Тікелей эфир

1 маусым – балаларды қорғау күнінде Алматының сегіз ауданында қандай іс-шаралар өтеді?

Іnformburo.kz суреті
Іnformburo.kz суреті
Мереке өтетін орындарда тазалық шараларын сақтау, медицина қызметкерлерінің кезекшілігін ұйымдастыру және қадағалау көзделген.

1 маусымда бүкіл әлем балаларды қорғау күнін атап өтеді. Мереке күні Алматының барлық аудан әкімдіктері де концерттік бағдарламалар, балаларды құттықтау шараларын ұйымдастырады. Дегенмен, ұйымдастырушылар қаланың "қызыл аймақта" екенін ескеріп, мерекелік шараға қатысатын баланың санын 200-ден асырмауды көздеп отыр. Шараға қатысушылар маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтауы тиіс.

Іnformburo.kz әр ауданда өткізілетін шараларды назарға ұсынады:

№1. Жетісу ауданы

Жетісу ауданының кішкентай тұрғындарына арналған мерекелік шара – Гүлдер саябағында өткізіледі. Бұл күні әкімдік 1 000 балаға балмұздақ таратуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, мереке өтетін орында балалар үшін ойын аттракциондары орнатылады. Қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, бес тас, арқан тарту сынды ұлттық ойындар өткізіледі.

Первомайский шағын ауданында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, сол шағын аудан балаларын мерекеге қатыстыру жоспарланған.

№2. Алмалы ауданы

Алмалы ауданындағы негізгі шаралар Махатма Ганди саябағында өтеді. Онда аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен және "Бақытты отбасы орталығының" атсалысуымен аудандағы көп балалы отбасынан шыққан 50 балаға аниматорлардың қатысуымен ертегі қойылады. Балалар арасында арқан тартыс, шахмат ойыны, скалкалкамен секіру және басқа спорттық шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, 15 мүмкіндігі шектеулі балаға "Іскер Ана" тігін цехынан шыққан бұйымдар (киім-кешек, қолөнер заттары және өзгелер) табысталады.

№ 4 кітапхананың ауласында "Кітап әлеміндегі – бақытты балалық шақ" атты 25 балаға арналған мерекелік бағдарлама (көрме, әдеби викторина, балалар арасында, шахмат жарысы, шағын концерттік іс-шара) өтеді.

Аудандағы кәсіпкерлер көп балалы отбасынан шыққан 200 балаға мұражайларға экскурсия ұйымдастырады. Әрі аудан аумағындағы 2 аулада балалар арасында спорттық жарыстар өткізеді.


Оқи отырыңыз: Тегін балмұздақ таратылады. Алматыда балаларды қорғау күнінде тағы қандай іс-шаралар өтеді?


№3. Бостандық ауданы

Бостандық ауданында аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларын, жетім және асыранды санатындағы мектеп оқушыларын "Қиял әлемі" демалыс және ойын-сауық саябағында қыдырту көзделген. Бұған қоса, 100 оқушы Алматы хайуанаттар паркіне тегін барады.

Әбілхан Қастеев атындағы мұражайға экскурсия және кинотеатрларда кино көрсетілімдері жоспарланған.

№4. Наурызбай ауданы

Наурызбай ауданында да кішкентайлар үшін ауқымды шаралар өтеді. "Перзент" жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне teambuilding ұйымдастырылады. Аз қамтылған көп балалы отбасынан шыққан 35 бала хайуанаттар бағында, тағы 35 бала Family park саябағында тынығады.

Ауданның үздік оқушыларына Орталық мұражайға экскурсия ұйымдастырылады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды ипподромға алып бару  жоспарланған. "Балаларға қамқорлық" акциясы аясында, мүмкіндігі шектеулі 10 бала мен отбасына аудан кәсіпкерімен азық-түлік жинағы мен ойыншықтар табысталады.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалады? Министр түсіндірмесі


№5. Медеу ауданы

Медеу ауданының балалары үшін концерттік шаралар Оқушылар сарайының алдындағы саябақ аймағында ұйымдастырылады. Онда кішкентайлар асфальтта сурет салып, көңіл көтере алады. Оқушылар сарайының джаз музыка мектебі келушілерге концерт қояды. Робот қуыршақтардың виртуалды экскурсиясы ұймдастырылады.

Аудандағы кітапханалардың ішінде "Ертегілер мен қуыршақтар әлемі" атты шаралар өтеді. Кітап көрмесі жасалады.

№6. Алатау ауданы

Алатау ауданында мектеп бойынша әр-түрлі әлеуметтік осал отбасы оқушыларына, меценаттарды ұйымдастыра отырып  тәтті тағамдар таратылады. Мектеп аумақтарында спорттық және ұлттық ойындардан жарыстар өтеді. Асфальтқа сурет салудан байқау ұйымдастырылады.

"Алатау" дәстүрлі өнер театрында "Ғұрып" дәстүрлі спектаклі қойылады. "Алатау" кинотеатрында балаларға тегін мультфильм көрсетіледі.


Оқи отырыңыз: Оқушыларға арналған гранттар. Qazbilim олимпиадасына қалай қатысуға болады?


№7. Әуезов ауданы

Әузов ауданында көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан және жетім балаларға сыйлықтар таратылады. "Кәмпитті жеген кім?" қазақ ертегісі кітабының тұсаукесері өтеді. Аудан аумағында танымдық ойындар ұйымдастырылады. Құмнан сурет салу, аква грим, арт-терапия, сурет салу бойынша тегін үйірмелерде шеберлік сағаттары болады.

№8. Түрксіб ауданы

Түрксіб ауданында карантиндік шектеулерге байланысты ешқандай мерекелік шара өткізілмейді.

Ескерту: Егер қаланың бас санитарлық дәрігерінің қазіргі қаулысына өзгерістер еніп, карантиндік шектеу шаралары қатаңдатылатын болса, барлық ауданда жоспарланған шаралар өткізілмейді.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары