Әйелді соққысыз талдырудың амалы – биік орындық
АЛЖИР лагеріне түскен әйелдер күні бойы ауыр жұмысқа жегіліп, кешке тергеуге шақырылатын. Қараңғы тергеу бөлмесіндегі алғашқыда еш күмән тудырмаған биік орындықта сағаттап отыратын. Бұның өзі азаптап, қинаудың бір әдісі болып шықты. Биік орындықта сағаттап отырғанда, жерге тимей салбыраған аяқтың жаны кетіп қалады екен де, "боссың, бара бер" дегенді естісімен, орындықтан секіріп түскен әйел есінен тана құлайды. Тергеушінің күткені сол. Адамды еш соққысыз сұлатып түсіреді.
Оқи отырыңыз: Айту да, есту де қиын. Зұлмат статистикасы мен деректер, ашаршылық нәубетінен аман қалғандардың естеліктері
АЛЖИР тұтқындарының көрген бүкіл азаптарының басы осы орындықтан басталған.
1937 жылдың басында сегіз жылға сотталып, жастық шағын, 15 жыл өмірін осы АЛЖИР-де ұрлатқан Наталья Воронкованың ұлы Андрей Богданец тұтқын әйелдердің тарихта жазылмаған ауыр тіршіліктері туралы баяндады. Андрей Богданецтің сыңары Алексей денсаулығына байланысты сұқбатқа қатыса алмады.
Оқи отырыңыз: Ашаршылықтың ащы сабақтары
Ызғарлы вагон, суық барак, азапты жұмыс
Тұтқын әйелдер тиелген алғашқы эшалон Ақмола жеріне 1938 жылдың қаңтарында жетті. Бұл тозақты халық жауларының әйелдері ғана емес, қарт аналары, жас қыздары, қарындастары да бастан кешірді.
Оқи отырыңыз: Большевиктер ұйымдастырған "жұт". Қазақстандағы ашаршылық неге әлі мойындалған жоқ?
Ең алдымен, мұнда Ресей, Грузия, Әзірбайжан, Украина, Армения мен Қазақстанның түпкір-түпкірінен сегіз мың әйел жазасын өтеуге әкелінген. АЛЖИР-де жұмыс істеген жылдары мұнда кезең-кезеңімен 18 мыңға тарта әйел келген. Олардың бәрін суық вагонмен әкелген.
Осындай азаппен келген ондаған мың әйелді АЛЖИР-де алдын ала дайындалған бірнеше сабан үйге қамағанда, сыймай қалған. Суық күнге қарамастан, көлден тасыған қамысты қыста отынға, жазда құрылысқа пайдаланған. Мұндағы көп үйді тұрғызған да сотталған әйелдердің өздері.
Қаныпезер қызыл империя жендеттері тұтқындарды қинап, ауыр жұмысқа құлша жеккендігі сондай АЛЖИР әйелдері аз уақытта еңбек өнімділігі жағынан КАРЛАГ-тың үш түрмесінің арасында бірінші орынға шыққан.
"АЛЖИР-дегі өмірімді ұмытқым келеді"
Кейбір дерек бойынша АЛЖИР-де екі мыңға тарта, ресми мәліметке сенсек, 1500 бала туған. Аналарымен еріп келген емшектегі сәбилердің көбі аштан өлген, ал аяғын басып, есі кіргендерін шешелері бір жапырақ нан, бір стақан қара сумен асыраған. Тірі қалғандарының балалық шағы тікенек тордың ішінде өтті.
АЛЖИР түрмесінде дүниеге келген балалар сол жылдарда көрген рухани азап пен денсаулығын әлісерткен зардапты әлі тартып келеді. Андрей және Алексей Богданецтердің екеуі қазір таяқ сүйеніп, дәрі-дәрмектің күшімен жүріп-тұрады. Жанқалталарынан беторамал тастамайды, арада алпыс жыл өтсе де "АЛЖИР", "репрессия", "түрме" десе, көз жастарына ерік береді.
"Шамамен 50-ші жылдардың басында түрмеде қызылша мен қызамық (балаларда болатын өте жұқпалы тамақ ауруы) дерті тарады. Мен екеуімен де ауырдым. Анам қанша оқшаулап, бақса да, жұқты, ауруханаға түстім. Індет қатты жүрді, мен тіземнен тұра алмай қалдым. Бірақ, өлген жоқпын. Ауруханада бірге жатқан балалардың көбін қайтып көрген жоқпын... өлді. Не дейін, балалық шағымды ұрлаған АЛЖИР-дегі өмірімді ұмытқым келеді. Бірақ, ол ұмытылмайды, ешқашан ұмытылмайды екен...", – дейді Андрей Богданец.
"Жалақы аз!" Онда сен халық жауысың
"Сыңарым Алексей екеуміз 1946 жылы АЛЖИР лагерінде тудық. Анам – Ресейдің Ростов облысы Шахтинск қаласынан, әкем Украинаның Киев қаласынан осы Ақмола өңіріне айдалды. Әйелдерге арналған лагерді АЛЖИР деп атап кеткен, бірақ мұнда біраз ер адамдар да жазасын өтеген. Соның бірі – менің әкем.
Жалпы, Қазақстанға не үшін айдалғандарын, анам – АЛЖИР-дегі азапты күндері, әкем түрмедегі өмірі жайлы ашып айтпайтын. Қанша сұрасақ та жақ ашпайтын, қабақтарын түйіп, бізге "үндемеңдер" дегендей ымдайтын.
Енді ойласам, бір жағынан көкіректерінде семіп қалған қорқыныш, екінші жағынан өз балаларына "түрмеде отырдым" деп айтудан ұялған екен", – дейді Андрей Богданец.
Андрей Богданецтің анасы – Наталья Воронкова, 1911 жылы Ресейде, Ростов облысында туған. 1997 жылы ұзақ науқастан кейін 86 жасында Астанада көз жұмыпты. Әкесі - Иван Богданец 1909 жылы Украинада туған. Алпыс жастан асқан соң, қатерлі ісікке шалдығып, емделгенмен, көп ұзамай, 1977 жылы қайтыс болған.
Екі ағасы бар. Үлкені қайтыс болған. Ортаншысы аман, ал екі егіз жұптарын жазбаған.
Наталья Воронкова репрессияға ұшырау себебінің шет жағасын айтып кетсе, әкелері өмірмен қоштасар сәтінде де тіс жармаған екен. Есейе келе іздеу салып, Киевке хат жазған Андрей Богданецке, "әкелеріңіз листовка таратқаны үшін сотталған" деген жауап келіпті.
"Анам Дондағы Ростов шахталарының бірінде жұмыс істеген. Жалақы өте аз төленіпті. Жер астындағы ауыр еңбегі үшін мардымсыз айлығын алған кезде байғұс анам "ақшамыз неге сонша аз?" деп ренжіген екен. Оны естіп қалған біреулер НКВД-ға жеткізген, ал олар болса бұл "коммунистік режимге қарсы шығу" деп қабылдаған. Ертеңіне-ақ, сол бір ауыз сөзі үшін сегіз жылға сотталған анам Қазақстанға айдалып кете барған. 1937 жылдың желтоқсанында бір ай жүріп АЛЖИР-ге жеткен екен ".
Әйелдер ат бойынан асатын арық қазды. Ал, күзетші жігіттер оларды итпен қорқытып отырды
Наталья Воронкованың мерзімі 1945 жылы аяқталған. Бірақ, Воронкова да, өз "жазасын" өтеп шыққан өзге әйелдер де 1953 жылға дейін сол лагерде тұрып, жұмыс істеген. АЛЖИР туралы сұрағанымызда, Андрей Богданецтің көз алдына елестеген алғашқы көрініс мынау болды:
"Енді-енді ес кіре бастағанда, анама еріп жұмысқа шыға бастадым. Тұрған жеріміз екі қатар сым темірмен, үш метр биік құммен қоршалған. Айнала толған әскер мен ит. Күзетшілердің мылтығы, иттердің ұзын шынжыры есімде. Қайдан келгенін білмеймін, теміржол рельстері жататын.
Әйелдер жұмыс істеп жатқанда, сол рельстерге байланған иттер арсылдап тұратын. Күнде кешке әскерлер ауысады. Одан көп пе, аз ба, білмеймін, ауыл жақтан 100-дей әскер мен елуге жуық ит келе жататын.
Есімде қалған алғашқы жазда әйелдер ауылды айналдырып арық қазды. Әйелдердің қолдарына күрек пен қоларба беріп, өздері арық жағасында ойнап-күліп отырды. Әлгі арықтың тереңдігі ат бойынан асады, әйел адам қазды демейсің. Сол арықпен ағатын сумен бүкіл ауыл бау-бақшасын суаратын. Арық жағасына ағаш еккен де тұтқын әйелдер".
"Балалар мектепке адамның бас сүйегін әкелетін"
Қарағандыдағы лагерь мен Ақмола лагерін қосқанда, 1940-1950 жылдары 10000 тұтқын көз жұмған. Арасында балалар да бар. Ақмол ауылының сыртында АЛЖИР тұтқындарының балалары көмілген мола бар. Қаза тапқан әйелдерді де түрме қызметкерлері алысқа апармай, ауыл маңына жерлей берген.
"Өлген әйелдерді көлдің артына көметін. Бұзақы балалар сабаққа адамның бас сүйегін тасып жүретін. Қайдан алдыңдар десе, мола ашылып жатыр, сол жерден дейді. Менің есімде қалғаны 15 жыл ішінде АЛЖИР-де сегіз мың әйел қаза тапқан дейді. Оларды қалай болса, солай жерлеген. Молалары ашық-шашық жататын".
АЛЖИР тұтқындарынан туғандар екінші сортты бала еді
Тұтқын әйелдердің балаларына мектепке барма деп шектеу қоймаса да, оларды ешкім жақтыртпаған екен. Андрей Богданец оқушы кезін айтқанда өксіп-өксіп жіберді.
"Біз екінші сорттың адамы едік. Мектепке ата-анамыз әлі босамаған кезде бардық. Ия, жазасын өтеп болған, бірақ белгілі бір кезеңге дейін жұмыс істеді. Сонда мұғалім, мұғалім ғана емес, ауылдың басқа адамдары, сотталмағандардың балалары бізді кемсітетін.
Сабақты өте жақсы оқыдым. Бір тақпақ жаттап барғанымыз есімде, мен жаңылмай, айтып бердім. Колхоз директорының баласы тақпақты қателесіп әрі төрт-бес рет тоқтап айтты. Бірақ, мен "3", ол "5" алды. Бұндай әділетсіздік үнемі қайталана берді.
Уақыт өтіп, анам босап, мен мектеп бітіргеннен кейін сол мұғалімді іздеп барып, сұрадым. Бала көңілімізге қандай ауыр жара салғанын айттым. Жылап, кешірім сұрады. Бірақ, бізге деген көзқарас көпке дейін өзгерген жоқ. Біз – Отанын сатқандардың баласы едік...", – дейді Андрей Богданец.
Андрей Богданецтің айтуынша, АЛЖИР-дегі әйелдер бүкіл облысты азық-түлікпен қамтыған. Жер қазып, егін егетін, бау-бақшадан да көп өнім алатын. Еңбектері зая болып, жеміс-жидек шіріп кете бергесін, өнімді бұзбай сақтау үшін салқын қойма керек болады. Ұзындығы 80 метр, тереңдігі 5-6 метр, көлденеңі 12 метр көкөніс қоймасын да әйелдер қолымен қазып салған.
"Қыста аналарымыз ат шанамен көлден мұз ойып тасыды. Мұзды кесіп, төрт бұрыштап, үлкен қойманың астын қазады да соған салып, көмеді. Адам аяғынан сыз өтеді, бірақ іші сап-салқын. Ол қойма ұзақ уақыт қызмет етті", – дейді АЛЖИР-дегі әйелдердің тағы бір ауыр жұмысын есіне алған Андрей Богданец.
"Өмірімді құртқан адамның өлімін жоқтамаймын"
Бұл азапты күндер 1953 жылы тоқтаған. Сталиннің қазасынан кейін лагерь жойылды. АЛЖИР тұтқындарын "ұлы көсемдерінің" қазасын естірту үшін ауыл клубына жинап алған екен.
"1953 жылдың наурызында тұтқындарды бала-шағасымен ауыл клубына жинады. Диктор сахнадан "ұлы көсем" Сталиннің қайтыс болғанын хабарлады. Әйелдер жылап, ерлер абдырап қалды. Біз бала болсақ та, Сталиннің өлгеніне қуанып тұрдық. Біздің жанымызда көршіміз отырған, жоқтай кетті. Сонда анам "өмірімді құртқан Сталинді жоқтамаймын. Тіпті, бұл күн ертерек келу керек еді" деді. Жанындағылар шошып, қашып кетті. Анам мені ертті де үйге кетіп қалдық".
Көсем ауысып, лагерь жабылған соң, тұтқында болған адамдардың көбі туған жерлеріне барудан бас тартқан. Лагерь аумағындағы барак үйлерді жаңартып, тіршіліктерін жалғастыра берген. Ауылды көркейткен. АЛЖИР-ге келгенде ұлтынан да, тегінен де айырылған тұтқындар лагерь берген текпен, лагерь берген ұлт өкілі ретінде өмір сүрген.
1953 жылдың маусымында АЛЖИР лагері ресми түрде жойылып, КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілді. Көп ұзамай "Ақмола" совхозы, кейін "Малиновка" ауылы болып өзгертілді. Тура он жыл бұрын "Ақмол" деген қазақ атауы қайтарылды. Сол жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен АЛЖИР тұтқындарының, құрбандарының рухына арналған мұражай ашылды.
Ал, АЛЖИР-де туған Богданецтер қазір 71 жаста. Балалары, немерелері бар. Репрессия құрбандарының балалары ретінде баспана алған, бақытты балалық шақ бұйырмаса да, қадірлі қарттар.
"Бірақ, қартайған сайын көз алдыма лагердегі жылдар жиі оралатын болып жүр. Ақмолдағы мұражайға жиі барып, анамның суретіне қарап қоямын. Қайран шешем өте сабырлы, шаршамайтын, мықты адам еді. АЛЖИР-дегі сегіз жыл оның сағын сындырды. Сонда да өмірге деген құштарлығын жоғалтпады. Төрт ұл тәрбиелеп, немерелерінің қызығын көріп кетті. Бірақ, жазықсыз азап тарттырған сол режимді, сол саясатты кешіре алмай, өксумен кетті.
Ол уақытқа менің де енді қайтып оралғым келмейді. Тағдырдың жазғаны сол, орыс ана, украин әке, Қазақстанда туған бала. Репрессия құрбандарының не үшін жазаланғанын кім білсін, бірақ олар өткен ғасырдың ең ауыр азабын тартты", – дейді Андрей Богданец.