Тікелей эфир

71 жастағы қазақстандық донор 16 мың доллардың қанын тегін өткізген

71 жастағы донор Александр Скаковский 1065 рет қан тапсыруға келді
71 жастағы донор Александр Скаковский 1065 рет қан тапсыруға келді
Александр Скаковский 46 жылда жарты тоннадан астам қан өткізген. Ол енді 50 рет қан тапсырса, әлемдегі бірінші донор атанады.

"Алғаш қан тапсыруыма оқыс оқиға себепші болды"

1971 жыл. Александрдың Шымкент қаласындағы Мәдениет институтында сабақ беріп жүрген кезі екен.

Түн ортасында жатақханадағы бөлмесінің есігін біреу жанұшыра қағады. Қатты шудан шошып оянған ол беймезгіл есік қаққан адамға қатты кейіп, ашса – көршілері. Жақын танымайтын. Ұйқылы-ояу атын есіне түсіре алмай абдырап, тұрып қалады. Бірақ есік қаққан адамның түрі аянышты, есі шығып кеткен. "Қан керек, қан!" деп бір сөзді қайталай беріпті.

Түсінгені, жас босанған әйелі баласымен ауруханада ауыр халде жатыр. Жантәсілім. Соған қан тапсыратын адамдарды жедел тауып, жинап апаруы керек екен. Ал жатақханада студенттер жоқ. Барлығы жазғы демалыста. Александр осылайша бірінші рет қан тапсыруға барыпты.

Әйелдің бағына Александрдың қан тобы сәйкес келіпті. Танымаса да бөтен жанды баласымен ажалдан құтқарып қалғаны оның жан-дүниесіне қатты әсер етеді. Ол бұдан кейін қан тапсырып тұруды дағдыға айналдырған.

Александр 46 жылда жарты тоннадан аса қан өткізген

– Бұл оқиғадан кейін өлімнен арашалап қалуға кез келген адамның мүмкіндігі бар екенін түсіндім. Содан бастап өз еркіммен өтеусіз қан тапсырып жүрмін.

Біз Александрмен кезекті қан тапсыру сәтінде жолықтық.


Фото informburo.kz

Александр тегін қан тапсыруды 1971 жылы бастаған / Фото informburo.kz


– Мен дәл қазір 1065-рет қан өткізіп шықтым. Осы уақытқа дейін 580 литр қан өткізіппін. Әр апта сайын 510 миллилитр өткіземін. Спиртті ішімдік ішпеймін және темекі шекпеймін. Сондықтан қан тапсырған кезде мәселе туындай бермейді.

Қан өткізушіге де қатаң талап бар

Қанды кез келген адам тапсыра алады. Бірақ өзіндік талаптары бар. Қан тапсырардан 24 сағат бұрын майлы, ысталған тағамдарды, жұмыртқа мен сүт өнімдерін пайдалануға болмайды. Ал бір сағат бұрын темекі шегуге және 48 сағат ішімдік ішуге тыйым салынады.


Александр кезекті қан тапсыру алдында терапевт дәрігер Нұрболат Ділмановтың қабылдауында болды

Александр кезекті қан тапсыру алдында терапевт дәрігер Нұрболат Ділмановтың қабылдауында болды / Фото informburo.kz


– Маған донор болуға дәрігерлер шектеу қойған емес. Әрі жас мөлшеріне шектеу жоқ. Сондықтан донор болу кез келген адамның қолынан келеді. Мен апта сайын ерінбей келемін. Әдетке айналған. Әр кез қан өткізген сайын бір-екі адамға көмегің тиеді.

Александрға әке болу бұйырмады

– Мен отбасын кеш құрдым. Балам да жоқ. Сондықтан әр баланың анасымен бірге аман-есен жүруіне қолымнан келгенше көмек қыламын. Қазір әйелім екеуміз тұрамыз. Жалпы адам бойындағы патриоттық сезім қанмен беріледі деп ойлаймын. Өйткені менің ата-анам өте патриот адамдар болған. Екеуі де геолог-барлаушы болып жұмыс істеген. Мен отбасында жалғыз баламын. Әкем НКВД-ның түрмесінде отырса да, отанына деген сүйіспеншілігі шексіз. Меніңше, әр адам өскен ортасына, отанына деген құрметін көрсетуі керек.


Александр жұбайы әрі сүйеніші Ольгамен қан тапсыру орталығына бірге келгенді ұнатады / Фото informburo.kz


Австралиялық донордың өмірі 1 млн долларға сақтандырылған

– Әлемдегі қан өткізуден рекорд жасаған донор австралиялық Джеймс Харрисон туралы жақында білдім. Шынымды айтсам, бойымды кішкене қызғаныш сезімі биледі. Неге Қазақстан бірінші орында тұрмайды деп ойладым. Содан бері Қазақстанды бірінші орынға шығару арманым. Егер денсаулығым жарап тұрса, ол көрсеткен межеден асып түсуге аз қалды.

Джеймс 13 жасында күрделі отаны басынан өткерген. Сол кезде оған 12 литр қан құйылған екен. Үш ай ауруханада жатқан ол құйылған қанның арқасында тірі қалғанын жақсы түсінген. Сондықтан донор болуды шешкенімен, заң бойынша 18 жасқа толғанын күткен. Осылайша алғаш рет 1954 жылы донор болыпты.

Ол қан өткізу кезінде өз қанының ерекше қасиетін анықтаған. Оның қанының құрамында имунноглобулин Rho(D), яғни, адам бойындағы микроағзаға қарсы күресетін өте күшті антидене болған. Антидене ана мен бала қанының сәйкес болмау салдарынан туындайтын проблеманы шешуге және бала өліміне әкелетін қан аурынан сақтайды.

Содан кейін дәрігерлер жасаған эксперимент оң нәтиже берген соң, Харрисон плазмаларынан дайындалған коммерциялық препараттар шығара бастаған. Қазіргі таңда препарат орташа есеппен алғанда қаны баласыныкімен сәйкес келмеген әрбір он әйелдің біреуіне құйылады.

Джеймс Харрисонның жасы қазір 79-да. Өмірі бір млн долларға сақтандырылған. Осы кезге дейін 1000 реттен аса қан өткізген. Дәрігерлердің есебі бойынша, оның тапсырған қаны 2 миллионнан аса нәрестені құтқарып қалуға себепші болған.

Таршылық қысса да Александр қанды тегін өкізеді

Республикалық қан өткізу орталығы жылда 14 маусым бүкіләлемдік донор күні шақырып, мақтау қағазын береді. Бар алатын марапаты сол ғана.

– Мен өтеусіз қан тапсыратын болғандықтан, орнына ешнәрсе талап етпеймін. Адамдардың өміріне араша түскеніме қуанамын. Апта сайын осы қан орталығына қаланың барлық ауруханаларынан қан алуға қанша жедел жәрдем автокөліктері келіп, кезекте тұратынын көріп жүрмін ғой.


Александр денсаулығы сыр берген уақытта болмаса, уақытылы анализ өткізіп, қан тапсырып тұрады

Александр денсаулығы сыр бергенде болмаса, қан құрамына уақтылы сараптама жасатып тұрады / Фото informburo.kz


– Тек қан тапсырған соң организм екі есе тамақты қажет етеді. Тәбетім ерекше ашылады. Ет алып жеуге шама келе бермейді. Сондықтан кейде сүт өнімдерін қанағат тұтамын. Көбіне жеміс-жидек, көкөніс жеуге тырысамын. Жалпы үйде тамақтың барлығын тұзсыз жейміз.


Фото informburo.kz

Әр донорға қан өткізу орталығының асханасынан 500 теңге көлемінде тегін тамақ беріледі / Фото informburo.kz


Қазақстанда донорларға ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Александр кеңес өкіметі тұсында қан орталығы сауықтыру орталықтарына жібергенмен, жолдаманы өзге адамдарға беруін өтінеді екен.

– Мен ол кезде жас болғандықтан сауықтыру орталықтарына барып демалғанды ұнатпайтынмын. Орныма басқа адамдарды жіберетінмін. Енді қартайғанда ондай жолдама қажет екен. Алайда біз үшін жеңілдіктер қарастырылмаған. Мен ең төменгі зейнетақыны аламын. Сондықтан кейде жеке ұйымдарға тиесілі кеңселердің ауласын сыпырып, қоқысын жинап, азын-аулақ ақша табамын. Өйткені әйелім аурушаң болғандықтан дәрі алу керек.

Ақылы донор болса да, біреудің өміріне араша түседі

Александр 46 жылдан бері үзбей қан өткізіп келеді. Тек денсаулығы сыр берген уақытта ғана қан өткізуге тыйым салынады екен.

– Мен қан өткізбесем де, денсаулығым бірқалыпты. Ағзамда қандай да бір өзгерістің болғанын байқаған емеспін. Үнемі қан өткізетін адамда тәуелділік пайда болады деген қате пікір. Қан қысымы да мазалаған емес. Тек мамыр айында аяғымды қайнаған суға күйдіріп алып, екі айдан аса уақыт тапсыра алмадым. Тіпті денеңді бір зат жай ғана сырып кетсе, қан тапсыра алмайсың. Бел омыртқама зақым келіп, үш жыл емделген кезде де қан тапсырғам жоқ. Донор болу үлкен жауапкершілікті жүктейді.

– Мұнда әртүрлі адамдарды кездестіруге болады. Өйткені ақылы қан өткізуге келетін адамдар бар. Кейбір адамдар қан тапсырудың жөнін білмегендіктен, ішімдік алу үшін ғана тапсыруға келеді. Ал кейбіреулеріне шынымен ақша қажет болғандықтан, келіп тапсырып жатады. Бірақ адамдар ақылы да, өтеусіз болса да қан тапсырса, аз дегенде екі адамның өмірін сақтап қалуға көмегі тиеді.

Қазақстанда тұрғындар көбіне қанды тегін өткізеді. Қан тапсыру үшке бөлінеді: қан донорлығы, плазма, қан жасушалары. Қан донорлығының құны екі айлық есептік көрсеткішті (әрі қарай АЕК) құраса, плазма тапсыру төрт АЕК. Ал қан жасушасының құны қанша мөлшерде қан өткізгенге байланысты. Александр көбіне құны төрт АЕК тұратын плазмаға апта сайын келіп, тегін тапсырып жүр.

12 жасар баланы құтқарып қалды

Александр Скаковский Қазақстанда шыққан алты рекорд кітабына тіркелген. Жарты тоннадан астам қан өткізсе де, ол ешқашан қанша адамға көмек бере алғанын анықтап сұрамапты.

– Тек бір рет беймезгіл уақытта аурухандан телефон шалып, тезірек келіп қан өткізуімді сұраған еді. Мен ойланбастан бардым. Ауруханадан шығарда кімге қан бергенімді, көмегім тиіп, аман қалған адамның кім екенін білгім келіп, дәрігерден сұрадым. 12 жасар бала екенін айтты. Дер кезінде қан құйылғандықтан аман қалыпты.

Белсенді әрекет өмірді ұзартады

Дәрігерлер қан тапсырғаннан кейін бастапқы 12 сағат бойы қан алынған қолмен ауыр көтермеуге, 24 сағат ауыр жұмыс жасамауға кеңес береді. Александр 8 келі кір тасын көтерумен күнде шұғылданады.


Александр жасы жетпістен асса да сегіз келі кір тасын көтеріп, жаттығу жасайды

Александрдың жасы жетпістен асса да, сегіз келі кір тасын көтеріп, жаттығу жасайды / Фото informburo.kzz


Александр жастайынан спортпен шұғылдануды әдетке айналдырған. Ол адамдарға қоғамдық жұмыспен қатар спортпен шұғылдануға кеңес береді.

Студент кезінде сабақтан бос уақытта футболмен әуестенген, студенттер арасында өткен чемпионаттарға үнемі қатысып отырған.

Қан беру - сауап

Адам ағзасына құйылған қанның әсері болатынын барлық дін өкілдері мойындайды. Ал қан беру – сауапты іс. Құран Кәрімде "Сол себепті Біз Исрайл әулетіне: Қандай да бір адамды өлтірмеген, жер бетінде бұзақылық жасамаған жанды нақақ өлтірген, барша адам баласын өлтіргенмен тең. Ал ол жанды (өлім аузынан) алып қалған кісі, күллі адам баласын (өлім тырнағынан) құтқарып қалғанмен тең", – деген үкім шығардық" делінген.

Қан құйылған адамның мінез-құлқы өзгере ме?

Құйылған қанның ол адамға қалай әсер ететіндігіне деген қызығушылық ғалымдар тарапынан 20 ғасырдың басында басталды. Ғалымдар қанның құрамында ішкі әлем мен ағзаның жұмысы туралы ақпартты сақтайтын пластинаның болатындығын анықтаған. Олар оны жүрекке тасиды. Олардың тұжырымдамасы бойынша, қан пластиналары эритроциттер секілді қызмет атқарады. Яғни, эритроциттер діріл арқылы олардың қызметі туралы ақпарат алады. XX ғасырдың 80 жылдары АҚШ-тың медициналық әдебиетінде қан ауыстырғаннан кейін, адам ағзасының өзгергендігі жайлы жүздеген оқиға тіркеліпті.

Осыған орай 1990 жылы АҚШ-та жеке қан банкі ашылған. Бір жағдай болып, қан керек болған кезде жиналған қанды әр адамның өзіне құяды.

Ғалымдар қан құйылған адамдарды бақылауға алып, олардың бойындағы өзгерісті байқаған. Сол себепті қан құю кезінде резус фактор мен зияткерлік коэффициентіне мән беру керек дегенді алға тартқан.

Бұл мәселеге қатысты Александрдың айтар өз уәжі бар.

– Өзгенің қаны құйылған соң адамның мінез құлқы, ойлау қабілеті барлығы өзгеріске ұшырайды дегенді естігенмін. Бірақ сенбеймін. Өйткені құйылған бір литр қан адам бойындағы төрт-бес литр қанды толықтай өзгеріске ұшыратуы мүмкін емес.

Донация қатерлі дерттен сақтайды

Дәрігерлердің айтуынша, донор болу адамның өзіне физиологиялық және психологиялық жағынан пайдалы. Қан тапсырған адамның қан айналу және иммундық жүйесі жақсарады. Сондай-ақ қатерлі ісік аурулары мен тыныс жолы арқылы жұғатын жұқпалы ауруларға сирек шалдығады. Сондықтан өтеусіз қан тапсырумен қатар Қазақстанда ақылы донор қызметіне рұқсат етілген.

Жасы 18-ден асқан, донор болуға медициналық қарсы көрсеткіші жоқ ер адамға жылына бес рет, ал әйел адамға төрт рет 450 миллилитрден қан тапсыруына болады.

Қазіргі уақытта әлемнің 62 елінде адамдар өтеусіз қан тапсырады.

Донор – латын тілінен аударғанда "тарту, сыйлау" деген мағынаны білдіреді. Донордан алынған қанға ВИЧ 1, 2 инфекциясы, В және С гепатиттері маркерлері мен мерез ауруларына сараптама жасалады.

Донорлық қан онкологиялық ауруға шалдыққандарға, босанған кезде көп қан жоғалтқан әйелдерге, ауыр оталар жасалғанда пайдаланылады. Республикалық қан орталығына жыл басынан бері 11 мыңнан астам адам қан тапсыруға келсе, соның сегіз мыңға жуығы ғана донор болуға рұқсат алған. Ал жалпы Қазақстан бойынша 100 мыңнан астам адам қан тапсырған. Қан өткізгеннен кейін тегін түскі ас ішуге талон немесе ақысын алуға болады. Қан өткізу 567 теңге, яғни, 0,25 АЕК құрайды. Донор болған адамға жұмыс беруші орташа еңбек ақысын сақтай отырып, бір күндік демалыс береді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары