Тікелей эфир

Қазақ көлік және коммуникация академиясы бас лицензиясынан айырылды. 5 мың студент қайда барады?

Сурет centersoft.academy сайтынан алынды
Сурет centersoft.academy сайтынан алынды
Шешім 10 күннен кейін күшіне еніп, университет жұмысын тоқтатуы керек.

Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Алматыдағы Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын бас лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдады. Шешім 10 жұмыс күні өткеннен кейін заңды күшіне енеді. Одан кейін жоғары оқу орны білім беру саласындағы қызметін тоқтатуы тиіс.

Академияны жабу туралы шешім жыл бойы білім ошағында жүргізілген жоспарлы және жоспардан тыс тексеруден кейін қабылданған. Тексеріс кезінде білім беру саласындағы өрескел бұзушылықтар анықталыпты:

  • Оқу процесі профессорлық-оқытушылық құраммен, өндірістік практика базаларымен, оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілмеген.
  • Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің сұранысына толық сәйкес келмеген. Салдарынан түлектер жұмысқа орналаса алмай әлек болған.

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген рейтинг бойынша Академияның білім беру бағдарламаларының шамамен 60 пайызы жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейді екен.

Оқи отырыңыз: Шетел университеттерінде тегін білім алуға болады. Гранттар мен стипендиялар топтамасы

Бұған дейін Білім және ғылым министрлігіне осы университетте "оқыған" шетелдік студенттер де жүгінген болатын. Олар оқудың ақысын төлеген, бірақ, іс жүзінде Академияда "оқымаған" болып шықты. Материалдар тиісті құқық қорғау органдарына жіберілді.

"Біз Академия иелері қарсылық танытуы мүмкін екенін түсінеміз. Олар Комитеттің шешіміне сот тәртібі бойынша шағымдануға құқылы. Біз мемлекет басшысының сапалы білім беруді қамтамасыз етпейтін жоғары оқу орындарын жабу бойынша қойған міндеттерін іске асыруға тиіспіз", – деді БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Оның түсіндіруінше, бірінші кезекте, студенттердің сапалы қызмет алу құқықтары мен мүдделері ескеріледі. Білім алушылар сол қаладағы басқа жоғары оқу орындарына грантын сақтай отырып, ауыса алады, сондай-ақ ақылы негізде оқығандар үшін де оқу құны артпайды. Ауысу үшін оларға семестрдің аяқталуын күтудің қажеті жоқ, қазірден бастап басқа ЖОО-ға ауысуға рұқсат берілген.

"Сонымен қатар студенттердің оқу нәтижелері де сақталады және ауысып барған жоғары оқу орнында ескеріледі. Бұған дейін 35 мың студенті бар жоғары оқу орны жабылғанда, барлық студенттерді басқа оқу орнындарына ауыстыру бойынша жұмыс атқарған болатынбыз, яғни мұндай тәжірибе бар. Профессорлық-оқытушылық құрамды жұмысқа орналастыру бойынша да жұмыс жүргізілетін болады", – деді Гүлзат Көбенова.

Оқи отырыңыз: Білім беру грантын тағайындаудағы өзгерістер. Талапкер білуі тиіс негізгі 10 сұраққа жауап

Қазіргі уақытта Қазақ көлік және коммуникация академиясында 5 мыңнан астам студент оқиды. Академияда оқу құны – білім беру бағдарламасына байланысты 427 мың теңгеден бастап 1,5 млн теңгеге дейін.

"Қазақ көлік және коммуникация академиясына қатысты түскен шағымдар бір жылдың көлемінде толастаған емес. Университет басшылығы оқу орнын осы жағдайға жеткізді. Кезінде дәл осы жоғары оқу орны теміржол саласын сапалы кадрлармен қамтамасыз еткен болатын. Өкініштісі сол, қазіргі таңда бұл білім ордасында болашақ мамандарды тиісті деңгейде даярлау бойынша түйткілді мәселелер жетерлік. Мұндай жағдай елдің экономикасы үшін стратегиялық маңызды саласына маман дайындау барысында орын алмауы тиіс. Білім беру бағыттары ұқсас оқу орындарының күш-жігерін біріктіру қажет шығар", – деді Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов.

Оқи отырыңыз: 2020 жылғы білім гранты иегерлері анықталды

Академиядағы:

  • бакалавриаттың 8 бағыты;
  • магистратураның 6 бағыты;
  • докторантураның 4 бағыты бойынша лицензиялар Алматының басқа 30 жоғары оқу орнында бар.

"Материалдық-техникалық инфрақұрылымның және білім беру процесін жүзеге асыруға салынған инвестициялардың болуын ескере отырып, Қазақ көлік және коммуникация академиясы базасында мектеп немесе колледж құру туралы ұсынысты қарастыруға болады. Сондай-ақ, олар қаладағы басқа да ұқсас бейіндегі жоғары оқу орындарымен біріге алады", – деді Гүлзат Көбенова.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары