Тікелей эфир

Қалың малға құныққандар жастардың бағын байлап жүр. Қалың мал туралы аңыз бен ақиқат

Сурет baq.kz порталынан алынды
Сурет baq.kz порталынан алынды
Қалың мал – иісі қазаққа таныс салт. ХХ ғасырдағы «үзілістен» кейін жаңғырғанымен кей жерде дәстүрлік мәнін жоғалтты. Тіпті әлеуметтік індетке айналып барады.

Ақын Қадыр Мырзалиевше айтсақ, қазақ қазақты құда бол деп қинайды. Бұл әрине, құда түсу дәстүрінің ХІХ-ХХ ғасырлардағы сипаты. ХХІ ғасырда кейбір қазақ керісінше, құда болуға қиналатын болды. Өйткені, кейбір салт-дәстүріміз ниетке емес, пайдаға келіп тіреліп тұр. Әсіресе, қалың мал.

Оның үстіне, әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа демекші, қалың мал төлеу дәстүрі Қазақстанда бірдей емес, әр өңірде әртүрлі орындалатын жоралғыға айналды.

Оқи отырыңыз: Қазақ баласы тойға қанша қаржы жұмсайды немесе ынсапсыз асабалар туралы

Қалың мал қайдан шыққан және бұрынғы қазақ тұрмысында бұл салттың орны қандай болған? Қазір қай өңірде қалың малға не сұрайды? Қалың мал мен әлеуметтік теңсіздікті шатастырып жүрген жоқпыз ба?

Қалың мал Тәңірие ме, әлде рудың иммунитеті ме?

Әдетте, жұрт қалың мал бұрыннан болған дәстүр дейді де қояды. Ал Қазақстанның кей өңірі бұл салтты қатты ұстанса, кей аймақта сақтамайды. Мәдениеттанушы, журналист әрі сценарист Зира Наурызбаева қалың мал кезінде керек дәстүр болған, тек оның мәні баяғыда жоғалған дейді.

Оқи отырыңыз: Неке алдында медтексеруден өтуді міндеттеу ұрпақ саулығын арттыра ма? Шетел тәжірибесі мен қазақстандықтардың пікірі


Мәдениеттанушы Зира Наурызбаева.

Мәдениеттанушы Зира Наурызбаева. / Сурет ocabookforum.com сайтынан алынды


"Мифолог Серікбол Қондыбайдың жазуынша, көне заманда, исламнан бұрын Хал (Қал) деген тәңірие болған сияқты. Қыз балаларды, жас келіншектерді, жаңа туған сәбилерді қорғайтын, қолдайтын, жебейтін. Әу баста қалың мал отбасыға емес, шамасы, сол "Қал" деген тәңіриеге құрбандық болып есептелсе керек. Мысалы, бізде "қалжа" деген сөз бар ғой. Әйел босанғанда, мал сойып, сорпалайды. Бұның да о бастағы мағынасы "Қалға" шалынатын құрбандық сияқты.

Оқи отырыңыз: Қазақта ажырасу неге көбейді? Отбасын тұрақтандырудың жолы қандай?

Тағы бір теория бар. Ежелде әрбір ру біртұтас, бір тұлға – тірі ағза (организм) тәрізді болған. Өзінің бір мүшесі іспетті қызын басқа руға бергенде ағзасы әлсірейді. Қалың мал соның орнын толтыру үшін беріледі деген тотемдік түсінік. Және қазақта құт-береке қыздың басына қонады деген ұғым бар, сол құт-береке қызбен бірге басқа руға кетпесін деп жасалатын арнайы ырымдар болды. Қысқасы, қалың мал қазіргідей пайдаға негізделмеген, сауда сияқты, нарықтық-экономикалық түсінік болмаған".

Тәңіриеден 700 мың теңгеге дейін...

Қалың мал төлеу дәстүрі қазір Жасұлан сияқты жастардың уақытында үй болуына кедергі келтіріп жүр. Астана қаласында әскери қызметте жұмыс істейтін ол көңілі жарасқан қызбен отасуға дайын-ақ. Тек қалың малға қаражат жинап алайын дейді.

Оқи отырыңыз: Бабаларымыздың "Жеті атаға толмай қыз алыспау" қағидасы қайдан шықты?


Кейіпкердің өтініші бойынша түрі жасырылып, қызметі толық көрсетілген жоқ

Өтініші бойынша түрі жасырылып, қызметі толық көрсетілмеді / Фото informburo.kz


"Өзім Қостанайдың тумасымын. Ұнатқаным Оңтүстік Қазақстан облысынан, ата-анасы сол жақта. Мамандығы – дәрігер. Қолында дипломы бар. Құда түсіп барған едік, болашақ қайын жұртым қалың малға 700 мың теңге сұрады.

Бұл қазір оңтүстік жақтағы орташа "ставка" екен. Әзірге, той-томалақтан тыс ондай қаржы қолда жоқ. Несиеге батқым келмейді. Ата-анаммен бірге қалың малға қаражат жинап жатырмыз. Толтырған соң, бірден үйленемін", – дейді Жасұлан.

"Жылқышы туды" деп сүйінші сұраған

– Қазақ бұрын қалың малды тек малмен төлеген. Нағашы әжем кеңес заманында тұрмыс құрған, ол кезде қалың малға тыйым салғаны белгілі.

Ал, әпкелері төңкеріске дейін ескі салтпен ұзатылған, қалың малы төленген. Әжемнің әңгімесінде, құда түскен адамдар шалғайда тұратын кісілер болыпты. Әкесі қызын алысқа жібергісі келмеген. Бірақ, елге сыйлы болашақ құдаларының да бетін қайтара алмаған. Сондықтан, қалың мал сұрағанда, түсі өте ерекше, сирек кездесетін жылқының түрін әкелуді әдейі айтқан екен.


1870 жыл, қазақ қыз алар үйдің керегесі арқылы сөйлескен

1870 жыл, қазақ құдаласқан кезде қыздың әке-шешесімен керегеден сөйлескен / Сурет wikipedia сайтынан алынды


Жалпы, қазақта қалың мал негізі жылқымен төленген ғой. Бала туғанда "қойшы туды ма, жылқышы туды ма" деп сұраған. Қойшы деген – ұл бала, мал бағатын, жылқышы дегеніміз – қыз бала, яғни, қалың малы жылқымен төленетін қыз туды деген сөз.

Содан, нағашы әжемнің әкесі "жылқылар кілең ақ болсын, мойнында қоңыр дақ болсын" деп, қиын шарт қойып, құда түсіп келгендердің бетін қайтармақ болған. Бірақ, құдалар сондай малын жинап алып келгенде, амалсыздан қызын берген екен", – дейді Зира Наурызбаева.

Қалың малы қандай болса, жасауы да сондай

"Қазақта алған қалың малдың мөлшеріндей қызға жасау жасайтын. Яғни, қалың мал қыздың жасауына кететін еді. Ата-анасы қызды сатқандай болмайды, жас отбасы тезірек аяғынан тұрып кетсін деп, отауына керек жабдықтарды сайлап беру үшін алатын.

Кейін, әрине, бұл дәстүр өзгеріске түсті. ХІХ ғасырдың аяғында кетіп бара жатып, сыңсу айтқанда қалың мал алған әкесіне қыздар "мені малға саттың" деп өкпе-назын білдіретін болды.

Бірақ, одан бұрын (фольклористика ғылымы болмаған кезде) сыңсу жанрында ондай сөз болды ма, болмады ма белгісіз.

Алашорда арыстары қалыңмалға қарсы болған, кеңес заманында мұндайға тіпті тыйым салынды. Мен шынымды айтсам, осыны қолдаймын", – дейді мәдениеттанушы Зира Наурызбаева.

Бәріне қанағат керек. Жасауға құныққан қыз туралы аңыз

Ал, өзімнің анам Күлзира Бөктербайқызы қалың малға да, жасауға да қанағат керек екенін үнемі айтып отырады. Алматы облысындағы Келіншектауға байланысты аңыз – не нәрсенің де шегі бар екенін білдіретін халық даналығы, дейді.

«Неше ғасыр бұрын екенін кім білсін, Алматы мен Талдықорғанның бойында елден асқан атақты бай болыпты. Бірақ, ұрпақтан жалғыз қыз сүйген екен. Ол қызы бұлаң да ерке өсіпті. Сол жалғызына тағы бір бай құда түскен соң, екі жылдан кейін сән-салтанатымен ұзатамын деп сөз беріпті.

Қызының жасауын әзірлеу үшін ел арасынан қолынан өнер тамған зергерлер мен тігіншілерді жинаған. Шеберлер қыздың ағаш үйінен бастап, ер-тұрманына дейін алтынмен аптап, күміспен күптеген. Ал, тігіншілерге қымбат сәукелесін, түлкі тоны мен төсек жабдықтарын дайындатқан. Тіпті, шеберлерге саба тіктіріп, піспегін күмістен жасатыпты.

Осылайша, бір қызының жасауын екі жыл бойы дайындаған бай керегесінің басы күмістен жасалған алты қанат кигіз үй тігіп, қызын ұзатыпты.

Бұдан басқа, алдына қалың малын салып, сол малды бағу үшін екі құл мен екі күң қоса берген.

Сонымен, жүгін он түйеге артып, өзіне ең жүйрік ат таңдап мінгізіп, қызын жөнелтеді. Керуен өз жұртынан әбден алыстаған кезде, ерке қыз жасауын ақтарады. Кінәмшіл көңілі толмайды. Құлының бірін жұмсап, "Әкеме айта бар. Ренжулімін. Итімнің итаяғы ұмыт қалыпты" деп, итаяқты күміспен қаптап жіберсін деп тапсырады.

Жалғыз қызын ұзатып, көңілсіз отырған әке мұны естігенде қатты ашуланады. "Бұлай күйдіргенше, тойымсыз қызымның тасқа айналғаны артық еді" деп налыған екен.

Әке назының құдіреті күштілігі соншалық, құл қайтып келгенше, ұзатылып бара жатқан қыздың көші тасқа айналып кетіпті.


Алматы облысындағы Келіншектау

Алматы облысындағы Келіншектау / Сурет kzkyzy.com сайтынан алынды


Міне, Алматыдан шығып, Талдықорғанға бара жатқанда көрінетін бұл тау содан бері Келіншектау деп аталады екен. Алыстан қараса, түйе жетектеп бара жатқан қыздың бейнесі анық байқалады", – дейді анам.

Алпыстағы апа "қалың малым төленбеді" деген сары уайымнан жанарынан айырылдым дейді

"Өзім куә болған оқиға. 90-шы жылдардың шамасы. Көршілеріміз зейнет жасындағы ерлі-зайыптылар еді. Әйелі оңтүстіктің қызы, ері арқаның азаматы болатын.

Бір күні олар алпыстан асқан шағында қайын жұртына барады. Сонда тоқсандағы қайын атасы күйеу баласына ойын-шыны белгісіз "сен Кеңес одағын пайдаланып, қызымды тегін алып кеттің, қалың малы мойныңда" деген-мыс.

Бұны бір қалжыңға балауға болар ма еді. Өйткені, оладың балалары түгілі, ер жеткен немерелері бар. Бірақ, сол апамыз әкесінің айтқан сөзін жүрегіне соншама жақын қабылдап, сары уайымға салынып, ақыры ауырып, көзі солып, соқыр болып қалды.

Яғни, тұрмысқа шыққан кезінен бері "әке-шешеме қалың мал төлеген жоқ" деген комплекс болған ғой. Кеңес заманында ондай нәрсе айтылмаса да, шамасы іштей уайымдап жүрді", – дейді Зира Наурызбаева.

Қазақ бір ел болғанымен, сан түрлі салты бар

Қазақстанның әр өңірі қазір қалың мал беру дәстүрін әртүрлі ұстанады. Кейбір аймақ, әсіресе, солтүстікте бұл салтты әлдеқашан ұмытқан. Өзіміз зерттеген бірнеше өңірдің қалың мал төлеу тәртібі мынадай.

Ақтөбеде – ана сүті...

Батыс Қазақстан облысындағы іргелес жатқан екі рулы елдің өзінде қалың мал беру дәстүрі мүлде екі түрлі. Мысалы, Ақтөбе қаласы қалың мал дегенді көп біле бермесе де, бірақ, "ана сүті" деп ырымдап ақша апарады екен.

"Ақтөбе облысының 12 ауданы болса, қыз алу, қыз беру дәстүрі сол 12 ауданда әртүрлі орындалады деуге болады. Қазір адамдардың бәрі оқыған, көздері ашық. Оның үстіне, қазір ата-ана емес, кіммен қосылатынын жастардың өздері шешеді ғой.

Ұл аламын, қыз шығамын деп тұрған соң, қазір ата-ананың көнбеске амалы жоқ. Сондықтан, дәл Ақтөбе қаласында қалың мал жоқ, дегенмен, құда түсу жоралғысы жасалады", – дейді өлкетанушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдени қызметкері Рысжан Ілиясқызы.

Рысжан апаның айтуынша, Ақтөбе қаласында көбіне ана сүтін әкелу міндет. "Ана сүті осыдан 2-3 жыл бұрын 50 мың теңге көлемінде берілетін, қазір өскен шығар. Бірақ, ана сүті де, киіт салу да жария етілмейді, тек екі отбасының өзара келісімі арқылы жасалады. Қалың мал дәстүрін көбіне Ырғыз, Шалқар аудандары ұстануы мүмкін, өйткені, олар оңтүстік-шығысқа жақын орналасқан.

Бірақ, "теңі келсе, тегін бер" дегендей, лайықты деп тапса, ол азаматты қалың малмен қинамай, қызын беретін. Дегенмен, қазақ "қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды" деп, ырымдаса да, бәрі бір кәдесін жасатып жатады, – дейді Рысжан Ілиясқызы.

... Ақтаудың қалың малы бір миллионға дейін барады

Ал, батыстағы мұнайлы қала – Ақтау қалың мал да, ана сүті де, өлі-тірі дәстүрі де үнемі орындалатын шаһар екен.

"Қыз бен жігіт отау құрар алдында жасалатын негізгі дәстүр – қалың мал ғой. Қалың мал дегеніміз, жалпы жігіттің әке-шешесі қыздың ата-анасына болашақ келіндерін аман-сау өсіріп, тәрбиелегендері үшін беретін аманаты, сыйақы ғой. Бұрын Маңғыстау өңірінде қалың малды 2 түйе, оншақты қоймен беретін. Қазір Ақтау қаласында қалың малға 500 мың теңгеден бастап 1 млн теңгенің арасында ақша сұрайды. Яғни, тек қалың мал беріп құтылатын болса, осы сома", – дейді маңғыстаулық өлкетанушы Бекболат Төлегенұлы.

Маңғыстау бойынша қалың малдың ішіне кіретін дәстүр – ана сүті екен.

– "Ана сүті"тікелей болашақ келіннің анасына берілетін ақы. Ескіше салтпен сүтақыға бір түйе беретін, ал қазір жағдайына қарай әртүрлі. Көбінде бір кілем және бір алтын сақина қосып береді", – дейді ол.


"Маңғыстау қазақылықты берік ұстанған өлке. Ал, батыстағы басқа аймақтардың көбі бұл дәстүрлерді ұмытқан"

Өлкетанушы Бекболат Төлегенұлы Маңғыстау өңірінің тарихы мен салт-дәстүрін үнемі зерттеп отырады. Айтуынша, Маңғыстау – қазақылықты берік ұстанады. Ал, батыстағы басқа аймақтардың көбі бұл дәстүрлерді ұмытқан / Сурет жеке архивтен алынды


Ақтауда ана сүтінен кейін орындалатын жоралғы – өлі-тірісін беру. "Қызды алып бара жатқан жұрт өлі-тірісін беріп шығады. Бұл қызды жаңа жерге алып бара жатқан соң садақа ретінде берілетін мал. Өлі-тірісіне кем дегенде бір қой беруі керек.

Сосын, той малы деген бар. Жалпы, қазіргі дәстүр бойынша қызды тойханадан, яғни, өз үйінен шығарады ғой. Бұрында қыз ағасының үйінен немесе көршісінің үйінен шығатын. Сол үйдің шығынын көтеру үшін той малын беретін еді.

Яғни, бір қой және дастарханның шығыны берілетін. Қазір сол бір қойдың ақшалай құны беріледі. Бұл төрт дәстүр – екі жақ алдын ала уағдаласып, келісіммен құда болғанда жасалады", – дейді Бекболат Төлегенұлы.

Шығыс қызының қалың малы – бір жылқы

Шығыс Қазақстанда біреулер қалың мал сұраса, енді бірі киіт алмасу дәстүрін ұстанады. Мысалы, Өскемен, Қатон-Қарағай өңірлері қыздың қалың малына бір жылқы сұрайды екен. Қалың малдан тыс, жағалы киім–киіт салып, құдаларға қымбат сыйлық жасайды. Бір қызығы, жасауды барған жеріне қызы әбден сіңгеннен кейін, тіпті, бір балалы болған соң апарады.

Семейдің келін түсіру тәртібі өзгеше – мұнда "құда түгендейді". Яғни, қыз аларда киіт кигізетін туыстарының тізімін жаздыртады. Және қай құдаға қандай жағалы киім, алтын салатын құдағилардың жасын, сақина өлшемін сұрап, соған сай кигізетін киітін, сыйлайтын сақинасын іздейді.

Бұған қосымша қыз алып отырған жақ қалтасына қарай ана сүтінің өтемі ретінде 100 000 теңге көлемінде ақша апаруы керек.

Қызынан "құтылғанына" қуана ма?

"Оңтүстік Қазақстан облысында қалың мал дәстүрі сақталған, бірақ, керекті-керексіз дүниелерді қосып, қазақтың бұл салтын бұзып жіберген", – дейді тарихшы, жазушы Момбек Әбдәкімұлы.

Момбек Әбдәкімұлы қалың малдың төлемі ретінде 10 000 доллар берген құдаларды өз көзіммен көрдім дейді.


Тарихшы Момбек Әбдәкімұлы қазақтың қалың мал дәстүрі қазір қып-қызыл саудаға айналды дейді

Тарихшы Момбек Әбдәкімұлы қазақтың қалың мал дәстүрі қазір қып-қызыл саудаға айналды дейді / Сурет тарихшының жеке архивінен алынды


"Оңтүстік аймақтың қазіргі қыз алып, қалың мал төлеу дәстүріне тоқталсақ, ең алдымен 300 жүз мың теңгеден бастап, бір қойын, дастарханын алып, қыз жақтан кешірім сұрап барады. Бұл салтты "кешірім" деп атайды.

Бұрын қызды алып қашу көп еді, қазір азайған, дегенмен, қыз алып қашқанда, аяққа жығылып баратын бұл салт сақталды. Яғни, алып қашпаса да келін түсіргеннен кейін кешірім ретінде ақшасын және дастарханын алып барады.

"Кешірімнің" құны әртүрлі, 100 мың, 200 мың теңге, кейде 600 мың, тіпті миллионға барады. Қазір осы кешірімнің ақшасын кейбір құдалар қалың малдың ақшасы деп атайды, кейде, "кешірімнің" үстіне қосымша қалың мал төлейді", – дейді тарихшы.

Тарихшының айтуынша, қазір қазақтың құда күту салты да бұзылған. Құда күту – кәдімгі тойға, ал киіт салудың арты әйелдер арасында реніш-дауға айналатын болыпты.

"Бұрынғылар "қызым ұзатылды" деп жыласа, қазір адамдар қыздарын бергеніне қуана ма, білмеймін, әйтеуір құдаларын бірінші болып, шайға шақырады.

Сосын, жігіт жақ киіт салып, қыздың анасына елде жоқ сыйлық алып беруі керек. Бас құдаға міндетті түрде қымбат жағалы киім, анасына өте қымбат алтын ұсынады, қалған құдаларға да сый-сияпатын аямауы керек.

Құдалыққа бұрын 10-15 адам келетін еді, қазір 40-60 адам келіп алады да кәдімгі тойға ұласады. Концерт қойып, бәріне сыйлық бермесе де осы алпыс адамның көңілін табу керек.

Ал тойға қазір оңтүстік жақта мың адамға дейін шақырады. Кімнің қандай тілек айтып жатқанын, батаны былай қойғанда, кімнің кім екенін білмейтін тойлар өтеді. Кейде үлкен адамдар тыңдамайтын "халтурщик" әншілерді шақырады. Өкініштісі кей жағдайда тойлардың шырқы осылай бұзылады".

"Тең теңімен, тезек қабымен" деп бекер айтпаса керек

Біз, әрине, бірнеше аймақтың ғана дәстүрімен таныстық. Өзге өңірлердің қыз беріп, қыз алысу тәртібі туралы оқырмандарымыз өз пікірін білдіре жатар.

Осы тақырып талқыланған кезде әріптесіміз қалың мал мен жасаудың кесірінен ажырасып кеткен отбасы туралы айтып берді.

"Қызылжардың қызы. Өте тәрбиелі, инабатты. Солтүстікте десе де қазақы тәрбие алған, үлкеннің алдын кеспейтін, ер адамға қарсы сөз айтпайтын биязы келін еді. Бәрі сол қалың мал мен жасаудан басталды.

Ол оңтүстік жаққа тұрмысқа шыққан, қалың мал сұраған жоқ. Бірақ, қыздың төрт маусым киетін киімі су жаңа, қымбат тоны, төрт түрлі аяқ киімі болу керек екен.

Танысымның отбасы қарапайым, шамаларында сол керек дегенді апарды. Бірақ, оның болашақ қайын жұртына апарған дүниелері ұнамай, "аш-жалаңаш" келдің деген сөздермен оның көңіліне қаяу түсіре берген.

Жолдасы екеуі де сондай сөздерге бола ұрсыса берген, ақыры айы-күні таяп отырған кезде шыдамай, ажырасып кетті. Қазір бала әкесіз өсіп жатыр".

Бірақ, мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваның пікірінше, бұл қалың малдың емес, әлеуметтік теңсіздіктің салдары.

"Мысалы, таныстарымыздың қызына бір дәулетті отбасылар құда түсетін болды. Бай да емес, жоғарыда дәрежелі шенеуніктің баласы.

Сонда, жап-жақсы үйі, өз бастарына жететін жағдайы бар адамдар құдаларды күтеміз, солардың алдында "жарлы" болмаймыз деп қыруар қаражатқа шашылды.

Несиеге керемет жерден үлкен үй алып, ішін жиһаздады. Бірақ, қомақты несиенің қайтаруының уайымымен, қыздың әкесі жаман ауруға шалдықты. Ақырында қайтыс болды".

Әрине, әр ұлт өзіне ғана тән дәстүрді, қанына сіңген салт пен өмір сүру қағидаларынан ешқашан айырылмауы керек. Ал, той-томалақ, жыр-шашу, құда-жекжаттық қазақтың ерекше жоралғылары. Бірақ, дәл осы қалың малға келгенде, қазақ дүние-мүлікке құнығудың салдарын жақсы білген. Бұл екі жастың, екі елдің арасына от салады, артынша, отбасының шырқы бұзылады. Кайтып келген келіншек, ажырасқан еркек, жетім бала деген жаман атқа қалдырады. Сондықтан қандай да тепе-теңдікті, ұлттық ерекшеліктерді сақтап, жақсы қағидаларды қатар түлету керек.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары