Тікелей эфир

6 пайыздық тұрғын үй несиесі. "Жас отбасы" бағдарламасы несімен тиімді?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Жас жұбайлар бағдарлама арқылы небәрі 6 пайыздық мөлшерлемемен баспана рәсімдей алады. Алайда, олар сатып алатын үй құнының жартысын 1 жылда жинауы шарт.
1 шілдеден бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жаңадан отау құрған жұбайларға арналған Жас отбасы депозитін іске қосты. "Жас отбасы" несиесін рәсімдеу үшін ерлі-зайыптылардың біреуі (немесе екеуі де) Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жаңа депозит ашып, кемінде 1 жыл бойы қаражат жинауы керек.

Жас отбасы депозитінің шарттары:

  • жылдық сыйақы мөлшерлемесі: 6 пайыз (ЖТСМ 6,3%-дан бастап);
  • берілетін несие сомасы: 90 млн теңгеге дейін;
  • несие беру мерзімі: 6 жылдан 9 жылға дейін;
  • кепілзат: сатып алынғалы жатқан жылжымайтын мүлік.

Займды тек жаңа үйден пәтер немесе жер үйді сатып алу үшін емес, тұрғын үйге жөндеу жұмысын жүргізуге, жер үй құрылысына және жер телімін сатып алу үшін рәсімдеуге болады. Бір ескерерлігі, жұбайлардың бұған дейін ашылған депозиттері жарамайды. Депозит жаңадан ашылуы міндетті.

Депозитті некеге тұрған сәттен бастап үш жылдың ішінде ашуға болады (неке қию туралы куәлігіне сәйкес). Сондай-ақ, жинақтау мерзімі өткенде бағалау көрсеткіші (ОП) 5 ұпайдан кем болмауы тиіс. Несиеге өтініш берерде депозитке тұрғын үй құнының жартысын жинау керек немесе бірден салуы қажет.

Оқи отырыңыз: Балаларға арналған баспана. Жаңа Арнау тұрғын үй депозитінің артықшылықтары қандай?

Бағдарламаның қандай артықшылықтары бар?

  • Жас жұбайлардың жас мөлшеріне шектеу қойылмайды;
  • Екі жыл өткен соң, тұрғын үй несиесіне ауысқан кезде мөлшерлеме жылдық 5 пайызға дейін төмендейді (ЖТСМ 5,2 пайыздан бастап);
  • Депозитті ерлі-зайыптылардың екеуіне де ашып, отбасылық пакетке біріктіріп, 2 есе көп мемлекет сыйақысын алуға болады. Алайда, "Жас отбасы" өнімінің аясында отбасылық пакеттің құрамына тек ерлі-зайыптылар қосыла алады.

Оқи отырыңыз: Ипотека төлеушілер үшін салық жеңілдігі қандай?

Тағы нені ескеру қажет?

  • Салымшы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқа бағдарламаларына ауысса, оның депозиті сақталады. Алайда, Жас отбасының шарттары өз күшін жояды;
  • Бір салымшыда бірнеше депозит болуы мүмкін, алайда "Жас отбасы" белгісі соның тек біреуіне ғана қойылады;
  • Ерлі-зайыптылардың әрқайсысында "Жас отбасы" бойынша ашылған өз депозитінің болуына рұқсат етіледі;
  • "Жас отбасы" белгісі бар депозиттерді табыстау тек ерлі-зайыптылардың арасында жүзеге асырылады.

Оқи отырыңыз: 5-10-20 жаңа тұрғын үй бағдарламасы. Артықшылықтары мен шарттары қандай?

Қандай жағдайда салымды бөлуге рұқсат етіледі?

  • мұрагерлік тәртібінде меншік құқығы туындаған кезде;
  • күшіне енген сот шешімі бойынша. Бұл жағдайда депозитті қабылдап алған адам "Жас отбасы" депозитінің жеңілдіктерін қолдана алмайды.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары