Тікелей эфир

23 жыл бойы аяқ киім жамаумен отбасын асыраған қазақ

Сурет автордыкі
Сурет автордыкі
Мусабек ақсақалды Артем базарының қарсысындағы, бөлшек сауда сататын аядай дүңгіршекте жолықтырдық. Жасы алпысқа келсе де аяқ киім жамап, өз табысын тауып отыр.

– Қытайдың Шәуешек қаласынан келген қазақпын. Бұл кәсіппен қытайда 11 жылдай айналыстым. Одан бұрын саудада жүрдім, биллиярд та аштым. Бірақ, тапқан табысым мардымсыз болды. Енді үлкен қала болған соң, басекелесте көбейді.

Оның үстіне, Қазақстанға көшсем деген бір үміт болды. Көшу үшін қомақты ақша керек. Ондай ақша қайдан болсын, тапқаным шайлығымнан аспайтын еді.

Содан бұлай жүруді қойып, бір өлмейтін кәсіп үйренейін деп ойладым. Биллиярд ашқан жерде қатарлас аяқ киім ремонттайтын көршім бар еді, он жылдан бері осы кәсіппен айналысатын. Табысы да жаман емес-тін. Сол кісіден бір айдай үйреніп, өзім жеке жұмыс жасай бастадым, – дейді Мұсабек аға.


60 жастағы, Мусабек ақсақалдың аяқ киім жамап отырған сәті

Мұсабек ақсақалдың аяқ киім жамап отырған сәті / Фото жеке мұрағаттан


Елге көшу арман болған қазаққа алғашқы миллионын Қазақстаннан тапты...

Мұсабек ақсақал Қытайда күніне 150-200 юандай табыс тауып тұрған (18 маусымдағы валюта бағамымен: ¥1 = 55,36). Ол кезде бұл аз ақша емес еді. Бірақ, сол табыспен бірден Қазақстанға көше алмайтынын сезген соң, балаларының мектеп бітіріп алуын күткен екен. Осылайша алғашқы табысына үйінің жанынан азық-түлік сататын шаған дүкен ашып, оған әйелін сатушы етіп, екі жақтап табыс табуға кіріседі.

– Табыс болғанмен, шығын одан екі есе көп еді. Өйткені, үш ұлым да мектеп жасында. Қытайда әлеуметтік көмекті қойып, балаларымызға мектептің өзін сатып оқытатын едік. Бұндай шығыны бар отбасыға, жалғыз табыспен күн көру қиын. Сол үшін әйеліме магазин ашып бердім. Оның үстіне көше алмасам да, Қазақстанды бір көріп қайту – арман еді. Содан бір өзім 2004 жылы шекара асып Алматыға келдім. Бұл жаққа келген соң, жұмыс істеп көрейін деп, Алматыда аяқ киім ремонттайтын шағын дүңгіршекті жалға алдым. Ол кезде Алмтыда аяқ киім жамаушылар жоқтың қасы еді, соның арқасында табысым да жаман болмады. 4-5 айда бір рет Қытайдағы отбасыма 800 мың, кейде миллион теңгеге дейін табыс тауып, апарып тұрдым, – дейді Мұсабек ақсақал.

"Қайда барса да, екі қолға бір күрек" екеніне көзі жеткен Мұсабек ақсақал ұлдарының ер жетіп, өз күштерімен табыс тауып, өзіне көмекші болғанын күтеді. Өйткені отбасылық өмір деген ептеп-септеп күнелту емес екенін түсінген.

Қытай кеспесін жасаған қазақ...

Үлкен ұлы 7 сынып бітірген жылы жазғы демалысында, қытай асханаларына көмекші болып жұмыс жасай бастайды. Мұны көрген, Мұсабек ақсақал балаларына қандайда бір кәсіптің көзін үйреткенім дұрыс деп ойлайды.

– Балам қытай асханасында даяшы боп жұмыс жасап жүрген соң, осы аспаздықты үйренсе деп, жұмыс беруші қытайға: "ақшасын төлейін, балама аспаз болудың қыр-сырын үйретсең"дедім. Ол бірден келісті. Ұлым мектеп қабырғасында жүріп, аспаздықты үйрене бастады. 9 сынып бітіргеннен кейін, қытай асханасында аспазшы болып 2 жылдай жұмыс жасады. Мен тұрған Шәуешек қаласында "қытай кеспесін" жасайтын тұңғыш қазақ болды, – дейді мақтанышын жасыра алмаған Мұсабек ақсақал.


Үлкен ұлының қытай кеспесін жасау сәтінен

Үлкен ұлының қытай кеспесін жасау сәтінен / Сурет Фейсбук парақшасынан


"Ұлымның табысқа бет бұруы арманға бір қадам жақындата түсті..."

Ұлына төленетін мардымсыз айлық күн-түн демей төккен терінің бір тамшысын да ақтамайтын. Соған қарамастан тәжірибелі аспазшының тамағын арнайы іздеп келетін тұрақты кленттері де көбейе түскендіктен, ұлы Ербол осы мүмкіндік болып тұрғанда, өз бетімен дәмхана ашып, өзіне-өзі еңбек еткісі келген.

– Ол кезде Қытайда шағын бизнесті дамыту аясында үлкен жеңілдіктер беріліп жатқан. Оның үстіне ұлым – "қытай кеспесін" дәмді жасайтын мықты аспазшы қазақ еді. Бұл да жеңілдік алуға үлкен мүмкіндік болды. Айналасы 3-4 айдың ішінде мейрамхананы ашып үлгірдік, әйелім мен кішкентай екі ұлым да мектептен соң сол жерге көмекші болып жұмыс жасай бастады, табысы да жаман болмады. Дәмхана ашуды негізі ұлым ұсынды.

Өйткені, өзім бұндай бизнестің қыр-сырын білмеймін. Ол кезді балам бар-жоғы 17 жасқа енді ғана толған. Жиған-терген тиын-тебенімізді құрап, ұлымның арманына қол ұшын созуды жөн көрдім. Өйткені, бізге қомақты қаржы жинап, Қазақстанға біржола көшу керек дейтін ішкі жоспарымыз бар еді. Ұлымның табыс табуға бет бұруы арманға бір қадам жақындата түсті. Содан ақылшы болып жандарында жүрейін деп, Қазақстандағы аяқ ремонттауды тастап, Қытайға қайта өттім, – дейді Мұсабек ақсақал.

"Қазақстанда шығын аз болғанмен, табыс табу өте қиын..."

Қазақстанда оқу табылғанмен жұмыс табудың қиын екеніне көзі жеткен Мұсабек ақсақал, ұлдарын елдегі тегін мектепте оқытып, университет бітірткеннен көрі, сол кезде Қытайдағы жалпыласып келе жатқан кәсіптік оқудың бірін оқытқанды жөн көрген екен.

– Мен елге келіп жұмыс жасап жүргенде, көп дүниені зерттедім. Қазақстанда шығын аз болғанмен, табыс табу өте қиын екенін көрдім. Сондықтан, мектептегі тегін оқуына қызықпадым. Әйтпесе, балаларымды бір-бірлеп болсын әкеліп, оқытар едім. Жұрт оқып жатқан университеттерге грантқа түсуге де мүмкіндіктері бар еді. Бірақ, менің ұлдарым ол кезде мектепті толық бітірмеген. Оның үстіне көшуге ақша табылғанмен, бұл жаққа келген соң да үй-жай керек, мен де үй сатып алатындай ақша қайдан болсын. Ал ұлдарым бұл жаққа келіп, университет бітіріп шыққан соң "жұмысқа тұрғызып бер" деп, кімге жалынамын. Не де болса, осы табыс түсіп тұрғанда, жылы орындарын суытпай, өз күндерін өздері көретіндей кәсіпкерлікті оқытып алуды жөн санадым, – дейді Мүсабек ақсақал.

Балаларының үлкені үйленетін жасқа келді...

Екінші ұлы – Өркен 9 сынып бітірген соң, компьютерлік (IT) мамандығын оқу үшін Үрімшіге кетеді. Мұсабек ақсақал оқу ақысы мен жатақханасына ақшасын салып беріп, оқуға жібереді.

– Ол кезде Қытайда бала 16 жасқа толмаса, паспорт жасамайды. Сөйтіп, балаларымның 16 жасқа толғанын күтіп жүргенде, үлкені үйленетін жасқа да келді. Ақыры оны үйлендірдім. Үрімшіден үш жыл оқып келген екінші ұлымды бірден Қазақстанға жібердім. Түркістанда халықаралық қатынастар мамандығына университетке оқуға түсті. Енді кешіксем, көше алмай қалармын деп, ол жақтағы үй-жайды саттым да, Қазақстанға бет алдық, – дейді Мұсабек аға.

Алматыда бір ауыл болып тұруды армандаған ақсақал Астанадан бірақ шықты

Қытай мен Қазақстан арасында жылдап сабылған Мұсабек ақсақал бар жиған-терген қаржысымен Алматының Шелек ауданынан жер алып, үй салады. Ондағы арманы – бала-шағасымен бір ауылда шұрқырасып өмір сүру еді.

– Қытайдан көшетін жылы кіші ұлым 9 сынып бітірді. "Шаштараздыққа оқимын" деген кіші ұлыма оқуын мен жатақханасының ақшасын салып беріп, Үрімшіге жібердім. Өзім Алматының Шелек дейтін ауданына бір жола көшіп келдім. Кіші ұлым келгенде "Шаштараз" ашар деп төрт көше бойынан кішірек үй де сатып алып қойған едім. Бірақ, балаларым ол жерде тұрғысы келмей, Астанаға кетіп қалды. Ұлдарымның артынан Астанаға мен де келдім, – дейді Мұсабек ақсақал.

Әншіден әнші туар, ал етікшіден ...

Кіші ұлы Заңғар Мұсабек шаш сәндеудің нағыз маманы болу үшін, Үрімшідегі оқуын Пекинге ауыстырады. Сол жақта 3 жылдай, шаш қиюдың соңғы үлгілерін жоғарғы дәрежеде үйреніп, халқаралық деңгейде қызмет көрсетуге арналған дипломын қорғап шығады. Сұлулық салонын Шелекте емес, Астанадан ашады.


Кіші ұлы Заңғар шаштараз, шаш сәндеу сәті

Кіші ұлы Заңғар– шаштараз, шаш сәндеу сәті / Сурет кейіпкердің Фейсбук парақшасынан


– Үлкен ұлым Шелекте, отбасымен бірге, өз кәсібімен айналысып жатыр. Екінші ұлым Өркеннің бала-шағасы бар, қазір "Егемен Қазақстан" газетінде программист. Кіші ұлым Заңғар 3 жылдай Астанадағы "Тұлпар" сауда үйінде "Шаштараз" салонын ашты. Қазір Польшаға ағылшын тілін жетілдіруге, сол жақта жұмыс жасауға кетті, – дейді Мұсабек ақсақал.


ывыв

Өркен Мусабек – програмист / Сурет Фейсбук парақшасынан



ывыв

Талғат Мусабек – аспазшы / Сурет Фейсбук парақшасынан


"Қара тұяғымнан қал кеткенше, осы елге еңбек етем..."

60 мың теңгеге жалға алған аядай дүңгіршекте аянбай тер төгіп, әр келушіге мейірілене жауап қатып, өзіне сеніп табыстаған аяқ киімді бар ынтасымен тігіп отырған Мұсабек ақсақалдың өмірге, қоғамға еш өкпесі жоқ. Қайта өзінің елінде еңбек етіп, ешкімнен кем болмай өмір сүріп жатқанына шүкір етеді.Оның үстіне мұндағы күндік табысыда жаман емес: қысты күндері 10-15 мың, жазда 5-8 мың теңге табыс табады.

– Менің арманым – елге оралу еді, ол арманыма да жеттім. Ұлдарымды бір-бір маман етіп, елге жеткіздім. Бұл да – менің азаматтық борышым. Сонау жылдары Қазақстан тәуелсіздік алғанда шекараның арғы бетінде бөрігін аспанға атпаған қазақ қалмады, бәрінің жүрегі жарыла қуанды.

Ол кезде ақшасы барлар бірден кетті. Ал біз сияқты кетпенге сүйеніп, күн көріп жүргендер ес-ақылын жинап болғанша, қаншама уақыт екі ортада сандалдық. Бұл күнге жеткеніме шүкір. Енді "қара тұяғымнан қал кеткенше, осы елге еңбек етем" деп өзіме серт бергем. Бұл жұмысым сырт көзге сөлекет көрінер, бірақ мен қоғамға, отаныма осылай еңбек етуді таңдадым.


вывввы

Мусабек ақсақалдың отбасымен бірге қыдырып жүрген сәті / Сурет кейіпкердің Фейсбук парақшасынан


– "Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады" дейтін халық мақалы – менің өмірлік ұраным. Тапқан ақшамды бұрынғыдай қалтама тыққыштамаймын, ай сайын концерт пен Қазақ театрына бала-шығамды жиі ертіп барамын. Жаз күндері халық барып жатқан демалыс аймақтарына барамын. Бұдан артық қандай бақыт керек маған, – дейді Мұсабек аға.

Мұсабек ақсақалдың ендігі арманы...

Әрі баласына қанатымен су сепкен қарлығаштай соңғы тиыны қалғанша білім алып, аяқтан тұруына көмектескен Мұсабек ақсақал елге оралған 12 жылында бел жазбай еңбек етіп отырса да, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекке жүгінбеген, тіпті оралманға берілетін квотаны да алмаған. Бәріне өз еңбегімен жеткен Мұсабек ақсақалдың бір арманы бар.

– Алматыға келген жылдары аяқ киім ремонттауды 3-4 қазаққа үйреттім, олар осымен кәсіптеніп отыр. Астанаға келгелі 7-8 адамға үйреттім, көбісі ауыр жұмыс істей алмайды, денсаулықтары жоқ. Бәріне де тегін үйретіп жүрмін, бір қазаққа болсын жақсылық жасағым келеді. Бір тиын болса да қазақтың қалтасында қалса екен деймін.

23 жыл бойы базардың бұрыш-бұрышы мен аядай қуысында еңбек еттім. Ендігі арман аяқ киім ремонттайтын үлкен бір салон етіп қалыптастырсам, бүкіл шеберлерді сонда жинасам деген едім. Өйткені, бұл да – бизнес, бұл да – біздің елге, халыққа керек дүние. Менің елге қосар үлесім осы, – дейді Мұсабек ақсақал.


Мұсабек ақсақал отбасымен демалыста жүр

Мұсабек ақсақал отбасымен демалыста жүр / Сурет кейіпкердің Фейсбук парақшасынан


Осындайда жазушы Әкім Таразидың "Қытайды, қытай етіп отырған – оның билік басындағы шенеуніктері емес, күн-түн демей еңбектеп жұмыс жасап отырған халқы" дегені еске оралады. Бүгінгі қазақ қоғамын ғана емес, қазақ мемлекетін сақтап қалатын да, оны өзге елмен терезесін тең ететін де – осындай еңбекші халық. Тек қарапайым халыққа салықты азайтып, жұмыс істеуіне жағдай жасалу керек.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары