Тікелей эфир

21 мыңның жыры: Еңбек Министрлігі заңға түзетулер әзірледі. Жаңалықтарға шолу

Үш күнде заңсыз митингке қатысқан 900-ден астам адам ұсталыпты. Еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды.

Қазақстанда бірнеше күн интернет бұғатталды

ҚР Бас прокуратурасы ел аумағында интернетті бұғаттауға байланысты Ұлттық бюроға жүгінген жоқ. Ведомствоның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Сапарбек Нұрпейсов осылай деп мәлімдеді. Қадағалаушы органның еліміздегі әлеуметтік желілердің жаппай бұғатталуына қатысы жоқ болып шықты.

Үш күнде заңсыз митингке қатысқан 900-ден астам адам ұсталыпты

Оның 657-і қамалып, 128-іне айыппұл салынған. 168 адамға ескерту берілген. ІІМ таратқан мәліметке сүйенсек, қамалғандардың 94-і осы кезге дейін босатылған. Бүгін сот шешімімен тағы 345 адам үйіне жіберіледі. Сонда қамауда 218 адам қалады.

ІІМ өкілі М.Байболов әлеуметтік желілерде "полицейлердің азаматтарды жәбірлегендігі" туралы жазылған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлім етті. "Адамдардың құқық қорғау қызметкерлеріне қарсылық білдіріп, қайшы мінез танытуларына қарамастан тәртіп сақшылары дөрекілік көрсеткен жоқ, халыққа қарсы қандай ма бір қару жарақтар қолданылған жоқ" деді ол.

БҰҰ Қазақстанды халықтың пікірін еркін білдіру құқын құрметтеуге шақырды

Біріккен ұлттар ұйымының адам құқықтарын қорғау жөніндегі басқарма басшысы Р.Коменда 9-шы маусымда елімізде митингке қатысқандарды қамауға алған Қазақстан билігінің әрекетіне қатысты пікір білдірді.

"Бұл – Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі халықаралық заң талаптарын орындауға қарсылық танытқанының көрінісі. Қазақстанды заң талаптарын орындауға, халықтың бейбіт жиындарға қатысу құқын таптамауға, азаматтарға саяси көзқарасын білдіру мүмкіндігін шектемеуге шақырамын" деді БҰҰ өкілі.

Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрі қызметіне тағайындалды

Мемлекет басшысының жарлығымен К.Шәмшидинова Білім және ғылым министрі қызметінен босатылды. Оның орнына жайғасқан жаңа министр бұған дейін (2019 жылдың қаңтарынан бастап) Қарағанды облысының әкімі орынбасары лауазымында болған. Ал, 2017-2019 жылдары Білім және ғылым министрінің орынбасары қызметін атқарған.

1982 жылғы су жаңа министр Қарағандыда дүниеге келіпті, мамандығы тарихшы екен. 2003 жылы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ тарих факультетін "тарихшы, тарих мұғалімі" мамандығы бойынша бітірген.

Астананың әкімі ауысты

Бас қаланы басқаруға бұған дейін Батыс Қазақстан облысы әкімі болған Алтай Көлгінов келді.

Оның орнына, Батыс Қазақстан облысының әкімі болып Ғали Есқалиев тағайындалды. Ол 2019 жылдың қаңтар айынан бері осы өңірде облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Қазақстандықтар ай сайын төлем карталарынан триллион теңге ақша шешеді екен

Мәселен, сәуір айында банкоматтардан көлемі 1,3 трлн теңге қолма-қол ақша шешілген. Өткен жылғы көрсеткіштен 18,2%-ға көп.

Сарапшылар таратқан деректерге сәйкес, аймақтар арасында төлем карталарынан қолма-қол ақша алудан Алматы (1,3 трлн теңге) көш бастап тұр. Екінші орында Астана (517,2 млрд теңге). Үшінші орында Түркістан облысы мен Шымкент қаласы (429,8 млрд теңге).

Жазғы маусымда қосымша пойыздар жолға шығады

"Жолаушылар тасымалы" АК таратқан мәліметке сәйкес, қосымша пойыздар төмендегі бағыттар бойынша қатынайтын болады:

  • № 201/210 "Алматы –Түркістан" бағытында аптасына екі рет қатынайтын пойыз 13 маусымнан бастап тамыздың 30-на дейін жүреді.
  • № 207/208 "Алматы – Шымкент" бағытында аптасына екі рет қатынайтын пойыз 13 маусымнан бастап тамыздың 30-на дейін жүреді.
  • № 205/206 "Маңғыстау – Бейнеу" бағытында күн ара қатынайтын пойыз 10 маусымнан бастап 30 тамызға дейін жүреді.
  • 30 маусымнан 30 тамызға дейін
  • "Нұр-Сұлтан – Достық" бағытында аптасына екі рет қатынайтын қосымша пойызды іске қосу жоспарланыпты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Президентке тікелей бағынатын болды

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осындай қаулыға қол қойды. Оғаан сәйкес бұрынғы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі болып қайта аталды. Ал, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болып қайта құрылды.

21 мыңның жыры: Еңбек Министрлігі заңға түзетулер әзірледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындаған өзгерістер Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін өтірік ажырасу фактілерін болғызбауға көмектеседі-мыс. Жоба ашық үкімет порталының сайтына 26 маусымға дейін қоғамдық талқылауға шығарылыпты.

Осы құжатқа сәйкес, жәрдемақыны (Атаулы әлеуметтік көмекті) тағайындау кезінде алименттер туралы мәліметтерде борышкерге жұмыс берушілерден берілетін әлеуметтік төлемдердің сомасы да көрсетілуі тиіс. Мәліметтер орталықтандырылған базаға енгізілеуі керек. Сонымен бірге борышкер кәсіпкер болса кәсіпкерлік қызметінен түскен кірістері де көрсетілуі қажет екен. Бұдан бөлек, ажырасқан әйелден (бұрынғы күйеуі төлеп отырған алимент сомасын көрсетумен) нотариалдық тұрғыда куәландырылған алимент туралы құжат талап етіледі.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды. 14 маусымда Қостанай облысының кей жерлерінде найзағай, бұршақ, солтүстіктен жел соғады, күші 15-20 м/с күтіледі. Ертең күндіз Солтүстік Қазақстан облысында да кей жерлерде найзағай, дауыл, бұршақ күтіледі. Солтүстік-батыстан жел соғады, кей жерлерде екпіні 15-20 м/с күтіледі. Петропавл қаласында да найзағай, дауыл, бұршақ күтіледі. Солтүстік-батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с күтіледі.

Baq.kz: 14-15 маусым күндері полиция басшыларына тікелей жүгінуге болады. Қазақстандықтар алдын ала жазылмай-ақ, полиция басшыларына жүгіне алады. Республика бойынша "Жол үстіндегі қабылдау" науқанының кезекті бөлігі өтеді. Полиция департаменттерінің басшылары, әкімшілік полиция, жергілікті және көші-қон қызметтерінің басшылары адам көп жиналатын орындарда арнайы қабылдау орнын ашады және тұрғындарды толғандырып жүрген сұрақтарға жауап береді. Анықтама үшін 71-58-03, 71-52-08, 71-52-31, 71-46-39 нөмірлеріне хабарласқан жөн.

Серіктестер жаңалықтары