Тікелей эфир

Қазақстанда сайлауды қалай әділ өткізуге болады? Сараптама

Іnformburo.kz суреті
Іnformburo.kz суреті
2021 жылдың 10 қаңтарында елде Парламент сайлауы өтеді. 1,5 ай уақыт қалса да, сайлау додасының қызуы аса байқалмайды.

Елдегі эпидемия, азық-түліктің қымбаттауы, теңгенің тұрақсыздығы, күнкөріс деңгейінің күрт төмендеуінен халық саясатқа салқын қарай бастады дейді сарапшылар. "Әлеуметтік және саяси зерттеулер институтының" мәліметіне қарағанда қаңтардағы Парламенттік сайлауда дауыс беремін деп отырғандардың саны электораттың тек 12 пайызын құрапты. Осы кезде кейбір партиялар саяси науқанның сәнін келтірейін деді ме, әлде сайлаушылардың санын көбейтейін деді ме, аттарын ауыстырып шыға келді. Мәселен, "Қазақстан халық коммунистік партиясы" енді "Қазақстан халық партиясы" болса, бұрынғы "Бірлік" партиясы "Адалға" айналды. Дәл осы саяси дода әділ өтпеген жағдайда Қазақстанда не болуы мүмкін? Сайлауды әділ, ашық және таза өткізу үшін не істеу керек?

Қазақстан осы уақытқа дейін әділ сайлау өткізе алды ма?

Қоғам белсендісі Жарылқап Қалыбайдың пікірінше, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері елде бір де бір сайлау әділ өткен жоқ. Ол биліктің халықты 30 жыл бойы алдап келе жатқанын алға тартты.

"Ешқашан бізде адал, таза, халық күткен сайлау болған емес. 30 жыл бойы билік алдап келе жатыр. Президенттік сайлаулардың бірде бірі әділ өтпегенін халық мойындайды деп ойлаймын. Дауысты тек ұрлап келе жатыр. Қазіргі өткелі жатқан сайлау да таза ойын", – деді ол.

Ал жуықта ғана Nur Otan партиясына мүше болған белгілі саясаттанушы Айдос Сарым бұл пікірмен келйспейді. Оның айтуынша, елде өткен саяси додалардың тек кейбірі ғана бұрмаланған. Сондықтан, барлығына күйе жағуға болмайды.

"Біздің елдегі сайлаудың барлығы бірдей деп айту қиын. Тек 1998-1999 жылғы сайлаулардың динамикасы дұрыс болмады деп айта аламын. Сондай-ақ, 2003-2004 жылғы дода өте қызу болды. Бірақ, есептеуі басқаша болғаны анық. Жалпы, жүйенің авторитарлық бағытқа бет бұруы, одан шыға алмауы айналып келгенде сайлаудың ең алдымен қазақ халқының, одан кейін шетелдік және басқа да бақылаушылардың көңілінен шықпауына тікелей әсер етті", – дейді Айдос Сарым.

Оқи отырыңыз: Онлайн дауыс берілмейді. Қазақстандағы Парламенттік сайлаудан соң Қырғызстандағы жағдай қайталана ма?

Сайлаудың әділ өтпеуіне халық кінәлі ме?

Nur Otan партиясының мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саировтың пайымдауынша, сайлаудың әділ, объективті және заңды түрде өтуі тек билікке байланысты емес. Оған халық та тікелей әсер ете алады. Саясаттанушы, егер халық тегеурінді болса, азаматтар өз құқықтарын білсе және ең негізгісі әрбір адам өзінің саяси капитал екенін ұғынса, онда саяси жүйе сайлауды әділ өткізе алмайтын еді дейді. Сондықтан, ол сайлаудың әділ өтуі үшін ең алдымен халықтың саяси мәдениетін көтеру қажет дегенді алға тартты.

"Барлығымыз әрбір сайлаудың әділ және заңды түрде өткенін қалаймыз. Менің ойымша, қазіргі таңда саяси жүйе эволюциялық түрде өзгеріп келе жатыр. Оған әртүрлі объективті және субъективті факторлар бар. Саяси жүйені эволюциялық түрде өзгерту мен саяси реваншизм екеуі екі бөлек нәрсе. Бүгінгі халықаралық турбулентті жағдайда біздің елімізге саяси реваншизмнің қажеті жоқ. Ол тұйыққа апарып тірейді. Ал саяси реформа – халықтың саяси мәдениетін көтеруден басталады. Бізде қазір 12 миллионнан астам сайлаушы бар, солардың барлығы өзінің құқығын пайдалануға үйренген кезде біздің елімізде демократия болады. Демократияға ешқандай альтернатива жоқ, ол рас", – дейді Ерлан Саиров.

HAQ қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиеваның пікірінше, қазақстандықтар сайлауға мүлдем сенбейді. Сондықтан, халық саяси науқандарға немқұрайды қарайды. Дауыс беретін лайықты партия жоқ болғандықтан, азаматтар сайлау учаскесінде тіпті төбе көрсетпейді. Қоғам белсендісі Жарылқап Қалыбай да бұл пікірді құптады. Оның ойынша, сайлаудың әділ өтпеуіне халықты кінәлауға болмайды.

"Қазақстандағы заңның барлығы бір кісінің билігіне бағынған заңдар. Біз соған өзіміз мүмкіндік бердік. Биліктің идеологтарының "Сайлаудың әділ өтпеуіне халықтың өзі де кінәлі" деген әбден жаттанды пікірі бар. Олар сөйтіп барлық жауапкершілікті халыққа итеріп салады. Халық деген кім? Жеке-жеке азаматтар. Олардың қолынан ештеңе келмейді. Бір адамды бір рет сайлап алдық та, қайтіп орнынан түсіре алмай жүрміз", – деді Жарылқап Қалыбай.

Оқи отырыңыз: Праймериз әділ сайлау ма әлде саяси ойын ба? Cараптама

Партиялардың барлығы "қуыршақ" партия ма?

Былтыр бір топ белсенділермен "Халыққа Адал Қызмет" саяси партиясын құруға бастамашы болған Тоғжан Қожалиеваның айтуынша, Қазақстанда шынайы оппозициялық партия құруға ешқашан жол берілмейді. Ал қазіргі заңды түрде тіркелген партиялардың барлығы "қуыршақ" партиялар. Олар "биліктің айтқанынан шықпайды" дейді белсенді.

"Бізге партия құра алмайсыңдар дейді. Партия құру үшін қаражатыңыз, қасыңызда бюджетті қарастыратын білікті мамандар болуы керек. Оның барлығы бізде бар, бірақ рұқсат жоқ. Бізге партия құруға қаржысын салуға дайын кәсіпкерлер бар, бірақ, олар рұқсаттың жоқ екенін көріп қашқақтайды. Өйткені, бизнесімізді тартып алады деп қорқады. Мысалы, біздің бизнесімізді алып қойды. 23 шаршы метр коворкингіміз бар еді, соны саясатқа араласқанда тартып алды. Бұл шынайы партия құруға жол бермеу деген сөз. Бірінші бизнесіңізді тартып алады, түрлі салық тексерістері тағайындалады, ҰҚК тергейді. Қысқасы, партия құрамын десең, өміріңе қауіп төнеді", – деді Тоғжан Қожалиева.

Айдос Сарымның пікірінше, Қазақстанда партия құру ешқашан оңай болған емес. Бірақ, билік саяси партия құрғысы келетіндерге кедерегі келтірмейді. Тек белсенділер, партияға мүшелікке кіргісі келетін адам санын толтыра алмайды. Талап бойынша, саяси партия құрамында ең кемі 20 мың адам болғанда ғана тіркеледі.

"Партия дегеніміз жигули немесе BMW сияқты машина емес. Партия – үлкен саяси механизм. Егер әлемнің тарихына назар аударатын болсаңыздар, көптеген партияға сын айтылған. Бүгінгі АҚШ-та қос партиялы жүйе. Олар туралы кезінде айтылмаған әңгіме жоқ. Жемқор деді, басқа деді. Бірақ, айналып келгенде, бұл партиялар ішінен жаңарып, тазарып, әлі күнге дейін додадан түспей отыр. Жаңа партиямен АҚШ-тың жүйесіне кіру мүмкін емес. Бүгінгі күні шынын айтайық, бізде ешбір топ жеке-дара партия бола алмайды. Өйткені, әлеуеті жоқ, аймақта өкілі жоқ, қаражаты және мүмкіндігі жоқ. Ең бастысы, бүгінгі күні әңгіме айтып жүргендер топтың ешбірінің қоғамның ішіндегі моральдық беделі жоқ. Бізде шынайы оппозиция пайда болса, онда азаматтардың бірігетін тұсы еді. Бірақ, олай болмай тұр", – деді ол.

Саясаттанушының пікірінше, бүгінгі "қуыршақ" партия болашақта ең ғаламат оппозиция болып шығуы әбден мүмкін. Өйткені, ең алдымен бұл дауыс жинай алатын, сайлауға қатыса алатын, өзінің адамдарын мәслихатқа және мәжіліске ұсына алатын саяси машина.

"Ең үлкен саясат митинг ұйымдастыру емес. Ең үлкен саясат – заң мен бюджет. Кім осы екеуін қадағалап отыр, кім оған ықпал ете алады, кім осыны қадағалап6 тексере алады билік соның қолында. Бүгінгі күні мәслихаттың да, мәжілістің де құны еселеп артып келе жатыр. Алдағы жылдары үлкен реформа болатынын ескеретін болсақ, келесі жылы, мысалы, жер туралы мораторийдің уақыты бітеді. Артынан тағы үлкен дау болады. Дауды болдырмаудың бір жолы, мәслихат пен мәжілісті де дұрыстау. Оған қоғам сене алатын, адамдарды сайлау керек. "Мен ол партияда жоқпын, яғни оның барлығы ойыншық, оның барлығы бекер" деген әңгімені қою керек", – деді Айдос Сарым.

Оқи отырыңыз: Халықтың түрлі-түсті революция жасауына биліктің өзі кінәлі ме? Сараптама

Парламент сайлауы әділ өтсе, Nur Otan партиясы жеңіске жетеді ме?

Жарылқап Қалыбайдың пікірінше, бізде сайлау объективті өтпейді. Өйткені, Орталық сайлау комиссиясы басшысының өзін Президент тағайындайды. Ал, Тоғжан Қожалиева алдағы сайлау расымен де әділ өтсе, Nur Otan партиясы көп болса тек 20 пайыз дауыс жинар еді деген пікірде.

"Қазіргі саяси жүйелерде Nur Otan партиясының рейтингі 70 пайыз деп көрсетіліп жатыр. Социологтар осы сайлауда аталмыш партия 70 пайыз дауыс алатынын айтады. Бірақ, мен бұл пікірмен келіспеймін. Өйткені, бұл партияға ұлттық компанияларда жұмыс істейтін адамдар мен мемлекет қызметкерлер ғана дауыс береді. Олардың саны 200 мыңның төңірегінде. Демек, көп болса шынайы 20 пайыз ғана дауыс жинайды. Жылпа, Nur Otan партиясының ғұмыры ары кетсе 5 жылға дейін созылуы мүмкін", – деді Тоғжан Қожалиева.

Саясаттанушы Айдос Сарым бұл айтылған пікірлермен келіспеді. Ол Nur Otan ұзақ жылдарға дейін жұмыс істейтін партия болары сөзсіз екенін айтты. Әрі, бұл ұйымның саяси күш ретінде қалатынын мәлімдеді.

"Nur Otan партиясының артында халық жоқ, біздің артымызда халық бар" деген бос сөз. Егер осы сөз шын болатын болса, ресми митингке неге ол белсенділердің артынан ергендер келмейді? "Митингтің алдында ұстайды" деп айтып жатыр. Иә, екі адамды ұстаған шығар. Алайда, 100 мың адамды ешкім ұстап алып кетпейді ғой. Сондықтан, басқалар тіпті партия құрып жеңіске жететін болса да, келесі сайлауда Nur Otan оппозиция болып жеңіп қайтадан орнына келетін партия болады. Алдағы уақытта бізге жаңадан қанша партия қосылатынын мен білмеймін. Бірақ, біздің партиялар шын мәнінде әр ауылға, ауданға дейін жеткен партия болуы керек. Сайқымазақ, астанадан аспайтын партиялардың бізге түкке қажеті жоқ. Бізге шын мәнінде ұзақ мерзімді, саясатқа араласатын, артында өкілі бар партия керек", – деді Айдос Сарым.

Оқи отырыңыз: Сайлау учаскесін 10 желтоқсанға дейін ауыстыруға болады. Дауыс беруші білуі тиіс 20 маңызды мәлімет

Сайлау әділ өту үшін не істеу керек?

Сайлау қаншама жылдан бері келе жатқан механизм. Сайлаудан басқа халықтың өз өкілін сайлай алатын басқа механизмі жоқ екені мәлім. Айдос Сарымның ойынша, сайлауды дұрыс өткізудің екі жолы бар. Белсенділік және бақылаушылық.

"Австралия, Жаңа Зеландия сынды бірқатар елде сайлауға қатыспасаң саған айыппұл салады. Бұлардың барлығы батыстық мемлекеттер ғой. Оларда саяси додаға қатысу мәдениеті қалыптасқан. Екінші мәселе, бақылаушылық. Бізге бақылаушының көп болғаны және оның қаладан асып, ауылға жеткені керек", – деді саясаттанушы.

HAQ қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиеваның пікірінше, Қазақстанда әділ сайлау өткізуге болады. Егер дауыс санау процесіне тек партия өкілдері ғана емес, тәуелсіз бақылаушылар да қатысса.

"Әділ сайлау үшін учаскелерге тек қана партия өкілдерін ғана емес, сонымен қатар тәуелсіз бақылаушыларды да кіргізу керек. Олар дауысты санау процесінің барлығын қадағалағаны жөн. ОСК-да дауыстарды санағанда оларға да тәуелсіз бақылаушыларды кіргізу керек", – деді Тоғжан Қожалиева.

Әділ сайлау өтпеген жағдайда не болуы мүмкін?

Саясаттанушы Ерлан Саировтың мәлімдеуінше, алдағы сайлау заң жүзінде өтеді. Егер қандай да бір заң бұзушылық болатын болса, бақылаушылар оны елге мәлім етеді. Сондықтан, саяси дода заң жүзінде, транспарентті өтеді. "Біздің елімізде ешқандай саяси эксцесс болмайды" деді ол. Ал, Тоғжан Қожалиева сайлау әділ өтпеген жағдайда елде аса өзгеріс болмайтынын айтты.

"Бізде еш өзгеріс болмайды. Айталық, Nur Otan немесе "Ақжол" партияларынан дауыс ұрланса, екі партияның адамдары да наразылық білдіріп шықпайды. Бұл партиялардың митингке шығатын адамдары жоқ. Өйткені, шынайы халықтық партия емес", – деді ол.

Қоғам белсендісі Жарылқап Қалыбай соңғы кездері халықтың саяси белсенділігі артып келе жатқанын айта отырып, егер әділ сайлау болмаса жұрт жаппай митинге шығуы мүмкін деді ол.

"Үмітсіз шайтан. Осы күнге дейін билік халықтың сенімін жоюмен келді. Бірақ, халықтың көзі ашылып келе жатыр. Осы жолы ең болмаса жақсы партия құруға, сенімді лидерді таңдауға мүмкіндік бермесе де, шартты түрде оппозициялық болса да ЖСДП сияқты бір партияға барлығы келеді де дауыс береді. Алайда, нітижесінде биліктің партиясыкөп дауыс жинаған болып шығады. Сосын халық митингіге шығады. Митингке шықсын. Содан кейін барып қана мына биліктің сайлау туралы заңын, партиялар құру заңын өзгертеміз. Егер келіспей наразылық танытатын болсақ, сонда ғана келесі сайлаулардың әділ өтуіне жол ашамыз", – деді қоғам белсендісі.

(Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді)

Серіктестер жаңалықтары