Министр қазақстандықтардан қандай шағымның көп түсетінін мәлімдеді

ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың айтуынша, отандастарымыздан емханалардағы ұзын-сонар кезекке байланысты шағым көп түседі екен. Екіншісі – ауруханаға жатуға келгендерді қабылдайтын бөлмедегі дәрігерлердің дөрекілігіне қатысты наразылықтар. Одан кейінгі орында жедел жәрдем қызметкерлерінің шақырғандарға жылдам жетпеуіне қатысты болып отыр.

Жоғарғы сот Челахтың ісін қайта қарайды

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті шығарған үкім заңды күшіне енген соң, сотталушы Жоғарғы сотқа өтініш түсірді. Сот отырысы 22 қаңтар күні болады. 2012 жылдың желтоқсан айында В.Челах "Арқанкерген" шекара бекетінде 14 жауынгер мен бір орманшыны өлтірді деген айыппен өмір бойына сотталған еді.

Алматыдағы тікұшақ апатына байланысты азаматтық авиация комитеті шұғыл шешім қабылдады

Комитеттің шешімімен тікұшақ тиесілі "Sky Service" компаниясының ұшулары бүгіннен бастап уақытша тоқтатылды. Апаттың себебі ретінде әзірге ауа райының қолайсыздығы аталып отыр. Компания қайтыс болған пилот В.Шитовтың отбасына көмек көрсетіп жатыр

Құқықбұзушылықтар туралы фото, видео түсіріп жолдаған азаматтарға сыйақы беріліп жатқан жоқ

Әзірге бұл мәселе қарастырылу үстінде. ІІМ баспасөз қызметінен хабарлағандай, WhatsApp желісінде тараған мұндай ақпарат шындыққа жанаспайды. Құзырлы орган өкілі А.Садубаев қызмет нақты іске қосылғанда бұл туралы БАҚ-да халыққа ресми ақпаратты жариялайтындарын мәлімдеді.

Павлодарда 50 миллион теңге сатып алынған қызметтік пәтерге жетімдер ие болды

Мемлекет қаражатына сатып алынған қымбат үй "Ирина" тұрғын үй кешеніндегі жеті пәтерге айырбасталды да жетім балаларға үлестірілді. Баспанаға ие болған жетімдердің бәрі 12-15 жыл пәтер кезегінде тұрғандар.

Айырбасталған пәтерлердің алтауы бір бөлмелі, біреуі екі бөлмелі. Жеті пәтердің жалпы ауданы 268,5 шаршы метрді құрайды. Қалалық әкімдіктен хабарлағандай, пәтерлерді ауыстыру тең бағада жүзеге асырылған. Қазына қаражатын тиімсіз жұмсап, қымбат пәтер сатып алғаны үшін қала әкіміне сөгіс жарияланған еді.

Айырбастау бекеттерінде доллар 380 теңгеден сатылып жатыр

Бүгін АҚШ валютасы тағы екі теңгеге қымбаттады. Қазақстан қор биржасының бүгінгі екі сессиясының қорытындысы бойынша доллардың теңгеге шаққандағы орташа бағамы 378,66 теңгені құрады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Алдағы демалыс күндері елімізде қар жауып, бұрқасындатады. Еліміздің солтүстік бөлігінде қар жауып, бұрқасын болады, батыстан қатты жел соғады. Ал оңтүстік және батыс өңірлерде жауын-шашын, жаңбырдың аяғы қарға ұласады, таулы аймақтарда қалың қар түседі, тұман түседі және көктайғақ күтіледі.

24.kz: ТМД елдеріндегі мұғалімдердің айлығы қанша? Ұстаздардың жалақысы бойынша ТМД арасында Балтық елдері көш бастап тұр. Мәселен, Эстонияда оқытушылардың орта айлық мөлшері – 1 жарым мың доллар. Литва мен Латвияда шамамен мың доллар болса, Ресейде 512 АҚШ доллары. Қазақстандағы деңгей еуропалық көрсеткіштен төменірек болғанымен, Орталық Азия елдері арасында жоғары. Отандық оқытушылар орта есеппен 311 доллар немесе 117 мың теңге еңбекақы алады.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter