Қазақ "тойдың болғанынан боладысы қызық" дейді. Аstrа картасына келсек, тойдан кейінгі жағдай одан да "қызық" болып бара жатыр. Астанада 21 шілдеден бастап енгізілген сараланған тарифке қатысты шыққан шу ұлағайып барады. Халықтың кемшілігін айтып шағымдануы көбейді. Соны арқалап ALRT-ға бір-ақ барайық деп халықтың ескертпесін естуге көшеге шықтық...
Сонымен, жол ақысы қанша?
Алдымен Астаналық базарына қатынайтын автобусқа міндік. Жолай жіті бақылап, әр жағдайды назардан тыс қалдырмадық. Алдымен екі апай дауласа кірген бойы кондукторға дүрсе қоя берді.
– Бұл не деген масқара. Қашан мына жағдайды реттейсіңдер? Әр автобусқа кірген сайын менен 180 теңге алады.Неге одан да бірден "Жолақы – 180 теңге" деп ашық жариялай салмайсыңдар? Мен әр автобусқа кірген сайын бақылап келемін. 14, 19, 40... қанша автобусқа кірдім. Соның бәрінде екі есе төлемақы алып жатыр. Қанша уақыт бойы арттарынна қалмай, айтып жүрмін, бәрібір де сол мәселе реттелмей келеді. 90 теңге үшін қаншама уақытымды кетірдім. Айтудан шаршадық, – деп ренжи сөйледі.
Сосын ақырын кондукторға жақындап мән-жайды білдік. Ол кісі ағынан жарылып, өз ойын айтып берді.
Кондуктор – ол да қарапайым адам
– Жұмыстан тысқары уақытта мен де автобусқа жолаушы ретінде мінемін. Картаға ақша толтырудың өзіне қаншама уақыт кетеді. Оны айтпағанда, өзім де білмейтін нәрсе үшін, ұрыс естіп, жүйкемді жұқартады. Кондукторларға да қиын.
Біз де – көп халықтың біріміз. Біз де елді ойлаймыз, жақсы қызмет көрсеткіміз келеді. Ал мына жасалып отырған қолайсыздықтар жүргінші мен біздің арамыздағы түсініспестікті еселеп кетті. Көп адамнан естідім, 90 теңгенің орнына 180 теңге алып жатыр дегенді. Оның себебі, құрылғыдан болуы мүмкін. Шынымен бізге көп шағымданады. Неге 180 теңге алады? Неге онлайн төлем жасау жүйесі жоқ? Неге билет қымбат? Неге ортаңғы есікті ашпайсыңдар, т.с.с сұрақтармен жиі мазалайды. Оның нақты жауабын өзім де білмеймін, – деді (Бірақ ол кісі есімін атамауымызды сұрады).
Сөйтіп, Астаналық базарға да жеттік
Ол жердегі төлем жасайтын терминалдардың алды әдеттегідей лық толы адам. Astra төлем картасына ақша салу үшін біз де кезекке тұрдық. 50 минут тапжылмай күттік. Тұрғандармен тілдесіп, ойларын білдік. Бәрінің көкейіндегі сауал – біреу.
– Мен өз басым осы Astra карта шыққанына өте қуандым. Адамдар үйренісіп келе жатыр. Тиімсіз жақтары да жетерлік. Атап айтар болсам, бірінші, мынау Astra төлем жүйелері аз. Яғни, қаншама уақытымыз сол себепті жоғалтамыз. Үйде бала-шаға бар, жұмыстан шаршап шыққанда картаны ақшаға толтырамын деп тағы бір сағат кезекке тұру оңай емес.
Екінші, терминалдардан да төлем жасауға болады дегенде басында қуанып едік, артынша су сепкендей басылды. Себебі, салған ақша бірден түспейді, 24 сағат күту керек. Түскенше, әр мінген сайын 180 теңге төлеуге тура келеді. Бұл қалай сонда, біз картаға да, автобусқа да төлем жасауымыз керек пе? Екі желініп жүре береміз бе, қалтамыз көтермейді.
Халыққа тиімді деп ендірген екен, неге бірден шынымен де сол жағын шешіп қоймайды? Неге телефонға бірлік салғандай онлайн төлем жүйесін неге жасамайды?
Үшінші, төлем картамыздағы ақшаны тексеру жағы қиын. Бірі білсе, бірі білмейді. Соны неге автобустағы құрылғыны басқан сайын көрсетіп тұратындай жасамасқа? Мысалы үйлердегі лифт жүйелері сондай! Неше рет мініп-түскеніңді соны көрсетіп тұрады. Ал осындайды автобусқа жасап қойса, өте тиімді болар еді. Қанша ақша алды деген сияқты артық әңгіме болмас еді, – дейді Астана қаласының тұрғыны Айжанат Нұрсейіт.
Біздің де көкейіміздегі сауал сол еді.
Көлік картасының арқасында астаналық тасымалдаушылардың табысы артты
Елдің көкейтесті сұрақтарын арқалап, "Астана LRT"-ға барып қайттық. Бізге компанияның қоғаммен байланыс қызметінің бас менеджері Әлия Жарқынбекова жауап берді.
– Аталмыш жүйені енгізбестен бұрын бірнеше елдің тәжірибесі зерттелді. Еуропа елдерінің көпшілігінде электронды төлем жүйесі қолданылады. Біз міне, осы тәжірибеге сүйеніп жұмыс істеп жатырмыз,– дейді ол.
Жалпы көлік картасы нақты жолаушылар санын есептеуге мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде мамандарға жаңа бағдарларды енгізуге, оларды ыңғайлы етіп жетілдіруге көмектеседі.
Ал жолаушылар үшін де пайдасы – өзімен бірге қолма-қол ақша алып жүрмейді. Ұсақ тиын тасып немесе ірі ақшаны ұсақтауға тиын іздеп әуре болмайды.
Тағы бір пайдасы – қоғамдық көлік саласындағы көлеңкелі ақша айналымын азайтуға мүмкіндік береді. Қала бюджетіне тиісті қаражат өз орнына адаспай жетіп, жол-көлік инфрақұрылымын және қоғамдық көлікті дамытуға арналған небір үлкен жобалар мен жұмыстарға жұмсалатын болады.
Мысалы, астаналық тасымалдаушылардың табысы 15%-дан 30%-ға дейін өсіпті.
Астаналықтардың 93%-ы көліктік төлем картасын таңдапты
– Қоғамдық көлік саласы халықпен тығыз байланыста болғандықтан, даулы жағдайлардың туындауы заңды. Жолаушылардың ұсыныстары мен шағымдары қабылданып, оны шешу жолдарын қарастырамыз. Қоғамдық көлік қызметін жетілдіру үшін әр түскен ұсыныс пен шағым жіті қадағаланады. Алдағы уақытта барлық мәселе өз шешімін табады, – деп сендірді бізді Әлия Жарқынбекова.
Әр енгізілген жаңашылдыққа үйрену үшін белгілі бір уақыт керек. Басқа қалалар мен елдердің тәжірибесі көрсеткендей, жол ақысын төлеудің электронды жүйесін енгізудің түпкі нәтижесі еліміздегі қоғамдық көлік саласына оң өзгеріс әкеледі. Алайда, ол елдерде де халық жаңа электронды жүйеге бірден емес, келе-келе үйренді.
Бүгінде жолаушылардың басым дені көліктік карталарды еш қиындықсыз қолданып жүр. Нақты көрсеткіштерді алатын болсақ, астаналық жолаушылардың 93%-ы жолақысын төлеудің басқа түрлерінен гөрі көліктік картаны таңдайды.
Халыққа түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқандығын мәлімдейміз. Не нәрсе алғаш қолданысқа түскенде міндетті түрде үйрене алмаушылық болады, кесірінен қарсылық пен наразылық туындайды. Бұл – қалыпты жағдай. Десе де біз ол қалыпты деп қарап отырмаймыз, халыққа тиімді болар жағын қарастырып жатырмыз, – деді Ә.Жарқынбекова.
Енді жол ақысын SMS арқылы төлей аласыз
Қазір қала бойынша 30 терминал және 6 касса қызмет етеді. Уақытыңызды үнемдегіңіз келсе, жол ақысын төлеудің картадан бөлек бірнеше түрі бар. Егер сіз Аctiv, Kcell, Beeline абоненті болсаңыз, SMS хабарлама арқылы, "SMSBus жолаушы" қосымшасымен, "Мой Beeline" қосымшасы (егер Beeline абоненті болсаңыз), Homebank қосымшасы арқылы (егер Halyk Bank немесе Qazkom картаңыз болса) автобуста QR-код арқылы төлей аласыз.
Ол үшін 2505 нөміріне автобустың QR-кодын жіберсеңіз жеткілікті. Оны автобус ішінен таба аласыз. 90 теңге балансыңыздан шешіледі. Чек ретінде төлем сомасы, маршруттың нөмірі, уақыты және тасымалдаушысы көрсетілетін электрондық ақпарат келіп түседі. 2505 нөміріне SMS жіберу тегін, яғни, жол ақысынан бөлек қосымша ақы алынбайды.
Ол үшін келесідей алты қадамнан тұратын әрекеттерді жасайсыз:
- Аталған қосымшалардың біреуін ашыңыз.
- Автобус ішінде QR-кодты табыңыз
- Кодты сканерлеңіз
- Қосымшаның әрі қарай нұсқаулығына сүйеніңіз
- Төлемді растаңыз.
- Электронды чегі бар SMS хабарламаны күтіңіз
Жол ақысы қосымшаның баптауларына байланысты ұялы телефоныңыздың теңгерімінен немесе банк картаңыздың шотынан алынады.
Бұрын 24 сағатқа созылатын электронды төлемнің уақыты да қысқартылмақ
– Қазір ол оффлайн режимде жұмыс істейді. Төленген ақша 24 сағатта түседі. Болашақта жолаушылардың RTVM терминалдар мен мамандандырылған кассалардан бөлек ресурстардан салынған қаражатының түсу уақыты азаяды. Алдымыздағы бір-екі айда үш сағатта, ал кейін 15 минут ішінде төленген қаржы картаңызға түсетін болады, – дейді Әлия Жарқынбекова.
Картадағы қаражатты қалай көреміз?
Оған автобустағы кез келген қызметкер жауап беріп, көмектесе алады. Картаңыздағы қаражат қалдығын өзіңіз тексеру үшін валидатордың оң жақ төменгі (і) түймесін басып біле аласыз. Сонымен қатар, картаңыз бойынша қаражатты www.transcard.kz сайтынан қарасаңыз болады.
Ал қанша төлем алынғаны және картада қанша қалғаны бірден валидаторларда көрсетілсін деген халықтан түскен ұсыныс дұрыс болғанымен ол бір күнде орындала қалмайды. Оған қаражат пен белгілі бір уақыт керек. Әрине, бізге де керегі халыққа жасалған қызметтің сапалылығы, – дейді Әлия Жарқынбекова.
"Жолақыға 180 теңге алынады деген ақпарат – жалған" дейді АLRT
– Бүгінгі таңда бұндай сұрақ көптеп түсіп жатыр. Бірақ, расталған факті жоқ. Жолаушыларға карта бойынша егжей-тегжейлі ақпарат (детализация) ұсынылады. Өйткені қоғамдық көліктердегі төлем құрылғыларының барлығы бір жүйеге негізделген. Бұған ешікім өзгеріс жасап, көп немесе артық соманы ала алмайды. Басында бекітілген 90 теңге барлық жерде бірдей төлем ретінде алынады. Тіпті кондукторлар да бұл мәселеге араласа алмайды. Валидаторлар 180 теңге алды деу мүлде қисынсыз. Бұл жағдай ешқашан болмаған және болмайды да. Шағымданған жолаушылардың жүру кестесімен уақытын сараптап, сараптама детализациясын ұсынамыз. Сонда ғана көздері жеткен жүргіншілер, сабаларына түседі. Алаңдамаңыздар, ешқандай да 180 теңге алынбайды. 100 пайыз кепілдік бар, – деп сендірді Әлия Жарқынбекова.
Электронды төлем картасының бағасы қымбаттай ма?
– Алматыда "Оңай" электронды төлем картасының бағасы 100 теңгеге қымбаттады. Ал Астана қаласының тұрғындары бұған алаңдамаса да болады. Себебі, әзірге карта бағасын өсіру ойымызда да жоқ, – дейді Әлия Жарқынбекова.