Тікелей эфир

Қазақстандықтардың басым көпшілігі ағаштарды заңсыз кесуге қарсы. Demoscope сауалнамасы

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сауалнамаға қатысушылардың 37%-ы ең басты экологиялық мәселе деп ауаның ластануын айтады.

Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында "Экология мәселелеріне қазақстандықтардың көзқарасы" тақырыбында сауалнама жүргізді.

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 37%-ы өзі тұратын өңірдегі ең басты экологиялық мәселе – ауаның ластануы деп есептейді. Респонденттердің үштен бірі (30%) қоқыс шығару және қайта өңдеу мәселесіне алаңдаулы. 14%-ы судың ластануын өзі өмір сүріп жатқан аймақтың түйіткілді мәселесі дейді.

Тұрғындардың түрлі экологиялық мәселелер туралы ойлары өздері тұратын өңірдің экологиялық жайына қарай қалыптасатыны белгілі. Мәселен, ағаштарды заңсыз кесу тақырыбына Алматы қаласы, Алматы облысы және Қарағанды облысы тұрғындары бейжай қарамайды. Сауалнама қорытындысы бойынша, Алматы жән Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары ауа ластануының зардабын тартып жүр. Қоқысты шығару және қайта өңдеу мәселелері, басқа аймақтармен салыстырғанда, Түркістан және Алматы облысы тұрғындарын көбірек алаңдатып отыр.

Ең маңызды көрсеткіштердің бірі – азаматтардың қоршаған ортаны қорғауға және сақтауға дайын болуы. Сауалнама деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың көбі (64%) ірі компаниялардың ағаштарды заңсыз кесуіне бірауыздан қарсы және мұндай келеңсіздіктер үшін жазаны күшейтуді талап етеді.

26% азаматтар аталған мәселеге байланысты бейтарап пікірде. Олардың ойынша, билік мұндай жағдайды қадағалауы керек, бірақ ағаштарды заңсыз кесу "үлкен қылмыс емес". Ал респонденттердің 6%-ы мұндай әрекетке түсіністікпен қарайды. Олар бизнестің жағдайы онсыз да мәз емес дейді.

Оқи отырыңыз: Экологиялық мәдениетті қалай дамытамыз? Оған қанша қаржы қажет?

Қоршаған ортаны қорғау мәселесінде мемлекет саясаты бірінші орында тұр. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 55%-ы экожүйенің жай-күйіне ең бірінші кезекте мемлекет, әкімдік және экология министрлігі бірдей жауапты дейді. Сонымен қатар, қатысушылардың үштен бірі халыққа да жауапкершілік артып отыр. Респонденттердің небәрі 7%-ы экологияға ірі өндірістік кәсіпорындар мен бизнес жауап беру керек деп есептейді.

Халықтың табиғатты қорғауға және өз міндетіне жауапкершілікпен қарауға дайын екенін де ең маңызды индикатор ретінде атап өткен абзал. Сауалнама қорытындысы бойынша, респонденттердің көпшілігі халықты табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға баулу – экологиялық мәселелердің ең дұрыс шешімі деп санайды. Азаматтардың 22%-ы экологиялық құқықбұзушылық үшін жазаны күшейтсек қана жағдайды жақсарта аламыз дейді. Қалпына келетін энергия көздерін және қоқысты қайта өңдеуді дамыту жайын респонденттердің 19%-ы атап өтті. Ал қалған 11%-ы бұл салаға түбегейлі жүйелі өзгеріс жасалмаса, мәселенің шешілуі екіталай деген ойда.

Sulpak дүкенінің жанында Қазақстанның қызыл кітабына енген ағаштардың заңсыз кесілуі қоғамда үлкен резонанс туғызды. Бұл мәселеге мемлекет басшысы назар аударып, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырған болатын.

Алматылықтардың қоршаған ортаны қорғау тақырыбына бейжай қарамауы, ағаштарды заңсыз кесуге қарсылығы қаладағы ауаның қатты ластануымен байланысты екені түсінікті. Өкінішке қарай, экологиялық мәселелер Алматыда ғана емес, Қазақстанның барлық аймағында бар.

Ағаштарды заңсыз кесу мәселесіне ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жобасы жағымды ықпал етуі мүмкін. Бұл "жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың үлгілік қағидаларын, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын және "Ағаштарды кесуге рұқсат беру" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" жоба.

Оқи отырыңыз: "Түтіннен жылына 160 мың тонна гипс өндіруге болады". Ғалымдар 2-ЖЭО мәселесін шешудің жаңа тәсілін ұсынды

Жоба құжаты Ашық НҚА порталында қоғамның талқысына жарияланған. Онда "Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген ағаштар заңсыз кесілген, жойылған, бүлінген жағдайда ағаштарды өтемдік отырғызу отыз есе мөлшерде жүргізіледі" делінген. Бұған дейін ағаштар заңсыз кесілген жағдайда, ағаштардың барлығына бірдей өтемдік отырғызу жиырма есе мөлшерде және айыппұл қарастырылған болатын.

Адамдардың өмір сүруге қолайлы ортада өмір сүру құқығы Ата Заңда бекітілген. Конституцияның 31-бабының 1-тармағында "Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды" делінген.

Қоршаған ортаның жағдайы мен табиғат ресурстарын пайдалану туралы Ұлттық есептің 2018 жылғы деректері бойынша, стационарлық көздерден ластаушы заттардың шығарындылары 2017 жылмен салыстырғанда 3,8% өсіп, 2 446,7 мың тоннаға жеткен. "Қазгидромет" мониторингі қорытындысы бойынша, Алматыда әуе бассейнінің экологиялық жағдайы 2019 жылы "7" көрсеткішін көрсеткен. Яғни, бұл көрсеткіш қаланың ластану деңгейі "жоғары" дегенді білдіреді.

Халық арасында тыныс алу органдары ауруларының үлесі – 43,5%. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында тыныс алу органдары ауруларымен науқастанған адамдар саны 2015-2016 жылдар аралығында 44%-ға артқан.

Сауалнамаға 2020 жылы 8-12 желтоқсан аралығында 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентте тұратын 18 жастан асқан 1 100 адам қатысқан.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары