Тікелей эфир

Бағалар мен қызыл диплом құнсызданды. Академиялық адалдық лигасы жоғары оқу орындарына қалай көмектеседі?

Арнайы іnformburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы.
Арнайы іnformburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы.
Informburo.kz жоғары білім cаласындағы жаңа тәсілдің қалай жұмыс істейтінін зерттеп көрді.

Қазақстандағы жоғары оқу орындардың студенттері мен оқытушылары адал болғысы келеді. Елімізде Академиялық адалдық лигасы бар, оған мүше болу үшін жоғары оқу орындары әсіресе, сессия форматы бойынша белгілі бір шарттарды орындауы керек.

Қазақстанда жаңа жүйені 10-нан астам жоғары оқу орындарында қолданып жатыр.

Академиялық адалдық лигасы (ЛИГА) дегеніміз не? Қалай пайда болды?

Бұл – еліміздегі жоғары оқу орындарының ерікті қауымдастығы. Оны Америкалық лига мен британдық "Рассел" тобының үлгісі бойынша нақты принциптер мен стандарттардың көмегімен білім сапасын арттыру үшін 2018 жылы тамыз айында құрды. Оның қазақстандық үлгісі сыбайлас жемқорлыққа қарсы механизмдер арқылы білім сапасын жақсартуға бағытталған.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры С.Өмірбаевтың хабарлауынша, лиганың құрылуына жоғары оқу орындарының өзі мұрындық болған.

– Ең басты бастамашы – Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті. Алғашқыда 30-ға жуық өтінім түсті. Әуелі жоғары оқу орындарының дайындық деңгейі мен олардың осы лигаға мүше болу мүмкіндігін тексеретін жұмыс тобы құрылды. Университеттерге қойылатын белгілі талаптар бар. Оқу орындарындағы жағдайлардың жай-күйі тексерілгеннен кейін шешім қабылданып, қазіргі таңда лига құрамына 12 оқу орны мүше болды. Қалғандары – үміткерлер. Лига ашық. Академиялық адалдық принциптерін сақтап, оны насихаттайтын кез келген жоғары оқу орыны лиганың мүшесі бола алады, – дейді С.Өмірбаев.

Лигаға мүше болу жоғары оқу орындары мен студенттерге не береді?

Халықаралық рейтингтерде жоғары оқу орнының бағытын көрсетпейді, алайда адал оқу орны ретінде олардың абыройын көтереді. Лигаға мүше болған оқу орны оқу процесінің ашықтығына, адалдығына, жариялылығына, сонымен қатар бәсекеге қабілетті болып шығатындай білім алуға кепілдік беруі тиіс.

Академиялық адалдық лигасы жоғары оқу орындарының оқуға толықтай кредиттік технологияны енгізуді талап етеді. Бұл жүйеде әрбір кезеңде 0-ден 100-ге дейін балл қойылады (рейтинг) және орташа GPA баллы есептеледі. Оқу жұмыстарының көлемі мен бағаларды біріздендіру арқылы студенттерге академиялық мобильділігі үшін университеттер пулын кеңейтуге және түлектерге шетелдік оқу орындарында кедергісіз магистратура мен докторантурада оқуын жалғастыруға мүмкіндік береді.

Лигаға төрағалық ету мерзімі 1 жылды құрайды. 2019 жылы Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті төрағалық етіп отыр. Жалпы жиынның (басты орган) төрағасы – осы университеттің ректоры Т.Нәрікбаев, лига кеңесінің төрағасы (атқарушы орган) – М.Дәуленов. Келесі жылы олардың орнын басқа адамдар алмастырады.

Лигаға қандай университеттер кіреді?

Қазақстанда 120-дан астам жоғары оқу орыны бар. Олардың ішінде төмендегілер Академиялық адалдық лигасына мүше болды:

  1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы;
  2. Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті;
  3. Almaty Management University;
  4. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті;
  5. Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті;
  6. Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті;
  7. Қазақ-Британ техникалық университеті;
  8. Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті;
  9. Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті;
  10. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті;
  11. Сүлеймен Демирел атындағы университет;
  12. Халықаралық бизнес университеті.

2019 жылы лигаға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қосылды. Оның дауыс беру құқығы жоқ, қауымдастырылған мүше ретінде өтініштері ұсыныс бетінде қарастырылады.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Инфляция оценок и ценности красного диплома. Как Лига академической честности поможет вузам?

Қай жоғары оқу орындары лигаға кірмекші?

Оларға әуелі үміткер статусын алу керек. Ол үшін университеттер академиялық адалдықтың ішкі саясаты туралы негізгі құжаттары мен жүргізілген сессия қорытындылары, емтихандар үлгісінің ара-қатынасы туралы ақпараттарын жолдауы тиіс. Лиганың үлген төралқасы құжаттамаларды тексереді, өз талаптарына сәйкес ұсыныстарын береді. Жоғары оқу орындары оларды енгізіп, өздерінде бекітуі тиіс.

Қазір 14 оқу орны лигаға кіруді жоспарлар отыр:

  • Алматы технологиялық университеті;
  • Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті;
  • Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті;
  • Семей қаласының мемлекеттік медициналық университеті;
  • С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті;
  • Қазақ Ұлттық Аграрлық университеті;
  • Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті;
  • Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті;
  • Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті;
  • Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті;
  • Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті;
  • Павлодар мемлекеттік Педагогикалық университеті;
  • Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті;
  • Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті.

Үміткерлерге қандай талаптар қойылады?

Лига академиялық адалдықты бұзу түрлері мен үлгілері туралы айқын ережелер енгізуді және осы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік шараларын жүзеге асыруды талап етеді. Ұсыныстардың арасында төмендегілер бар:

  • Жалпы көлемде жазбаша емтихан санын 90%-ға дейін арттыру;
  • Студенттердің барлық жазбаша жұмыстарын плагиатқа қатысты міндетті түрде тексеруді қамтамасыз ету;
  • Антиплагиат жүйесін және оқытудың басқа да жүйелерін (мәселен, Canvas) сатып алу;
  • Процестерді автоматтандыру үшін студенттерге қызмет көрсету орталықтарын құру;
  • Деңгейлес басқару және алқалы шешім шығаруға көшу;

Барлық жазбаша жұмыстарды плагиатқа тексеру халықаралық Turnitin жүйесінің көмегімен жүзеге асырылуы тиіс. Ол шеттен алынған, тіпті шет тілінен басқа тілдерге аударылған мәтіндерді анықтауға мүмкіндік береді.

– Емтихандардың мұндай түрі басқа елдердің тәжірибесінде бар. Басымдығы адалдығында, объективтілігіне 100% кепілдік береді. Студент өз жауабын жазбаша негізде жазады, бәрі сақталады. Ол кодтау арқылы тексеріледі: арнайы бағдарлама студенттің жұмысын цифрлайды, содан соң оқытушы оны тексере алады, яғни, тексеруші жұмыс иесінің кім екенін білмейді. Соған сәйкес оқытушы студентпен субъективті ара-қатынасқа түспейді, баға барынша әділ қойылады, – дейді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры С.Өмірбаев.

Айтуынша, плагиат пен дәйексөз алу мәселесі қазақстандық студенттерде мәтіндерді шеттен ала білу қабілетінің жоқтығында болып отыр.

"Бәрі дұрыс болуы керек, бастысы бірінші дереккөзге сілтеме болуы тиіс. Егер сілтемесін берсең, плагиат болып саналмайды. Кейде студенттер интернеттен дайын курстық не дипломдық жұмысты көшіріп алып, бірінші дереккөзге сілтемесін берместен өз атынан әкеледі" деп түсіндірді С.Өмірбаев.

Антиплагиат бағдарламасы шеттен алынған мәтіндердің деңгейі мен пайызын анықтауға мүмкіндік береді.

– Әрбір ғылымға пайыз әр түрлі болуы мүмкін. Теориялық, гуманитарлық ғылымда шеттен мәтін алу пайызы жоғары. Техникалық ғылымда төмен болуы тиіс, – деп атап өтті С.Өмірбаев.

Астана медициналық университетінің студенттері жаңа жүйеге көшуге қарсылық білдірді

Университеттің "Жалпы медицина", "Стоматология", "Қоғамдық денсаулықты сақтау" мамандықтанында оқитын 1-2 курс студенттері іnformburo.kz жүгінді. Айтуларынша, оларға тура емтиханның алдында енді жазбаша тапсыратындарын аяқ асты хабарлаған. Бұл жаңалық жастардың наразылығын тудырған. Кейін жүйені енгізу уақыты шегерілгені белгілі болыпты.

"Бұл адал студенттің адал дәрігер болуы үшін, оның білуі, сұрақтарға дұрыс жауап беруі үшін жасалып отыр. Жаңалықтың енгізілетіні туралы мәселе бірнеше рет талқыланды. Қазір жүйені жаңа оқу жылына дейін қалдыру туралы шешім қабылданды" деп хабарлады "Жалпы медицина" факультеті деканының орынбасары Б.Игенбаева.

Университет студенттерді емтиханның жаңа форматына осы сессиядан бастап дайындауға кіріспек. "Сондықтан ауызша емтиханмен бірге жоғарыда аталған мамандықтардың бірінші және екінші курс студенттері жазбаша емтихан тапсырады" деп нақтылады университеттегілер.

"Коммерциялық емес акционерлік қоғам лигасына енгізу шеңберінде университет студенттермен қатар оқытушыларға да жоғары талап қойылды. Сондықтан олардың бәрі академиялық адалдық үшін жауапты саналады. Осы оқу жылында біз белгілі курстарда, белгілі пәндер бойынша емтиханды жазбаша сынақ ретінде өткізіп көрдік. Студент емтихан билетіндегі сұраққа жазбаша жауап береді. Емтиханның өзі ауызша, жазбаша жауап баға қойғанда есептелмейді. Алайда ол оқу сапасын зерттеу үшін пайдаланылады. Университеттің әкімшілігі Қазақстанның академиялық адалдық лигасының барлық талаптары мен ережелерін ұстана отырып, академиялық адалдықтың принциптерін қолдайды" дейді университеттің баспасөз-орталығының жетекшісі Динара Қожахметова.

Серік Өмірбаев емтихандарды өткізу үлгісінің өзгеруі қиындық туғызбауы тиіс деп есептейді.

– Жоғары оқу орындарының бәрі компьютерлермен толық қамтамасыз етілген. Мәселен, біздің университетте барлық курс студенттерінен бір уақытта емтиханды қабылдауға кабинеттерде компьютер жеткілікті. Бұл жерде техникадан туындайтын мәселе жоқ, – дейді ол.

Оқу екпінділері мен үздіктер 35%-дан аспайтын болады

Лигадағылар жоғары оқу орындарының дипломдары нақты білім мен оқу нәтижесін көрсетуі тиіс деген пікірде. Айтуларынша, Қазақстанда бағалар мен қызыл диплом "құнсызданған". Осыған орай лига Bell Curve қисық бөлінісін енгізуді ұсынып отыр. Жүйе енгізілгенде бір топтағы студенттердің 35%-дан аспайтыны ғана "өте жақсы" және "жақсы" бағасын, ал 10%-дан кем емесі "қанағаттандырарлықсыз" бағасын алады.

2019 жылдың наурыз айында жүйе енгізілгеннен кейін бірінші сессияда академиялық адалдықтың өзін қалай көрсеткені белгілі болды.

"Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде 2018 оқу жылындағы қысқы сессия қорытындысы бойынша "өте жақсы" бағасын алған студенттер саны 10%-ға азайды" деп хабарлады баспасөз конференциясында Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры Талғат Нәрікбаев.

Үздіктер санынан бөлек, лига өз зерттеулерін жариялауға болатын беделді ғылыми журналдардың да тізімін анықтайтын болады. Қазіргі таңда тізім дайындалып жатыр. Лига мүшелерінің пікірінше, бұл "азулы" журналдар мен серіктестіктердің алдын алады. Жоғары оқу орындарына жасанды жарияланымдар санын арттыруға мүмкіндік бермейді. Бұл халықаралық рейтингтерде ЖОО-ның ұстанымдарын арттыру үшін жасалып отыр.

Авторы Ербол Қазистаев, Наталья Батрақова.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары