Нұрмаханбет Әбді­р­ахманов – Алматыдағы Бас сәулет-құрылыс академиясының түлегі. Бірақ бала кезгі арманы ұшқыш болу еді.

Архитекторлық мамандықта оқи жүріп, қосымша аэро­клу­бқа жазылады.

Сабақтан бос уақытында май-май болып, ұшақтың астында қосалқы бөлшектерін жуып жүрген қара домалақ баланы сол кезде ешкім де елемеген болар. Бірақ оның алдына қойған мақсаты, оған жетемін деген ұмтылысы кім кімді де жігерлендірердей еді. Осылайша аспанға ұшуға алғашқы қадамын ұшақ жуудан бастапты.


Ұшуды армандаған балалар

Ұшуды армандаған балалар / Жеке мұрағаттан

Төрт рет емтиханнан құласа да, алған беттен таймайды, ақыры 1979 жылы Мясников атындағы Качинск жоғары әскери авиация ұшқыш­тары училищесіне қабылданады.

Қазастандық "ұшақ спорты" Кеңес Одағымен бірге күйреді

Кәсіби ұшқыш-сынақшы болып, елге оралған оны тағы бір күрделі сынақ күтіп тұрған еді. Енді ғана кірісіп, өз арманына ұмтыла бастаған кезде Кеңес Одағы құлады.

Бірақ ол да Нұрмаханбеттің жігерін құм қылмады. Алайда, ел енді тәуелсіздік алып жатқанда Алматы аэроклубі талан-таражға түсіп, тоналды. Сөйтіп 1989 жылғы Қазақстандағы соңғы ұшақ спорты чемпионатынан кейін аэроклуб ауежайында тек қана парашютпен секірушілер ғана қалады.

"250 мың долларлық ұшақты 10 мың доллардан сатып жатқанын көргенде, жанымыз күйді" – дейді Нұрмаханбет.


Ұшуға кетіп бара жатқан Нұрмаханбет

Әуеге жол тартқан Нұрмаханбет / Жеке мұрағаттан

Ұшқыш-архитектор

Нұрмаханбет те ел қатарлы тірліктің қамына араласып, архитекторлық жұмысын қайта қолға алады. Қазір ол рес­пуб­ликалық «ОТАУ» құрылыс-жо­ба­лау компаниясының директоры әрі құрылыс жобалаушы болып қызмет атқарып жүр.

Оның жобалары бойынша Алматыдағы "Апорт" сауда кеше­ні, "ZIEB­FART" машина-техника сауда үйі, "Эфес" сыра зауыты, Жастардың шығармашылық орталығы салынды. Оңтүстік ас­тананың сәнін келтіріп, салтанатын арттырған Науаи көшесін­дегі, Алатау бөк­те­ріндегі және "Байсерке" елді ме­кеніндегі коттедж қала­шықтарын­дағы таңға­жа­йып тұрғын үйлер де Нұр­ма­ханбеттің талға­мының же­місі.

Нұр­ма­ханбеттің еңбегі Астанадағы құрылыстарда да бар. Осы маусымның аяғында ғана келіп, бір қонақ үйдің жобасын қорғағанына куә болдық. Бұдан басқа, оның жобасымен салынған Жаркенттегі сұлу ғимарат – "Хан шатыры" қонақ үйі, "Родник" қо­нақжай кешені, Луговойдағы "Алрай", "Суконый комбинат" тойханалары елге қызмет көрсетіп жатыр.


Нұрмаханбет жобалаған Алматыдағы "Апорт" СОО

Нұрмаханбет жобалаған Алматыдағы "Апорт" СОО / Ойын-сауық орталығы сайтынан алынды

Қазақ ұшақ спорты қалай жанданды?

Нұрмаханбет қаншама тынымсыз еңбектің соңында жүргенімен, ол өзінің ұшқыш екенін бір күн де есінен шығарған жоқ. Жоба жасады, талпынды. Алайда өзгеден көмек болмайтынына көзі жеткен соң өзіне ғана сенуге, өзінің қажыр-қайратына сүйенуге тура келді. Өз еңбегімен тапқан тиын-тебенін ұшақ спортын қайта көтеруге жұмсады.

Осылайша түптің түбінде сүйікті ісіне, ұшақ спортына қайта оралды.

"Мен осы 2017 жылы Ресейге барып ұшақ спортынан чемпионатқа қатысып қайттым. Бізде КСРО кезінде бұл спорт түрі мықты еді. Қазақстан сол кезде екі рет Кеңес Одағының чемпионы болды. Біз сол мектепті жоғалтпау үшін тырысып жүрміз" – дейді Нұрмаханбет.


1984 жыл. Солдан оңға қарай: СССР чемпиондары Ю.Ельцов, С.Крицкий, Л.Глюшенко, Т.Мұсабаев, С.Боряк. Т.Мұсабаев даңқты ғарышкер, Ю.Ельцов Алматы аэроклубінің бас жаттықтырушысы.

1984 жыл. Солдан оңға қарай: СССР чемпиондары Ю.Ельцов, С.Крицкий, Л.Глюшенко, Т.Мұсабаев, С.Боряк. Т.Мұсабаев – даңқты ғарышкер, Ю.Ельцов – Алматы аэроклубының бас жаттықтырушысы / Жеке мұрағаттан

"19 жыл жинаған ақшама 3 ұшақ сатып алдым"

"Аттың басы бітіп, жорғасы қалды ма?" деген мәтел бар. Нұрмаханбет сатып әкелген екі ұшағын өзінің алғашқы қадамын бастаған "Байсерке" аэроклубының әуежайына әкеліп, толық тексеруден өткізеді.

"19 жыл ақша жинап Кеңес Одағынан сатып алуға ұшақ таба алмай, ақыры Еуропаға шығып, іздедім.

Германиядан Цесна-172 маркалы 4 орындықты бір американдық, бір ЯК-52 румын спорт ұшағын сатып алдым. Үшінші ұшағым контейнерге симай қалып қойды. Енді соны барып не алып келу керек, не ақшамды қайтарып алуым керек. Жалпы сатып алуға 165 мың евро қаражатым кетті" – дейді ол.


Солдан оңға қарай: А.Момонтов, Қызыхан Шолпан(Аустрия), Н.Әбдірахманов және ең соңғы тұрған қоғам қайраткері Ө,Алтын(Германия).

Германия, Аустриядан келген достарымен бірге. Солдан оңға қарай: А.Момонтов, Қызыхан Шолпан (Аустрия), Н.Әбдірахманов және ең соңғы тұрған қоғам қайраткері Өмірхан Алтын (Германия) / Жеке мұрағаттан

20 жылдан кейін ұшқан ұшақ

Ұшақты ұшуға дайындау, тексеру үшін арнаулы қызмет көрсету тобының жұмыс істейтіні белгілі. Ол топта ең аз дегенде 4 адам болуы керек. Оның үстіне ЯК 52 ұшағы сағатына ең кемінде 50-60 мың теңгенің жанармайын жағады.

Сол шығындарға шыдаған адам ғана сатып алған жеке ұшағын ұшуға дайындай алады. Ал Нұрмаханбет 100 сағат жаттығу жасады. Оның үстіне қызмет көрсететін арнаулы топты қаржыландырды.

Бұған кеткен есепсіз қаржы жайлы Нұрмаханбет айтқысы да келмеді.

Кезінде Румын елінде тек 2000 ғана ЯК-52 ұшағы құрастырылп, шығарылыған екен. Қазір бұл спорттық, қуатты ұшақты табу қиын.

ЯК-52 – оқу-жаттығулары үшін арнайы жасалған спорттық монопланды ұшақ. Ұшақты басқарып, ұшуға үйретуге және ұшықшатрадың машықтарын одан әрі жетілдіруге ар­налғандықтан, екі кабиналы болып келеді. Алдыңғы кабинада үйре­нуші, ал артқы кабинада шебер­лікке үйрететін кеңесші-ұшқыш отырады. Ұшақтың күші – 360 аттың қуатына тең, ал жылдам­дығы сағатына 360-400 шақырым. Қанаттары төмен ор­на­­ласқан, әуеге көтерілгенде үш доңғалағы бірдей жиналатын ұшақпен ұшып, аспанда өнер көрсету үлкен шеберлікті талап етеді.


Ұшуды осылай бастадым

Нұрмаханбет ЯК-52 ұшағында / Жеке мұрағаттан

100 сағатта төрт жылдық норма орындалды

Нұрмаханбет "Байсеңгір" ауежайына жеке ұшақпен оралғанда әуежай қызметкерлері таңдана қарапты. Әуежай директоры, Қазақ ССР-нің жоғары пилотаждан құрама командасының жаттықтырушысы Юрий Ельцов бастаған топ та жан сала көмектесті.

Әр күні таң сәріде жаттығуға шығатын Нұрмаханбетті бүкіл қызметкерлері күтіп тұрады екен.

Ельцов: "Нұрмаханбет 100 сағатта 4 жылдық норманы орындады" – деп ризашылығын білдіріпті.

"Біз Нұрмаханға ризамыз. Кішкентай кезінде май-май болып, ұшақтың астында бөлшектерін жуып жүретін бала бүгін 20 жылға жақын тұрып қалған жұмысымызды қайта жандандырды!" – деп әуежай қызметкерлері де мәз.

Осылайша, балалық арманына жетем деген тынымсыз еңбек ақыры Нұрмұханбетті әуеге алып келді.

"Әр сынақтың бір сағаты 200 мың теңге"

"Қазіргі есеппен медициналық тексеріс, техникалық тексеру, бас инженер, навигация, метролог, ұшуға дайындау құрамы, аэроклуб басшысы, асхана, қызметтік автобус секілді аэроклуб толық жұмыс істегенде әр сағат үшін мөлшермен 200 мың теңгеден астам ақша төленеді. Біз өз қалтамыздан төледік. Олар мен үшін әр күні тәңертең сағат бестен бастап жұмыс істеді. Оны үкімет те, жекелер де берген жоқ" – дейді Нұрмаханбет.

2009 жылы ЯК-52 кластық әлем чемпионатына қатысу­шы­лар Литва елінің Паневежис қа­ласы­нан 16 шақырым жерде орналас­қан "Рою­най" жеке мен­шік аэродромында кездесті.

Әлемдік жо­ғары пилотаж федерациясы мен Литваның ұлт­тық аэроклубының "Адам-Құс" атты қоғамдық қоз­­ға­лысының қолда­уы­мен ұйымдас­ты­­рылған бұл чем­пионатқа әлемнің ең таңдаулы 23 ұшқышы қатысты. Олардың ішін­де Бельгия, Литва, Ресей, Украина, Финляндия, Эс­то­ния елдері­мен бірге Қазақстан ұшқыштары да болғанын мақтанышпен айтамыз.



"Сұңқар" командасы өзі құрыл­ған­нан бергі жылдар аралығында әр­түрлі деңгейдегі халықаралық жа­­­­рыстарға қатысты. Ішінде 1 алты­ны да бар, 9 түрлі медаль алды. Олардың кәсіби деңге­йін ҒАІ – Авиа­циялық спорт түрлері­нің ха­­лық­­аралық федерациясы мойындады.


Литвада өткен 2009 жылғы әлем чемпионатында олар тұтас Азия құрлығынан қатысқан жалғыз команда ретінде тек қазақтың ғана емес, бүкіл азиялық­тар­дың туын көтер­ді. Әлем үздіктері қатарында олар төртінші орынды иеленді, ал құрама командадағы жалғыз қазақ та, сол команданың басшысы да Нұрмаханбеттің өзі болды.


Солан оңға қарай: құрама капитаны, сынақшы-ұшқыш Н.Әбдірахманов, құрама мүшелері М.Т.Мұсаев, А.В.Ма¬монтовтар

Солдан оңға қарай: құрама капитаны, сынақшы-ұшқыш Н.Әбдірахманов, құрама мүшелері М.Т.Мұсаев, А.В.Мамонтовтар / Жеке мұрағаттан

"32 гектар жер сатып алып әуежай салдым"

Бірақ іс жеке әуежайсыз бітпейтін еді. Тәуелсіздік алған 25 жылда талай лауазымды тұлғалар қолдауымен түрлі бағдарламалар, жобалар жасап өткізген болатын. Бірақ олар орта жолға келгенде тоқтап қала беретін. Біресе әкім алмасады, біресе құжаттарды қайта өткізу керек болады. Әйтеуір сылтау көп.

Ақырында амалы таусылған Нұрмаханбет Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданынан 32 гектар жер сатып алады. Әуежай салады.

Нұрмаханбет: "Мен ауылдардың қоқыс-қалдықтары төгілген жерлерді сатып алып, оларды тегістеп әуежай салдым. Себебі, тегіс жерлер қымбат болды. Ал кезінде Ұлы Отан соғысына қатысқан әкемде де, шешемде де, туыстарымда да ондай жер болмады".

Нұрмаханбет салған әуежай ұшақ спортынан әлем чемпионатын қабылдауға дайын

Ұшақ спортынан әлем чемпионатын өткізу оңай шаруа емес. Ол үшін әлемдік қауымдастықтардың рұқсатнамасы мен ұйымдастырушы тараптың халықаралық беделі болу керек. Бұның барлығы Нұрмаханбетте толық бар.

Бұрыннан келе жатқан Ельцев қатарлы әріптестері де көмекке дайын. Жұмыла көтерсе бұл жүкті де көтеруге дайын.

"Қазір әуежай салынды. 26 ұшақ тоқтайтын үш үлкен ұшақ қоймасын салып бітірдім. Құдай қаласа, келесі жылы әлем чемпионатын қабылдасам деп отырмын. Ол туралы Мәдениет және спорт министрлігі жақсы біледі. Қаржы бөлуге уәде берген. Алайда, тағы не болары белгісіз" – дейді Нұрмаханбет.

Ол туралы оқып, елге оралған Ресей генералы

"Еңбегімнің еш кетпегенін сезген сайын қуанамын" дейді Нұрмаханбет. Бірде шаңғы тебуге Шымбұлаққа барыпты. Жол бойында көріп қалған бір кісі артынан іздеп келіп, танысыпты.

Өзін Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызыметінің генералымын деп таныстырған қазақ азаматы: "Мен зейнетке шыққаннан кейін ата жұртым Тәуелсіз Қазақстанға оралып, өз ұлесімді қосқым келді. Тәуелсіз елдің қауіпсіздік қызмекерлеріне өз білімімді үйреткім келді. Алайда Қазақстандағы әріптестеріме келгенімде көптеген келеңсіздіктерді көріп түңіліп кеттім. Шынын айтқанда мені сиғызбады. Сонымен Мәскеуге қайтып бара жатып, ұшақта отырып "AirPort" деген журналдан сіз туралы мақаланы оқыдым. "Қазақстанда Нұрмаханбеттей" жігіттердің өсіп келе жатқанына, бар екеніне көзім жетті. Сонымен сол ұшақпен қайта елге оралдым. Сіз менің елге оралуыма себепкер болдыңыз" – деп рахметін айтыпты.

"Ұстаз арманы" орындала бастады

Жалпы ұшқыш болу– батыс елдерінде бекзаттық өнер. Мысалы, Ұлыбританияның екі ханзадасының бірі Ауған соғысында ұшқыш болды, бірі Британ теңіз авиациясында ұшты. Онан тыс Фин, Франция елдерінің жоғары таптағы биік тұлғалары ұшқыштықпен шұғылдануды салтқа айналдырған. Әсіресе, әскери ұшқыш болу – өте үлкен мәртебе.

Нұрмаханбеттің жалғыз ғана арманы бар. Ол – тәуелсіз Қазақстанның ұшақ спортшыларын жасақтап, ұшқыш ұл-қыздарымызды тәрбиелеу.

"Ұшқыш болу екі адамның бірінің қолынан келе бермейді. Ең алдымен мықты денсаулық болу керек. Сосын жігері мен еңбекқорлық керек. Қазақ балаларынан кемінде екі құраманы әлем чемпионатына шығарсам, сол арқылы осы бекзат спортты ұрпақтарға жалғасам деп жұмыс жасап жүрмін" –дейді Нұрмаханбет.

2016 жылы ол "Ұлан" аэроклубын құрып, жас ұшқыштарды тәрбиелеуді бастапты. Өзі салған әуежайда.



Нұрмаханбет қалаған Қазақстан ұшақ спорты құрамасының кәсіби деңге­йін ҒАІ – Авиа­циялық спорт түрлері­нің ха­­лық­­аралық федерациясы мойындады. ҒАІ – Авиа­­циялық спорт түрлерінің ха­лық­аралық федерациясының пре­зи­­денті Нике Хойер Нұрекеңді "Қа­натты адам" деп, Литвалық Казис Антанавикус пен Елтонас Мелексис "Көк қы­раны" десе, украиндық шебер Иван Би­ластың пікірінше, "Нұр­ма­ханбет­тің ұшағының винттері де өзін­­­дей шебер" деп баға берді.


Нұрмаханбет отбасымен бірге

Нұрмаханбет отбасымен бірге / Жеке мұрағаттан

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter