Тікелей эфир

"Қазақтың Мессиі" атанған Еркебұлан Сейдахмет футболдан әлемдік чемпионатқа қазақтардың қатысатынына сенеді

Фото Еркебұлан Сейдахметтің instagram парақшасынан алынды
Фото Еркебұлан Сейдахметтің instagram парақшасынан алынды
Еркебұлан Ресейдің "Уфа" командасында жаттығуын 14 қаңтарда бастады. Ал осы командамен келісімшартқа төртінші ақпанда, жасы 18-ге толғанда ғана қол қоя алады.

Еркебұлан Сейдахмет 2000 жылы төртінші ақпанда, Тараз қаласында дүниеге келген. Отбасындағы төрт баланың екіншісі, бір әпкесі, қарындасы мен інісі бар.

Футболды аулада ойнадым

Еркебұлан да кішкентай кезінен өзгелер сияқты допқа құмар болып өскен. Маркс деген көршісі аулада ала допты қуалап жүрген бір топ бала ішінен Еркебұланның бойынан ерекше талантты байқайды. Болашағынан үміттеніп, доптың қыр-сырын үйренсін деп білікті бапкерлердің қол астында жаттығуға өзі апарған екен.

Оқи отырыңыз: Абаев: Қазақ күресі мектеп бағдарламасына енгізіледі

– Содан футболға қатысқаныма 10 жыл болды, жеті жасымнан бастап ойнап келемін. Алғашқы командам "Монтажник" футбол клубында кішкентай кезімнен тәлім алып, кейін Ұлттық командаға ауыстым. "Тараз" футбол командасының құрамында ойнадым, – дейді ол.

Мені "қазақтың Мессиі" дейді

Еркебұлан – қазір Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы. Шет елде жүрсе де болашақта алған білімі мен тәжірибесін де осы командаға арнап, отандық футболдың тасын өрге домалатқысы келеді.

Оқи отырыңыз: Кеңес үкіметімен бірге құлаған ұшақ спортын қайта түлеткен қазақ жігіті


"Гранаткин Мемориалы-2017" 29- футбол турниріне 16 елдің жастар құрамасы қатысқан болатын

"Гранаткин Мемориалы-2017" 29-шы футбол турниріне 16 елдің жастар құрамасы қатысқан болатын / Фото Еркебұланның instagram парақшасынан алынды


– Былтыр Ресейде өткен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы "Гранаткин Мемориалы" тунирінде болған ойыннан кейін ол жақта футболсүйер қауым мені "қазақтың Мессиі" деп атап кетті. Өзімнің кумирім – Марко Ройс. Бірақ Мессиден де үйренерім көп, ойындарын қалт жібермей қарап жүремін, – дейді ол.

Оқи отырыңыз: Ер қаруы – бес қару. Ұлттық ойын арқылы бес қаруды насихаттау қажет

Еркебұланға ресейліктер көз салды

Осы "Гранаткин Мемориалы" кубогында Қазақстан U-18 құрамасы күміс жүлдегер атанған. Турнирде Еркебұлан ерекше көзге түскен. Жарыс нəтижесі бойынша ол "ең үздік шабуылшы" атанған болатын.

Көп ұзамай Еркебұланды Ресейдің "Зенит" футбол клубы өзінің жасөспірімдер құрамасы сапында сынақтан өтуге шақырады. Осылайша қазақтың жас футболшысы былтыр 10-25 ақпан аралығында Кипрде өткен зениттіктердің оқу-жаттығу жиынына қатысқан. Сол кезде-ақ біраз футбол мамандарының таңдайын қақтырған еді.

Оқи отырыңыз: Өзбекстандағы қазақтар. Көрші елдің кәсіби гольфшыларының арасында қазақ та бар


Зенит пен Эмполи футбол клубтарының ойынында

Зенит пен Эмполи футбол клубтарының ойынында / Фото Еркебұланның instagram парақшасынан алынды


Тек Ресей біріншілігінде топ жарып жүрген Санкт-Петербургтің үздік клубы қазақтың жас талантымен келісімшартқа отыра алмады. Өйткені, ол кезде Еркебұланның жасы небәрі 17-де еді. Ал, ФИФА ережесі бойынша, жасы 18-ге жетпеген футболшылармен халықаралық трансферге қатаң тыйым салынған.

Отыз минутта қарсыластар қақпасына төрт доп соққан

Десек те, дәл сол жылы ресейлік футбол клубы өздерінің жасөспірімдер құрамасы сапына Еркебұланды қосып, Италияда өткен халықаралық турнирге алып барады. "Зенитпен" бірге Италияда Viareggio Cup турниріне қатысып, кезекті ойындардың бірінде отыз минут ішінде қарсыластар қақпасына төрт доп соғады.

Оған еуропалықтар сүйсініп, өнеріне тәнті болушылар саны арта түскен еді. Алайда Еркебұлан Италиядағы турнирден соң туған қаласы Таразға оралған.

Сол кезде Ресейлік футбол агенті Дмитрий Селюк "Спорт экспресс" газетіне берген сұхбатында: "Ресей құрамасына жас таланттарды іздеп тауып, тарту керек, мәселен, постсоветтік кеңістіктен. Оларға азаматтық алып беру керек. 17 жастағы Қазақстанның жас футболшысы "Гранаткин мемориалы" кубогы жолындағы жарыста ерекше көзге түсті. Оның аты-жөні ұзақтау. Біз оны Еркош деп атаймыз. "Зениттің" жеткіншектерімен бірге жаттықты, Италияда төрт гол соқты. Қазір оған испандықтар көз салып, қызығып отыр! Неге ресейлік клубтар оны өздеріне тартып, азаматтық алып бермейді? Тек жұмыс жасау керек..." – деген.

УФА қазақ футболшысына УЕФА-ға барар баспалдақ бола ма?

Енді міне сол Еркош биыл төртінші ақпанда 18-ге толады. Содан кейін қалаған футбол клубымен келісімшарт жасасуға құқылы. Әзірге ол УФА футбол клубында сынақта жүр.

– УФА командасының ойыншысы болғаныма қуанамын, – дейді Еркебұлан.

Қазақстандық футболшы Ресей премьер-лигасындағы клубта ойнаған алғашқы кездесуінде алаңға оныншы нөмірмен шықты. Ойын Кипрдегі оқу-жаттығу жиындарында өтті.


Ларнака клубының қақпасына кірген жеті доптың үшіншісін "Қазақтың Мессиі" салды

Жас талантымызды УФА клубтың ойыншылары "Лео" атап кетіпті (Lionel Andrés Messi, "Барселона"-ның шабуылшысы) / Еркебұланның instagram парақшасынан алынды


Еркебұлан Кипрдің "Алка" командасымен жолдастық кездесуде де керемет гол соқты. Бірінші таймның соңында қарсыластың қақпасына доп салып, есепті 3:0-ге жеткізді.


Еркебұланның Қазақстандағы кумирі Бауыржан Исламхан

Еркебұланның Қазақстандағы кумирі – Бауыржан Исламхан / Фото Еркебұланның instagram парақшасынан алынды


– Командадағы ойыншылар, жаттықтырушылар бәрі өте жақсы. Осы жерде жүргеніме өте қуаныштымын, алдағы уақытта осы команданың тұрақты ойыншысы боламын деген сенімдемін, – дейді Еркебұлан Сейдахмет. – Анаммен ақылдасып, сол кісінің ақ батасын алып, Уфа командасына аттандым. Агенттермен де ақылдастым. Бәрі қолдады.


Еркебұланды жастайынан баптаған жаттықтырушы Григорий Хутиди

Еркебұлан бұл ойында бір-ақ тайм ойнады / Фото Еркебұланның instagram парақшасынан алынды


Еркебұлан Кипрде әлі де біраз болады. Ресейлік клубтың сапында алдағы футбол біріншілігіне дайындалып жатыр.

– Бірінші жиын бітті. Екінші жиын қаңтардың 30-ында басталады да, ақпанның 10-ында бітеді, үшінші жиын ақпанның 14-інде басталып, 25-інде бітеді. Барлығы үш жиын болады, – дейді ол.

Қазақ ұлттық командасы құрамында әлемдік чемпионатқа қатысуды армандайды

Еркебұланның басты арманы – кәсіби ойыншы болу.

– Тек Ресей лигасында ойнамай, одан да жоғары АПОЭЛ және ЛА лигаға дейін жетсем, Қазақстан құрамасымен әлем біріншілігінде ойнасам, – дейді ол.

Жуырда жаттығу барысында түсірілген бейнекөріністе:

– 2022 жылы қазақтар Әлемдік чемпионатқа қатысатын болады, – деп көрерменімен ой бөлісіпті.

– Сен 2022 жылы әлем чемпионатына қатысуға дайынсың ба? – деген сұраққа:

– Әрине. Көресіздер, қазақтар да шығады. Қазір Ұлттар Лигасы деген бар ғой. Жеребе тартуды көрдіңіздер ғой, – деп сенімді жауап береді.



Еркебұлан биыл оқуға түсті

Тараз футбол мектебінің талантты түлегі Еркебұлан 18-ге енді толар шағында қатарының алдына шықты. Бірақ мақтанбайды. Мінезі ұяң. Допты қуып сабағына қарамай кеткен жоқ, қатарынан қалмай ҰБТ тапсырып, қалаған оқуына түскен.

– 140 балдың 98-ін жинадым. Білім алуды әрі қарай жалғастыру үшін Тараз мемлекеттік жоғарғы оқу орнының заңтану мамандығы бойынша конкурсқа қатысып, мемлекеттік грантты ұтып алдым, – дейді ол.

Еркебұлан футболға қызығатын інілерін шаршамай еңбектеніп, Қазақстанды бірге көтеруге шақырады.

– Қазір маған Қазақстаннан жазатын жанкүйерлерім көп. Өз елім, өз бауырларым осындай қолдау білдіріп жатқанының өзі демеу. Әрі қарай жерге қаратпауға тырысамын, тек жетістіктеріммен қуантамын деп ойлаймын, – дейді жас футболшы.

"Алғашқы табысымды анама бергем"

Еркебұлан бертін келе футболдан қанша қомақты тиын-тебен тапса да, алғашқы табысы әлі есінде.

– Біз аулада футбол ойнаған кезде үлкен ағалар тамашалап отыратын. Бірде шиеленіскен ойын барысында мен қарсы команданың бірнеше ойыншысын алдап өтіп, қақпаға гол соқтым. Қатты разы болған көрермен болып отырған бір аға қолыма жүз теңге ұстатты. Ол кезде ойын баласы үшін бұл біраз ақша. Қуанышым қойныма сыймай, құстай ұшып үйге келдім. Анамның қолына ұстаттым. Анамның көзіне жас алдыртқан алғашқы табысым осындай болды, – деп есіне алады қазір туған елінен жырақта жүрген, Ресейде "қазақтан шыққан Месси" атанған Еркебұлан.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары