Кез-келген ұлттың ұйысуы, өзін танып-білуі тұрғысында төл тарихы бірден-бір алғышарт болып табылады.
Қанды ХХ ғасыр көптеген ұлттарға бұрын-соңды болмаған жан түршігерлік залал әкелді. Сол ұлттар қатарда украиндарды, жәһүдтерді, армяндарды атауға болар. Алайда дәл Қазақтай халқының тең жартысынан, тұтастай зиялыларынан айрылған ұлт жоқ. Бұл – тарихи шындық. Сөйте тұра басқа елдер өткен жолын зерттеп, орын алған зұлматтарға әділ бағасын халықаралық деңгейде беріп, кінәлілерді жауапқа тартып отырғанда Қазақтың әлжуаздық танытуы әсіресе ауыр.
Тарихқа деген біздің қоғамда сақталып отырған екіжүзді стандарттар көңілге қатты тиеді. Айталық Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісті дүркіретіп атап өтіп отырып, ашаршылыққа келгенде ондай ерік-жігер байқалмайды. Сонда біріншісінің екіншісінен несі артық?
Келесі мәселе. Кеңес үкіметі 1920-30 жылдарда жүргізген тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру кесірінен туындаған нәубеттің ақиқаты әлі де толық ашылмай отыр. Басқасын былай қойғанда сол жылдарғы адам шығыны жайлы тарихшылар мен демографтартар ортақ бір мәмілеге келе алмауда. Алға тартылатын деректердің айырмашылығы 2 мен 4 миллионның арасын құрайды. Зұлмат жылдары тағы да 1 миллионға жуық қандасымыз шетелде бас сауғалауға мәжбүр болды. Бұл дегеніміз демографиялық дамуымыз кемі 100 жылға кейін шегерілгенін білдіреді. Онсыз сырттағыны санамағанда Қазақтың тек өз жеріндегі саны бүгінгі 13 миллионның орнына кемі 50 миллион болар еді.
Асыра сілтеушілік пе, геноцид пе?
Рас, ұзақ жылдар бойында КСРО басшылығы ашаршылықтың, қуғын-сүргіннің, Екінші дүниежізілік соғыстың басында Мәскеу мен Берлиннің одақтас болғанын, басқа да қылмыстарын барынша жасырып келді. Тарихты өздігінше жазып бұрмалады, шындықты айтқандардың үнін өшірумен болды. Қызыл империя ыдырағаннан бері 28 жыл өтсе де көптеген ақтаңдақтар, оның ішінде Қазақстанның тарихына байланыстысы, әлі де бар. Иә болмаса, оларды бүркемелеуге шама келмесе, ақтап қалу мен жуып-шаюдың қитұрқы амалдарын қолданып жатыр.
Соның бірі – ашаршылыққа қатысты. "Ол әдейі қолдан жасалған жоқ, бұл ұжымдастыру науқаны барысында орын алған асыра сілтеушілік пен қателік қана" дегенге келіп саяды. Ондай-ондайлар бола береді. Сондықтан оған кешірім сұраудың еш реті жоқ. Оның үстіне Кеңес Одағы баяғыда күйреп-жоғалған, тиісінше жауапқа тартылатын ешкім жоқ деген сияқты қай тұрғыдан алғанда да сын көтермейтін дәйектерді алға тартады.
Біріншіден, қасақана ұйымдастырылды ма, жоқ па, миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған әрекеттің өзі Адамзат алдындағы қылмыс болып табылады.
Екіншіден, бір мемлекеттің шеңберінде, ортақ шаруашылық кеңістігінде ашаршылық тек жекелеген аймақтарды қамтығанының өз алдына күмән туғызады. Көшпенді елді жалғыз күнкөріс көзі – малы мен жерінен айырудың арты неге әкелетінін түсінбеу мүмкін емес. Жан сақтау қамымен қалаларға не шетелге ағылған босқындардың көшін, әйел мен баласына қарамай пулеметпен қырып салғанды да құр қатардағы қателікке жатқызуға мүлде болмайды.
Үшіншіден, барлық халықаралық келісімдер, оның ішінде БҰҰ құжаттарына сәйкес бүгінгі Ресей Федерациясы Кеңес Одағының ресми саяси мирасқоры болып саналады. Олай болса, дәл сол міндеттемелерге сәйкес КСРО-ның қылмыстары үшін де осы мемлекет жауап береді.
Төртіншіден, ашаршылық негізінен Кеңес билігіне, оның өктем отаршыл саясатына қарсылық танытқан аймақтарда өршігені кездейсоқтық емес. Мәселен украиндық тарихшы Олесь Донийдің пікірінше, "1920-21 жылдары Украина азаматтары Совет өкіметіне қатты қарсылық көрсетті. Егер украиндар осылай күреспесе, онда большевиктер Голодоморды қолдан жасамас еді". Сол сияқты тек 1920-30 жылдары 300 астам көтеріліс болған Қазақ даласындағы қарсылықты басудың, елдің сағын сындырудың жолы – ашаршылық болды. Басқаша айтқанда, бұл бұратана халықтарды күштеп бағындырудың ең жабайы тәсілі – көзін жоюды, яғни геноцидті меңзейді.
Геноцид (грек, genos – тек, тайпа және лат.caedo – өлтіру) – халықаралық құқық бойынша аса ауыр қылмыс. Қандай да бір ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топтың өкілдерін түгелдей немесе жекелеп қасақана қырып-жоюды білдіреді. Халықаралық құқық геноцидке ұшыратқан мемлекетті саяси жауапкершілікке, ал оны ұйымдастыруға және жүзеге асыруға қатысқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартады. ұлттық, этникалық, діни топтарды түгелдей немесе бір бөлігін жойып жіберуге тырысып, геноцидке ұшыратқан көптеген қылмыстардың беті ашылғаны белгілі. Мемлекеттік мәселелерді шешуде геноцидті қолдану көп жағдайларда аумақтық басқыншылық және езілген халықтарды басқа елдің шекарасында күшпен ұстаумен байланысты.
Тарихын ұмытқан ұлт тозады
Тарихи шындықты ашу, оған әділ бағасын беру бұл тек қана өткенге салауат қылу, ата-бабаның аруағына тағзым етумен шектелмейді. Маңызды мәселе – орын алған қылмыстарды әшкерелеу мен жендеттерді анықтау арқылы бұндай сұмдықтардың бұдан былай қайталанбауына жол бермеу. Себебі жазасыз қалған кез-келген қылмыс ертелі ме кеш пе қайталанады.
Өкінішке қарай 1920-30 жылдардағы ойранның, Желтоқсан көтерілісінің, көптеген басқа да қайғылы оқиғалардың ақиқаты ашылмай отырғаны – бүгінгі Қазақ қоғамының дерті. Бұл жалғанда себепсіз ешнәрсе болмайтынын ескерсек, тарих беттерін бүркемелеуге мүделі тараптар бар деген сөз. Басқаша болғанда, қоғамның, ғылыми орталардың қанша үндеу-талаптарына қарамастан, тиісті мұрағаттар неге жабық есік жағдайында қалып отыр? Аталған қылмыстарды зерттеген азаматтар неге қыспаққа алынады? Олардың кітаптары неліктен кітап сөрелеріне қойылмайды, ал түсірген деректі фильмдері неліктен орталық теледирардан ешқашан көрсетілмейді?
Ресми мекемелердің "Рухани жаңғыру", "Қазақ хандығының 550 жылдығы" сынды жобалар аясындаға азын-аулақ әрекеттерін жоққа шығармаймыз. Бірақ олары көбіне үстіртін, формалды деңгейде өтетінін, тағлымдық маңызының төмен екенін мойындамасқа лаж жоқ. Есесіне рухани тыныс-тіршілікті анықтайтын салалар өзіміздің төл тарихымыз бен болмысымызға емес, бөтен, оның ішінде кеше отарлаушы болған елдердің құрсауында қалып отырғаны тағы бар.
Қарап отырсақ, кезінде КСРО құрамынан ең соңғы болып шыққан Қазақстан сол әдетінше қазір де тәуелсіздік алған елдер көшінің соңында келеді. Мәселен, украиндар "бессмертный полк" шерулерін Мәскеудің имперлік саясатының қаруы ретінде әшкерелеп, оларға үзілді-кесілді тыйым салды. Аталған жолды баяғыдан-ақ Грузия, Латвия, Литва, Эстония сынды намысын жоғалтапаған елдер таңдады. Көршілес Өзбекстан да Георгий лентасы мен "полк" атаулының жолын кесті.
Сол сиқты Қазақтың ресми тұрғыдан мәлімдей алмай, күмілжіп жүрген мәселесін Украинаның саяси элитасы төтесінен қоя алды – Голодоморға тек өз ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде ойып тұрып, саяси баға берді. Коммунистердің қолдан ұйымдастырған ашаршылығын Украин халқына мемлекеттік масштабтағы мақсатты түрде жасалған геноцид деп мойындатты.
Қазақстанда жағдай мүлде басқаша. Күні кеше еліміздің көптеген қалаларында "Бессмертный полк" шеруі салтанатпен өтті. Майданда қаза болған бабаларын еске түсіру болса, бір сәрі. Қазаққа қастандық жасаған қанқасап жүйенің қызыл жалауын желбіреткендер мен қандықол Сталиннің портретін төбелеріне көтергендер Тәуелсіз Қазақстанның көшелерінде емін-еркін жүріп басынды. Шараны өткізуге билік рұқсат берді. Кей өңірлерде облыс әкімдері әлгі шерулерді өздері бастап жүрді. Ал енді сол әкімдер 31 мамырда ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін ұйымдастырылмақшы "Алашқа тағзым" шеруіне рұхсат бермей дәрменсіздік танытты.
Біз шынымен ақ тәуелсіз елміз бе әлде өз тарихын өзі танып білуге қауқарсыз, Кремльдің қас-қабағына қараған бей отармыз ба деген сұрақ еріксіз ойға келеді. Мойындау керек, Тәуелсіздік алғаннан бергі 28 жыл рухани ізденіс, ұлт ретіндегі қалыптасу тұрғысынан зая кетті. Осы уақытта өмірге келген екінші буын ұлттық құндылықтарын бойына толыққанды сіңіре алмай, біресе Ресейге, біресе Батысқа, біресе Арабқа жалтақтаумен келе жатқаны жасырын емес.
Сондықтан кеш те болса, құлдық сана-сезімнен арылып, өткенімізді зерделеп, жеңістерімізді ұлықтап, қасіреттерімізді ұмытпауымыз керек. Соның бірі – 31 мамыр, Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Ұлттық аза тұту күні. Бұл – тек өткенге құрмет пен өзімізді тану ғана емес, ертең Қазақтың ұлт пен мемлекет ретінде сақталуының басты шарты.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1❓ Какие платежи должны произвести казахстанцы в декабре?
- 6355
- 0
- 16
-
2⚡️Девушка из Афганистана оспаривает в суде отказ в статусе беженца в Казахстане
- 3060
- 42
- 54
-
3⚡️Летний скандал с грантами в Казахстане: одна из выпускниц судится с Миннауки, хотя учится в вузе бесплатно
- 2732
- 6
- 26
-
4⚡️Казахстан выдал первую визу Neo Nomad: её получил энергетик из Британии
- 2640
- 8
- 89
-
5🇰🇿🇨🇳Казахстан и Китай начали обмениваться разрешениями для грузоперевозок онлайн
- 2646
- 2
- 82
-
6🌡Прогноз погоды на 3 декабря: снег ожидается на севере, востоке и в центре Казахстана
- 2850
- 0
- 5
-
7🏅Токаев наградил орденом посла Китая в Казахстане
- 2402
- 22
- 97
-
8⚽️ Появился предварительный список кандидатов в президенты КФФ
- 2412
- 7
- 52
-
9❗️ Курс продажи доллара вырос до 530 тенге в обменниках Казахстана: ситуацию обсудят в правительстве
- 2429
- 5
- 32
-
10📊 Инфляция в ноябре составила 8,4%: какие продукты и услуги подорожали в Казахстане за месяц
- 2412
- 0
- 20