Тікелей эфир

Нұр-Сұлтанда жастардан жалдамалы баспанаға құжат қабылдау басталды

Іnformburo.kz фотосы
Іnformburo.kz фотосы
Алматы қаласында бұл бағдарлама бойынша құжат қабылдау 30 қазанда басталған болса, Шымкент қаласында әзірлік жұмыстары әлі аяқталмаған.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейтін жастардан жалдамалы баспанаға құжат қабылдау басталды. Бұл бағдарламаға айлық табысы 101 мың теңгеден кем емес 29 жасқа дейінгі үміткерлер қатыса алады. Құжаттар 5-10 қараша аралығында smart.astana.kz сайтында онлайн режимде қабылданады. Құжат өткізу үшін өтініш берушіде ЭЦҚ болуы шарт. Пәтер бес жылға жалға беріледі, оны сатып алу және жалдау уақытын ұзарту мүмкіндігі жоқ.


Нұр-Сұлтан қаласындағы бұл үй пәтер кезегіндегілерге және жастарға жалға беріледі

Нұр-Сұлтан қаласындағы бұл үй пәтер кезегінде тұрғандарға және жұмыс істейтін жастарға жалға беріледі / Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің фотосы


Нұр-Сұлтандық жастарға пәтерлер Уәлиханов пен Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы "Астаналық" базарының маңайында, сондай-ақ, Бөгенбай батыр мен Жангелдин көшелерінің қиылысында бой көтерген тұрғынүйлерден беріледі. Бір бөлмелі пәтер ауданы 30-45 шаршы метр болса, екі бөлмелі пәтердікі 46-70 шаршы метр. Іріктеуден өткен өтініш беруші жастардың тізімі 10-желтоқсаннан кешікпей жарияланады.

Айта кетейік, Алматы қаласының жастарынан құжаттарды тіркеу 30 қазанда басталған болатын. Өтініштер 12 қарашаға дейін almaty-jastary.kz сайтында қабылданады. Пәтерлер Алатау ауданына қарасты "Саялы-2" ықшамауданында орналасқан үйлерден үлестіріледі. Алматы қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы байқау нәтижесіне қарап, қараша айының соңына дейін тиісті талапқа сай келген алғашқы 250 адамға пәтер кілтін тапсырмақ. Қалған үміткерлер жыл соңына дейін үйлі болады деп жоспарланып отыр.


Алматылық жастар "Саялыға" қоныстанады

Алматылық жастар "Саялыға" қоныстанады / Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының фотосы


Жаңа бағдарлама талабы бойынша үміткерлер соңғы екі жылда пәтер алуға өтініш беріп отырған қалада тіркеуде болуы тиіс. Сондай-ақ, жеке баспанасы болмауы шарт. Іріктеу нәтижесінде ең көп балл жинаған 1050 адамға пәтер беріледі. Бір айлық жалға беру құны пәтердің ауданына қарай 5-15 мың теңге аралығын құрайды. Пәтерді жалға алушы коммуналдық шығындар ақысын төлеп отыруға міндеттенеді.

Тағы оқи отырыңыз: Биыл ипотекаға пәтер алу жеңілдей түсті. 2019 жылы жылжымайтын мүлік нарығы қалай өзгереді?

Жалға алушылар бөлмелердің қабырғалары мен есік-терезелерін өз бетінше өзгерте алмайды. Егер пәтерді күтіп қарамай, тоздырып жіберсе, келтірген шығыны үшін шартқа сәйкес қосымша ақы төлейді.

Бағдарламаға қатысуға қажетті құжаттар тізімі:

  • форма бойынша өтініш;
  • жеке басын куәландыратын құжат;
  • білімі туралы құжаты;
  • 2008 жылға дейін алынған неке қию туралы куәлік;
  • 2008 жылға дейін туылған балалардың туу туралы куәлігі;
  • жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;
  • жұмыс орнынан анықтама;
  • өтініш берушінің соңғы 6 ай ішіндегі табысы туралы анықтама;
  • еңбек өтілін растайтын құжаттары;
  • банктік жинақ шотының болуы және нөмірі туралы анықтама;
  • өтініш берушінің түрлі қызметіндегі жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (диплом, марапаттар және алғыс хаттар).

Жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған болатын. Тапсырмаға сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға үш жыл қатарынан 3 мың пәтерден үлестіріліп отырмақ. Бұл мүмкіндікті пайдаланған жастар өз баспаналарын сатып алуға қаражат жинай алады. Әзірге Шымкент қаласында мұндай байқау әлі басталмады.


Шымкент қалсындағы жастарға жалға берілетін тұрғын үй

Шымкент қалсындағы жастарға жалға берілетін тұрғын үй / Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің фотосы


Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі үстіміздегі аптаның соңына дейін пәтерлердің қай аумақтан берілетіні анықталып, одан кейін құжат қабылдау басталатынын хабарлады. Қалада бастапқы кезекте 300 пәтер жалға беріледі.

Серіктестер жаңалықтары