Тікелей эфир

Астана тұрғындары көк түтінге тұншығып жүр

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Жасыл энергия отаны атанамыз деп "ЭКСПО 2017" көрмесінің көрігін қыздырған Астана түтінге батып тұр. Газ келе ме жоқ па, белгісіз. Көмір шет елге кетіп жатыр.

Астана қаласында мұржаладан будақтаған түтін аспанға тарап, қала үстін басып қалады. 2016 жылғы Қазгидрометтің мәліметі бойынша Астана қаласы ауасы ластану деңгейі бойынша төртінші орынға көтеріліп, еліміздегі алдыңғы лас қала қатарына еніпті.

Бұған Астана жылу электр орталығының (ЖЭО) әлі газға көшірілмегені басты себеп болды. Және мұржаларға түтін сүзгіш фильтр орнатылмаған.

Оның үстіне, соңғы жылдары қала төңірегін ораған орман мен биік ғимараттардың көбеюінен азынаған ауа ағынына да тоқтау болған. Мүмкін әлемдік климаттағы өзгерістің әсері де болар. Қайтсек те, түтінмен бірге улы қалдықтар да қалаға төніп, айналаға тарап жатыр. Оған ерсілі-қарсылы ағылған көліктердің түтіні қосылып, адам денсаулығын құртады.


Астана кеш болса болды осындай түтін мен ыс қаланы басып кетуде

Кеш түсе осындай түтін мен ыстан Астана іші буалдыр тартып, көрінбей қалады / Фото informburo.kz


Түтіннің құрамындағы аспанға көтеріле алмайтын ауыр металдар денсаулыққа өте қауіпті

– Түтіннің құрамында күкірттің қос тотығы, азот тотығы, көмір қышқылы қатарлы зиянды газдармен бірге ауыр металдар болады. Әдетте түтінмен аспанға ұшып, әрі қарай тарап кететіндерінен гөрі қайтадан жерге қонатын ауыр металдардың денсаулыққа зияны орасан зор – дейді эколог Ерлан Мақажанов.

Түтіннің құрамында тек көмір қышқылы газы бар десеңіз, қателесесіз. Әсіресе ыс пен ауыр металдар адам денсаулығына өте қауіпті. Түрлі ісік (онкологиялық) ауруларын тудырады, жұтқыншақ, кеңірдек, өкпе қатарлы ағзаларға ауыр зиянын тигізеді.


Түтінге қақалған тұрғындар да реніш білдіруде

Түтінге тұншыққан тұрғындардың реніші қатты / Фото informburo.kz


Кеште де, ерте де далаға шығу қиындап кетті

Кеште не таңертең жұрт жаппай пеш жағады. Бір мезгілде шыққан қою түтіндер ауаны ластайтыны соншалық, дем алуды қиындатып жіберді. Дәрігерлер де балаларды осы кезде далаға көп шығармау туралы ескертеді.


Қалаға қарай жөңкілген Астана ЖЭО-ның түтіні

Астана ЖЭО-ның түтіні қалаға қарай жөңкіледі/ Фото informburo.kz


Ауаны таза ұстау үшін ірі қалаларды газ отынына көшіру керек

Астана мен Қарағандыны 2020 жылға қарай газдандыру, бұл қалаларда өндірістік қуаты шамамен 2,5 гигаватт болатын газ мекемелерін салу, көмір ЖЭО-ларын газ отынына көшіру, жаңарту жүзеге асырылу керек деп бекітілген.


Астана жылу эелктр стациясының моржалары

Астанадағы жылу электр стасасының мұржалары / Фото informburo.kz


Мұржадағы түтінді 99 пайызға дейін тазалай алатын құрылғы бар

– Астана қаласындағы ЖЭО-ын тез арада жаңғыртқан дұрыс. Мұржадағы түтіннің құрамын зиянды қалдықтардан 99 пайызға дейін тазалай алатын әлемдегі үздік шешімді шығарушымен байланыс орнатып отырмыз. Және де олар құрылғыны алғашында қаржыландыру мен іске қосуды өз мойындарына алады. Есептер жасап, нақты ұсыныс беру үшін олар бізден кейбір көпшілікке жабық мәліметтерді сұратып отыр. Тиісті ақпаратты алу оңай емес. Әлемде мұндай фильтрлер барлық жерде бар. Корея мен Жапонияның қалалары түрлі зауыттармен қоршалғанымен осындай тазартудың арқасында халқы еш зиян шегіп отырған жоқ. Біз тіптен, Алматы қаласындағы жылу электр орталығын газға көшіру және түтін сүзгіш фильтрді орнату мәселесінде көмектесіп отырмыз, – дейді "Байтақ болашақ" республикалық экологиялық альянстың президенті Азаматхан Әміртай.


ЖЭО-ның екінші блогындағы моржалар

ЖЭО-ның екінші блогының мұржалары / Фото informburo.kz


Жапырақтармен бірге атмосфераны ластайтын әр түрлі қоқыстар да жанады

– Оның үстіне қалада көптеген тұрғындар мен зауыттар қалдықтарын өртеп жібереді. Бір тонна өсімдік қалдықтарының жануы ауаға 9 кг түтін микробөлшектеріне дейін шығарады. Оның құрамына шаң, азот оксиді, көмір қышқыл газы, ауыр металдар және канцерогенді қоспалар кіреді. Оттегісіз тозаңдалатын алаудан бензопирен бөлініп шығады, ол өз кезегінде ол адамда онкологиялық аурулардың пайда болуына әсер етеді. Одан бөлек, түтінмен ауаға бүгінгі таңда белгілі ең қауіпті улы xимиялық зат деп есептелетін диоксендер тарайды. Оның үстіне жапырақтармен бірге атмосфераны ластайтын әр түрлі қоқыстар да жанады, – дейді экология саласында біраз шараларға мұрындық болып жүрген қоғамдық белсенді Арман Хайруллин.


ЖЭО-ның көмір қоры мен көмір тасыған вагондар тізбегі

ЖЭО-ның көмір қоры мен көмір тасыған вагондар тізбегі / Фото informburo.kz


Зиянды газдарды шығаруды азайту үшін не істеу керек

1. Ескі әрі тиімсіз қазандықтарды жаңғырту немесе ауыстыру. Тиімділігі жоғары жабдықтарды пайдалану.

2. Жылумен жабдықтау жүйесін жүйелеу.

3. Көмірдің орнына газ жағатын жүйеге өзгерту және түтін сүзгіштерді (фильтрлерді) орнату.


ЖЭО-ның ішкі көрністері

ЖЭО-ның ішкі көріністері / Жеке мұрағаттан


Астанаға газ қашан келеді?

ҚР Энергетика Министрлігінің Газ өнеркәсібін дамыту департаментінің басшысы Зияш Қияқбаевтің 2017 жылы қарашадағы мәліметінде "Астанаға газ жеткізу" жобасы туралы айтылған. Алайда жуық жылдары келе қоймайтыны белгілі болды. Ол үшін Бозой – Бейнеу – Шымкент газ құбыры желісін Сарыарқа құбыр желісімен тұтастыру керек екен. Тіптен, оған алдын ала 270 миллиард теңге ақша да бөлініпті. Соған қарағанда газ Астанаға 2020 жылға дейін жетуі мүмкін.


ЖЭО-ның қызметтерін басқару орталықтары

ЖЭО-ның қызметтерін басқару орталықтары / Жеке мұрағаттан


Жасыл энергияға өтудің экономикалық және экологиялық пайдасы өте жоғары

Бұл туралы "Жасыл экономика тұжырымдамасында" айтылған. Қазіргі шығып жатқан түтіндердің зияндылығын азайту, яғни, экологиялық жағдайды жақсарту үшін оны тек бір салада қарастырмай, жан-жақты қолға алған жөн:

1. Құқықтық. Бұған қоршаған ортаны сақтау туралы заңдар кіреді. Халықаралық келісімдер де маңызды рөл атқарады.

2. Экономикалық. Табиғатқа теxногендік әсер етуден туындаған мәселелерді жою, өнімді тәсілдерді қолдану.

3. Экологиялық таза энергия көздерін пайдалану. Мысалы, күн, жел энергиялары.

4. Монополиялаудың алдын алып, бәсекеге қабілетті шағын электр орталықтарының қызметін жолға қою.

5. Арxитектуралық. Үлкен және кіші елді мекендерді арнайы көгалдандыру. Кәсіпорындар мен жол бойын көгалдандыру да маңызды.


Астанадағы шағын зауоттың моржасы

Астанадағы жол бойындағы зауыттардың мұржасы / Фото informburo.kz


Алматыда ЖЭО-2-ні газға ауыстыру жобасын іске асыру арқылы қаланы түтіннен тазарату басталды.

– "Байтақ болашақ" республикалық экологиялық альянстың бұл жұмыспен айналысқанына биыл екінші жыл. Қазір Экоальянс бастаған Алматы экологтары әкімдікпен, ЖЭО-2 және энергетика басқармасы, энергетика және байланыс университетімен бірлесе отырып нақты жұмыс барысын жоспарлап жатыр. Әлемдік Гюриш компаниясының өкілдері де кеңес беріп отыр. Тіптен, Экоальянс инвесторлар тарту мәселесін де шешу үстінде, – дейді Азаматхан Әміртай.


Алматы қаласының әкімдігі ауаның 80 пайызын көліктен шыққан газ ластайды дейді

Алматы қаласының әкімдігінің мәліметіне сүйенсек ауаның 80 пайызын көліктен шыққан газ ластайды/ auagroup.kz сайтынан алынды


Жасыл энергияның ауылы әлі алыс

Халықаралық энергетикалық агенттіктің деректері бойынша, Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің энергияны қажетсінуі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ-ға) кіретін елдердің орташа деңгейінен шамамен жеті есе жоғары және Ресейдің орташа деңгейінен 25 пайызға жоғары. Негізгі себептер:

1) Жасыл энергия көздерін пайдалану бойынша "Париж конвенциясының" міндеттемелері орындалмай келеді.

2) Электр стансаларында негізінен көмір қолданылады;

3) Көмір мен жылу энергиясын көп тұтынуды талап ететін қатаң климаттық жағдайлар;

4)Негізгі салалардағы басқы және қосалқы жабдықтың елеулі тозуы (энергетикада 60-80 пайыз, түрлі-түсті металлургияда 30-40 пайыз және т.б.) және оларды жаңартудың төмен коэффициенті;

5) Автомобиль көлігінің 80 пайызы 10 жылдан астам қолданыста, ірі қалаларда көлік ағынының 70 пайыздан астамы жеке меншік автомобильдердің үлесінде ;

6) Қолданыстағы қазандықтардың тиімділігі 65-70 пайыздан аспайды, ал жаңа қазандықтар мұны 85-90 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берер еді;

7) Жылу энергиясын жылу желілері бойынша беру кезіндегі жоғалту үлкен көлемде (25-40 пайызға дейін). Ал халықаралық тәжірибе бұл көрсеткішті 10 пайызға дейін жеткізу мүмкіндігін айғақтайды.


]Электр энергиясын өндіруден қалған қалдықтар туралы салыстырмалы кесте

]Электр энергиясын өндіруден қалған қалдықтар туралы салыстырмалы кесте / ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су істері министрлігінің сайтынан


Астанада әлі де көмір тапшылығы бар


Астана қаласының Жұбанов көшесінің бойындағы көмір бекетінен көмірдің келуін күткен жүк көліктері

Астана қаласының Жұбанов көшесінің бойындағы бекетте көмірдің келуін күткендердің жүк көліктері / Фото informburo.kz



Көмір тасуға тапсырыс алып тұрған жүргізушілер

Көмір тасуға тапсырыс алып тұрған жүргізушілер / Фото informburo.kz


–Көмір сату алаңына таңертең түскен бес вагон Шұбаркөл көмірі лезде түгеп кетті. Тоннасы 11500 теңгеден. Ал Майкүбі көмірі 10500 теңгеден, – дейді көмір сатушылар.

Енді оған 4000-10000 теңге аралығындағы тасымал ақысын қосыңыз. Үйіңізге жеткенше 15000 теңгеден асып кетеді.


Көмір түсіретін жердегі босап қалған алаң мен көмір салғыш техника

Көмір түсіретін жердегі босап қалған алаң мен көмір тиейтін техника / Фото informburo.kz


Көмірдің қабы 800 теңгеден

Қара базарда көмірді тонналап саудалағаннан қаппен сатқан пайдалы. Әдетте бір қап көмір 35 келі айналасында болады. Бағасы 800 теңге. Көптеу алсаңыз – 700 теңгеден. Көбінесе тонналап көмір алуға шамасы келмегендер осылай қаппен алуға мәжбүр.

Бұдан түсетін пайда да көп. Себебі, әр тонна көмірден 28-30 қап шығады. Сонда оның құны 22-23 мың теңгеден асып жығылады.


Оңтүстік шығыс райондағы көмір сатушылар

Астананың оңтүстік шығысы. Қапталған көмір / Фото informburo.kz



Мөшектеп көмір сатылуда

Көмірді қаптап сату тиімді / Фото informburo.kz


Қымбат үйлердің арнайы от жағушысы бар

Оларға қыс түсе сұраныс көбейеді. Себебі, Астанадағы мыңдаған коттдеж үйлерді көмір жағып жылытады. От жағушының жалақысы әр түрлі. Кейбірінің отбасына бір бөлмеге тұруға рұқсат береді, олар есесіне от жағып тұрулары керек. Кейде үлкен коттдеж иелері оларға 40-100 мыңға дейін жалақы төлейді.

Көмір пешінің бағасы да әр түрлі. Жылу тиімділігі жоғары, үнемді пештер әдетте 350 мың теңгеден басталады. Артықшылығы – үй ішінде ыс шығармайды, сыртын балалар ұстаса да күймейді.

Алайда бағасы тым қымбат еуропалық пештердің басым көпшілігі көмір таңдайды. Яғни, Шұбаркөл көмірі болмаса түтіктері бітеліп, түтінге қақалады екен.

Тұрғындардың айтуынша әр үйде жылына аз дегенде 15-16 тоннаға дейін көмір жағады.


Неміс пешін орнатқандар да бар

Неміс пешін орнатқандар да бар / Фото informburo.kz


Қазақстан көмірінің шетелдік нарықтағы бағасы тоннасына 60 мың теңгеден басталады

Саясаттанушы Саясат Нұрбектің пікірінше, Қазір Қазақстанда ішкі нарықта көмірдің бір тоннасы орташа есеппен 10000-15 000 теңге аралығында сатылады. Бүгінгі валюта курсымен, шамамен 30 доллар (1$ – 335 теңге).

Ал, әлемдік нарықта бір тонна көмірдің орташа бағасы 2016 жылдың қаңтарында 308 долларға (шамамен 100 000 теңге) жеткен. Қытайдағы экологиялық жағдайдың қиындауына байланысты көмір өндірісін азайтып, жақпа газға көшкені белгілі. Сол үшін Өзбекстан – Қазақстан газ құбырын салып, мыңдаған ауылдары мен қалаларының жылу саласын газдандырды.

Көмір АҚШ пен Еуропада 178 (60 000 теңгеге) долларға дейін арзандап отыр. Бірақ, қалай арзандаса да, әлемдік нарықтағы көмірдің бағасы Қазақстанмен салыстырғанда, 5-7 есеге қымбат.

Осы себептерге байланысты еліміздің көмір өндірушілері оны шет елге сатуға құлықты.

Бүгінгі Астанадағы көмір тапшылығының түпкі себебі де осында.

Серіктестер жаңалықтары