Тікелей эфир

42500 теңге. Шілде айында бұл әлеуметтік төлем кімдерге беріледі?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Төлемді алу үшін 17 шілдеден бастап өтініш беруге болады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда карантиннің шілде айының соңына дейін созылатынын, мұқтаж азаматтарға 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем тағайындалатынын мәлімдеген болатын. Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төлем кімдерге және қашан берілетінін түсіндірді. Оның айтуынша, осы жолы жалдамалы жұмысшылар үшін 42 500 теңгеге өтінішті тек жұмыс берушісі бере алады.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға 42500.enbek.kz сайтында өтініш беруге болады

"Өткен жолғы 42 500 теңгенің тәжірибесін ескеріп, жалдамалы жұмысшылар үшін осы жолы өтінішті тек жұмыс берушілер ғана береді деп ұйғардық. Бұл жолғы төлем тек 1 айға төленеді. Қаржы міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Қордағы қаражат көлемі шектеулі екенін өткен жолы айтқан болатынбыз. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесе отырып, бір апта ішінде қаражат мәселесін шешеді. Ал, біз жұма күні өтініш беретін порталдарды ашып, алдағы дүйсенбіден, яғни, 20 шілдеден бастап төлем тағайындауды бастаймыз" деді Біржан Нұрымбетов.

42 500 теңге кімдерге төленеді?

Әлеуметтік төлем төтенше жағдай кезіндегі қағидатпен тағайындалады. Яғни, төлем карантин кезінде табысынан айрылған азаматтарға беріледі:

  • Жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
  • Орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері;
  • Жеке кәсіпкерлер;
  • Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер;
  • Карантин енгізілген елдімекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері;
  • азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша кіріс алатын адамдар.

Кімдер өтініш бере алады?

  • жалдамалы жұмысшыларын ақысын еңбек демалысына жіберген жұмыс берушілер;
  • карантин кезінде жұмысы тоқтаған жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар.

Министрдің айтуынша, бұл жолы 42500 теңге алу үшін азаматтарға бірыңғай жиынтық төлем жасаудың қажеті жоқ:

Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтардың өткен жолы 42 500 теңгені алу үшін бірыңғай жиынтық төлем жасағаны жеткілікті. Сол кездегі мәліметтер базада бар. Азаматтардың жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысып жүргенін немесе зейнетақы, жәрдемақы алып жүргенін өзіміз жүйе арқылы тексере аламыз.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге. Төтенше жағдай кезіндегі бұл әлеуметтік төлем кімге және қалай беріледі?

Әлеуметтік төлемге өтініш беру жолдары:

  1. 42500.enbek.kz порталы;
  2. Egov.kz электронды үкімет порталы;
  3. Telegram-боттар (өзін-өзі жұмыспен қамтитын жеке тұлғалар үшін).
* Бұл порталдар 17 шілдеден бастап іске қосылады.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары