Қуанышты күндердің гүлі

Көп еді. Өте көп өсетін еді. Бүкіл тау беткейлерін бірнеше күн алаулатып тұратын.

Айтпағымыз – шұғынық. Тарбағатай төсіндегі гүл атаулының төресі осы. Өзіне дейін шығатын бәйшешек, жауқазын және басқасынан мұның сәні мен салтанаты асып түседі. Өзінен кейін шығатын қоңыраубас, қазоты және басқасы мұның көркін қайталай алмайды.

Алыстан жалындап көрінген күлтесі жақындап қарасаң тым ашық қызыл емес, қызыл мен күлгіннің арасындағы ерекше түсті екенін аңғарасың. Күлтелердің ортасында сап-сары үлпегі болады. Күлтенің түбі тостаған тәріздес, бояуы да қоңырқай. Жапырақтары қыздардың әлі таралмаған шашын еске салатын. Қалың әрі тарам-тарам болып келеді. Сабағы қоңырқай. Гүлдің иісі де өзгеше.

Мамырдың соңына қарай жаппай қауыз ашады. Ауылдан бес шақырым ұзасаң бітті қалың шұғыныққа тап боласың. Мектептегі соңғы қоңырау соғылатын мамырдың 25-іне орай қырдан жиып келетінбіз. Мұғалімдерге сыйлау үшін.

Аз күннен соң қырдағы алау сөнеді. Шұғынық күлтесін төгеді. Мектептегі қыркүйектен бергі дүбір басылып, бәріміз каникулға шығамыз. Шұғынықтың бар қызығы бір апта еді.

Жаз ортасында күлте мен жапырақ қурап, сабақты жүрек тәріздес төрт-бес қауашақ қалады. Ішінде қап-қара дән піседі. Одан көп өтпей сабақ қурап, бәрі тып-типыл болмақ.

Тау бөктерінде жасыл кілемдей жайқалған шөп болды, соның ортасында қып-қызыл болып гүлдер өсті деп ешкім ойламайды. Тарбағатайға Тәңірдің өзі сыйлаған алқызыл алқаның қайта пайда болуын көру үшін келесі көктемді күтесің.


Шұғынық тау бөктерінде / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Тарбағатайдың қойнауында шұғынық соншалық көп өсетіндіктен күндердің күнінде осы гүлге қатер төнеді деп кім ойлаған. Қазақта "түлкінің қызылы – өзінің соры" деген мақал бар. Шұғынықтың соры бірақ, күлтесінің қызыл екендігіне қатысты болмай шықты.

Шығармашылық шабыттың гүлі

Шұғынық алда-жалда бір адамға қарыздар шығар деп ойласақ, ол сөз жоқ, Жұматай Жақыпбаев болмақ. Талантты ақын тамаша кітабына осы гүлдің атын қойып, бүкіл қазақ даласына әйгіледі. Кітаптағы өлеңінен үзінді келтірейік:

Құнардан өссе жер түгі,
Құлпырмай қалмас тау көгі.
Шұғынық гүлдің төркіні,
Шөбіңмін сенің сәулелі.

Байқайсыздар ма, ақын "туған жер" деген ұғымды "шұғынық гүлдің төркіні" деген тіркеспен ауыстырған. "Қызғалдақ гүлдің төркіні" немесе "бақбақ гүлдің төркіні" емес, гүлдердің төресі – шұғынық гүлдің төркіні!

Себебі, шұғынық қазақ даласында Алтайдан бастап Іле Алатауына дейін ғана өседі. Оңтүстік аймаққа жетпей тоқтаған. Бұл – салқын да қоңыржай жердің өсімдігі. Күні мен топырағы ыстық жаққа жоламайды. Содан кейін тау бөктеріне ғана шығады. Жазық даладан кездестіре алмайсыз. Қызғалдақтан ерекшелігі сонда.

Қызғалдақтан айырмашылығы – гүлі ірі, сабағы жуан, жапырағы қалың. Сосын күлтесі сәнді. Бала кезімізде оның күлтесін әйелдердің боялған тырнағына ұқсататынбыз. Рас, бұл әлдеқайда үлкен, бірақ тырнақ тура осындай түспен боялған болса, сөз жоқ өте тартымды шығар еді.

Біз тырнақтан аса алмай жатқанда Талдықорған өңірінің асқар тауларының асқақ ақыны Жұматай шұғыныққа басқа әдемі теңеу тауыпты. Ол өлеңді оқи сала жеңілгенімізді бірден мойындағанбыз:

Сіркіреп жауын секпілбеттеніп жер үсті,
Үйтастардағы қуысқа құстар қонысты.
Жапырақтарға көшпелі гауһар іркілді,
Шұғынық гүлдер алқызыл рюмка болысты.

Пай-пай, міне шабыт, міне ақын! Демек, шұғынық атын танытқаны, әдебиет төріне шегелеп қағып бергені үшін бұл өсімдік сөз жоқ, Жұматайға қарыздар.

Содан кейін Талдықорған өңірінде туған және бір жазушымыз бұл гүлді проза есігінен ішке қарай аттатып жіберді. Демек, бұл кісінің де бала кезінде Жұматайдай шұғыныққа ынтық болғаны талассыз.

"...Алманың қызылындай бeт ұшы шұғынық гүлдің жарылайын дeп тұрған қауызын eлeстeтeді; өтe әдeмі қара көзі ұзын жиі кірпіктeрдің қoршауында тіпті қап-қара бoп көрінeді, ал ұсақ аппақ тістeрі жарқырап көрінгeн сүйкімді, дымқыл oймақ аузы дәп бір сүйгeніңді күтіп тұрғандай, тіпті".

Мына сөйлемінен кейіпкері әйел екені аңғарылса да, дәл қай әйел екенін тап басыңыздар деп, оқырманды қинамай-ақ қоялық. Бұл – аударма шығарма. Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы аударыпты. Түпнұсқасы "Томпыш" – Мопассанның атақты хикаясы ғой.

Шұғыныққа біз де жыр арнағанбыз. Бозбала кезімізде оны теруге барғанымыз туралы. Жалғыз емеспіз, қызбен бірге. Өлең тұтас есте қалмапты. Қолжазбасы мүлде жоқ. Кезінде Ақсуат аудандық газетіне шыққан. Соны оқыған ініміз жатқа айтып жүретін.

Бетке алып шұғынықты қырқа-белді,
Кеткенде көңіл көкке шырқап еді.
Сол жерге қайта барсам, таба алам ба,
Еш ақын жаза алмайтын жыр қап еді, – дейтін бір тұсы ойда қалыпты.

Ал аяғы әлбетте, сонау Ләйлі-Мәжнүн, Баян-Қозы замандарынан бергі ғашықты жырлаған барлық ақынға, бүкіл өлеңге тән өкінішпен аяқталуы керек қой.

Шұғынық бүр жаратын күн келеді,
Саған – нұр, маған, жаным, жыр береді.
Бармаймыз Майлышатқа енді біздер,
Биылғы шұғынықты кім тереді?

Майлышат – мекептен соң екі жыл әлгі қызбен бірге қой баққан жеріміз еді.

Тылсым тірліктің тығылған гүлі

Міне, жыр қаһаны Жұматайдан қалған, Бексұлтан ағамыздың шеберлігімен әлемдік әдебиетке кірген, Алатаудан Алтайға дейінгі қазақ даласын жиектеген асқақ таулардың бөктерінде мамырдың соңында алаулайтын шұғынықтың басына зауал төнді. Іргедегі қытайлықтар гүлдің тамырындағы түйнектен дәрі жасауға керек құрт шығарын біледі.

Қытай өзі келіп термейді. Алыстан ақшасын беріп ауыл-ауылдың алаяқтарына жинатып алады.

Жоғарыда айтқанымыздай, мұның соры алаулаған әдемі күлтесі болмай шықты. Күлтесіне бола жыл сайын бірнеше құшақ етіп теріп келетініміз – шұғынықтың өсу мен таралу кеңістігіне айтарлықтай залал әкелмейтін. Рас, тұқымы жетілмей жұлынды. Бірақ тұқымның топыраққа түсіп, одан өсіп шығуы – гүл үшін онның біріндей ғана мүмкіндік. Ол – тамырдан өсетін көп жылдық өсімдік. Тамырына тиіспесең келесі көктемде қайта шығады. Тұқым арқылы жаңа жерде өсіп кететіні некен-саяқ.

Ал қытай мұның тамырына неге құмар? Аздап биологиядан хабарымыз бар еді, түсіндіріп көрейік.

Табиғатта ғылыми атауы Hepialus armoricanus аталатын, біздіңше, көп жынды көбелектің бірі бар. Сол өсіп-өнуі үшін жұмыртқа бастап, одан жұлдызқұрт шығады. Ал көзге көрінер-көрінбес саңырауқұлақ жұлдызқұртты талшықтарымен шырмайды. Талшықтар біртіндеп оның денесіне өтеді. Жұлдызқұрт шұғынықтың тамырын жеп, қуыс жасап кіреді. Енді төрт айдай уақыт өткенде тамырға тығылған қауашақтан көбелек те, саңырауқұлақ та емес, мүлде басқа талшық өсіп шығады. Ол жер бетіне талпынады. Бірақ жете алмай қатып қалады. Ғылыми аты – кордицепс. Қытайша бірнеше аты бар, біз насихаттамай-ақ қоялық.

Бұл талшықтан Бета-каротинді дәрі жасайды. Жүректі, көзді емдейді. Еркекке қуат береді. Адамды ерте қартайтпайды. Қатерлі ісіктің алдын алады.

"Biological and Pharmaceutical Bulletin" аталатын журналдың жазуынша, кордицепсті тышқандарға егіп тәжірибе жасалған. Егілген тышқан суда 90 минут еркін жүзсе, егілмегені 75 минуттан артық шыдамаған.

Тышқаныңыз не, 1992 жылғы Олимпиадада Қытай спортшылары спорттың қаншама түрінен бұрын-соңды болмаған жетістікке жетіп, әлемді таң-тамаша етті. Соның бәрінің тағамына ұдайы кордицепс қосылған. Оған тыйым жоқ, допингке жатқызылмайды. Беріде қытайлықтар қандай жарыста болсын алтын медальді қоймайтыны тағы белгілі. Себебін түсінген шығарсыздар.


Кордицепс осы тамыр мен құрттан шығады / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Енді жұлдызқұрт, тамыр, қауашақ, талшық тақырыбына оралайық. Талшықты әлбетте, бөлек жинау мүмкін емес. Сондықтан тамырмен қоса қазады.

Өздері екі-үш түрлі атпен атайтын кордицепсті қытай халқы 5 мың жылдан бері емге пайдаланады. Сөйтіп жұлдызқұрт жасырынатын өсімдіктердің табиғи түрін өз жерінде әлдеқашан тауысқан. Енді қолдан өсіріп жүр. Қолдан өсіргеннің біртіндеп баяғы қасиеттері азаятыны мәлім.

Ал Қазақстан мен Ресей жақтағы табиғатта сол қалпы тұнып тұр. Шекара жабық, әрі онда күзет тұрған кеңестік заманда Саян, Алтай, Тарбағатайдың бергі бетіндегі қаулап тұрған маралтамыр мен шұғыныққа көздерін сүзіп отырған.

Шекара ашылғаны сол, рахаттанды да қалды. Анда орыстар, мұнда қазақтар азғана тиын-тебен үшін өздері қап-қап етіп жинап беріп жатыр. Таза кордицепстің бір келісінің бағасы 25 мың евроға дейін барады. Әрине, құрты бар өсімдік тамыры одан ондаған есе арзан. Соның өзінде ауылда сенделіп жүргендер үшін бала-шағаны асырауға жетеді.

Қоғамның қоңыраулатқан гүлі

Сонымен бұрын ауылда иесіз қалған қара металл, одан әр кәсіпорында сым болып, әрбір үйде самауырға керней, сиырға су беретін астау болып тұрған түсті металл, бұлардан кейін Тарбағатайдың мумиесі шекара арқылы таудың ар жақ бетіне асырылса, ендігі кезек шұғынықтың тамырына жетті.

Бастапқыда біздің жақ соншалықты қасиетін аңғармаса керек. Шамамен 2016 жылдан бастап Ұлттық парктер мен шекаралық аймақта шұғынық тамырын тасушыларды ұстай бастады. Үш жылдың ішінде кеден, шекара, табиғатты қорғау органдарынан түскен ақпараттар арасынан осындай отыз шақты фактіні оқыдық. Бірақ, мың-мыңдаған гектарды қопарып жүрген тіміскілерді сотталды, жазаланды деген хабар естімедік.

Ақыры 2019 жылғы маусым айының ортасында Сенатта өткен биологиялық алуан түрлі тіршілікті сақтау мәселелеріне арналған Үкімет сағатында депутат Мұхтар Құл-Мұхаммед Тарбағатай мен ішінара Алатауда өсетін шұғынық үшін жүздеген гектар тау бөктері жыртқыштықпен қазылып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Сонда Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев өсімдікті тек Ұлттық парктер мен қорықтарда жұлуға болмайтынын айтты. Басқа аймақтардағы, яғни 60 миллион жеріндегі шөп ешқандай заңмен қорғалмайды екен.

Алдағы уақытта қазақ жеріндегі өсімдіктерді қорғау үшін арнайы заң қажет. Оған дейін шұғынықтың тамырын шұқылаушыларды жауапқа тарта алмаймыз. Жағдай осындай.

Тарбағатайға Тәңір өзі таққан алқа – шұғынықтың мұндай күйге түсерін бала кезде біліппіз бе?

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.