Тікелей эфир

Аспиринді әзірге рецептісіз сатып алуға болады. Рұқсаттың не үшін аз уақытқа берілгенін айтамыз.

Арнайы informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
Арнайы informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
Рецептісіз сатып алуға болатын дәрі-дәрмектердің тізімі кеңейтілді. Бірақ міндетті медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін қайтадан рецептімен босатылады.

1-ші маусымнан бастап Қазақстанда дәрі-дәрмектерді сату қағидасына күшейту енгізілді – бұдан былай барлығы 7792 дәрі-дәрмектің 1759-і ғана рецептімен беріледі. Қалған 77%-ы дәріханалардан дәрігердің жазбаша рұқсатымен босатылады.

Әлеуметтік желідегі шудан кейін Денсаулық сақтау министрлігі рецептімен босатылатын дәрілер тізімінен 100-ден аса дәріні алып тастады. Алайда уақытша жасалған шара болып шықты. Келесі жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен соң бәрі орнына келеді.

Мұны не үшін істеп отыр? Рецептімен босатылатын дәрілер тізімін қайдан қаруға болады? Емханалардан рецепт алу оңай ма – не себепті дәрі-дәрмекті бұған дейін біраз уақыт еркін сатып келді – informburo.kz-тің төмендегі материалдында.

"Дәріханалар шектен шықты"

Дәрі-дәрмектерді міндетті түрде рецептімен сату туралы заң Қазақстанда 15 жыл бұрын қабылданды. Алайда, дәрігерлердің өзі оның біраз уақыттан бері орындалмай отырғанын мойындайды. Дәріханалар антибиотиктер мен басқа да күшті әсері бар дәрілерді рецептісіз-ақ сатып келді.

Жағдайды өзгерту үшін 2018 жылдың сәуір айында Денсаулық сақтау министрлігі рецептілерді жазу, есепке алу және сақтау Қағидасын бекіту туралы бұйрыққа екі өзгеріс енгізді:

  • Дәріханалардың рецептіні сақтау мерзімі бір жылдан 3 жылға дейін ұзартылды;
  • Рецептісіз дәрі-дәрмек сатқаны үшін айыппұл көлемін 130 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін көтерді (328 мың теңгеден 505 мың теңгеге дейін). Ал, құқық бұзу қайталанғанда жарты жылға лицензиясынан айырылуы мүмкін.

Дәріханашылар шағымданған соң, бірінші норманы алып тастау туралы шешім қабылданды. Министрлік бұйрық жобасын дайындап қойды.

– Рецепттерді сақтау мерзімін бір жылдан үш жылға дейін ұзарту туралы бұйрық қазір Үкіметте қаралып жатыр. Ол қабылданатын болады. Рецепттерді денсаулық сақтау ұйымдарының бәрінде жазып береді: жедел жәрдем бригадасы, аурулар ауруханадан шыққаннан кейін қолында рецептісі болуы үшін ауруханалар да жазады, – дейді ҚР Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Мәрия Дүрманова.

Айыппұлдарды өсіру туралы екінші норма теріс нәтиже көрсетті. Айыппұлдан қорқып, дәріханашылар рецептімен ғана емес, рецептісіз берілетін дәрілерді сатуды да тоқтатты. Шағын дәріханалардың иелері жаңалыққа дайын еместігін айтып ақталды. Рецепті алып үйренбеген пациенттер әлеуметтік желіде шу шығарды.

Айқай-шудан кейін Денсаулық сақтау министрлігі рецептісіз сатылатын дәрілер тізімін ұлғайтты. Тізімде жүзден астам дәрі бар, олардың арасында кең таралғандары қызу түсіретін дәрілер (аспирин, ибупрофен, парацетамол); ауырсынуды басатын – "Диклофенак; қақырық түсіретін, іш жүргізетін, қант диабетін, демікпені емдеуге арналған дәрілер (толық тізімі мына жерде).

– Дәріханалардың шектен шыққан жағдайлары болды – олар рецептісіз босатылатын дәрілерді сатудан қалды. Алайда біз оларға жаңа ережені түсіндірдік. Сондай-ақ біз рецептісіз берілетін дәрілер тізімін ұлғайттық. Мәселен, ауырсынуды басатын, гистаминге қарсы дәрілердің бір бөлігін тізімнен алып тастадық. Кейбір сұранысы жоғары дәрілерді рецептімен берілетіндер қатарынан алып тастаймыз. Бірақ айғай-шу басылғаннан кейін халықаралық стандарттарға сәйкес оларды кері қайтарамыз, – дейді ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова.

Бұл дәрілерді рецептімен сатылатындар тізіміне 2020 жылы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғаннан кейін қайтару туралы шешім шықты. Өтпелі кезеңді әлеуметтік шиеленісті басу үшін енгізіп отыр. Келесі жылы медиицналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар дәрілерді сақтандыру бойынша, ал жеңілдіктері барлар санатына жататындарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде алады.

Дәріхана иелері босаңсуды қолдап отыр, алайда табыс аз түсіп жатқанын айтады.

– Менің Алматыда үш шағын дәріханам бар. Басында рецептімен берілетін антибиотиктерден басқа гистаминге қарсы және басқа да дәрілерді сатқанымыз үшін айыппұл салынуы мүмкін деген қорқыныш болған. Алайда, қазір рецептісіз берілетін дәрілер тізімі ұлғайтылғаннан кейін, антибиотиктерді тек рецептімен сату туралы шешім өте жақсы болды.Соған қарамастан түсім 15-20%-ға азайып кетті және бұл адамдар демалатын жаздағы жағдай. Күзде көбейеді, – дейді Лола Әмірбекова.

Іле-шала Қазақстанда жылына екі рет бекітіліп тұратын дәрілердің шекті бағасын белгілеу жүйесі енгізілді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың сөзінше, енді сауданың шын көлемін көруге мүмкіндік бар.

– Шынын айтайын, біздің дәріханалардың жасырын сататын дәрілерден қанша пайда тауып отырғанын білмейміз. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, шамамен 50%. Бұл – халық тұтынатын жай тауарлар емес, дәрі-дәрмектер. Бұған жол бермеуіміз керек, – дейді министр.

Іссапарда жүргендер рецепт алу үшін тіркелген емханасынан шығуы керек

Қазір антибиотик не болмаса, басқа да күшті әсері бар дәріні сатып алу үшін пациентке рецепт керек. Оны емханаларда береді. Өзге қаладан келгендер мен іссапарда жүргендерге тіркелген емханасынан шығып, уақытша тұратын мекен-жайындағы емханаға тіркелу қажет, содан соң ғана рецепт алуға мүмкіндік бар. Жеке клиникалардағы дәрігерлерге жүгінуге болады, алайда ақы төлеу керек.

Интернет – дәріханалардың Людмила Бюрабекованың айтуынша, дәрілерді үйге жеткізіп беру шартымен дәрі сатуға құқы жоқ.

Егер рецептте қате болса, дәріханашылар бәрібір дәріні сатуы керек. Мұндай жағдайда олар арнайы журналға жазады және бұл туралы дәрігерге хабарлауы керек.

Денсаулық сақтау министрлігіндегілер рецепт алу проблемасы қалада ғана емес, ауылда да болмайтынына сенімді.

– Ауылдың адамдары тәртіппен жүреді және бәрі бірдей есепте тұрады. 45 ауру түрі тегін дәрілермен қамтылады, оның ішінде артериалды гипертония, қант диабеті, созылмалы созылмалы обструктивті өкпе аурулары, демікпе дерті барлар, яғни дәрі-дәрмектер тегін берілетін барлық аурулар. Осы дәрі-дәрмектер емханадан үш айға босатылады, – деп түсіндірді Л.Бюрабекова.

Бір бланкіге дәрігер екі рецепттен артық жазып бере алмайды. Кейбір жағдайларда – тіпті біреу.

Рецепт алу үшін пациентке емханада жеке куәлігін көрсету жеткілікті. Сондай-ақ рецептілерде дәрінің сауда атауын көрсетуге тыйым салынады. Қазір рецептілерде қазақ және орыс тілдерінде қолданыстағы заттар жазылады, ал дәрінің сауда маркасын пациенттің өзі таңдайды.

Рецептімен, рецептісіз босатылатын дәрілер тізімін Dari.kz мобильді қосымшасынан және 1439 сall-орталығына қоңырау шалып білуге болады. Сондай-ақ бұл ақпарат қаптамада да жазылады.

– Дәрі сатушыларға сауаттылығын арттыру қажет. Өкінішке қарай, олар өз біліктіліктерін жоғалтып алды. Дәріні тіпті тізімнен іздеудің керегі жоқ. Әрбір қорапта және пайдалану нұсқамасында рецептімен, не рецептісіз босатылатын дәрі екендігі жазылады. Мен шағын дәріханалардың жабылатынына сенбеймін, жай ғана оларға жаңа жұмыс үлгісіне көшуге тура келеді, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне өткеннен кейін электронды рецепт рәсімі де іске қосылады,– деп атап өтті Людмила Бюрабекова.

Мақаланың орысша нұқасын оқи отырыңыз: Покупать аспирин без рецепта разрешили, но ненадолго. Объясняем, почему

Рецептіні кезекші дәрігерлер де жазып бере алады (алайда олар жоқ)

Шұғыл жағдайда және түнгі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем бригадаларына рецепт жазып беруге рұқсат берді. Бұл норма келесі жылдан бастап қолданысқа енгізіледі. Л.Бюрабекованың айтуынша, қазірдің өзінде емханаларда шұғыл қажеттілік жағдайында рецепт жазып бере алатын жалпы тәжірибенің кезекші дәрігерлері бар.

Біз бұның растығын тексеріп көрмек болдық. Алысқа бармай, материал авторы тіркелген мемлекеттік емхананы таңдадық. Мақсат – тұмаудың дәрілерін сатып алу үшін рецепт алу.

Алматыдағы №1 емханада рецепт жазып беретін кезекші дәрігер болмай шықты. Қабылдау уақыты 4 сағаттан кейін басталатын өз учаскелік дәрігерімізге талон алуға тура келді. Аурудың таңдай алатын 3 жолы бар: үйге барып, тағайындалған жерге қайта келу, емханада қалу немесе дәріханашыны заңды бұзып дәрі сатуға итермелеу.

Таңдау бірінші нұсқаға түсті. Алайда учаскелік дәрігерге келе отырып, қағазды бірден алу мүмкін болмады. Бірінші бастапқы тексеруден өту керек болды. Қорытындысында таблетка мен спрейге рецепт жазып берді. Алайда мұнымен қоса аллергияға қарсы дәріге рұқсат ала алмадық. Емханада штатпен жұмыс істейтін аллерголог пен басқа да сала мамандары жоқ. Сондықтан анализ тапсыруға жіберді. Оның қорытындысы шыққаннан соң ғана дәрігер рецепт жазып береді.

Не себепті дәрілер ұзақ уақыт бойы рецептісіз сатылып келді

Фармацевтика нарығындағы сарапшылардың сөзінше, бұған бірнеше себеп бар.

Шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет дәріханаларды ашу рәсімін жеңілдетті. Жаппай лицензия беру теріс рөл ойнады. Оларды аймақтағы денсаулық сақтау басқармаларынан алуға болатын. Мамандар өтініштердің сәйкестілігін жиі тексермейтін. Фармацевтика қауымдастығының өтінішінен кейін 2019 жылы дәріханаларға лицензия беру Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің құзіретіне өтті.

– Шымкентте шамамен 800 дәріхана бар. Олардың 56-ы ғана біздің қауымдастықтың құрамында. Бұлар – заңға сай жұмыс істеп, дамытуға ақша салып, қызметкерлерін оқытатын дәріханалар. Алайда, олар жанындағы дәріханалардың пайда табу үшін дәрілерді рецептісіз сатып жатқанын айтып, шағымданады, – дейді Түркістан облысындағы фармацептика және медициналық ұйымдар қауымдастығының директоры Хадиша Әлжанова.

Сатып алушылардың көрші дәріханаларға жүгіргенін көріп отырып, кәсіпкерлер де дәрілерді бланксіз сата бастады.

Тағы бір себеп – рецептіні жазып беруді қойған немесе оларды жай қағаздарға жазып жүрген дәрігерлерде.

– Кейбір дәрігерлер рецепт жазып беруді ұмытып қалған. Қазір бекітілгендей бірыңғай үлгі болмаған. Мен әрдайым әрі сатушылардың дәрілерді рецептімен сатуға қарсы еместігін айтып келемін, алайда дәрігерлер оларды көбінесе жазып бере бермейді. Ал, пациенттер дәрігерлерге барғысы келмейді, өйткені онда ұзын-сонар кезек пен бір ай бұрын жазылу керек, – дейді ҚР Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Мәрия Дүрманова.

Бастама дұрыс, алайда қателіктер де бар

Көптеген тәуелсіз сарапшылар бұл жаңалықт қолдайды, алайда Министрліктің бастамасы бұдан да жоғары дайындықпен жүзеге асырылуы тиістігін айтады.

– Менің көзқарасым бойынша рецептімен дәрі беруді бұлайша бірден бастап кету керек емес еді. Бір ай бақылап, дәрі сатушылармен жиын өткізіп, әлеуметтік жарнамаларымен роликтер түсіріп, емханалардың пациенттерге лық толғанына дайындығын тексеру қажет еді. Мен дайындық кезеңі 3-4 айға жалғасқанында ештеңе жоғалтпайтын едік деп ойлаймын. Және рецептісіз босатылатын дәрілер тізімін бірден ұлғайтуға болатын еді, – деп есептейді ҚР-дағы халықаралық фармацевтикалық өндірушілердің қауымдастығының басшысы Вячеслав Локшин.

Дәрі сатушылардың сөзіне сәйкес, рецептілерді сақтау жүйесі соңына дейін жолға қойылмаған. Ал, электронды жүйені орнатуға шағын дәріхана иелерінің қалтасы көтере бермейді.

– Бізге рецептілерді электронды нұсқада сақтау керектігін айтады. Онда әуелден барлық аумақты осы жүйемен жабу керек еді. Жүйені енгізді, алайда ол барлық жерде жұмыс істемейді, көбінесе аудандарда. Бұдан аурулардың жапа шегетіні жаман. Қараңызшы: ауырып қалдыңыз, таң атпай дәрігерге бардыңыз, анализдеріңізді тапсырдыңыз, оларды тексеріп болғанша, сала мамандары ұзақ қабылдайтын болады, – дейді Хадиша Әлжанова.

Ірі және орташа дәріханалар рецептісіз босатылатын дәрілер тізімі ұлғайтылғаннан кейін жаңа қағидалар қабылдады. Мұнымен қоса олар рецептісіз дәрі сататын, тіпті лицензиясы жоқ дәріханалар бар екенін жасырмайды.

– Қаланың сыртында көп дәріханалар тіпті лицензиясыз жұмыс істейді. Шағын дәріханаларға ыңғайсыздығы сол, олардың көбі электронды рецептілерді көре алмайды. Электронды жүйені орнату шамамен 400 мың теңге тұрады. Бұл қиын. Мұны алып тастаса жақсы болар еді, – дейді кәсіпкер Лола Әмірбекова.

Бұл сөздердің жаны бар ма жоқ па, біз тексерейін деп шештік. Сосын Алматының орталығынан рецептіміз бар дәрілерді сатып алмақшы болдық. Бірінші ірі дәріханада бізге рецептіні сұрамастан гормоналды дәріні сатты. Тұрғын үйдің бірінші қабатындағы дүкен жанындағы бір бөлмеде орналасқан дәріханада кәрі дәріханашы антибиотикті дәрігердің қағазынсыз сатып жіберді.

Дәрігер – пациент – дәріханамен көп уақыт бойы бәрінің көңілінен шығатын қағида жұмыс істеп келді. Дәрігерлер рецептілерді бланкіге жазбастан, тіпті дәрілердің көбін жарнамалайтын. Емханада ұзын сонар кезекке тұрғысы келмейтіндерге рецептісіз антибиотик сатып алу оңай болатын. Дәрі сатушыларға пайда керек болды. Бұған дейін мемлекет қордаланған жағдайға араласқан емес. Алайда, келесі жылы жүзеге асатын ауқымды реформа өзгерісті талап етеді.

Дәріні рецептімен беру рәсімін қатайту және дәріге шекті бағаның белгілуін реттеу адамдарды емханаға баруға, ал дәрігерлерді рецептіні дұрыс жазып беруге үйретуі, сондай-ақ фармацевтика нарығын заңды бұзып жүрген дәріхана иелерінен тазартуы тиіс.

Барлық жүйе қазақстандықтардың 2020 жылы міндетті медициналық жүйеге өткеніне дейін сыналып, дайын болуы тиіс.

Авторы Әди Тұрқаев.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Серіктестер жаңалықтары