Тікелей эфир

Ауаның ластануынан балалар демікпеге, қатерлі ісікке, жүрек-қан тамырлары дерттеріне шалдығып жатыр. Жаңалықтарға шолу

Сурет Pavlodarnews.kz сайтынан алынды
Сурет Pavlodarnews.kz сайтынан алынды
Астана тұрғыны мемқызметшінің телефонына 3 мың теңге бірлік салып, 336 700 теңге айыппұл төледі. Алматы аялдамаларына сандық табло орнатыла бастады.

Емханаларға баланы онлайн тіркеуге болады

Тіркеу электронды үкімет және egov.kz порталындағы Telegram-бот көмегімен жасалады. Электронды цифрлық қолтаңбаны енгізіп, порталдың "Денсаулық сақтау" бөлімінен "Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымды", одан соң балаларға қызмет деген пункті таңдайды. 2007 жылы туылған балалардан бастап онлайн тіркейді.

Елімізде азаматтарға 15 қарашаға дейін тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларға тіркелу міндеттеледі. Алғашқы 5 аптада Алматыда 16 мың адам тіркелген.

1000 әскери қызметкер "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен" (ТҚЖБ) жеңілдетілген ипотекалық несие алды

Әскерилерге баспана сатып алуға 16 млрд теңге несие берілді. "Әскери өнім" бағдарламасы бойынша жылдық мөлшерлемесі – 6%-дан бастап 8%-ға дейін.

Қазір ТҚЖБ 10,5 млрд теңге тұратын 700 өтінімді қарап жатыр. Жылдың соңына дейін 6000 әскери қызметкерге несие беру жоспарланған.

Алматы аялдамаларына сандық таблолар орнатылады

Алғашқы табло Тимирязев көшесі бойындағы BRT желісінің аялдамаларына орнатылады. Оны Алматы Көлік холдингі жыл соңына дейін қондырып шықпақшы. "Қаланың ірі тораптық аялдамаларына түгелдей электронды табло ілеміз. Бұны бюджеттен тыс қаржы есебінен жасаймыз", – дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Т.Хосчанов.

Астана тұрғыны мемқызметкердің ұялы телефонына бірлік салам деп, ірі көлемде айыппұл төледі

А. есімді азаматша Қазақстаннан тыс жерлерге карантинге жатқызылатын өнімдерді шығару туралы фитосанитарлық сертификатты рәсімдеу үшін мемлекеттік инспектордың телефонына 3000 теңгелік бірлік аударып, тексеруді қашықтықтан, яғни бейнеқоңырау арқылы жүргізуді өтінген. Мемқызметші оқиғаны өзінің тікелей басшысына дереу хабарлап, түскен 3000 теңгені арнайы мемлекеттiк қорға жіберген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әйелге 336 700 теңге көлемінде айыппұл салды.

Әлемде 2 млрд жуық бала ауасы лас жерде тұрады

Соның кесірінен олар респираторлық аурулардан басқа, ақыл-ойының дамуына кедергі келтіретін неврологиялық ауытқуларға, сондай-ақ демікпе және қатерлі ісікке, жүрек-қан тамырлары дерттеріне шалдыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) осылай деп дабыл қағады. Ұйымның деректеріне сәйкес, 2016 жылы тыныс алу жолдарының өткір инфекциясынан 15 жасқа дейінгі 600 000 бала көз жұмған.

"Қазгидромет" мәліметтері бойынша, 2017 жылы елімізде ауаның ластану деңгейі жоғары 7 елді мекен тіркелген: Жезқазған, Қаратау, Қарағанды, Шымкент, Теміртау, Өскемен және Глубокое поселкесі. Қазақстанның 10 қаласы, оның ішінде Астана мен Алматыда ауаның ластығы анықталды.

Біліктілікті арттыру орталықтарына талап күшейеді

"Оқыту орталықтары бітірушілердің кемінде 60%-ын жұмысқа орналастыруы керек. Бұл тұрғыда олардың тиісті материалдық-техникалық базасының болуы, сондай-ақ дуалды оқыту элементтерін пайдалануы маңызды", – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова. Ол оқу орындарын сапалы құраммен қамтамасыз ету мақсатында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы орталықтар мен оқу орындарының реестрін қалыптастырып жатқанын атап өтті. Министрлік сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Абаев төтенше жағдайда интернетте бұғаттау туралы Үкімет қаулысына қатысты пікір білдірді

Ақпарат және коммуникацилар министрінің айтуынша, халықты төтенше жағдай туралы құлақтандыру мәселесі ең жоғары деңгейде қала береді. Қаулы мемлекетке ешқандай жаңа өкілеттілік бермейді. Құжат төтенше жағдай кезінде мемлекеттік органдардың уәкілдігін реттейді. Бұл қаулы "Интернет пен әлеуметтік желілерді бұғаттау" туралы емес. Оның төңірегіндегі кез келген әңгіме – дақпырт, жұртты босқа дүрліктіру", – деді ол.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Іnform.kz: Қазақстан мектептерінде әскери-патриоттық сыныптар ашылады. ҚР Білім және ғылым министрлігімен және жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, еліміздің әр мектебінде әскери-патриоттық клубтар мен 5-11 сынып оқушылары үшін "Жас сарбаз" әскери мамандандырылған сыныптары ашылады. Бұл сыныптың оқушылары мен клуб тәрбиеленушілері бірыңғай форма киеді..

Baq.kz: Солтүстікке қоныс аударған 3000 отбасы алдағы үш жылда баспаналы болады. Осы мақсатта бюджеттен 2019-2021 жылдары 15 миллиард теңге қаражат бөлу көзделген. Бүгінге дейін еңбекке қабілетті 1,5 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылған, 87 адам кәсіпкерлікпен айналысады.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары