүйесіне орналастырады. Тоқсан сайын сабаққа қатысу туралы мәліметтер Ұлттық білім беру базасына енгізіледі.

№7. Айыппұл салынғаннан кейін сабаққа қатысу көрсеткіші қадағалана ма?

Ұзақ уақыт сабаққа келмей жүрген балалар ведомствоның бақылауында болады. Білім және ғылым министрінің орынбасары Э.Суханбердиева осылай деді. Айтуынша, сабақтан көп қалған оқушылардың ата-аналары ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін. Бұл үшін нақты неше рет сабақтан қалу керектігі көрсетілмеген.

Министрліктегілер баласы сабақтан көп қалатын ата-аналармен сұхбаттар жүргізілетінін де хабарлады. Мұндай істер білім беру ұйымдарының кеңестерінде, сонымен бірге әкімдік жанынан құрылған кәмелетке жасы толмағандар ісі және олардың құқын қорғау жөніндегі комиссияда қарастырылады.

№8. Педагог пен мектеп жазалана ма?

Әкімшілік кодекстің 409 бабы "Педагог жұмыскердің міндеттерін және педагогтік әдеп нормаларын орындамауы немесе тиісінше орындамауы үшін" – 5 АЕК көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Егер Білім беру ұйымы басшысының немесе өзге де лауазымды адамның міндеттеріне салғырт қарауы салдарынан оқушының денсаулығына зиян келсе, кінәліге 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Егер білім беру қызметтері мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмесе, лауазымды тұлғаларға айыппұл салынады. Шағын кәсіпкерлік иелеріне салынатын айыппұл көлемі 15 АЕК құрайды. Орта кәсіп иелеріне – 20 АЕК, ірі кәсіп иелеріне – 30 АЕК айыппұл салынады.

№9. Құқық бұзу фактілерін жасырғандар жазалана ма?

2019 жылдың 1 сәуірінен бастап ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі "Кәмелетке толмағандар жасаған немесе кәмелетке толмағандарға қатысты құқыққа қарсы іс-әрекеттер туралы хабарламау" аталатын 127-1 баппен толықты. Ол бойынша жеке тұлғаларға – 5 АЕК, лауазымды адамдарға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол іс-әрекет үшін жеке тұлғаларға – 20, лауазымды адамдарға – 30 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.

№10. Сабақтан қалғандар өзге елдерде қалай жазаланады?

Германияның әр аймағында ереже әрқалай. Мәселен, Мюнхен мектептерінде анықтама болмаса айыппұл салады. Гамбургте 3 күннен көп сабақтан қалған баланың үйіне әңгімелесу үшін мектеп мұғалімі келеді. Егер құқық бұзу қайталанса айыппұл салынады. Ал, оның көлемдері әр жерде әр бөлек. Дюссельдорфта сабақтан қалған бір күн үшін – 80 еуро, Кёльнде – 155 еуро айыппұл салынады.

АҚШтың кейбір штаттарында сабақтан жиі қалғандарға айыппұл салынады. Калифорнияда себепсіз 6 реттен көп сабақтан қалған немесе кешіккен оқушының үстінен төңіректегі прокурорға шағым түсіреді. Дәлелді себептерге – ауырып қалу, сот отырысына қатысу, отбасы мүшесінің қайтыс болуы жатқызылады. Себепсіз сабақтан қалғандарға салынатын айыппұл көлемі – 500 доллар. 30 минуттан көп уақыт сабақтан кешіккен бала сабақтан қалған болып есептеледі.

Калифорнияда да сабақтан жиі қалғандарға жаза қолданылады. Егер бала даярлық сыныбынан бастап 8 сыныпқа дейін оқу жылындағы сабақтардың 10%-на қатыспаса, ата-анасын бір жыл бас бостандығынан айырып, 2000 доллар айыппұл сала алады.

Украинада бала 10 күннен көп сабақтан қалса, жергілікті ювеналды қызмет немесе балалар ісі жөніндегі мекемеге ақпарат түседі. Ата-аналары түсініктеме жазу тиіс. Әрбір жағдай жеке жеке қарастырылады. Сот шешіміне сәйкес айыппұл 1750 гривенге (25 мың теңге) жетуі мүмкін. Мұнда да қалған күндер мен сабақтар саны нақты белгіленбеген.

Авторы Ербол Қазистаев.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары