Тікелей эфир

Жаңа жылда Алматыда жер сілкіне ме?

Wikimedia Commons
Wikimedia Commons
"Жаңа жылда жер сілкінеді" деген ақпарат жақында алматылықтардың үрейін ұшырған еді. Желдей ескен қауесет ел арасында гулеп кетті. Қаншалықты шындыққа жанасады?

Бұл туралы жарыса жазған БАҚ өкілдері Сейсмология институтының зертхана меңгерушісі Әбдірахман Курскеевке сілтеме жасаған-ды. Ол желтоқсан айының соңы мен қаңтардың басында Алматы қаласында жерасты дүмпулерінің сезілетінін мәлімдеген болатын.

– Алматы тұрғындары естен шығармауы керек – біз сейсмоқауіпті аймақта өмір сүріп жатырмыз. Соңғы 3-4 жылда сейсмикалық процестердің белсенділігі жаңа кезеңге енді. Қытайда және бізге жақын орналасқан өзге мемлекеттерде болып жатқан жер сілкіністері – осыған айғақ. Бізде жер сілкінбейді деп айта алмаймын, биыл жылдың аяғында сейсмикалық белсенділік артады, бұл кезеңде жерасты дүмпулерінің тіркелуі заңдылық, – деген сейсмологтың сөзі жұрттың жүрегіне қорқыныш ұялатқан.

Сейсмолог Курскеев неге ашулы?

Біз осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін Әбдірахман Курскеевтің өзімен тікелей әңгімелесіп қайттық.

Кабинетіне кіріп барсақ, ардагер сейсмолог терісіне сыймай ашуланып отыр екен. Аз-кем аман-саулық сұрасқан соң бірден өзімізге дүрсе қоя берді.

– Сендер, журналистер елді шулатасыңдар да жүресіңдер. Менің сөзімді неге бұрмалайсыңдар? Зілзала болады дегенді қайдан шығардыңдар? – деп бастырмалата жөнелді.

Біз басында түк түсінбей, айран-асыр күйде аңтарылып қалдық.

– Аға, сіз басқа тілшілермен сөйлескен шығарсыз, біз өзіңізді бірінші рет көріп тұрмыз, – деп жөнімізді айттық. Мән-жайды білген соң ғана қария сабасына түсті.

– Не сұрайсыздар? Көп нәрсе айтпаймын, журналистерден әбден аузым күйген, – деп салқын ескертті.

– "Жаңа жыл қарсаңында жер сілкінеді" деген мәлімдемеңіз туралы не айтасыз? – деп едік, Курскеев сәл бөгеліңкіреп, ойланып қалды. Шынында да "аузы күйгені" анық байқалады. Отырған орнында қозғалақтап, тамағын қырнап алды да, әр сөзіне салмақ сала байыппен сөйлеп кетті.

"Жаңа жылға дейін қуатты зілзала болмайды"

– Өткен жолы келген тілшілер менен: "Жаңа жылға дейін таяу арада Алматы облысында жойқын жер сілкінісі бола ма?", – деп сұрады. Мен оларға шегелеп тұрып жауап бердім: "Қолда бар тәжірибелік материалдарға және теориялық есептеулерге қарағанда, Алматы облысында Жаңа жылға дейін қуатты зілзала күтілмейді", – дедім.

– "Жұртты дүрліктірмеңдер, адамдар Жаңа жылды алаңсыз қарсы алсын" дедім. Міне, менің бар айтқаным осы-ақ. Меніңше, жігіттер осы қылықтарымен көргенсіздік танытты. Оларды тілші куәлігінен айыру керек. Сотқа арыздануыма да болар еді, жастардың обалын ойладым, – дейді қарт ғалым.

Тағы бір-екі сауал қоюға оқтала бергенімізде Әбдірахман Курскеев:

– Болды, бұдан былай ештеңе сұрамаңыздар. Мен айтарымды айттым, – деп қысқа қайырды. Бізбен жылы қоштасып тұрып:

– Айналайындар, арзан сенсация қумай, объективті болыңыздаршы! Аңдамай сөйлеген әр сөзіміз халықтың көңілін күпті қылады. Бұл ойнайтын нәрсе емес, – деп сақтандырып қойды.

"Жер сілкінісі күтіледі, бірақ айтарлықтай қуатты емес"

Жақын арада зілзала болмайтынын Сейсмобиология отрядының бастығы Сергей Шимов та растайды. Институт базасындағы зоологтар аң-құстардың мінез-құлқын бақылап, жер сілкінісінің ықтималдығын болжап отырады. Қазір хайуандардың көңіл күйі бір қалыпты екен.

– Мен Әбдірахман Курскеевтің мәлімдемесін естідім. Негізі қорқатындай ештеңе жоқ. Ол кісі абайсыз сөйлеп қойған ғой. Жер сілкінісі күтіледі, бірақ айтарлықтай қуатты емес. Қазір болжам жасау комиссиясы күшейтілген тәртіппен жұмыс істеп жатыр. Неше түрлі сыбыс көбейіп кетті, онымен күресу қиын, әзірге бәрі жақсы, – дейді Сергей Шимов.

Бастысы сейсмозообақты мекендеуші құстар мен кесіртке, жыландар тыныш

Оның сөзінше, жан-жануарларға қарап жер сілкінісін болжайтын әдістеме дүниежүзінде некен-саяқ. Сейсмобиология бекетінде оншақты тотықұс, алты балық, бес кесіртке, бір жылан, 12 бентам тауығы, бірнеше кептер мен бір үйір үй қояны бар.


Үй қояндарының құлақтарына арнайы құрылғы орнатылған

Үй қояндарының құлақтарына арнайы құрылғы орнатылған / Фото informburo.kz


– Біздің бекетіміз 1995 жылы жылы құрылған. Таңғы 6-дан түнгі 12-ге дейін бақылау жүргіземіз. Жиналған барлық мәліметті институттағы лабораторияға жібереміз, мамандар ол деректерді тыңғылықты зерделеп, болжам жасайтын комиссияға тапсырады. Яғни, біздің жұмысымыздың нәтижесі комиссияның отырысында назарға алынады. Құдайға шүкір, күні бүгінге дейін үлкен апат болған жоқ, сол себепті бұл істе жануарлардың қаншалықты пайдасы барын дәлелдей алмаймыз, – дейді сейсмобиолог.


Шығыс әбжыландарының сейсмобиология бекетін мекен еткеніне 20 жыл болған

Шығыс әбжыландарының сейсмобиология бекетін мекен еткеніне 20 жыл болған / Фото informburo.kz


Дегенмен 20 жыл бедерінде аң-құстардың әдеттен тыс әрекеттері бірнеше рет тіркелген. Мысалы, зілзаланы сезген жағдайда жыландар байыз таппай тыпырлап, террариумнан шығуға жанталасады екен.

Күндіз қараңғыда тығылып жататын дорбажелбезекті жайындар аласұрып жарыққа ұмтылады. Кесірткелердің де тәуліктік режімі өзгереді, аквариумның қуыс-қуысын паналап, құмға бастарын тығып жатып алады.

Кішкентай жер сілкінісінің алдында тотықұстар тор ішінде ұшып-қонып, қатты мазасызданады. Ал түйсігіне алапат зілзаладан хабар жетсе, естерінен танып, мелшиіп қатып қалады деседі.



Тауықтар бұдан бұрынғы (тамыздағы) жер сілкінісін сезген

– Адамзат баласы Жердің асты-үстіндегі геофизикалық өрістерді әлі зерттеп біткен жоқ. Ал жануарлар оны табиғи түйсікпен сезеді. Бекеттегі аң-құстардың 2-3 түрі жалпы нормадан ауытқыған сыңай көрсетсе, оның бір себебі бар. Биылғы тамыз айында мынадай қызыққа куә болдым: бір күні таңертең жұмысқа келсем, тордағы бентам тауықтары азан-қазан болып шулап жатыр екен. Негізі тауықтар жұмыртқа салғанда ғана бақырады ғой. Бұл жолы әтештеріне дейін қосылып кеткен. Мен бірден секемденіп, орталыққа хабарладым. Ертеңінде 4 балдық магнитудамен жер сілкінді, – дейді Сергей Шимов.


Жартылай жабайы бентам тауықтарының табиғи сезім мүшелері жақсы дамыған

Жартылай жабайы бентам тауықтарының табиғи сезім мүшелері жақсы дамыған / Фото informburo.kz


Сейсмология институтының директоры Әнуар Боранбаевтың айтуынша, қандай білгір ғалым болса да, жалғыз адам болжам жасай алмайды. Институтта тоғыз департамент жұмыс істейді, айналып келгенде, бәрінің илегені – бір терінің пұшпағы. Тек әрқайсысынан алынған деректерді салыстырып барып, қорытынды шығарған дұрыс.

"Негізі Әбдірахман Курскеев қатты айтса да, қате айтқан жоқ"

– Ол өз қолындағы мәліметтерге сүйенді. Қазіргі таңда жер сілкінісінің нақты күнін, орнын және қуатын тап басып табу мүмкін емес. Әлемде ондай әдістеме жоқ. Жалпы, болжам жасау – жақсы атақ әпермейтін жұмыс, – дейді Әнуар Боранбаев.

Ғалымдар болжамы бойынша 2018 жылы бүкіл әлемдегі жер сілкінісі екі есеге артады

Әнуар Боранбаев АҚШ геофизигі Роджер Билхэмнің пікірін мысалға келтірді. Америкалық ғалымның "The Guardian" газетінде жарияланған еңбегінде 2018 жылы бүкіл әлемдегі жер сілкінісі екі есеге артатыны айтылған. Роджер Билхэм 1900 жылдан бергі зілзалалар статистикасын есептеп, "Жер шары өз осін баяу айнала бастаса, жер сілкінісі көбейеді" деген тұжырымға келген.

Төмендегі кестеде жер сілкінісінің бес жылдықтағы орташа есебі жасылмен көрсетілген. Кейбір жылдары 26 рет, ал биыл магнитудасы 7 балдан асатын алты зілзала тіркелген.


Зілзала жиілігінің күн ұзақтығымен байланысы

Зілзала жиілігінің күн ұзақтығымен байланысы / Кесте gazeta.ru сайтынан алынды


– Менің бұл тұжырыммен келіспеске шарам жоқ. Салыстырып қараңызшы, АҚШ пен Жапонияда неше бақылау стансасы бар, ал Қазақстанда нешеу? Арасы жер мен көктей. Олардың мүмкіндігі біздікінен әлдеқайда мол. Әйтсе де біздің мамандар күн-түн демей, тау-тасты аралап, еңбек етіп жүр. Халықты ұсақ-түйекке бола дүрліктіре бермейміз. Ал егер айтарлықтай үлкен зілзала болатыны анықталса, міндетті түрде тиісті орындарға хабарлаймыз. Білгенімізді бүгіп қалмаймыз. Қорықпаңыздар – деп сөзін түйіндеді Әнуар Боранбаев.


аав

Қазақстандағы сейсмология бекеттері / Әнуар Боранбаевтың жеке мұрағатынан алынды



лдл

АҚШ-тағы сейсмологоия бекеттері / Әнуар Боранбаевтың жеке мұрағатынан алынды


Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары