Екеуі де жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Сотталушылар жәбірленушіге 3 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ, судья жәбірленушіге 546 838 теңге мөлшерінде келтірілген материалдық шығынды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.
Экс-прокурор мен банк қызметкеріне Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған болатын:
- 120-бап, 2-бөлім, 1-тармақ – "зорлау, яғни күш қолданып жыныстық қатынас жасау";
- 121-бап, 2-бөлім, 1-тармақ – "адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасаған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері".
Еске сала кетсек, қылмыс 2019 жылы 8 қарашаға қараған түні болған. Алайда, іс сотқа тек былтыр ғана жолданған еді. Жәбірленушіні екінші деңгейлі банктердің бірінде топ-менеджер болып істейтін өзінің көңіл қосқан жігіті пәтеріне алдап қонаққа шақырған. Алайда, күдікті сол түні үйіне бұрынғы прокурор досын шақырып, екеуі бірлесіп бойжеткенге қорлық көрсеткен.
Оқи отырыңыз: Түрмеде трансгендер әйелді зорлаған ҰҚК экс-қызметкеріне үкім шықты
Спирттік ішімдікке тойған екеу қызды таң атқанша зорлаған. Әрі ұрып-соғып, денесін жарақаттаған. Бұл туралы сот барысында жәбірленушінің адвокаты Жанна Оразбақова мәлімдеген болатын. Кейіннен қылмысқа қатысы бар прокурордың Қадағалаушы органда 2012 жылға дейін қызмет еткені белгілі болды. Ол Бостандық ауданы прокуратурасының бұрынғы қызметкері.
Сот жабық режимде, онлайн өтті. Дегенмен, заңға сәйкес үкім ашық жарияланды. Үкім кезінде жәбірленуші қуанғаннан көз жасына ерік берді.
"Мен адвокаттарым Жанна Оразбақова мен Әлия Омароваға ризамын. Судьяның үкімді әділ шығарғанына қуаныштымын. Өзіме қорлық көрсеткендерге тиісті жазасын беру үшін, қаншама сұмдықты бастан кештім. Бірақ, әділдікке жеттім. Зорлық-зомбылықты бастан кешкен барлық қыздарға, әйелдерге "соңына дейін күресіңіздер" деп айтқым келеді. Себебі, әділдік жеңіске жетеді", – деді жәбірленуші.
Жәбірленушіні қорғаушылар сот процесі өте күрделі өткенін мәлімдеді. Олар басты сот талқылауы барысында куәгерлердің куәлік етуден бас тартқанын және жәбірленушіге сотталушылар тарапынан әбден психологиялық қысым жасалғанын айтты. Әрі, үкімге шағымданбайтындарын жеткізді.