Тікелей эфир

АҚШ-та Қазақстанның дипломымен де жұмыс істеуге болады (соңы)

besttours.com сайтынан алынды
besttours.com сайтынан алынды
АҚШ-қа ағылшын тілін білмей барған қазақ баласының жетістігі ауыз толтырып айтарлық. Ол жаңа құрлықта үйренгендерін "ат басындай алтынға айырбастамаймын" дейді.

(Жалғасы. Басы мына жерде)

Америкадағы Шымкент қазағы: "АҚШ-қа келіп, ақша табуды үйрендім"

Шымкенттік Саматтың Америкада жүргеніне 4 жылдай болыпты. Ол АҚШ-қа келіп, ақша табудың тиімді жолдары мен мүмкіндіктерін үйренген.

Самат Қазақстанда жүргенде мектепті бітіре салып, әртүрлі жұмыс істеген. Астанада пойыз вагондарын жөндейтін цехта, содан кейін, Алматыда даяшы да болған.

"Өз мүмкіндігімді білу үшін 2013 жылдың ақпанында Нью-Йоркке келдім. Бастапқыда тіл білмейтінмін, таныс достарым да жоқ болды, жұмыс табудың ыңғайын таппадым. Үш айдан кейін, амалсыз, Қазақстанға қайтып оралғанмын", – дейді Самат.

Қазақ сұрастыра келе қарын бөле болып шығады

Шымкентте біраз уақыт болып, мардымды табыс көзін таппай, АҚШ-қа кері баруды жоспарлайды. Самат өзінің екі туысқанының Америкада екенін біліп, бұл жолы солардың көмегіне жүгінбекке бел буады. Аз уақытта виза алып, қайтып оралады.


Сурет1: АҚШ-тың орыс тілді еврейлері тұратын Брайтон Бичтегі Татьяна рестораны

Орыс тілді еврейлері тұратын Брайтон Бичтегі Татьяна рестораны / surfin-birds.ru сайтынан алынды


"Көп өтпей орыс тілділер тұратын Брайтон Бичтегі "Татьяна" деп аталатын ресторанына жұмысқа орналастым. Ағылшынша білмесең, Брайтон Бичте қалып қоясың. Сондықтан бар күшімді тіл үйренуге, көшеде еш ұялмай америкалықтармен сөйлесуге жұмсадым. Сонымен қатар Бруклинде тегін тіл курсын тауып, күн сайын соған қатыстым", – дейді ол.

Тілді бірашама меңгеріп алғаннан кейін Самат құрылыс компаниясына жұмысқа кіреді. Ол жерде 3-4 ай тұрақтап, досының ұсынысымен Лос-Анджелес қаласына кетеді. АҚШ-тың Калифорния штаты Санта-Кларита қаласында тұратын ауқатты америкалықтың ранчосында 10 айдай жұмыс істейді.

"Ранчода тұрған кезде тілді кәдімгі үйреніп қалдым. Теледидардан үнемі ағылшынша фильм мен телебағдарламаларды қарайтынмын. Ал жұмыс барысында жергілікті радионы тыңдап жүретінмін", – дейді Самат.

Екі қолға бір күрек

Содан кейін Нью-Йоркке қайтып оралып, құрылыс компаниясына сағатына $13-ға жұмысқа орналасады. Самат жарты жылдан кейін табыс көзін арттыру мақсатында басқа мүмкіндіктерді қарастыра бастайды. Көптеген достар тауып, Нью-Йорк қоғамының қыр-сырын үйренеді.

"Құрылыс нысанының ішкі жұмыстарында профиль жабыстырумен айналысатын компанияға жұмысқа кірдім. Маған жүктелген жұмыс қиын емес еді. Ол жерде жалақым сағатына 18 АҚШ доллары болды. Бұл компаниядағы әрістестерімнің басым бөлігі ағылшын тілді америкалықтар болды.

Олар Брайтондағы орыстарға қарағанда еңбегіңді сыйлайды. Өз жұмысыңды тиянақты жасасаң, әр алты ай сайын жалақыңды көтеріп отырады. Мен барынша тырысып, 2016 жылдың басында сағатына 25 АҚШ долларын алатын болдым. Бұл – АҚШ-тағы орта мөлшердегі жалақы", – дейді Самат.

Нью-Йоркке барсаңыз, Uber-мен қазақ таксист шақыртыңыз

Шымкенттің тумасы елден алыста жүргеннен кейін қазақтардың бір-біріне қолдау білдіруі керек деп санайтынын айтады. Өзі жұмыс істейтін компанияға он шақты қазақ жігітін орналастырып та үлгеріпті.


Нью-Йорктағы қазақтардың жерлесіміз Геннадий Головкинді кәсіби бокс кешінде қолдауға келген сәт

Нью-Йорктегі қазақтардың жерлесіміз Геннадий Головкинді кәсіби бокс кешінде қолдауға келген сәті / Жеке мұрағаттан


"АҚШ-та табыс көзінің шегі жоқ. Ең жоғары жалақы деген түсінік мүлдем болмайды. Мұндағы қаржы компанияларындағы мамандар қарапайым қазақтың түсіне де кірмейтін жалақы алады. Мен де 25 АҚШ долларымен шектелмей, ары қарай басқа табыс көздерін табуды жалғастыра бердім.

2016 жылдың соңына қарай, өзіме көлік алып, Uber такси қызметіне ауыстым. Бастапқыда күндіз құрылыс компаниясында, кешкі уақытта Uber-де жұмыс істедім. Сосын толығымен онлайн такси қызметіне көштім", – дейді біздің бүгінгі кейіпкер.

Айта кетсек, Uber қызметі Нью-Йорк қаласында өте жоғары сұранысқа ие. Сары түсті көліктер (Yellow Cab) Манхэттен көшелерінде такси тоқтатқан кісілерге қызмет көрсетсе, Uber интернет арқылы клиенттер табады.

Нью-Йорк қаласында 60 мың таксист ресми тіркеліпті. Соның 60 пайызынан көбі Uber және оның бәсекелестері Lyft пен Juno-де. Uber тапсырыстан түскен соманың 28 пайызын ғана алып отырады.


Самат Бруклин Бридж саябағында

Самат Бруклин Бридж саябағында / Жеке мұрағаттан


"АҚШ-та жұмыс істеуге арнайы рұқсат құжатың болуы керек. Бұл мәселені шешу үшін мен SS Pro Service LLP деген логистикалық компания ашып, өз атыма тіркедім. Сосын құрылыс компаниясынан түсетін жалақымды осы LLP-ге (Қазақстандағыша жеке кәсіпкерлік – автор) аударып, міндетті салықтарды төлеп отырдым", – дейді Самат.

Америкада табыс тапса да, тойы Шымкентте өтеді

Саматтың пікірінше, Нью-Йорктың өзге америкалық қалалардан артықшылығы көп. "Мысалы, таңғы төртте метроға мінсең, адам толы. Алып қалада барлығы өзінің бақытын іздеп, жетістікке жету үшін жанталасып жүретінін байқайсың. Адамдар үнемі бір жерге асығып бара жатады. Қарбалас тірлік. Жан-жағына қарауға уақыттары да жоқ. Солардың бірі – өзім, соған қуанамын", – дейді ол.

Самат алыста жүрсе де қазақтың дәстүрі мен мәдениетін ұмытпайды.

"Әйелім де оңтүстік аймақтан. Алдымен Шымкенттегі әке-шешелерімізді таныстырып, барлығын ресми түрде жасадық. Қалың малын төлеп, өзіміздің ата-баба дәстүрін сақтай отыра үйлендім. Тойды жуырда Шымкентте өткіземіз", – дейді Самат.


Самат бірге шаңырақ көтерген жұбайымен. Америкада табыс тапса да той Шымкентте өтеді

Самат жұбайымен / Жеке мұрағаттан


АҚШ-та да алаяқтар көп

Қазақстанның шығыс өңірінен шыққан Заңғар Бітебаев есімді досымыз тіл үйрену мақсатында АҚШ-қа жол тартқан. Ол Алматы қаласындағы Халықаралық Бизнес Академиясында экономист мамандығын игерген. Ойы – ағылшын тілімен бірге АҚШ-тың қаржы экономикасымен терең танысу.

"Нью-Йоркке алғаш келгенімде қалай қобылжығаным есімде. Ол кезде ешкімді танымайтынмын. Алдын ала интернет арқылы тұратын жер тауып, ақшасын төлеп қойған едім. Бірақ делдал уәдесінде тұрмай, алдап кетті", – дейді Заңғар.

АҚШ-қа еш қолдаусыз барған жігітті сол жақтағы қазақ бауырлар демейді. Бастапқыда тұрақты орын тауып, жаңа өмірге бейімделуіне көмектеседі.

"Студент кезімде белсенді өмір салтын ұстанатын едім. АҚШ-қа келіп, сол қалпымнан таймадым. Нью-Йорк – алып қала болғасын, мұнда күнде дерлік әртүрлі іс-шаралар өтіп жатады. Соларға ерікті ретінде жазылып, қатысуға тырысып жүрмін. Бұл бір жағынан жаңа адамдармен танысып, тіліңді жаттықтыруға орасан зор мүмкіндік береді", – дейді Заңғар.


Заңғар Алып қалада ұйымдастырылатын спорттық іс-шаралардан қалмайды

Заңғар алып қалада ұйымдастырылатын спорттық іс-шаралардан қалмайды / Жеке мұрағаттан


АҚШ-та тіл әлде іс үйрену керек пе?

Заңғар АҚШ-тағы Қазақстан консулдығы ұйымдастыратын іс-шараларына да барынша көмектеседі. Осылай, ол өткен жылы "Жыл еріктісі" де атанған. Одан бөлек, алып қалада өтетін халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шаралардың да бел ортасында жүреді. Әсіресе, қазақтың кәсіби бокстағы шеберлері Геннадий Головкин мен Қанат Исламның жекпе-жектерінен қалмайды.

"Нью-Йорк – кез келген салада болса да, білім алғысы келетін адамдар үшін таптырмайтын қала. Мұнда өзіңе ұнаған сала бойынша тегін семинарлар мен тренингтерге қатыса аласың. Бастысы өзіңде ынта болса болғаны. Экономист болсам да, АҚШ-қа келгелі қаржы нарығына қызығушылығым арта түсті.

Қазіргі таңда бүкіләлемдік қаржы орталығына айналған Нью-Йорк нарығында секундына мыңдаған қаржы операциялары жүріп жатады. Айналымдағы капитал көлемін елестетудің өзі қиын. Осы саланы меңгеріп, елге оралған кезде Қазақстанның қор нарығын дамытқым келеді", – дейді ол.


Заңғар Битібаев танымал спорт, мадәниет және саясат қайраткерлерімен

Заңғар Бітебаев танымал спорт, мадәниет және саясат қайраткерлерімен / Жеке мұрағаттан


Заңғар Манхэттеннің жоғарғы бөлігіндегі Колумбия Университеті қалашығына жақын жерде тұрады. Ол таңертең университет маңында жүгіріп,жаттығады. Сонда әлемге танымал жоғарғы оқу орнының тынысын сезінгендей болады. Дайындығын ретке келтірген соң, Колумбия университетіне оқуға түсуді мақсат етіп отыр.

Америкалықтар стартапқа капиталды қалай тартады?

Алматыда туып, Астанада білім алған Кенесары (кейіпкер өтінішімен оның аты өзгертілді – автор) студент кезінен жеке бизнесін ашуды армандаған. Ол бұл салада жетекші орындағы АҚШ тәжірибесін үйрену мақсатында Америка құрлығына алғаш рет 2012 жылы Work and Travel бағдарламасымен келіпті. Содан кейін елге оралып, Еуразия Ұлттық Университетіндегі оқуын тәмамдаған. Студенттік өмірден кейін білім беру саласындағы жеке кәсібін бастайды.

"Coupon To Study (www.coupontostudy.com) компаниясын Нью-Йорк қаласында дамыту идеясы АҚШ-тағы тіл курстарының бағасы туралы ақпарат іздеген кезде пайда болды. АҚШ-тың алып қаласында білім алуды екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Нью-Йорктегі тіл курсы мектептері туралы менің сайтым арқылы біліп, оқуға тілек білдірген студенттер үшін 25 пайыз жеңілдік берілуі туралы келісім-шартқа қол жеткіздім ", – дейді Кенесары.

"Мен үшін компанияның экожүйесін құру Қазақстанда оңайырақ. Себебі АҚШ-та студенттік визамен табыс табуға бағытталған компания аша алмаймын. Дегенмен оны әзірге стартап ретінде дамытуды көздеп отырмын", – дейді Кенесары.

Ол тіл курстарына қатысты көмектен бөлек, келген студенттерді жайғастырып, алғашқы күндері немен айналысу тиімді екендігі жайлы кеңестерімен де бөліседі.


Нью-Йорк қаласындағы беделді тіл мектептерінің бірі - EC English Language Centers

Қазақ кәсіпкері Нью-Йорк қаласындағы EC English Language Centers сынды бірнеше тіл мектептерімен серіктестік орнатқан / ecenglish.com сайтынан алынды


"Қазір менің онлайн платформам арқылы көбіне қытайлар келіп жатыр. Сондықтан Манхэттендегі Чайнатаунда орналасқан үш мектеппен тығыз байланыста жұмыс жасап жатырмыз", – дейді ол.

Нью-Йорктағы қазақтар саны өзбектер мен қырғыздарға қарағанда әлдеқайда аз болса да, өзара ұйымшыл.

"Елден қандай адам келсе де, бастапқыда сіңісіп кетуі үшін оған жақсы қолдау білдіреміз. Мен де осында келгенде сондай қолдау алғанмын. Енді өзім сияқты келушілерге көмектесу менің де міндетім", – дейді бүгінгі кейіпкеріміздің бірі Самат.

Әртүрлі мақсатпен келіп, алып қалада тұрып жатқан қандастарымыз табысқа жетудің тиімді жолдарын үйреніп жүр. Олардың көбі – АҚШ-та мол тәжірибе алып, оны қазақ елінің дамуы жолына қолдануға ынталы жастар.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары