Тікелей эфир

Айту да, есту де қиын. Зұлмат статистикасы мен деректер, ашаршылық нәубетінен аман қалғандардың естеліктері

Сағат Жүсіптің жеке мұрағатынан алынған суреттер негізінде жасалды
Сағат Жүсіптің жеке мұрағатынан алынған суреттер негізінде жасалды
ХХ ғасыр басында үш рет ашаршылық пен қуғын-сүргіннен қазақ халқы 70-80% жоғалтты. "Адамшылықтан айырыла жаздадық". Нәубет жылдарынан қанды, шерлі естеліктер.

Жаныңды қуырып, жүрегіңді паршалайтын естеліктерге сәл кейін тоқталамыз. Алдымен "Ашаршылық ақиқаты" кітабының авторы, зерттеуші Сағат Жүсіп, философ Әбдірашит Бәкірұлы ағаларымыздың пікірлеріне құлақ тосалық.

Ашаршылық және қуғын-сүргінді зерттеушілердің есебі әр түрлі, қайшы мәліметтер де бар

Сағат Жүсіп, Табыл Құлияс қатарлы зерттеушілердің есебінше, ХХ ғасырдың басындағы үш ашаршылық кезінде 10-13 млн қазақтың 3,2 миллионы ғана тірі қалған.

Оқи отырыңыз: Ашаршылық. Қырылған қазақтың саны қанша? Саяси баға қашан беріледі?

Кеңес Одағының ресми деректеріне сенгеннің өзінде, 1930 жылдың жазынан 1933 жылдың жазына дейін 3 млн 379 500 қазақ ашаршылықтың құрбаны болған. Мұның бір миллионнан астамы көрші елдерге босып кеткендердің қатарына жатады. Бұған 1921-22 жылдардағы аштық құрбандарын қосыңыз. Онда 1,7 млн адам шейіт болды. 1937-38 жылдары 110 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырады. Солардың 25 мыңнан астамы атылып кете барды.

Қазақ демографы Мақаш Тәтiмовтің деректерінде "ХХ ғасырда болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргiн кездерiнде, екiншi дүниежүзiлiк соғыста бас-аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақтың қырғынға ұшырағаны" айтылады.

Естеріңізге сала кетейік, нәубеттің алды-артындағы санақ бойынша нақты деректер жоқ немесе құпия болуы мүмкін. Қазіргі айтылып жүрген мәліметтерге әлі де дәлел керек.

Оқи отырыңыз: Большевиктер ұйымдастырған "жұт". Қазақстандағы ашаршылық неге әлі мойындалған жоқ?

XX ғасырдың басында ашаршылық қазақты үш рет айналып соқты

Алғашқысы 1917-1919 жылдардың аралығында болды. Кеңес Одағы құрылуының алды-артындағы соғыс пен малының талан-таражға түсуі – көшпелі халықтың аштыққа ұшырауына себеп болған.

Мысалы, "Наша газета" (1918 жылдан бастап Қазақстанда шығарылған газет), 1918 жылғы 13 тамыздағы нөмірінде: "Сыр аймағында басталған аштық пен індеттің халықты қырып, қаусатып тастағанын сол кездердегі тарихи деректерден көреміз. Бір ғана 1918 жылдың өзінде "Түркістан халқын­ың 30 пайызы аштықтан қырылған" деп жазыпты.

Екіншісі – 1921-1922 жылдары, Кеңес Одағында болған құрғақшылықтан мал қырылып, қазақтар жиі қоныстанған облыстар тағы ашаршылыққа ұрынады. 1921-1922 жылдардағы аштық кезiнде өлгендердің саны 1 млн 700 мың адам (ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша).

Оқи отырыңыз: Ашаршылықтың ащы сабақтары

Үшіншісі – 1932-1933 жылдардағы Кеңес Үкіметінің қазақ ұлтын жойып жіберу мақсатында ұйымдастырған ашаршылығы. Одақ басшысы Сталин бастаған орталық билік Голощёкинді Қазақстанға басшылыққа жіберіп "кіші қазан" төңкерісін ұйымдастырды. Салықшылар халықтың қолындағы бар мал мен астықты тартып алды. 1929 жаздағы санақта тіркелген 40 млн-нан астам малдан 1933 жылы жазда 4 млн бас қалған. Жеуге тамақ қалмай, ауыр апатқа ұшырап, миллиондаған адам өлді және босып кетті. Үкімет босқан халыққа көмек берудің орнына қырылуына жол берді, тіпті емдеуге тиым салды. Қазақ халқының 60-80 пайызы жойылып кетті.

1897-1914 аралығында қазақтың саны қалай өзгерді

1897 жылы болған бүкілресейлік халық санағының мәлімет қазіргі Қазақстан аумағындағы халықтың 80%-ын қазақтар, 12%-ын славян тектес халықтар құрағанын көрсеткен. 1897-1913 жылдар аралығында мұндағы халық саны қоныс аударған орыс, украин, беларусь, татар, ұйғыр, дүнген, т.б. шет жұрттықтар есебінен 1,264 млн адамға көбейген. Қазақстан аумағындағы халық санының өсу көрсеткіші мынадай: 1897 ж. 4 333 000 адам, 1913 ж. – 5 597 000 (Уикипедия ашық энциклопедиясынан).

Оқи отырыңыз: Депутат қуғын-сүргінді "Қанды террорға" теңеді. 31 мамыр күні экрандардан ойын-сауықты көрсетпеуді ұсынды

1924 жылы сол кездегі Қазақ КССР-і басшылығының органы "Еңбекші қазақ" газетінде Әлихан Бөкейхан былай деген: "1914 жылы Ресей халқының жалпы саны 161 миллион 700 мың еді. Осы кезде қазақтар қанша еді? Көкшетау уезінің халқына 1896 жылдан кейін 1907 жылы және одан он жыл өткен соң 2 рет санақ жүргізілді. Егер осы көрсеткіштерді салыстыратын болсақ, қазақтардың өсу қарқыны әлемдік деңгейден жоғары. Егер әрбір 200 қазаққа орта есеппен 3 адам қосылып тұрады десек, онда 1914 жылы қазақтардың саны 6 миллион (!) 470 мыңға жеткен".

1917-1926 жылдары санымыз 10-13 млн-ға жеткені туралы мәліметтер бар

КСРО мемлекеттік мұрағатында мынадай құпия дерек бар. "Из всех тюркских или турецких народов России... самым многочисленным являются казахи.. На территории в два миллиона триста тысяч кв. верст живет без малого 10 миллионов казахов". (Архив Октябрьской революции, фонд № 1318, опись № 1, Ед. Хр. № 56).

Мәскеулік тарихшы В. Кушкин өзінің "Советизация казахского аула" деген монографиясында бұл жылдары Қазақстанның тек қана солтүстік облыстарының өзінде (халқы тығыз орналасқан оңтүстігін есептемегенде) қазақтардың саны 9 миллионнан асады деп жазған.

"Мәскеуге барған бетте Ленин кітапханасынан 1926 жылғы санақтың қорытындылары жарияланған кітапты тауып оқығанмын. "Казахи – самая крупная тюркоязычная национальность советского союза – 6 млн 200 тыс человек" деген тұсын көшіріп те алғанмын. Ал 1939 жылы сол 6 млн-нан астам қазақтан 2 млн адам ғана қалған. Мұндай қорлыққа тек қой мінезді жуас халық қана шыдай алады. Ал біз жылқы мінезді халық емес пе едік!? – депті жазушы Олжас Сүлейменов 2016 жылы 27 мамырда Баянауыл аудандық "Баянтау" газетіне берген сұхбатында (№22 (10725)).

1932-1933 жылдары қазақтың санында қандай өзгеріс болды

Қазақ АССР халық шаруашылығы есептеу басқармасының әр түрлі жанама есеп-статистикалық құжаттарға (салық есебі, мал есебі және т.б.), сондай-ақ 1937 жылғы Бүкілодақтық халық санағының алғашқы мәліметтеріне сүйенген ресми дерегі бар. Осы деректер бойынша Қазақстанның ауыл халқы 1930 жылдың 1 маусымынан 1933 жылдың 1 маусымына дейін 3 миллион 379,5 мың адамға кеміп кеткен.

1992 жылы осы мәселені арнайы зерттеген Қазақстан Республика Жоғарғы Кеңесі Төралқасының комиссиясы өзінің қорытындысында былай деп жазды: "Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 млн 200 мың адамнан, яғни барлық халқының 48 процентінен айрылды". Ашаршылықтан Қазақстанда қазақтардың үштен бірі ғана қалды. Қазақтардың сан жағынан өсуін қатты тежеді. Кейіннен асыра сілтеушіліктің шын мәні саяси бүркемеленгенімен бұл Ашаршылық – "қызыл қырғын", "голощёкиндік геноцид" деген тарихи атқа ие болды (Уикипедия ашық энциклопедиясынан алынды).

Ашаршылық кезінде Кеңес одағы артық астықты шетелге сатып жатты

"Тағы бір деректі "Знамя" журналының 1989 жылғы нөмірінен (176 б.) оқуға болады. Онда 1928 жылдан бері қарайғы жылдары Кеңес үкіметі қай елге, қанша астық сатқанын жазылған.

1928 жылы бір млн, 1929 жылы 13 млн пұт сатқан, 30 жылы – 48,3 млн пұт, ал 1931 жылы қазақтар қырылып жатқанда 51,8 млн пұт астық шетке сатқан. Онымен қоймай 1932 жылы 18 миллион пұт астық сатылған. Сонда "ең болмағанда бір жылғы сатқан астықтың жартысын берсе, сол ашаршылық кезіндегі халықты аштан сақтап қалуға болатын еді" деп автор атап көрсетеді.

Мұның бәрі халықты қыру үшін әдейі қолдан жасалған геноцид жоспары" – деп марқұм Әркен Уақ Азаттық радиосына берген сұқбатында.

Ал Кеңес билігінің көзқарасы қандай еді?

"Қырғыздар (қазақтар) экономикалық жағынан әлсіз болғандықтан, марксистік принцип бойынша бәрібір құрып бітеді. Сондықтан да қаржыны, барлық мүмкіншілікті аштықпен күреске шығындаудың орнына, революция үшін майдандарды қолдауға жұмсаған маңызды". (Түркістандағы большевиктер фракциясының жетекшісі И.Тоболиннің 1919 жылғы Түркістан ЦИК-ң мәжілісінде айтқан сөзі. Т.Рысқұловтың "Революция және Түркістанның жергілікті халқы" кітабынан).

Халық қайда босты?

Аштыққа ұшыраған халықтың басым бөлігі қырылды. Бір бөлігі көрші елдерге қашып, босты. Мысалы, Шығыс Қазақстан мен Тарбағатай, Жетісу өңіріндегі қазақтар Қытайға, Моңғолияға асты. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан мен Ақтөбе тұрғындарының бір бөлігі Өзбекстанға, Ауғанстанға және Иранға ауды. Жамбыл облысының халқы қырғызға жетсе, Маңғыстау халқы Түркменстан мен Өзбек жерінде тентіреді.

ОГПУ (1930 жылғы 25 сәуірде лагерьлерді басқаратын ОГПУ құрылып, бір жылдан кейін ГУЛАГ ОГПУ атала бастады) деректері бойынша қазақтар Батыс Сібір, Орта Поволжье, Қалмақстан, Тәжікстан, Солтүстік өлкеге және басқа аймақтарға да қоныс аударған.

Бас қылмыскерлер – кімдер?


Филипп Исаевич Голощёкин

Филипп Исаевич Голощёкин / Сурет Уикипедия ашық энциклопедиясынан алынды


Осыншама қырып-жоюды ұйымдастырғандар санаулы. Ең алдымен Сталин және оның Қазақстанға жіберген "кіші қазан" төңкерісін жасап, халықты мақсатты түрде қырғынға ұшыратқан Голощёкин тұр.

Ал 1917-1919, 1920-1922 жылдары да ашаршылық пен қуғын-сүргін болғанын еске алсақ, тұтас Кеңестік билік қазақтың қырылуын тоқтатуға ешқандай амал жасамағанын және қырылуға әкелетін саяси-экономикалық күрес ұйымдастырғанын көруге болады.

Филипп Исаевич Голощёкин, басқа аты Шая Ицкович (9.3.1876, Витебск облысы, Невель қаласы – 18.10.1941) – Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы (1925-33).

Голощёкин Қазақстанға келісімен "қазақ ауылы үшін кіші қазан" ұранын көтерді. Қазақстаннан кеткен Голощёкин 1933-37 жылдары КСРО ХКК жанындағы бас арбитр болып істеді. 1938 жылы "халық жауы" ретінде тұтқындалып, 1941 жылы бір топ әскерилермен бірге атылды. Кейіннен 1961 жылы ақталды.

Ашаршылық пен қуғын-сүргін "Ұлы Отан соғысы" басталғанда ғана тоқтады

Осылайша жоспарлы түрде ұйымдастырылған қазақты жою саясаты неміс армиясының Кеңес Одағына басып кіруімен тоқтатылды.

Алайда, енді қолына қару көтере алатын еркек кіндіктілер, тіптен әйелдер де соғысқа тартылды. Бұл соғыс жарты миллионға жуық қазақстандықты жалмады.

Соғыстан кейін қайта басталған қуғын-сүргін

Соғыстан кейін босап қалған ауылдарды көтеріп, тұралаған өнеркәсіпті жүргізу үшін адам керек болды. Осылайша, қалған халық үшін белгілі дәрежеде тыныштық орнады. Дегенмен, саяси қуғын-сүргін 1957-1958 жылдары да қарқынды болды. Ол 1989 жылға дейін жалғасты.

Ашаршылық куәгерлерінің әңгімелері ұрпақтарының естеліктерінен (жазу стилі сақталған)

"Атам Шәкен Ерейментаудың Торғай ауылында тұрыпты. 1929 жылы кәмпескеде бүкіл мал-мүлкін тәркілеген екен. Сол жылы жұбайы Гүлзағи әжеміз қайтыс болып, баласы жетім қалады. Шәкен 2 жастағы баласы Саттарды Омбыдағы жетімханаға апарып өткізген.

Ондағы себеп, Қазақстанда жетімханадағы балалар да аштықтан қырылып жатқан кез екен. 1930 жылы өткізген баласын 1934 жылы барып алып қайтады.

Атамыз қайтыс болардан бұрын ертіп барып, ауыл шетіндегі бір төбені көрсетті. Осы жерде 25-30 мыңға жуық ашаршылық құрбандары мен атылғандардың мүрдесі жатыр. Бұл жерді баспаңдар деп айтып еді" дейді ҚР Қарулы күштері Әскери-тарихи музейі қызыметкері Тұрар Саттарқызы.

Қытайға барып, қазақтардың көмегімен аман қалдық

1932-35 жылдары Қытайдың шекарасына таяу аудандардан тау асып, аштықтан жан сауғалаған халыққа ол жақтағы адамдар көмек қолын аямаған. Нағашы атам Исахан – орта қол шаруасы бар, ішіп-жемі өзіне молынан жететін орта дәулетті адам болған. Үйінде жалшылыққа кісі ұстап, өз балаларын ішкері жаққа оқытқан.

Ел басындағы ауыр күндері үйдің, ауладағы ет жаятын шоланның есігін түнде жапқызбаған. Ет биікте ілінгенімен өлмейтінін білсін деген ниет болған. Себебі аш адамға тоя тамақ жеу қауіпті, тамақ аш өзегіне түсіп өліп кетеді. Алдымен қасықтап, содан кейін кеселеп тамақтануларын қадағалапты.

Анамның өзі əкесінің айтуымен бірнеше аш адамға қолымен тамақ берген. "Бала болсам да есімде, аш адам жыртқыш аң сияқты, сөз ұқпай кетеді. Кейбіреуіне əкемнің айтуымен жігіттерге күш көрсетуге тура келетін кездер болды. Осылайша біршама адамның аштықтан аман қалуына күш салды" деп айтып отыратын.

Бірде ұйғыр қызы да осы үйді паналаған екен. "Балаларыңыздың, өздеріңіздің барып кел, шауып келі болсам да қалайыншы, ешкімім жоқ" деп қалып қойыпты. Анам "əттең бергі бетке өткенде əлдеқандай жағдай болады деп көшкен ауылға тастап кеттік. Ол кезде өзіміздің аман өтуімізге күмəн бар еді. Біреудің обалын көтермейін деп тастап едік" дейтін.

Өз баласын жемекші болған

Тағы бір үйленген жас отбасы бір баласымен аштықтың азабынан құтылу үшін Қытайға бет алады. Аштықтан қатты қалжырағанда күйеуі əйелін азғыра бастайды. Бала əлі жас. Жол болса ауыр. Барар жер де алыс, етін талғажау етсек деп. Содан əйелі "Шыдайық, бір мəні болар" деп көпке дейін көнбейді.

Енді тағы демалып отырғанда əкесінің балаға қараған көзқарасынан əйелі қатты қорқып жер қазып отыра берген ғой. Сол кезде жерден малдың тобығы шығыпты. Сол тобық құтқарушы болып, кезек-кезек мүжіп, арғы бетке жеткен көрінеді

Нағашы атам – Исахан. Анам – Исаханова Жамал. 1922 жылы Шəуешекте туып, өскен. 1962 жылы бергі бетке (Қазақстанға) өтті. Жазып алған немересі Аукенова Толғанай.

"Өкіметке өткені" өліп, қолындағы ұл мен қызы аман қалған

– Ашаршылықтан аман қалған бірде-бір қазақ отбасын таппайсыз. Оның отты шарпуын менің аталарым да тартқан. Атам Әбдірайымда екі ұл, бір қыз болған. Өзі орта шаруа қатарында екен. Зұлмат басталғанда өзіне сенімі болмай, бір ұлын өкіметке (балалар үйіне – авт.) өткізіп жіберіпті. "Мыналар өлсе, сол аман қалсын" деген есебі болды ма, кім білсін... Неткен трагедия десеңші!

Міне, солардан "өкіметке өткені" өліп, өз қолындағы ұлы мен қызы ғана аман қалған екен... Жарықтық өзі 93 жыл жасап, немере-шөбересін көріп кетті. Кіндігінен тараған ұрпақтың саны бүгінде 100-ден асты, – дейді өткенді есіне алған философ, Алматы қаласының тұрғыны Әбдірашит Бәкірұлы.

Он сегіз баладан қу ағаштай жалғыз қалдым

Келесі естелік Бөке Әбіқаев ағамыздан келді.

"Біздің әулетте аштық әкемнің жолдасы бірінші әйелі яғни менің шешем Бәткен әжем мен екі ағамның өліміне себеп болды. Араға көп уақыт салмай атам Әбіқай мен әжем Асылтас қайтқан. Колхоздың шөбін тасуға барған жерде жалаң киген етіктен екі аяғы үсіп, өзі аш-жалаңаш, өзі әлсіз, інісі Нәжіп те қайтып кетіпті.

"Нәжіп менен артық туған бала еді, қаламын көтермей жазатын, ағып тұрған ақын, өте зерек бала еді, әттең өмірі қысқа болды" деп әкем марқұм қамыға есіне алатын.

"Ең ауыр тигені қыздан қалған соңғы қарындасым Шапиғажан он үш жасында аштықтан үзіліп кеткені" дейтін. "Мен колхозда жер жыртып жүрмін, үйде оған қарайтын жан жоқ, жамбасы тесіліп жатты. Белсенділер бұрылуға мұрша бермейді, таңның атысы кештің батысы соқаның соңында аш-жалаңаш жүремін, бірдеңе десең сен молданың баласы өкіметке қарсы келдің деп әкіреңдейді. Солай жүргенде қарындасың үзіліп кетті деген хабар келді, үйге барсам..." деп арғы жағын айта алмай тұншығып қалатын әкем марқұм.

"Айтуға ауыр, бірақ айтайын, адамның жаны шыққанда денесінен бит те қашады екен. Қарындасымның білектей екі бұрымының ұш жағы аппақ болып битке толып тұр екен" деп әкем егілгенде, қасында естіп отырған менің де қосыла жылағаным есімде. Қазір де осыны жазып жатқанымда көзіме жас толып отыр.

Бір ата-анадан он сегіз жан туып, аштығы бар, соғысы бар не зұламаттарды басынан өткізе отырып, қу ағаштай жалғыз қалған еді менің марқұм әкем. Маған екі қолын жайып жіберіп: "Балам, мына екі қолыммен сол аштықта жүздеген адамды жерледім, Алла бастарыңа бермесін біздің көргенімізді!" деп жақсы тілегін тілеп отырушы еді. Ия, ағайын, Алла елімізге тыныштық пен ауыз бірлігін, тоқтығын берсін деп тілейік, инша Алла".

Аш адамдар Сібірдің суығында өліп жатты

Батыс Сібір өлкелік атқару комитетіне 1931 жылы 7 желтоқсанда Алейск аудандық атқару комитетінің төрағасы жазған хатта ауданға кейінгі екі айда аштыққа ұшыраған қазақтардың көптеп келіп жатқанын, олардың жағдайларының тым ауыр екенін, босқындардың арасында жұқпалы ауруға шалдыққандардың көп екені айтылады. Өлкелік прокуратураның 1932 жылы 9 наурызда жазған есебінде қазақтар Барнаул, Омбы, Ключи, Тюменцев, Волчиха, Новосібір, Ново-Омск, Славгород, Бийск, Алейск, Бай, Прокопьевск, Сталинск, Поспелихинск, Шипуновск, Угловск, Родинск қалалары мен елді мекендеріне таралып кеткені жазылған.

Аш-арық жұрт алғашында Қазақ АССР-мен шекаралас аймақтарға кідірген, бірақ ол жерлерден жан сақтайтын мүмкіндік, істейтін жұмыс таппаған соң, Сібір даласына ішкерілеп ене берген. Үкіметтің есебінде сол жылдары Сібір даласын жайлаған қазақтың саны 100 мыңның үстінде болған. Бірақ, белгілі тарихшы, марқұм Владимир Позанский босқындардың саны 200 мыңға жетеқабыл деген деректі келтіреді.

Ол: "Қазақтар деревнялардағы, қалалардағы қираған ғимараттарды, бос тұрған қора-қопсыны паналады, вокзалдарда түнеді. Олар өлексе көметін жерлерді аршып, өлген ит-құстың, малдың етін жеді. Үйлерге, асханаларға кіріп, қайыр сұрайды. Олардың қазіргі "бичтер" сияқты жылу құбырларына, жылы жертөлелерге жататын мүмкіндігі болмады. Өзі аш, өзі аурушаң адамдардың Сібірдің қақаған қысында қираған ғимараттарды паналауынан соң қандай күйде болатындарын өздеріңіз де пайымдай беріңіздер. Қаланың әр бұрышында аштықтан, аурудан өліп жатқан қазақтарды ұшыратасың" деп жазған" дейді қарағандылық журналист Дәулетқали Асауов.

Босқын қазақтарды 24 сағаттың ішінде қуып шығуға бұйрық береді

"Батыс Сібір өлкелік атқару комитетінің бірінші хатшысы Р.Эйхе өңірдің әлеуметтік ахуалын оңалту мақсатымен босқын қазақтарды 24 сағаттың ішінде қуып шығуға бұйрық береді. Бұл бұйрық жергілікті үкіметке қазаққа қарсы ашық жауыздық жасауға жол ашты. Өлкелік милиция қазақтардың жеркепелеріне, тұрған орындарына бұзып кіріп, қуып шығуға белсене кірісті.

Тіпті, жұмыс істеп жүргендерінің есеп айырысуларына да мүмкіндік бермеді. Жергілікті тұрғындар арасында босқын қазақтар бай-кулактың тұқымы, тығып жүрген байлықтары бар деген сөзді таратты.

Ол-ол ма, "аш қазақтар орыстардың балаларын жейді екен" деген өсек шықты. Осыдан кейін тұрғындар қазақтарды ұстап алып, өлімші қылып сабап кететін болған", деп Дәулетқалы Асауов тағы бір деректерді келтіреді.

"Комсомолдардың моласы"

"Бала күнiмiзде ауылдың iргесiнде көптеген мола болушы едi: өзеннiң арғы бетiнде Шәкiртам деп аталатын ауыл адамдарын жерлейтiн арнайы қорым орналасқан. Ал ауылдың маңында Шәкiртамнан бөлек әр жерде кейде қоршалған, кейде қоршалмаған белгiсiз солдат бейiтiндей бейiттер бар едi.

Шынын айтқанда, ешкiм оларға мән бермейтiндей көрiнетiн (олай еместiгiн мен есейе келе түсiндiм), әркiм өзiнiң күйбең тiрлiгiмен айналысып жатушы едi, оның сыртында "коммунизмге жетемiз деп" боз ала таңнан жұмыс соңындағы халықтың мұршасы да бола бермейтiн.

"Бұл не қылған қаптап кеткен молалар? Шәкiртам қорымы болса тиiп тұр, ал мыналар неге шашырап әр жерде" деп таң қалушы едiм. Бiреулерден сұрағанмен, ешкiм де тұщымды жауап бермедi. Кейiн орнатылған қызыл жұлдыздарды меңзейдi ме, Кеңес Үкiметiн орнатқан кездегi "комсомолдардың моласы" деушi едi, одан өзге ештеңе де айтылмайтын. Менiң сол молалардың тарихын бiлмекке ынтам сонда оянған.

Шынында, бұл – аштық кезiнде сүйектерi көмусiз қалған қазақтардың өлген жерлерi екен. Кейiн әйтеуiр орны белгiлi болса да, аштық құрбандарын бiлмесiн деген жоғарының нұсқауынан қорыққан болуы керек, "комсомолдардың моласына" айналдырылған".

Бұл торғайлық Амандық Әмірқамзиннің жазған естелігі.

Мәскеу қаулы шығарып, аң-құс атуға, балық аулауға қатаң тыйым салған

"Біз әдетте "Қазақ деген егін салуды, аң-құс, балық аулауды білмеген, сол себепті аң-құстың ортасында отырып қырылып қалған" дейміз. "Ашаршылық" фильмінен жаңа дерек көрдім. Сөйтсе, Мәскеу қаулы шығарып, аң-құс атуға, балық аулауға қатаң тыйым салған екен ғой.

Ораз Исаев В.Куйбышевке "Қазақтарға аң аулауға, құс атуға, балық аулауға рұқсат беріңіз" деп хат жазғанда, Куйбышев оған "Ешқандай рұқсат жоқ, бір құс немесе аң атқан адам сотталады" деп жауап берді", деп еске алады Рысбек Үркімбай деген азамат Сағат Жүсіп құрастырған "Ашаршылық ақиқаты" кітабында.

Біздің ауданда 25 мыңнан 5 мың адам қалыпты

Жазушы, сценарист Ерлан Төлеутай:
"Тағы бір айтайын дегенім, ашаршылықтан қазақтың жартысы қырылды деп жатыр. Мен өзім Арқаның (Қарағанды облысы) қазағымын. Мысалы, Қарқаралы ауданында шамамен ашаршылыққа дейін 50 мың адам тұрады да, ашаршылықтан кейін 15 мың адам қалады.

Менің ауданым Жаңаарқада ашаршылыққа дейін 25 мыңнан аса халық болған екен. Кейін бес-ақ мың адамды санаған. Шет ауданында да ашаршылыққа дейін 26 мың халық болса, кейін бес-ақ мыңы қалған.

Иә, ашыққан адамның психологиясы өте қатты өзгереді. Қанша қиналса да, ең соңғы мүмкіншілікке дейін баласын жемейді ғой. Бірақ әбден өлуге айналғанда алдымен қыз баласын жейді екен. Ұлым тірі қалса екен деген ой. Бірақ бәрі өледі.

Сосын босып келе жатқанда, әбден қажыған аштар алқа-қотан отырып бір-біріне "сенің балаң бітті, енді адам болмайды, соны жейік те" деп ақылдасады екен. Осындай келісімге келеді екен. Бұл масқара ғой".

"Егер ұсталып қалса, Пышақпай атын аузынан шығарса, қан қарызым мойнында кетеді"

Қабиден Қуанышбайұлы: "1930 жылдары екен. Қазіргі Семей өңірінің Шұбартау елді мекенінен шыққанда Орынтай деген әжеміздің болғанын, одан туған бірнеше бала болғанын білдім.

Үдере көшіп, қақаған қыстың қарсаңында ат терлетіп, ауылды жиып отырған тұсынан көршінің естияр бір азаматы жүгіріп келіп:

"Жұма аға, (Атамның өз есімі Жұманқұл, ауыл адамдары осылай атапты деседі) Семейден Пышақпай нағашым келіп кетті. Алдымыздағы малды түгелімен жинап алғанымен қоймай, үкімет халық жауларын ұстап жатыр дейді. Оның көзі "Сагындыкулы" деген фамилияға түсіпті қағаздарды аударыстырып отырып, анықтап қараса, Джуманкул деп тұр екен. Соны жеткізуге Пышақпай нағашым келіпті, тек сенімді болғасын маған осы хабарды тез айт деді де, өзі сізбен кезігуге сескеніп кетіп қалды. Бүгін түннен қалмасын, жер ауып кетсін деп сәлем айтты. Егер ұсталып қалса, Пышақпай атын аузынан шығарса, қан қарызым мойнында кетеді" деп қатаң ескертті".

Адам сүйегінің үстімен жүрген екен

"Онсызда сескеніп отырған атам Орынтай әжемізбен шиттей балаларды алып, сол түнде Балқашты жағалап, Талдықорғанға бет алған екен. Қыстың күні Балқаштың беті қатты деген кез. Тәуекелге бел буып, көрпе-жастық, тең-текеметтерін артқан арбаның доңғалағын шығарып алып, шана жасап, Балқаштың ортасымен бір-ақ тартыпты. Көлге жеткенше маңайдағы ауылдармен жүргенде, жай өтпепті, адамдардың сүйектерінің үстімен өтіпті. Тіпті бір ауыл түгелімен қырылып қалғанын көргенін күйзеле айтып беріпті "жас әжемізге".

Бұл Қабиден Қуанышбайдың екінші әңгімесі..

"Қашық тұр, бас жағымда үш мүрде бар, менің өзім бір аяғым көрде жатқан жанмын, түгелі обадан өліп таусылды"

"Шұбартаудан жүріп омбы қарға із салып бір ауылға жеттік. Еңселі ақ үйдің алдындағы күрелусіз қар сол күйі ізсіз жатыр, сонда да түндіктен болмашы түтін шығады, ішерге су біткен, қарды жей бергеннен қарық болмайсың, сол үйге атбасын бұрып, аз аялдамақ болдым.

Кірсем, үй іші иістеніп кетіпті. Пештің түбінде бір кемпір жатыр екен, қолымен оттың астын қағыстырып, тұруға әл-дәрмені болмай жатқанын байқадым да, қасына жақындап едім.

"Қашық тұр, бас жағымда үш мүрде бар, менің өзім бір аяғым көрде жатқан жанмын, түгелімен обадан өліп таусылдық. Өлгің келмесе, алшақ кет, шық үйден" деп айқайлағысы келіп, дауысы шықпай ентігіп қалды.

Су сұрап едім, үстел басын нұсқады. Беті бір қабат жабылып қалған жарты күбі суды ала бергенімде кемпір: "Ей, өлесің ғой!" деп кейіді. "Тірі жанға бір өлім" деп күбіні көтеріп далаға шығып, бетінің бір қабатын қалқып алып тастадым. Амалсыз қолдана бастадық. Талдықорғанның Сарыөзегіне жеткенше жол-жөнекей бала-шағам мен келіншегім түгел қырылып таусылды. Обадан кетті" деп жас әжемізге әңгімесін айтып отырар еді атам.

Қабиден Қуанышбайұлы, Сәкен Сейфуллин музейінің қызметкері, Астана.

2 млн адамды Қазақстанға жер аудару жоспары қалай іске асты?

"Ашаршылық құрбандары" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рамазан ҚҰРМАНБАЕВ:

"Аштан өліп, көмусіз қалғандардың моласына айналған Қазақстанға 1933 жылдың бірінші ақпанында Ресейден бір миллион адамды қоныстандыру туралы ОГПУ төрағасының орынбасары Г.Ягоданың қолы қойылған №50062 директивасы шықты.

Бұл құжатта көшіп келушілерге жұмыс орындарын ашып, үй, тағы басқа тұрмысқа қажетті аурухана, мектеп салу жайлы іс-шаралар ұйымдастырылатындығы туралы айтылады.

Осы жылдың 13 ақпанында Ягода мен ГУЛАГ-тың бастығы Берманның Сталинге жазған №50073-ші хатында екі млн адамды Қазақстанға жер аудару жоспарын қалай іске асырып жатқандары туралы есеп беріледі".

"Экономика" газеті, №22 (299), 2013 жылы жарияланған мақаладан үзінді.

Миллиондаған адамнан айрылып қана қоймай, сана өзгеріп, адамшылықтан айрыла жаздадық

Сағат Жүсіп: "Бақа, шаян, жылан, тасбақаларды талғажау еткендер қаншама, жол кесіп өздері сияқтыларды ұстап жегендер ше? Өз балалары мен көр қазып өлік жеуге мәжбүр болғандар...

Қаншама адамдар айдалада көмусіз қалды. Айтудың өзі қорқынышты. Адам етін жегендер бәрібір тірі қалса да, оның санасы бұзылып адамшылықтан айырылады екен, ұрпағының санасы ше?

Тамақ іздеп ауып келгендерді қалаларға (оларды Сыр бойында "қара батпақтар" деп атаған) кіргізбеген, жолдарын кесіп атқан. Шетелге азын-аулақ малын алып қашқан ата-бабаларымызды шекарашылар пулеметпен қырған (сондайлардың бірі Кеңес үкіметінің Бас секретарі Константин Черненко де болған), сол шекарашылардың есімдері берілген атаулар әлі күнге дейін елімізде сақталған.

Қаншасы жолда ауру мен аштықтан қырылды, қаншама қазақ барған еліне сіңіп кетуге мәжбүр болды. Шетелге қашқандары да ол жақта тыныш өмір сүре алмады. Қытайда қиыншылық көрген қазақтар Үндістан асып, жолда қырылып, Ауғанстанға жартысы ғана жеткен. Онда да қиямет күнін кешіп, Түркия мемлекеті қабылдаған соң Пәкістан асқан қазақтардың аз тобы Түрік пен Иран еліне жетіп, аман қалды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін оралып жатқан сол отандастарымызды "қытай", "моңғол", "түрік" деп кемсітіп жүргендеріміз қаншама".

Бұл ашаршылықтың қазақтарды ойсыратқаны соншалық, қазақтар бұл зұлматтан соң тіпті басқа халыққа айналды. Олар өз жерінде азшылыққа түсті. Қазақтардың бүгінгі таңдағы мәдениетін, тілін дамытудағы қиыншылықтарының түпкі себебі сол кезден бастау алады. Қазақ мәдениетін өлтірген – Ашарашылық, – деп жазады ресейлік тарихшы Дмитрий Верхотуров.

Қазақтарды қыруға Кеңес Одағы билігі тыңғылықты дайындалған

Жазушы, Әнуар Әлімжанов:

"...Кіші Октябрь" саясаты – стратегиялық тұрғыдан алғанда үлкен соғыс алдындағы жоспар сияқты жан-жақты ойластырылған, майда-шүйдасына дейін ұйымдастырылған науқан болды. Оның әрбір кезеңі күзде, жиын-терін, мал басының қысқа дайындығы біткен кезде басталып отырды.

Алдын ала әрекет жасайтын аудандар белгіленіп отырды, ол жаққа жіберілетін билік өкілдері, НКВД қызметкерлері, қосымша милиция отрядтары мен қызыл казактар белгіленіп қойылды. Малы мен астығын тартып алған соң, адамдарды күні бұрын белгіленген жерлерге жинап, олардан "ұжымдасқан киіз үйлер қалашығын" құрды. Айдалада боранды суықта, сусыз, тамақсыз, отын-көліксіз қалған "қала" тұрғындары ешқайда бара алмай, жете алмай сол "қалада" қырылды.

Жан жағы аппақ қар, мидай дала, даланы кезген қасқырлар өз дегенін істеді. Мыңдаған тұрғындардан көктемге дейін жабайыланған ондаған адам ғана тірі қалды. Мұндай көріністер Алтайдан Зайсанға дейін, Қызылжар аймағында, Көкшетау мен Қостанай жерінде, Торғай мен Керекуде орын алды. Кездейсоқ тірі қалғандарының бірен-сараны Жетісуға, сол жақтағы Бөрібай мен Омарбек бастаған көтерілісшілерге жетіп қосылды. Қалғандары, күші жоқтары адамдар жүретін жолдарға жетпек болды...".

Сағат Жүсіп аға құрастырған "Ашаршылық ақиқаты" кітабынан!

Қуғын-сүргін мен ашаршылық қатар жүрді


Ашаршылық туралы зерттеуші Сағат Жүсіп

Ашаршылық туралы зерттеуші Сағат Жүсіп / Сурет Сағат Жүсіптің жеке мұрағатынан алынды


Сағат Жүсіп ағамыздың мәліметтері мен жинаған құжаттарына қарағанда Кеңес Одағы қазақты жойып жіберу үшін жоспарлы түрде жұмыс жасаған. Ашаршылықтан қиналған елді қырды. Оларға жаны ашыған қазақтардың барлығын соттады.

– Біз, көбінесе, ашаршылық жайлы айтқанда, оны 1931-33 жылдар мен 1920 жылдардың аяғында жүр­гізілген кәмпескелеу, зорлап отырықшылдандыру мен ұжымдастырумен байланыстырамыз. Шын мәнін­де, ашаршылық қазақ даласына больше­виктердің үкімет басына келген күндерінен басталды. Билік басына келген әртүрлі саяси қудаланғандар мен соғыстан қашқан солдаттар тыныш жатқан қазақ даласына ойран салды, қазақты атты, асты, тонады. Кеңес үкіметінің шынайы бейнесіне 1917-1919 жылдары Перовск уезін басқа­рған совдептің төрағасы Иосиф Гержодтың басқаруымен жасалғ­ан қанды қырғын айқын дәлел бола алады, – дейді Сағат ағамыз.

Қуғын-сүргін ешкімді аяған жоқ

Орыс империясы кезінде басталған саяси қуғын-сүргін қазақ елі тәуелсіздік алған 1991 жылға дейін жалғасып келгені белгілі. 1880-1917 жылдардағы орыс патшасының түрлі жазалау жорықтары және саяси тұлғаларды қуғындау мен құрту Кеңес одағы орнасымен дәл сол қалпында жүрді.

1917 жылдан бастап, "халық жаулары", "кері төңкерісші", "байдың тұқымы", "жапон тыңшысы" сынды түрлі жала жағылған Алаш Орда мүшелері, байлар мен билер, жалпы зиялы қауым өкілдері толығымен қудаланды немесе жойылды.

Екінші кезекте, сол қуғынға ұшырағандардың артындағы жесірлері мен ұрпақтары да жазадан құтылмады. Тіптен, ашаршылық дендеп тұрған жылдарда да үкіметке өтініш айтқан тұлғалар қылмысқа тартылды.

Ашаршылық пен тонап-талауға қарсы шыққандар көп болған

Ашаршылық жылдары мен талан-таражға, қуғын-сүргінге қарсы көтерілген халық пен жеке тұлғалардың ішінде шаталмай қалғаны жоқ.

Мысалы, "Бесеудің хаты". 1932 жылы 4 шілдеде қазақ зиялылары БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекинге хат жолдады. Хаттың авторлары – жазушы Ғабит Мүсірепов (1902-1985), Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі Мансұр Ғатаулин (1903-1938), Алматы Комвузының басшы қызметкерлері Емберген Алтынбеков (1904-1954) пен Мұташ Дәулетқалиев (1904-1982), Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының сектор бастығы Қадыр Қуанышев (1906 – өлген жылы белгісіз) қуғынға ұшырады. Хаттың жазылуына Халком Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев түрткі болған.

Тұрар Рысқұловтың 1933 жылы наурызында Сталинге жазған хатын да атауға болады.

Тарих иниститутының дерегінде дәл осындай ресми хаттар 1918-1922 жылдары үздіксіз жүрген, ашаршылық кезінде де жазылғаны айтылған. "Обращение киргизов к Ленину" (Қазақтардың В.И.Ленинге хаты) деп аталатын хатты, қазақ делегациясы орталыққа қабылдата алмай, Кавказда жүрген Мұстафа Шоқайға жеткізген, көп кешікпей, бұл хаттың мәтіні "Борьба" газетінде (Тбилиси, 1921 ж.) түсіндірмелермен жарық көрген. Құжатта адамдардың "иттің етін жеуге" дейін жеткендігі, оларға ешбір медициналық көмектің көрсетілмеуі қазақ қоғамына деген теріс көзқарастан туындап отырғаны айтылыпты.

Оның үстіне, жаппай наразылықтар мен қарулы көтерілістерді санап тауыса алмайсыз.

Сол жылдардағы шаруалар көтерілісінің кестесі:

Уақыты

Болған оқиғалар

Басшылары

1929 ж

Қостанай округіндегі көтеріліс

Тәліп Мұсабаев

1929 ж

Сырдария округі, Бостандық ауданындағы көтеріліс

А. Бекежанов, С. Қадиев, А. Смағұлов

1930 ж

Созақ ауданындағы көтеріліс

С. Шолақов

1930 ж

Жетісудағы көтеріліс

Е.Жанбаев,Қ.Қалиев және Ғ. Сатырбаев.

1930 ж

Ақтөбе, Қостанай және Қызылорда округтеріндегі көтеріліс

А. Қанаев, Ж. Бәйімбетов, М. Саматов,
И. Сатыбалдин

1930 ж 20 ақпан

Өскемен мен Зырян аудандарындағы көтерілісі

1931 ж

Маңғыстаудағы көтеріліс

Әрине, қылышынан қан тамған Кеңес билігі оларды аямады. Басты, қырды, қудалады.

Қытайға қашып барған халық негізінен аман қалды

1900-1933 жылдары жүз мыңдаған қазақ Қытайға ауды немесе қашып көшіп барды. "Бұтаны қорғалаған торғай да аман қалады" демекші, ол жақтағы қазақтар түрлі нәубетке ұшыраған қазақтарға көмегін аямаған. Тіпті, Алтайдағы Зуқа батырдың қол астына татар мен башқұрт, қалмақтар да қашып барып паналапты.

Өз ағайындарына жер бөліп беріп, ішер ас, киер киіммен қамтуға тырысты. Әйтеуір, аштықтан, суықтан өлтірмеді.
Тіпті, Райымбек Мәрсеков сынды жүздеген Алаш зиялылары сонда барып, қазақ үшін тер төккені тарихта қалды.

Қытай қазақтарындағы қуған-сүргін

Қытайда 1929 жылы Зуқа батыр жау қолынан шейіт болды. 1930 жылы үш аймақ көтерілісі басталды. 1936-1937 жылдары алғашқы босқын қазақтар Гималай арқылы Үндістан мен Пәкістанға асты. Осы жолмен босқан ел екінші рет 1950 жылы көшті.

Көш барысында соғыс пен суықтан 50 мыңнан астам адамнан 18 мың адам ғана Кашемирге тірі жетіпті. Бұл туралы жазған болатынбыз.

Моңғолиядағы қуғын

Кеңес Одағының құрамында болмаса да ықпалында болып, қатар саясат ұстаған Моңғолия үкіметінде де қуғындау болды. Алайда, тым шектен шығып кеткен жоқ.

Мысалы, ақын Байыт Қабанұлы атын өзгертіп, моңғол ішінде өмір сүрген қазақ туралы жазған. Онда 25 жасында сотталып кеткен қазақтың қайтадан Баянөлгей аймағына барса қайта ұсталып кетемін деп қорқып, атын моңғолшаға өзгертіп, балаларына жете алмай өмірден өткені айтылған. Артында бес баласы мен жары қалыпты.

Дәл сондай, ел бастаған билер мен молдаларынан айырылған Шудабай ауылы да 20-30 жылдай жақын туыстарымен араласудан қорқып, Моңғолияның ішкі өлкелерінде өмір сүрген. Кейін заман түзелгеннен кейін ел ішіне оралыпты.

Қазақты қырғындағандар әлі ұлықталып келеді

Сағат Жүсіп: "Большевиктердің, коммунистердің зорлық саясатына қарсы шығып, көтеріліс жасағандар аяусыз қырғынға ұшырады. Сана дегеннен шығады-ау. Сол көтерілісшілерді аяусыз қырғандар соңғы малын, соңғы нанын тәркілеп алған ГПУ мен НКВД адамдарының аттары Кеңес заманында ғана емес, тәуелсіздік алғаннан кейін де "жаңғыртылып" келді. Көшелерді солардың есімдерімен атап, мадақтап, кітаптарға жазды.

Бір ғана мысал. 1930 жылғы Сыр бойында болған Қызылқұм көтерілісінің басшысы Ақмырза Төсұлыға Қызылорда қаласында көше аты беріліп, "Сыр бойы" энциклопедиясына (493 бет) енгізілген. Ақмырзаны ұстап, тірідей өртеген НКВД қызметкері Аяпов Үбісұлтанның аты да осы кітапта тұр (123 бет), оған да Қызылорда қаласында көше аты беріліп тақта қойылған. Парадокс емес пе? Мұндай мысалдар жеткілікті" – дейді.

31 мамырда негізінен 37 жылғы репрессия жайлы көп айтылады

Сағат Жүсіптің айтуынша, 31 мамыр күні негізінен алғанда 1937 жылғы репрессия құрбандары жайлы көбірек әңгіме қозғалады да, ашаршылық мәселесі тек "сипап" қана айтылады. "Бұл – біздің тәуелсіздік алғанына 27 жыл болған Қазақстанның үкіметінің, басқарушы биліктің жалтақ жасқаншақ ұстанымы" деп отыр.

Біз кемі 30 миллион болуға тиіспіз


Қоғам қайраткері Әбдірашит Бәкірұлы

Қоғам қайраткері Әбдірашит Бәкірұлы / Сурет Әбдірашит Бәкірұлының ФБ парақшасынан алынды


Әбдірашит Бәкірұлы: "Мысалы, осыдан біраз жыл бұрын "қазақ халқының саны 10 миллионнан асты" деген жаңалықты естігенде, бөркімізді аспанға атып, қуандық. Ал демографтардың нақты ғылыми тұжырымдарына сүйенсек, бірқалыпты табиғи өсім жағдайында қазақ халқы бүгінде 30 миллионнан асуы тиіс екен...

Міне, көпшілік осыған атүсті назар аударып жүр. "30 миллион" нені білдіреді? Әлемдегі саны жағынан бұл көрсеткіштен асқан халықтар мемлекетін құруда біз бастан кешіп жатқан көп қиыншылықтарға тап болмайды екен.

Мысалы, қазір бізде фобия, қорқыныш бар. Бір қытайды көрсек "қытай басып кететін болды" деп үркеміз. Өйткені, кезінде "орыс экспансиясының" зардабын ең қатты тартқан халықтың біріміз.

Ал ірі халықтар тіл-діл тұрғысынан өзгеге "жұтылудан" қорықпайды. Ірі халық өкілдері кез келген өзге мәдениет субъектісін өзіне сіңіріп аларына бек сенімді. Олардың бойында жасықтық пен жалтақтық, үрку, секемшілдік сияқты жағымсыз қылық аз. Керісінше, мемлекетшілдік, өзіне сенімділік, батылдық қасиеттер қалыптасқан...

Ал бізде олар жоқ".

"Ұмытайық" дейтіндер бар

Сағат Жүсіп былай дейді: "2015 жылы "Ашаршылық ақиқаты" жинақ кітабын шығардым. Сексен жылдан көп бұрынғы бастан кешкен ғаламат сұрапыл зұлмат ашаршылық жайлы халқымыздың басым көпшілігі ештеңе білмейді екен. Ал орта жастағылар мен жастардың арасында бұл сұрапыл зұлматты ертегі, аңыз деп қабылдайтындар да бар...

Тек кейбіреулері ғана "әжеміз, атамыз айтып отыратын еді, нанның қадірін біліңдер, көрмегеніміз жоқ қой деп, әңгімесінің ар жағын жұтып қоятын еді" деп пікір айтты. Кітапты оқығандар "әрең оқыдым, өте ауыр екен, өте аянышты" деуден аспады.

"Бұл – қолдан жасалған геноцид, бір ұлтты жоюды мақсат еткен саяси жоспар" деп, Кеңес үкіметін айыптаушылар онша көп емес. Болды кезінде, ол заман енді келмеске кетті, ұмытсақ ұмытайық деген сыңайды аңғарғандай болдым.

Сол баяғы кеңестік коммунистік жалған интернационалдықпен уланған сананың кесірінен көпшілік "бұл мәселені көтеруге Ресей үкіметі қарсы, елімізде тұрып жатқан орыстар бар, ұлтаралық наразылықты қоздырмай-ақ қояйық. Енді бұл тақырып жайлы айта беріп қажеті жоқ" деген сыңай танытады".

Мұны "Геноцид" деп әлем мойындауы керек

Сағат ағамыздың айтуынша, бұл үшін жұмыстар жүріп жатыр. Бір ұлтты жер бетінен жойып жібере жаздаған қырғынды "геноцид" деп мойындамау мүмкін емес. Украина елі сол жылдардағы қолдан жасалған ашаршылықтан қырғынды "Голодомор" ретінде әлемге мойындатты.

– Осының бәрін ұмытайық па? Халқы үшін, отбасы мен ұрпағын сақтап қалу үшін зорлықшылармен күрескен ата-бабаларымызды аяусыздықпен қырған жендеттерді мадақтап "батыр" атағанымыз бұл кісілердің әруақтарын мазақ еткеніміз емес пе? Бізде намыс бар ма, жоқ па? Неге еврейлер Холокосты ұмытпайды, оларға біреулер "Ұмытыңдар Холокосты!" деп айтып көрсінші, не көрер екен! Олар Холокосқа қарсы айтылған сөзге жауапкершілік талап ететін заң шығарған. Ал біз ұмытайық дейміз. Намыс қайда?

Ашаршылық нәубетін ұмытпаймыз деп қанша сайрап жүрсек те, шын мәнінде ұлтымыздың тарихындағы бұл қаралы нәубетті ұмытпайтындай ештеңе істеген жоқпыз, оны ресми заңмен құжаттаған жоқпыз, оны халқымызды жоюға бағытталған қолдан жасалған нәубет деп таныған жоқпыз.

Бұл сұмдық зұлмат ашаршылықты кім жасады, қалай жасады, бәрі құжаттарда сақталған, орындаушылардың да аты-жөндері жазылған. Олардың атын атап, жаппай жария ету ғана қалып отыр. Ол биліктің қолында...

Ашаршылықты ресми түрде мойындап, тарихи бағасын беретін уақыт келді. Қанша күтуге болады. Ұлтымызға үлкен нәубет әкелген бұл қылмысты ешқашан ұмытпауымыз керек және ешқашан болдырмайық, – дейді Сағат Жүсіп ағамыз.

Ашаршылықтың аза тақтасы

Ақиқаты айтылуы тиіс ашаршалықтың аза тақтасын жазайық!
Мен үш жүзге жуық құрбандар тізімін жасадым.
Алда үш миллион есімді анықтау керек.
Зар жылап, жер тепкілегеннен ештеңе шықпайды.
Нақты тізім – нақты құжат. Ертең халықаралық ұйымдарға ұсына алар фактіміз.
Біріккен Ұлттар Ұйымына айтуға құқылы құжатымыз.
Өлгендер оралмайды. Өткенді ұмытпасақ өркениеттілік орнайды.

Бұл – баршамыздың парызымыз. Әркім білетінін жазсын. Алғашқы қадам осылай басталады. Мен бәрін қосып, бірінші құжатты дайындауды мойныма аламын. Аштықтан қырылған адамдар мен қаңырап қалған ауылдар тізімі мейілінше атауын дұрыс көрсетіп, бүгінгі-бұрынғы атаулары түсінікті жазылса деп сұраймын.

Арманда кеткен ашаршылық құрбандарының аза тақтасын жазуға ат салысыңыздар, ағайын!

Махат Садықтың ФБ парақшасынан.

Серіктестер жаңалықтары