Несие алуға мәжбүр болып, артынан қайтара алмай қалатын қазақтың қылша мойнын айдаһардың азуы қиып түспей ме?
"Мысықтың түсі маңызды емес, бастысы тышқан ауласа болғаны"
Бұл – Дэн Сяопиннің (Дың Шиаупиң) пікірі. Қытай Халық Республикасын құрған Мао Цзедун (Мао Зыдоң) өлгеннен кейін (1976 жылдың қыркүйегі) билік толығымен Дэн Сяопинге өтеді. Ол билік жүргізетін идеология маңызды емес, басты мәселе халықтың әл-ауқатын жақсартуда дегенді алға тартқан.
Оқи отырыңыз: Қытай қаупі әлемдік тақырыпқа айналды. "Барлық бәле Қытайдан" деу дұрыс па?
1960 жылдары Аспан асты елінде ашаршылықтан 45 миллион адам қаза тапты. Дэн Сяопин Қытайда социалистік идеологиямен капиталистік қоғам құруға бағдар жасады. Егер ол капиталистік құрылымды Қытай қоғамына бейімдемегенде, бүгінгі дамыған Қытайды көрмес едік. 2000 жылға дейін Қытай халқы орташа есеппен күніне бір рет жүрек жалғай алса, 2010 жылға қарай екі рет ас іше алатын болған. Ал қазіргі Қытай азаматтары әлауқатының статистикасы олардың күніне үш мезгіл толыққанды тамақтанатындарын көрсетеді.
Сяопиннің ізбасарлары "алдымен экономика, сосын саясат" принципімен елді дамытып келеді. Халқы көп болса да, жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, экономиканың жылдық өсім пайызын "әлемнің екінші үлкен экономикасы" статусын иемденгенге дейін екі таңбалы сан көрсеткішінен түсірген емес. Экономика бір жүйеге келген соң, Қытай үкіметі саясатқа, оның ішінде, геосаясатқа көшіп отыр.
Оқи отырыңыз: Қытайдың "әлемді жаулау" идеясы қалай жүзеге асырылып жатыр?
Маршалл жоспары
Франция мен Ұлыбритания фашистік Германия шабуылынан кейін халықаралық аренадағы беделін жоғалтты.
АҚШ екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әлемдік держава статусын иемдену мүмкіндіктерін жібермеді. Бұл соғыста қанша шығындалса да, жеңіске жеткен КСРО мен батыс шептен оған кейін көмекке келген АҚШ әлемдік гегемонияның шыңына шығу үшін өзара тайталасты.
Толығымен КСРО қоластына өткен Шығыс Еуропада коммунистік идеология құлашын жая бастағанда, АҚШ капиталистік бағыттағы елдердің қатарын көбейтіп, олардың әл-ауқатын арттыру саясатын ұстанады. Бұл – коммунистік идеологияның таралуына кедергі жасаудың жалғыз жолы болатын. Осыған орай, Батыс Еуропаны қайта қалпына келтіру үшін өндірістік субсидия ұсынады. Бұл тарихта "Маршалл жоспары" деген атпен қалды.
Оқи отырыңыз: АҚШ – Қытай сауда соғысы. Бұның Орталық Азия елдеріне ықпалы қандай болмақ?
Маршалл жоспарына Еуропаның 17 елі тартылады және АҚШ бюджетінен $13 миллиард жұмсалады. 2016 жылдағы валюта құны бойынша $110 миллиардқа тең қаржыны АҚШ екі мақсатқа жұмсауды көздейді. Біріншісі – Батыс Еуропа елдеріндегі билікке коммунистердің келуіне кедергі болу, екіншісі – "әлемдік держава" статусын алу еді.
Бюджетінен бөлген қаржыны қайтара алмаса да, АҚШ үшін оның пайдасы орасан зор болды. Есесіне Америка Еуропа елдері мен өзге континенттердегі олардың отарында 800-ден астам әскери базасын құрды. Экономикалық қарым-қатынастағы жеңілдіктерді қолданатын және БҰҰ-дағы ұсыныстарын қолдайтын елдердің қатарын көбейтті.
Оқи отырыңыз: Қытайдың құпия лагерлерінің шынайы кеспірі. ВВС тілшісі зерттеуінің ізімен
Бір сөзбен айтқанда, АҚШ "әлем полициясына" айналды. Бірақ кейде өз мақсатына жету үшін полиция не "ақтаушы", не "даттаушы" қызметін атқарады. Даттаушының қысымы Қытай сынды аймақтық державалардың ұнамасы анық. Сондықтан өзін аспан асты елі деп атауды жақсы көретін Қытай сыртқы саясаттағы өз беделін арттыруға көбірек назар аудара бастады.
Америкалықтардың "Маршалл жоспарын" заманауи жаңғырту мен қайталау арқылы Қытай үкіметі енді әлемдік үстемдікті иемденбек. Бұл жоба "Бір белдеу, бір жол" (Belt Road Initiative) деп аталады.
"Бір белдеу, бір жол"
Осыдан бес жыл бұрын басталған "Бір белдеу, бір жол" жобасына Қытай бюджетінен $4-8 триллион жұмсалады. Бұл – Маршалл жоспарынан кейінгі әлемдегі ең ауқымды инвестиция ағымы болып отыр. Қаржы Маршалл жоспарында саяси мақсаттағы субсидия болса, "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасы аясында инвестиция түрінде емес, көбіне Азияның аймақтық банктері тарапынан несие ретінде беріліп жатыр.
Оқи отырыңыз: Ақпараттық соғыста Қытай неге ұтылып жатыр? Қазақстанға одан пайда бар ма?
Жоба әзірге әлемнің үш континентіндегі 68 елді құрлық және теңіз жолы арқылы біріктіре бастады. Бірақ Қытай инвестициясы жобаға әлі енбеген елдерге де бағытталып отыр. Қытай үкіметінің назарындағы бұл елдер Африка құрлығы мен Таяу Шығыста орналасқан. Олармен өзара келісім-шарттар тез арада жасалатыны анық. Себебі Қытай үкіметі жобаның территориясын барынша кеңейту мәселесімен айналысып жатыр.
Қытайдың бұл жүрісі гео-экономикалық сипатта. Бір жағынан Қытай тауарларын экспорттаудың тиімді транзит жолын құруды мақсат етсе, екіншіден дамушы елдерге белгілі бір жеңілдіктермен инфрақұрылымдық инвестиция жасау арқылы олардың сеніміне кіру мүддесі бар.
Қытай тек өзіне тиімді жобаларды қаржыландырады
Қытай капиталының үштен бір бөлігі тауар айналымын жылдамдатуға ықпал ету мақсатымен жол, мұнай құбыры, темір жолдарын және порт салуға бағытталған. Ал қалған бөлігі өндірістік сектордегі түрлі зауыттарды салуға жұмсалып отыр. Қазақстанның қай өндірісіне инвестиция құятындығын Қытайдың өзі ұсынғаны бұл жерде біз үшін маңызды.
Дамушы елдердің мемлекеттік қарызын қайтару мүмкіндігінің бар-жоқтығына қарамай, Қытай қаржыландыруды жалғастырып жатыр. Себебі Қытай өз бюджетін игеріп, қосымша табыс табудың жолдарын қарастырмаса, ел экономикасы стагнацияға ұшырауы мүмкін.
– Қытайға дамушы елдердегі өндірістік ресурстар қажет. Қытай оларды импорттау үшін тасжолдар мен теңіз порттарын салып жатыр. Бұл Қытайдың тек экономикалық қызығушылығынан туындап отыр. Әрине, экономикалық мүдденің артынан саясаттың қалмайтыны белгілі. Өйткені жоба ұзақ мерзімге жоспарланған, – дейді Әлемдік экономика және саясат институтының (Institute of World Economics and Politics – IWEP) аға сарапшысы Антон Бугаенко Informburo.kz тілшісіне.
"Батыс Қытай – Батыс Еуропа"
Бұл – Солтүстік Еуропа мен Батыс Қытайды біріктіретін трансұлттық инфрақұрылымдық жоба. Жалпы 8445 шақырымды қамтитын транспортты автомагистраль Қытай (3425 шақырым), Қазақстан (2787 шақырым) және Ресей (2233 шақырым) территориялары арқылы өтеді. Қытай бұл тасжол арқылы Еуропаға еркін тауар тасымалдау мүмкіндігіне ие болмақ.
Жоба толығымен Қытай үкіметі тарапынан қаржыландырылып, құрылыс жұмыстары 2009 жылы басталды. Оның Қытайдағы бөлігі 2010 жылы бітсе, Қазақстандағысы 2013 жылы іске қосылды. Ал Ресеймен келіссөздер бүгінге дейін жалғасып жатыр.
– Бұл жоба Ресейдің Транссібір бағытымен жүретін темір жол транзитіне сұраныстың жойылуына алып келетіндіктен, Ресей әзірге келіспей тұр. Бірақ ерте ме, кеш пе, олар да келісімге қол қояды. Себебі бұл тасжол Ресейдің Қытайдан еш кедергісіз импорт жасауын және шығыс тауарларының тура Балтық теңізіне жылдам жеткізілуін қамтамасыз етеді, – дейді Антон Бугаенко.
Әлемдік банк мәліметіне сенсек, Халықаралық Қайта құру және Даму банкі (Қытай) жобаның Қазақстандағы бөлігіне 2,125 миллиард АҚШ доллары берген. Сосын тасжолға Қарағанды және Астана қалаларының айналма бағытын да қосу үшін аталған банктен тағы $217 миллион бөлінді.
51 жоба
Қытай Қазақстандағы өзіне тиімді 51 жобаға инвестиция жасауға дайын екендіктерін осыдан екі жыл бұрын мәлімдеді. Нақтылап өтсек, Қытай Қазақстандағы химия өндірісі, таулы металлургия секторы, машина жасау, энергетика, агроөндірістік кешендері, жеңіл өнеркәсіп, мұнай өңдеу мен құрылыс заттарын шығару салаларына жалпы есеппен $26,2 миллиард инвестиция жасауды ұсынды.
Қазақстандық Казинвест компаниясы бұл ұсыныстарды қарап, Қазақстанға тиімді шарттар шеңберінде қабылдау үстінде. IWEP жариялаған мәліметке сенсек, 2018 жылдың басына дейін "51 жаңа зауыт" бағдарламасы аясында Қазақстанда төрт жоба ($372 млн) іске асырылды. Тағы 37 жоба ($22 млрд) күн тәртібінде жоспарда тұр. Ал қалған 10 жоба ($3,9 млрд) әлі Қазинвест тарапынан мақұлданған жоқ. Соңғысы жүзеге аспай қалуы да мүмкін.
– Қытай Қазақстанның өндірістік секторына сырттай анализ жасап, осы жобаларға инвестиция құюды ұсынып отыр. Қазинвест компаниясы ұсыныс ережелеріне мұқият мән беріп отыр. Себебі Қытай инвестициясының негізгі принципі "өзіміздікін қолдау" екені белгілі. Мысалы, Қытай инвестициясын игерумен тек қытайлық компаниялар айналысуы керек. Сәйкесінше, Қытай еңбек нарығы мен технологиясы да бұған толықтай тартылуы тиіс, – дейде Антон Бугаенко.
IWEP сарапшысының айтуынша, Қазақстанға кірген инвестицияны қытайлық компания игерсе, ол қаржы Қытай нарығына кері қайтарылады. Бізде өндірістік сектор дамығанымен, еліміздің ішкі нарығына сіңбеген капитал көлемі ұлттық қарыз ретінде жазылады. Десе де, әзірге Қытай жұмысшыларына Қазақстан территориясына еркін кіру мүмкіндігі берілмей тұр. Сол себепті келісім аясындағы Қытай еңбек нарығын тарту мәселесі әлі де ашық күйінде қалдырылған.
"Қытай ұсынған инвестициялық бағдарлама ішінде әрқайсысына миллиард АҚШ доллары жұмсалатын 12 жоба бар. Миллиардтық капиталмен Шымкент пен Атырау мұнай өңдеу зауыттарындағы газохимиялық кешен толығымен жаңарса, қалғандарына жаңадан салынып жатқан өндірістік кәсіпорындар кіреді" дейді Антон Бугаенко.
Шаңхай бестігі
Алғашында "Шаңхай бестігі" атауымен құрылған ынтымақтастық ұйымның мақсаты гео-экономикалық бағытқа ауысты. Осыған дейін бұл ұйым мүшелері өзара қауіпсіздік деңгейін нығайтуды негізге алып, келісімдер жасаған болса, енді қарым-қатынасты нығайту үшін экономикалық келіссөздерге көшіп отыр.
Бұл ұйымға Пәкістан мен Үндістанның кіруі оның беделін арттырды. Азиядағы аймақтық ұйымда ядролық қару потенциалы бар төрт ел мүддесінің бірігуі АҚШ пен Еуропа Одағы елдерінің басшыларын ойландыратыны анық.
– Осыған дейін Орта Азия Шаңхай бестігінде маңызды рөл атқаратын. Ал оған Пәкістан мен Үндістан кірген соң, Қазақстанға ұйымдағы екінші деңгейлі ел ұстанымын алудан басқа амал қалмады. Ал бұл бірігу Қытай үшін орасан зор мүмкіндіктерге жол ашып отыр, – дейді Досым Сәтбаев.
Белгілі саясаттанушының айтуынша, Қытайдың Еуропаға бағытталатын транзитінің инфрақұрылымы Иран арқылы да өтеді. Ал оның Шаңхай Ынтымақтастық ұйымына кіру мүмкіндігі Қытайдың жол салуын жылдамдатады. Бірақ Иранға АҚШ тарапынан бағытталған экономикалық санкциялар әсерінен бұл әзірге мүмкін болмай тұр.
Шри-Ланка қарызы
Қытай өзінің Парсы шығанағынан мұнай тасымалдайтын танкерлері уақытша тоқтайтын портты Шри-Ланкада салуды жоспарлайды. Жаңа портты қаланы салуға $1,5 миллиард жұмсалады.
Аспан асты елінің ұсынған инвестициясын қуана қабылдаған Коломбо (Шри-Ланканың астанасы) көп өтпей қарызын қайтара алмайды. Үндістанның оңтүстік-шығысындағы арал-мемлекеттің негізгі кірісі шай экспорттаудан ғана түсетін еді. Қарызын өтей алмағаннан кейін, Шри-Ланка портты 99 жылға Қытайға жалға беруге келіседі.
– Бұл жағдай Қытай үшін үлкен кедергі келтіріп отыр. Себебі осы оқиғадан кейін өзге мемлекеттер олардың инвестициялық жобаларын қабылдамас бұрын көп ойланатын болды. Сосын капиталдың басым бөлігін кері қайтару немесе қайта қарауға жіберу процестері жиілей түсті. Қазақстан да солардың қатарында, – дейді Антон Бугаенко.
Boston Consulting Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ханс-Пол Бюркнер IWEP сарапшысымен келіспейтінін айтады. Оның ойынша, Қытай дамушы елдерге әдейі кең көлемде инвестиция жасап, оның қарызды қайтара алмайтын жағдайға жеткізеді. Сосын мәселені өзге жолмен шешуді ұсынады.
– Шри-Ланкадан бөлек, Пәкістан, Мьянма сынды елдерде де шарасыздықтан өндірістік аймағын Қытайға жалға беру келісімі тіркелді. Мұндай елдердің реті өсе беретініні анық. Себебі Қытайдың геосаяси мүддесі экономикалық экспансияға бағытталған, – дейді Бюркнер.
Қазақстан Қытайға қанша қарыз?
Қазақстанның сыртқы қарызы $168 миллиардқа жетті. Ал оның ішінде Қазақстанның Қытайға берешегінің көлемін ҚР Ұлттық экономика министрлігі нақты жариялаған жоқ.
– Қазинвесттің назары Қытай инвестициясына бағытталған. Себебі ұсыныстың басым бөлігі Қазақстанға тиімді. Бірақ толық талдауды қажет ететіні анық, – дейді IWEP cарапшысы.
Америкалық сарапшылар Қазақстанның Қытайға берешек қарызының айтарлықтай қиындық тудырмайтынын айтады. Осындай пікірмен Boston Consulting Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ханс-Пол Бюркнер мен америкалық International Strategies Inc. корпорациясының президенті Кларк Плексико бөлісіп отыр.
– Қазақстанның әлемдік нарыққа шығаратын шикізаты көп. Қытайға қарызын қайтару аса қиындық тудырмайды. Тек инвестицияны пайдалану кезінде мұқият болу керек, – дейді Бюркнер.
Батыс елдері неге алаңдайды?
Инфрақұрылымдық жобалар арқылы Қытайдың Еуразия континентін жаулауы көбіне Батыс Еуропа мен АҚШ сарапшыларын қатты алаңдатады.
АҚШ астанасы Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы (CSIS) Азияны қайта байланыстыру жобасының директоры Джонатан Хиллманның ойынша, Қытайдың инфрақұрылымдық инвестициялық жобалары дамушы елдерге үлкен көмек болғанымен, аз уақытта олардың территориясының Қытайдың экономикалық бақылау аймағына айналу қаупі бар. Қытай осы әдіспен теңіз және континеттік жолдардың маңызды әрі негізгі бағыттарын бақылауға алуды бастап кетті. Транзит меншіктелгеннен кейін сол бағытпен жүретін сауда қатынасын жылдамдату мүмкіндігі туады. Қытай осыны көздеп отыр-мыс.
– Сол себепті, Азияның дамушы елдері Қытай инфрақұрылымдық инвестициясына келісімін беру кезінде әрбір жобаны бөлек қарастырып, шешім қабылдағандары жөн. Әйтпесе, толық бақылау Қытайға өтіп кетуі мүмкін, – дейді сарапшы.
Джонатан Хиллманның айтуынша, дамушы елдермен келісімге келу барысында Қытай инвестиция көлемін барынша арттыруға тырысады. Ал оған қуанған елдің үкімет басшылары кез келген шартқа қол қоя салады. Пәкістан, Шри Ланка сынды Азияның бірнеше елі осындай жағдайда қақпанға түсіп, тауқыметін тартып отыр. Мысалы, қарызды қайтара алмағаннан кейін, сыртқы инвестицияға салынған теңіз портын Қытайға жалға беруден басқа Шри Ланка үкіметінің амалы қалмады. Енді Қытай жалға алынған аймақты еш кедергісіз 99 жыл бойы пайдалана алады.
– Менің ойымша, Қытайға берешек қарызы мен оның пайыздық мөлшерлемесінен құтылуға Қазақстанның қауқары жетеді. Десе де, мұндай инфрақұрылымдық инвестиция шарттарына келісім берместен бұрын, барлық факторларды таразылап алған жөн, – дейді Ханс-Пол Бюркнер.
Бюркнердің айтуынша, Қытайдың инвестиция жасаудағы мақсатына геосаяси мүддесі де кіреді.
"Қытайды тоқтату мүмкін емес"
"Қытайдың бүгінгі гео-экономикалық стратегиясын тоқтату мүмкін емес. Олар саннан сапаға көше бастаған кезде-ақ әлемдік нарықта беделі арта түсті. Қытайдың аймақтық инвестициялық жобасының капиталы күн өткен сайын артып келеді. Себебі тізімге жаңа елдер қосылуда" дейді сарапшы.
Антон Бугаенконың айтуынша, Қытайдың ұсыныстарын тежей алмайсың. Бірақ оны өзімізге тиімді жолға бағыттауға болады. Мысалы, бүгінге дейін Қазақстанға ұсынылған Қытай инвестициясының көлемі $80 миллиардқа жетіп қалды. Бірақ олардың басым бөлігі әзірге қағаз жүзінде қалып отыр. Жобалардың барлығы Қазақстан тарапынан мақұлданып, жүзеге асырылуы екіталай. Соның өзінде жалпы соманың үштен екі бөлігінің ішкі нарыққа кіретіні белгілі. Десе де, келісімдердің екі жаққа да тиімді түрде жасалуы маңызды.
Қытайдың инфрақұрылымдық инвестициялары Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар банкі (AIIB) мен Жібек жолы қоры (SRF) арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұл америкалықтардың Маршалл жоспарын бастаған кезде құрған Әлемдік банк (WB) пен Халықаралық Валюта қорының (IMF) Азиядағы құрылымдық моделі болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, АҚШ-ты үстем еткен жобаны Қытай қайталауды ұйғарған. Дегенмен Шри-Ланка жағдайын ескермегенде, әзірге Қытай өзінің геосаяси ықпалын көрсетуге тырысып жатқан жоқ.