Статистика Covid-19
в Казахстане:
Заразились:
178 454
Выздоровели:
160 313
Умерли:
2 480 (25.01.2021)
Коронавирусная
пневмония:
Заразились:
47 437
Выздоровели:
35 183
Умерли:
555 (25.01.2021)

Сайлау учаскесін 10 желтоқсанға дейін ауыстыруға болады. Дауыс беруші білуі тиіс 20 маңызды мәлімет

Сайлауда сіздің атыңыздан біреу дауыс берсе, ол қылмыстық жауапқа тартылып, 11 112 000 теңге айыппұл салынады.

2021 жылы 10 қаңтарда Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы өтеді. Мәжіліс 107 депутаттан құралады:

  • 98 депутат жалпыұлттық сайлау округі бойынша жасырын дауыс беру арқылы;
  • 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланады.

2021 жылы мәслихаттар бірінші рет мажоритарлық жүйе емес, партия тізімі бойынша сайланады. Соған сәйкес, мәслихат депутаты сайлауына түсу үшін үміткер өзін-өзі ұсына алмайды. Тек қана тіркелген партия атынан ғана қатысады.

Парламент сайлауында алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл тәртіпті сақтамаған саяси партиялар сайлауға жіберілмейді.

Informburo.kz парламент сайлауына қатысты маңызды сұрақтарға жауап береді.

№1. Мәжіліс сайлауының маңызы не?

Мәжіліс депутаттарына келесі міндеттер жүктелген:

  • заңнамалық актілер жобаларын және оларға толықтыруларды енгізу;
  • конституциялық заң жобаларын қарау;
  • президентке премьер-министрді қызметке тағайындауға немесе қызметтен босатуға келісім беру;
  • кезекті президент сайлауын жариялау;
  • президентке мемлекеттік опасыздық туралы айып тағу шешімін шығару.
Сондай-ақ, депутат Парламент отырыстарында қарау үшiн мәселелер ұсына алады. Заңда белгiленген тәртiппен бірқатар лауазымды тұлғаларға, соның ішінде: премьер-министр мен Үкімет мүшелеріне, Ұлттық банк төрағасына, Бас прокурорға, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына, Есеп комитетінің төрағасы мен мүшелеріне депутаттық сауал жолдауға құқылы.

№2. Мәслихат сайлауының маңызы не?

Мәслихат – облыстың, республикалық маңызы бар қала және астана немесе аудан халқы сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын, олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган. Мәслихат депутаттарының құзыреті мен міндеті:

  • экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды, аумақты дамыту жоспарларын бекіту;
  • жер қатынастары, елді мекендерді абаттандыру мәселелерін реттеу;⠀
  • азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету ережелерін бекіту;
  • жергілікті бюджеттің атқарылуын бақылау;
  • атқарушы органдар басшыларының есептерін қарау,;

  • тиісті органдарға мәслихат шешімдерін орындамағаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын, сондай-ақ ұйымдарды жауапқа тарту туралы ұсыныстар енгізу;

  • әр облыстан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкенттен сенаторларды таңдау;
  • өз округiнiң сайлаушыларымен, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен және ұйымдармен кездесулер мен жиналыстар өткiзу;
  • сайлаушылардан келiп түскен өтiнiштерiн қарау, азаматтарды жеке қабылдау;
  • мәслихат депутаттарының көпшiлiк дауысымен әкімге сенiмсiздiк бiлдiру және Президенттiң не жоғары тұрған әкiм алдына оны қызметiнен босату жөнiнде мәселе қою.

Мәслихат депутаттары сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыруы тиіс. ⠀⠀

№3. Парламент сайлауына қанша партия қатысады?

Мемлекеттік тіркеуден өткен алты саяси партия Парламент сайлауына қатысуға құқылы. Олар:

  • Nur Otan партиясы;
  • Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы;
  • Қазақстанның халық партиясы;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы;
  • "Адал" партиясы (бұрынғы "Бірлік" партиясы);
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (Түзету: 27 қарашада партия сайлауға қатысудан бас тартты).
10 қарашада депутаттыққа кандидаттарды ұсыну басталып, 4 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Кандидаттарды тіркеу 10 желтоқсанда аяқталады.

№4. Сайлауда кімдер дауыс бере алады?

Қазақстанның 18 жасқа толған әр азаматы тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы. Бір адам бір дауысқа ғана ие. Азамат дауыс беру үшін сайлаушылар тізімінде болуы тиіс.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 1 қазандағы жағдайға сәйкес Қазақстанда 11 820 318 сайлаушы бар.

Оқи отырыңыз: Онлайн дауыс берілмейді. Қазақстандағы Парламенттік сайлаудан соң Қырғызстандағы жағдай қайталана ма?

№5. Учаскелік сайлау комиссиясының міндеті қандай?

Учаскелік сайлау комиссиялары:
  • Сайлау шараларын жүргiзіп, учаскелiк комиссияның орналасқан жерi туралы сайлаушыларды хабарландырады;
  • сайлаушылардың тiзiмiн нақтылап, азаматтарды тiзiммен таныстырады;
  • тiзiмдердегi қателiктер мен жаңсақтықтар туралы арыздарды қарайды және оған тиiстi өзгерiстер енгiзу туралы мәселелердi шешедi;
  • мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне жағдай жасайды;
  • дауыс беруге арналған орынды дайындап, кабиналар мен жәшiктер қояды;
  • сайлау күнi сайлау учаскесiнде дауыс берiлуiн ұйымдастырады;
  • дауыстарды санап, учаскедегi дауыс беру нәтижелерiн анықтайды.

№6. Сайлаушылар тізімі қалай жасалады?

Әрбір сайлауда сайлаушылар тiзiмiн жергілікті атқарушы орган жасайды. Сайлаушы тұрғылықты жері бойынша тізімге енгізіледі. Тізімді учаскелік сайлау комиссиясы нақтылайды. Сайлау комиссиялары дауыс беретiн күнге 15 күн қалғанда, яяғни 26 желтоқсаннан бастап сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізімінен мәліметтерді тексеру мүмкіндігін жасайды.

№7. Сайлаушы сайлау учаскесін ауыстыра ала ма?

Сайлаушы дауыс беру күні өзі тіркелген сайлау учаскесіне келе алмаса 30 күн бұрын, яғни 10 желтоқсаннан кешіктірмей өзі болатын жердегі жергіліктi атқарушы органға сайлаушылар тiзiмiне енгiзу жөнiнде жазбаша өтiнiш бере алады. Өтініш берген соң жергілiктi атқарушы орган тiркелген жері бойынша сайлаушылар тiзiмiнен алып тастап, жаңа сайлау учаскесіне тіркейді.

№8. Жатақханада тұратын студенттер сайлаушылар тізіміне қалай қосылады?

Жатақханада тұратын, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында, сондай-ақ ЖОО-дан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша оқитындар сайлаушылардың тiзiмiне жатақхананың орналасқан жерi бойынша енгiзiледi.

Оқи отырыңыз: Праймериз әділ сайлау ма әлде саяси ойын ба? Cараптама

№9. Сайлаушылар тізімінде болмаса не мәліметтер қате жазылса, не істеу керек?

Әр азамат сайлаушылар тiзiмiндегi өзi туралы деректердi тексере алады. Тiзiмге енгiзiлмесе, мәліметтері дұрыс жазылмаса, тiзiмнен шығарып тасталса, шағымдануға құқылы. Сайлау комиссиясы арызды келіп түскен күні қарайды. Арыз мақұлданбаса, сайлау комиссиясы арызданушыға мақұлданбағаны туралы дәлелдi шешiмнiң көшiрмесiн кешiктiрмей беруі тиіс. Арызданушы сотқа шағымданып, сот дұрыс шешiм қабылдаса сайлау комиссиясы дереу сайлаушылар тiзiмiн түзетіп, енгiзiлмеген сайлаушыны тiзiмге енгiзеді.

№10. Дауыс беретін уақыт пен орын туралы қайдан білуге болады?

Учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретiн уақыт пен орын туралы сайлау күніне дейін 10 күннен кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ өзге де әдiстермен сайлаушыларды хабардар етуі тиiс.

№11. Сайлау күні учаскелер нешеде ашылады және жабылады?

Әдетте дауыс беру таңғы 7.00-де басталып, кешкі 20.00-ге дейін жалғасады. Бірақ барлық учаскелер ондай кестемен жұмыс істей бермейді. Кейбір учаскелерде сайлаушылар тізіміндегі барлық сайлаушы таңдау жасаса, дауыс беру аяқталды деп жарияланады. Аумақтық сайлау комиссиялары өз аймақтарындағы учаскелерге басқа жұмыс кестесін бекіте алады. Бірақ, дауыс беру таңғы 6.00-ден ерте басталмауы тиіс және кешкі 22.00-ден кейін бітпеуі тиіс.

№12. Сайлаушы қалай дауыс береді?

Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi. Дауыс беруге арналған бюллетеньдерді алу үшін сайлаушы жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуi тиіс. Азамат бюллетень алғанын растап, сайлаушылар тiзiміне қол қояды.

Азамат сайлау бюллетеньдерiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Кабинада дауыс берушiден басқа біреудің болуына тыйым салынады.

№13. Бюллетеньді толтыру үшін өзгенің көмегін пайдалануға бола ма?

Азамат бюллетеньдi өз бетiнше толтыра алмаса өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға хақылы. Оның аты-жөнi дауыс бергеннен кейiн сайлаушы тiзiмiне тiркелiп, тұсына сайлаушының бюллетень алғаны жөнiнде қолы қойылады. Келесі адамдар көмектесе алмайды:

  • сайлау комиссиясының мүшесi;
  • жергiлiктi немесе атқарушы органның лауазымды адамы;
  • кандидаттың сенiм бiлдiрген адамы;
  • БАҚ өкiлi – журналист;
  • тиiстi сайлау комиссиясында тiркелген байқаушы.

Оқи отырыңыз: Сайлау: Дауыстың дұрыс саналауын бақылау, сақтану. Әділ сайлау өтуі үшін не істеу керек?

№14. Қандай бюллетень жарамсыз деп танылады?

  • белгiленбеген үлгiдегi;
  • тиiстi сайлау комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған;
  • бiр саяси партиядан артық, бiр кандидаттан артық белгiленген;
  • белгi қарындашпен қойылған, түзету немесе өзге де бұрмалау iздерi бар, сайлаушылардың ерiк бiлдiруiн анықтау мүмкiн емес бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.
Дауыстарды санау кезiнде жарамсыз бюллетеньдер дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың бюллетеньдерi қатарынан алынып тасталады.

№15. Сайлау учаскесіне келе алмайтындар қалай дауыс береді?

Сайлаушылар келесі себептермен дауыс беруге келе алмаса учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушылардың тұрған жерiне барып дауыс берудi ұйымдастырады:

  • денсаулық жағдайы;
  • отбасының сырқат мүшесiне күтiм жасау;
  • сайлау учаскесі жоқ шалғай аймақта болу.
Ол үшін сайлаушы дауыс беру күнi сағат 12.00-ден кешiктiрмей жазбаша өтініш беруі тиіс. Сайлаушының тұрған жеріне жәшікті сайлау комиссиясының екі мүшесі апарады. Бюллетень жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен соң беріледі.

№16. Сайлаушыны дауыс беруге мәжбүрлей ала ма?

Оқу орнының басшылығы немесе жұмыс беруші сайлауға баруды не бармауды, белгілі бір кандидатқа дауыс беруді, сайлауға қатысқаныңызды растап бюллетень фотосын жіберуді талап етсе, бас тартқан жағдайада жатақханадан не оқудан, жұмыстан шығарамын деп қорқытуы мүмкін. Заң тұрғысынан олар сайлаушының сайлауға ерікті түрде қатысу құқығын бұзады. Сондай-ақ, сайлау құқығын еркін жүзеге асыруға кедергі келтіреді.

Мұндай жағдайда бұзушылықтарды аудио, фото және видеоға жазып алу керек. Сайлаушы Жас сайлаушылар лигасының 8 (777) 669 65 00 нөміріне хабарласып, заңгерден тегін кеңес ала алады. Колледж немесе ЖОО ректорына, ұйым директорына, Білім және ғылым министрлігіне, полицияға сайлау құқықтарын бұзу туралы жазбаша шағым жазу қажет. Арыз не шағымды ЭЦҚ көмегімен egov.kz порталындағы "электрондық өтініштер" бөлімі арқылы беруге болады. Мемлекеттік орган шағымға 15 күн ішінде жауап беруі тиіс.

№17. Дауыс беруге мәжбүрлегендер жазалана ма?

Сайлауға күштеп апарғандардың ісі сотта дәлелденсе әкімшілік және қылмыстық жауапқа тарытылады. Сайлауға күштеп апарса, белгілі бір кандидатқа дауыс бергізсе, сіздің атыңыздан рұқсатсыз дауыс берсе, 4 мың АЕК (11 112 000 теңге) айыппұл салынады не төрт жылға бас бостандығы шектеледі не одан айырылады.

Оқи отырыңыз: Партиялық тізім, 30% квота және саяси құлдық

№18. Шет елде жүрген қазақстандықтар дауыс бере ала ма?

Иә. Шет мемлекеттердегi ҚР өкiлдiктерiнiң жанынан сайлау учаскелерi құрылады. Шетелдегі сайлау учаскелерінің тізімі Орталық сайлау комиссиясының сайтында жарияланған. 51 елде 66 сайлау учаскесі бар. Шет елдегі қазақстандықтар немесе дауыс беру күні өзге елде болатын азаматтар елшіліктер сайтына мәліметтерін енгізіп, сайлаушылар тізіміне қосыла алады.

№19. Бақылаушы болған адам сайлауда дауыс бере ала ма?

Иә. Тәуелсіз бақылаушы да сайлаушы, Қазақстан азаматы. Заңға сәйкес дауыс бере алады. Ол өзі дауыс беретін учаскеде бақылаушы болуды таңдаса, онда бюллетень алып, дауыс беруге құқылы. Сайлауды жіті бақылауы үшін сайлаушылар азайғанда дауыс бергені жөн.

№20. Сайлау учаскесін қалай анықтауға болады?

Қазақстандықтар ерте бастан сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексеріп, дауыс беру учаскесін анықтай алады. 10 желтоқсанға дейін азаматтар тұратын жері бойынша учаскені өзгерту туралы өтінішпен әкімдікке жүгіне алады. Informburo.kz сайлау учаскесін анықтау қызметі бар онлайн-ресурстарды жинады. Толығырақ төменде.

Республика өңірлеріндегі саулау учаскелерінің онлайн-ресурстары және байланыс орталықтарының нөмірлері:

Нұр-Сұлтан:

Алматы:

Шымкент:

  • iKomek байланыс орталығының 109 нөмірі.

Ақмола облысы:

Ақтөбе облысы:

Алматы облысы:

Атырау облысы:

Шығыс Қазақстан облысы:

  • e-vko.gov.kz сайты;
  • 109 және 1331 call-орталығы;
  • Digital East мобильді қосымшасы.

Жамбыл облысы:

  • Тараз – 8 (7262) 43-47-67, 43-76-22;
  • Байзақ ауданы – 8 (72637) 2-21-44;
  • Жамбыл ауданы – 8 (72633) 2-12-06, 2-18-93;
  • Жуал ауданы – 8 (72635) 2-04-87, 2-19-38;
  • Меркі ауданы – 8 (72632) 2-10-94;
  • Мойынқұм ауданы – 8 (72642) 2-10-16;
  • Сарысу ауданы – 8 (72634) 6-12-15;
  • Талас ауданы – 8 (72644) 6-10-00, 6-18-41;
  • Тұрар Рысқұлов ауданы – 8 (72631) 2-16-00;
  • Қордай ауданы – 8 (72636) 4-52-57;
  • Шу ауданы – 8 (72638) 3-19-88, 3-10-16.

Батыс Қазақстан облысы:

  • Орал тұрғындары үшін: SmartUralsk қосымшасы;
  • 109 call-орталығы.

Қарағанды облысы:

Қостанай облысы:

Қызылорда облысы:

Маңғыстау облысы:

Анықтама телефондары:

  • Актау – 8 (7292) 33-65 -20;
  • Жаңаөзен – 8 (72934) 7-96-57,7-96-58;
  • Мұнайлы ауданы – 8 (7292) 46-62-34;
  • Маңғыстау ауданы – 8 (72931) 2-12-86;
  • Түпқараған ауданы 8 (72938) 2-26-45;
  • Бейнеу ауданы – 8 (72932) 2-11-28;
  • Қарақия ауданы – 8 (72937) 2-21-91.

Павлодар облысы:

Солтүстік Қазақстан облысы:

Түркістан облысы:

  • 109 сall-орталығы;
  • sailau2021@iturkistan.kz электронды поштасы;
  • tur_saylaw_bot Telegram-боты.