Тікелей эфир

Алматыда жұмыс істейтін жастарға қарашада 249 пәтер беріледі

Іnformburo.kz фотосы
Іnformburo.kz фотосы
Жұмыс істейтін жастардан жалдамалы пәтер алуға мыңнан астам өтініш түсті.

Алматы қаласының жұмыс істейтін жастарынан жалдамалы баспанаға құжат қабылдау 30 қазан мен 12 қараша аралығында жүргізілді. Осы уақыт ішінде 1244 үміткерден өтініш түскен. Қазір құжаттар жинастырылып, балл жүйесі бойынша сұрыпталып жатыр. Ең көп ұпай жинаған алғашқы 249 үміткерге қараша айының соңына дейін пәтер үлестіріледі. Пәтерлер Алатау ауданына қарасты "Көкқайнар" ықшамауданында орналасқан үйлерден беріледі. Алматы қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы қалған үміткерлер жыл соңына дейін баспаналы болады деп сендірді. Айтуларынша, биыл Алматы қаласында жастарға 1050 жалдамалы пәтердің кілті тапсырылмақ.

"Алматылық жұмыс істейтін жастарға берілетін алғашқы 249 пәтердің барлығы бір бөлмелі. Ауданы 40 шаршы метр. Олардың ай сайынғы жалдау құны - 5000 теңге. Бұл жастардың өз баспаналарына қаражат жинауына мүмкіндік береді. Үйге отбасы мүшелері келісім-шарт бойынша тұрақты тіркеуге тұра алады. Жалдау мерзімі біткен соң пәтерлер акт бойынша қабылданып алынады және басқа кезектегілерге беріледі", – деді Алматы қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Айбек Сайделдаев.

Баспананың келесі легі дайын болғанда almaty-jastary.kz сайтында өтініштерді қабылдау бөлімі тағы іске қосылады. Айта кетсек, бұл бағдарламаға айлық табысы 101 мың теңгеден кем емес 29 жасқа дейінгі үміткерлер қатыса алады.

Оқи отырыңыз: Баспаналы болудың төрт жолы ұсынылды

Жалдау шарты туралы. Пәтер бес жылға жалға беріледі, оны сатып алу және жалдау уақытын ұзарту мүмкіндігі жоқ. Бұған қоса пәтерді жалға алушы коммуналдық шығындар ақысын төлеп отыруға міндеттенеді. Жаңа бағдарлама талабы бойынша үміткерлер соңғы екі жылда пәтер алуға өтініш берген қалада тіркеуде болуы тиіс. Сондай-ақ, жеке баспанасы болмауы шарт.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары