Тікелей эфир

Қазақ жас ерекшелігіне неге мән берген?

Фото tirshilik-tynysy.kz
Фото tirshilik-tynysy.kz
Қазақта дүние есігін ашқан күннен бастап бала жасын белгілі атаумен атаған. Сөйтіп әр адамға жасына лайық міндет жүктеген.

Баладан қариялыққа жеткенше, әр жасқа қойылатын атауға қарасақ, малмен тығыз байланысты екен. Өйткені,төрт түлік мал – қазақтың негізгі тұрмыс-тіршілік көзі. Тіпті балаға тәрбие берудің өзінде жас мөлшерін ескерген. Алайда болашақ шаңырақтың иесі ретінде ер балаға басымдық берген.

Оқи отырыңыз: Қазақша жыл қайыруды білесіз бе?

№1. Сонымен сәби кезден қарттыққа дейін жастың атауы қандай?

1 жасқа дейін – шақалақ, нәресте

1 жастан 10 айға дейін – сәби

1 жастан 2 жасқа дейін қыз бала – бөпе, ұл бала – бөбек

2 жастан 3 жасқа дейін – бүлдіршін

3 жастан 5 жасқа дейін – балдырған, балауса

6 жастан 7 жасқа дейін – бала, балақай

8 жастан 12 жасқа дейін – ойын баласы, жеткіншек

13 жастан 15 жасқа дейін – ересек бала, жасөспірім

16 жастан 19 жасқа дейін – бозбала, бойжеткен

20 мен 30 жас аралығы – жас жігіт, қыз

30 бен 40 жас аралығы – дүр жігіт, аға, еркек, кәрі қыз, келіншек

40 пен 50 жас аралығы – ер түлегі, отағасы, әке, көке, әйел, ана, тәте

50 мен 60 жас аралығы – жігіт ағасы, сары кідір әйел

60 пен 70 жас аралығы – қарасақал, ата, қара кемпір, апа, әже

70 пен 80 жас аралығы – ақсақал, ақбұрым

80 мен 90 жас аралығы – ақ үрпек шал, ақ үрпек ана, қарт, қария

90 мен 100 жас аралығы – селкілдек шал, селкілдек кемпір

100 жастан жоғары – кейуана, баба.

Оқи отырыңыз: Қазақтың ұмыт бола бастаған 10 салт-дәстүрі. Тест: біліміңізді тексеріңіз

№2. Әр жасқа қандай талап қойылады?

7-10 жас аралығы – қозы жасы. Бұл жастағы балаларға төрт түлік малдың төлдерінің ен-таңбасын, белгі, қасиеттерін жыға тану талабын қойған.

10 жастан 20 жасқа дейін – қой жасы. Ер бала осы жас аралығында қойдың қырық қайырымын білу, астық жинаудың (ұрық таңдау, баптау, ору, жию, қамбалау) әдісін, бағбандықтың (көшет отырғызу, баптау, бұтау, үзу, сақтау) сияқты амалдарын толық меңгеруі тиіс.

20 жастан 30 жас – жылқы жасы. Бұл жастағыларға ел танып, жер танып, тың жол тауып, жаңа бастама көтеріп, жылқының жиырма қасиетін меңгеріп, жеті қараңғыда адаспай жол табатын, қауіп-қатерге жолыққанда ерлік көрсете алатын, батыл да, батыр болуы тиіс.

40 жас – жігіт ағасы, дүр жігіт. Қырыққа келген азаматты елдің тірегі санап, сын сағатта иек артқан.

50 жас – ел ағасы. Кейінгі ұпаққа жөн сілтеп, ақылшы болған. 60 жас – отағасы, пайғамбар жасы. 70-80 жас – қарасақал, ақсақал деп құрмет тұтқан.

Оқи отырыңыз: Ырымның жаманы болмайды. Ырымға неге сенеді?

№3. Қанша мүшел бар?

1- мүшел –13 жас (ер жете бастау)

2- мүшел – 25 жас (жігіттік жас)

3- мүшел – 37 жас (ақыл тоқтау)

4- мүшел – 49 жас (орта жас)

5- мүшел – 61 жас (орта жас, немере сүю)

6- мүшел – 73 жас (қарттықтың басы)

7- мүшел – 85 жас (кәрілік)

8- мүшел – 97 жас (қалжырау)

9- мүшел – 109 жас (шөпшек сүю)

10- мүшел –121 жас (немене сүю)

Оқи отырыңыз: Тәңір – қазақтың құдайы ма, әлде ескі дәуір тарихы ма?

№4. Мүшел жасқа неге мән береді?

Қазақ халқы адамның өміріне байланысты ананың құрсағындағы мерзімді есептеп, бірінші мүшелді 13 деп алған. Одан кейін 12 жылды қосып отырып, 25, 37, 49, 61, 73, 85 деп әрі қарай адам өміріндегі маңызды кезеңдерге бөліп есептеген.

Алғашқы мүшел –13 жас. Бұл адамның балалық шақтан ересектік шаққа дейінгі кезеңі. Ол кезде ер баланың дауысы өзгеріп, қыз баланың дене бітімі толыса бастайды.

Он үш – кейбір нәзік балалар үшін қауіпті. Өйткені дәрігерлер баланың бойындағы өзгеріс кезеңінде жүрек, жүйке ауруларына ұшырауы мүмкін деген болжам жасайды..

Жиырма бес жас – жігіттіктің алғашқы сатысы. Ол кезде ер жігіт бусанып, дене құрылысы өсіп, жетіліп, күші тасып тұрады. Бұл мүшелде де садақа беріп, келесі мүшелге дейін аман-есен болайын деп ниет етеді.

Отыз жеті жас – адам өміріндегі ең басты мүшел. Бұл мүшелде адам жігітшіліктен мосқалдау кезеңге өтіп, ақыл тоқтатып, дүниеге қызыға да, қызғана да қарайтын кез.

Қырық тоғыз жас – бұл адамның даналыққа аяқ басатын кезеңі. Бұл мүшелде кейбіреуі немере сүйсе де, кәрілікке мойын бұрмай, "маған кәрілік келмесе екен, әлі де болса қартаймай ойнап-күліп қалайыншы" дейтін кезі.

Алпыс бір жас – адамның даналығы артып, өзінен туған балаға сын көзбен қарап, басқан ізін аңдып, жаман-жақсысын ажыратып, өзі де тәрбиеге келетін кезеңі.

Жетпіс үш жас – бұл кәріліктің мойынға мініп, аяғын тұсап, отырса тұруы, тұрса отыруы мұң, жатса ұйқы жоқ, адамның діңкесі құрып, "ай хай, жас кезім-ай" деп көкірегі қарс айырыла күрсініп, дөңбекшіп барып ұйықтайтын кез.

Сексен бес жас – бұл мүшелде адамның айдай басы қатып, өзінен кейінгілермен бала құсап ұрсысып, жеген тамағын жеген жоқпын деп, өкпелейтін кезеңі.

Жеті мүшелден кейін "сарқыншақ", "таусыншақ" деп сұрауы жоқ мүшелге теңейді.

Оқи отырыңыз: Ұлтыңды танығың келсе, жеріңді таны

№5. Мүшел неге қауіпті?

Астрономия ғылымының есебі бойынша, әрбір он екі жылда Юпитер өзінің орбитасын бір рет айналып шығады. Сонда әрбір мүшел он екі жыл сайын кіреді. Бір жылда он екі ай бар. Мүшелден шыққан адам өзіне ұнаған киімдерін таратады. Халық арасында 13 пен 37 мүшел жас қауіпті саналады. Бірінші мүшел өтпелі кезеңмен сәйкес келетіндіктен, денсаулыққа қауіп төндіреді. 37 мүшел жас бұл кезеңде адам баласы есейіп, отбасын ғана емес, бүкіл бір елді басқаратын кезең болған соң, оған келер қауіп те көбейеді деген түсінік қалыптасқан.

Оқи отырыңыз: Батаның қасиеті. Оның адам өміріне тигізер әсері қандай?

№6. Жыл қайыруды білесіз бе?

Туған жылды Григориан күнтізбесі бойынша 12 санына бөлу керек. Еш қалдықсыз шықса, мешін жылы дүниеге келген. Қалдықпен шықса, сол арқылы анықтайды. Мысалы бір қалдық қалса – тауық, екі қалдық қалса – ит, үш қалдық – доңыз, төрт қалдық – тышқан, бес қалдық – сиыр, алты қалдық – барыс, жеті қалдық – қоян, сегіз қалдық– ұлу, тоғыз қалдық – жылан, он қалдық – жылқы, он бір қалдық қой жылы дүниеге келген. Мүшел есебінің қай жылына жататынын білу үшін туған айы мен күнін ескеру керек.

Оқи отырыңыз: Мақал-мәтелдердің қазақ өміріндегі орны. Оларды қалай айыруға болады

№7. 13 саны қазақ үшін неге қауіпті емес?

13 саны қазақ халқынының дүниетанымында да үлкен рөл атқарған. Қазақ 13 жасында отау иесі атаған. Бұл кезде қыз бой жетіп, бозбала ержеткен. Қыздың, ер баланың кәмелетке жеткендігін, отбасын құруға болатынын білдірген. Бұл кезде адам баласының 13-ші органының жетілгендігін көрсеткен. Қазақ халқы 12 мүше туралы айтқанмен, ұлы мүшені айтуды ұят деп есептелген. Бала кәмелетке жеткенде, осы мүшесі жетілгенде, яғни белгілі бір циклден өткеннен кейін қазақ баласын "13-те отау иесі" деп үйлендірген.

Оқи отырыңыз: Отбасы құндылығын жоғалту ұлтты құртады. Қазақтар БҰҰ-ның алғашқы ондығына қалай енді?

№8. Жас ерекшелігіне қарай қандай топқа бөледі?

  1. Прогрессивті топқа балалар мен жасөспірімдерді жатқызады. Өйткені олар күн санап дамып, жетіледі.
  2. Станционарлы топқа өсу мөлшері шектелген, бірақ ақыл-ойы толысқан орта буын жатады.
  3. Регрессивті топқа қарт адамдар жатады. Диаграммада прогрессивті өсу пирамида түрінде, стационарлы қоңырау сиякты белгімен көрсетілсе, регрессивті топты доғалмен белгілейді.

Оқи отырыңыз: Садақаны кімге, қалай берген дұрыс? Нысап, күпірлік және садақаның байланысы

№9. Адам өмірі қанша кезеңнен тұрады?

Адамзат баласының тіршілік өмірін ұлы математик Пифагор (біздің жыл санау мезгілімізден IV ғасырда өмір сүрген) 4 кезеңге бөлген. Ол үшін жыл маусымын пайдаланған. 20 жасқа дейінгі өмірді көктемге, 20-40 жас аралығын жазға, 40-60 жасты күзге, 60-80 жасты қысқа теңеген.

Серіктестер жаңалықтары