Тікелей эфир

Өзбекстандағы қазақтар. Көрші елдің кәсіби гольфшыларының арасында қазақ та бар

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Гольфтан Қазақстанның екі дүркін чемпионы Өзбекстан ұлттық құрамасында қалуды жөн санайды. Себебі Қазақстан тарапынан ұсыныс түспеген.

Жасы 25-ке енді келсе де, гольф спортында айтарлықтай жетістікке жетіп үлгерген Қанат Құрбаналиев Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Балықшы ауылында дүниеге келген.

Бұл ауыл тұрғындарының 90 пайызы қазақтар. Одан бөлек, кәріс ұлтының өкілдері де бар. Бірақ олардың басым бөлігі Оңтүстік Кореяға біржола қоныс аударып кеткен.

Informburo.kz тілшісі Өзбекстанға арнайы іс-сапармен барып, гольфпен кәсіби деңгейде айналысып жүрген Қанат Құрбаналиевпен кездесіп қайтты.

"Гольф ойнау бала кездегі арманым емес еді"

– Гольфқа арнайы дайындықпен немесе жоспармен келген жоқпын. Бастапқыда Гольф клубына жұмысқа тұрдым. Бос уақытта ойнауға берілген мүмкіндікті пайдаланып жүрдім, бірте-бірте бұл ойынға деген қызығушылығым артты, – дейді кәсіби гольфшы.

Қанат орта мектептен кейін отбасы жағдайына қарай жоғарғы оқу орнына бармаған. Екі жылдай Қазақстанға келіп, Алматы және Астана қалаларында еңбек еткен екен.

– Астанада туысқан ағам тұрады. Олар ертеректе көшіп кеткен. Сол кісінің жеке бизнесіне көмектесуге елордаға барып жүретінмін. Десе де, жол алыстығы мен үйге 4-5 ай келмей жүруден шаршадым, – дейді Қанат.

Астананың қысқы суығынан демалу үшін жаңа жыл қарсаңында ауылына қайтарда отбасынан алыста жүрмеудің жайын ойлап, Ташкентте тұрақты жұмысқа орналасамын деп шешеді.

Сәтті мүмкіндік

– Гольф спортына 5 жыл бұрын келдім. 2013 жылы жұмыс іздеп жүріп, Ташкент гольф клубында бос орынның бар екенін естідім. Сұқбаттасудан сәтті өттім, сөйтіп жұмысқа алындым, – дейді Қанат Құрбаналиев.

Гольф клубтағы жұмыс оның өмірін түбегейлі өзгертеді. Өзбекстанда сұраныс тудыра қоймаған спорт түрі бұның қызушылығын бірінші жұмыс күні-ақ оятады.

Өзбекстан гольф федерациясы (ӨГФ)

ӨГФ гольф спортын ел азаматтары, әсіресе, жастар арасында дәріптеу мақсатында жылына екі рет ел біріншілігін ұйымдастырады. Ташкенттегі гольф клубына кез келген адам жаттығуға, жарысқа қатысуға кіре алады. Оған дамыған елдердегідей клуб мүшесі болу міндетті емес.


Ташкент гольф клубы ойыншылардың сұранысына орай тәулік бойы жұмыс істейді

Ташкент гольф клубы ойыншылардың сұранысына орай тәулік бойы жұмыс істейді / Фото informburo.kz


Гольф спорты Батыс Еуропа елдері мен АҚШ-та танымал спорт түрі екендігі белгілі. Ал ТМД елдерінде енді-енді назар аударылып, оны дамытудың қолға алынғанына көп болған жоқ. Ташкент гольф клубы АҚШ-тың Olden Star Inc компаниясының бастамасымен салынып, 1998 жылдың тамыз айынан бері елге өз қызметін ұсынып келеді.

Өзбекстан ұлттық құрамасы

Қанат гольфтан Өзбекстан ұлттық құрамасына кіретін спортшылардың көмекшісі қызметін атқарып жүріп, жаңа ойыншыларды дайындау бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Көп өтпей, саралаудан үздік нәтижемен өтіп, құрамаға алынады.

– Ұлттық құраманың мүшесі болғаннан кейін толыққанды жаттығулар басталды. Күніне 7-8 сағаттан кәсіби шеберлікті шыңдаймыз. Жазда күн тым ыстық болғандықтан, таң атысымен және кешкі салқында жаттығамыз, – дейді Қанат.

Қанат ұлты қазақ болса да, Өзбекстанның ұлттық құрамасы сапына еш кедергісіз алынғанын айтады. Бұдан басқа кәріс және орыс текті Өзбекстан азматтары бар.

Кәрістер тәжірибесі

Оңтүстік Кореяда гольф – футбол, бейсбол және баскетболдан кейінгі танымал спорт түрі. Бүгінде әлемдегі үздік 50 гольфшының жартысы Оңтүстік Корея тумасы. Бразилияда өткен әлем біріншілігінде алтын, күміс, тіпті, қола медальді де кәрістер жеңіп алды.

Сондықтан Өзбекстан гольф федерациясының президенті Федор Кимнің басшылығымен Оңтүстік Кореямен қарым-қатынасты нығайтып, олардың тәжірибесін алу басты мүддеге айналып отыр.


Қанат гольф спортын дамытуға Өзбекстанда барлық жағдай жасалғанын айтады

Қанат гольф спортын дамытуға Өзбекстанда барлық жағдай жасалған дейді / Фото informburo.kz


– Қазіргі таңда Оңтүстік Кореяның гольф мамандары өз елінің, сонымен қатар, шетелдің спортшыларын дайындаумен айналысады. Сондай бағдарламалардың біріне мен де ілініп, әлемдегі ең үздік гольф шеберлерінен үйрену мүмкіндігіне ие болдым, – дейді Қанат.

Спортшының айтуынша, үш рет Кореяға барып, үш айдай жаттығып қайтқан. Жуырда тағы бір рет бару жоспарда. Оңтүстік Кореяда салыстырмалы түрде аз уақыт болса да, кәріс тілін толық үйреніп алыпты.

Қазақстан біріншілігі

Қанат Өзбекстан ұлттық құрамасына кіргеннен кейін шетелдік жарыстарға көп барғанын айтады. Өзі Қазақстанның тұңғыш Президенті атындағы кубокты бір рет алған. Ал Қазақстан ашық біріншілігінде екі рет жеңіске жетіпті.

– Қазақстанда гольф айтарлықтай жақсы дамыған. Президенттің өзі бос уақытында гольф ойнайды. Оның артынан басқа шенеуніктер де гольф ойнауға құмартты. Осылай гольфке қызығушылықтың артатыны белгілі. Ал үкіметтегі жоғары лауазымды тұлғалар бастаса, халықты да бұл спорт түріне баулу процесі жиілей түсер еді. Бұл бағытта Қазақстан гольф федерациясы нәтижелі еңбек етіп келеді, – дейді Қанат.


Қанат Қазақстан ашық біріншілігіне үшінші рет қатысып, екінші орын иеленді

Қанат Қазақстанның ашық біріншілігіне үшінші рет қатысып, екінші орын иеленді / Сурет kazgolf.kz сайтынан алынды


– Қарапайым халықтың басым бөлігі гольф спортын қалталы азаматтар ғана ойнайды деп ойлайды. Шындығында, ол бәріне қолжетімді спорт түрі деуге болады. Гольф алаңын жалға алу бағасы да өзге спорт секцияларына қатысу бағасынан артық емес, – дейді Қанат Құрбаналиев.

Гольфқа сондай бір дарын керек емес, көп тер төгіп, еңбектену керек

– Гольф – оңай игеретін спорт түріне жатпайды. Оған ұзақ уақытқа созылатын дайындық пен төзім керек. Адам өзіне деген сенімін жоғалтпай, жарты жолда қалып қоймаса, гольфтан ләззат ала алады, – дейді Қанат.

Кәсіби гольфшының айтуынша, 2-3 жылда бұл спорт түрінің шеберіне айналу мүмкін емес.

– Гольфта адамның физикалық шамасымен қатар, моральдық дайындығының болуы өте маңызды. О бастан гольф мені өзінің күрделілігімен қызықтырған. Ойында жеңіске жету қиындаған сайын, өзіне тартып, қызықтыра түседі, – дейді ол.

Кәрістерден үйренетініміз көп

– Менің мансап жолымда ең үлкен жарыстардың бірі Оңтүстік Кореяда ұйымдастырылған халықаралық жарыс болды. Ол жаққа мен тәжірибе жинауға бардым. Себебі кәріс гольфшылары әлемдегі ең үздік спортшылар болып саналады, – дейді Қанат.

Гольф спортының жарыстарында кәрістердің арасынан көріну Орта Азияда бірінші орын алудан әлдеқайда жоғары.

– Кәрістер көп еңбек етеді. Күніне 7-8 сағат айналысқанымды көп деп жүрсем, олар таңнан кешке дейін, тіпті, түнде де жаттығуларын тоқтатпайды екен. Олардың ойынын көріп, менің гольфке талабым өзгерді, – дейді Қанат.

Қазақстан құрамасына толыққанды шақырту

Қанаттың айтуынша, Қазақстанда үкіметтегі қызметкерлерден бөлек, жеке сектордағы кәсіпкерлер де гольфқа өте қызығады. Олардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді.

– Өзбекстанға қарағанда гольфке қызығатын менің достарым Қазақстанда көбірек. Алматыда ұйымдастырылатын жарыстарға үнемі барып тұрамын. Олармен жиі байланыстамын. Алматыда ауа-райы суық болғанда, олар Ташкентке келіп ойнайды, – дейді Қанат.


Қанат Сарыағашта Қазақстанның жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлермен бірге жиі гольф ойнайды

Қанат Сарыағашта Қазақстанның жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерімен бірге жиі гольф ойнайды / Сурет Қанаттың жеке мұрағатынан алынды


– Бүгінге дейін Қазақстан атынан шығуға шақырту алып жүрмін. Бірақ ресми түрде келісім-шарт жасауға ұсыныс болмағандықтан, әзірге Өзбекстан құрамында ойнай бермекпін, – дейді ол.

Болашаққа бағдар

– Маған америкалық гольфшы Дастин Джонсонның ойнау стилі ұнайды. Оны әлемнің үздік гольфшысы болғанына емес, ойында үнемі байсалдылық танытқаны үшін үлгі етемін. Әлемдік деңгейдегі жарыстарды үзбей көріп, экран алдында отырып, Дастин сынды спорт шеберлерінің қимыл-әрекеттерін қайталап, үйренуге тырысамын, – дейді Қанат Құрбаналиев.

Қанаттың айтуынша, оның өзіне деген сенімі мен байсалды ойыны гольфта жеңіске жетуге көмектеседі. Бастысы кәрістердің қажырлығы мен еңбекқорлығын өзіңе бейімдеп, күнделікті жаттығу жоспарын бұзбау керек.

Өзбекстан атынан шығып жүрген қазақ гольфшысы кәрістерден үйрену үшін Оңтүстік Кореяға жиі барып тұрмақшы. Қандай жағдай болса да, алға қойған мақсаттарынан тайынбайтынын білдіріп отыр.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары