Астық – экономикадағы бастық
Cөз туралы сөз
Алдымен тақырыбымызды ақтап алайық. Бірнеше жыл бұрын республикамыздағы мемлекеттік қызмет саласын басқарған азамат бұдан былай "бастық" деп сөйлеп, жазуға болмасын ескертті. Рас, сол сала бойынша. Сөйтіп заңдастырып қойған да шығар-ау. Бірақ, бұған дейінгіні қайтеміз деген сұрақ жауапсыз қалды.
"Бастық" сөзі сонау Абайда тұр. Бұл туралы Рәбиға Сыздықова апамыздан артық айта алмаспыз: "Мысалы, бастық сөзін "Сөздік" "басқарушы" деп қана көрсетеді, ал бұл сөз Абайда "архимандрит" дегеннің баламасы ретінде берілген" деп жазады ғалым апамыз "Абай тілінің зерттелуі" атты еңбегінде. Тура осы ғылыми еңбекте Абайдың "дарқан" сөзін сөздікте берілгендей "жомарт" немесе "мырза" ұғымында емес, "ұста" мағынасында қолданғаны анықталған. Осыны оқығанда Мұхтар Мағауиннің "Шахан шері" романында шиті мылтық туралы "қазақ дарқаны соққан" деген сөз осы санаға сақ ете қалады.
Ғалым апамыз Абайдың "далаң" сөзін сөздікшілер түсіндіргендей "ашық, бос жер" емес, "орын", "жай" ұғымында келтіргенін дәлелдеп кеткен еді. Біз Мағауиннің "далаң" сөзін "подъезд" сөзінің орнына қолданғанын оқығанбыз. Демек, қаламгердің "Мен Абайдың тізесіне жеттім, басқалар әлі тобығында тұр" дегені талассыз шындық еді. Бұл ойы айтылғалы жиырма жылдай уақыт өткенін ескерсек, Мұхтар Мағауин ақсақал ендігі Абайдың иығына барып қалған шығар, ал талайлар тобықтан да төмендеп, өкшеге түскен-ау деуге ыңғайсызданып отырмыз.
Оқи отырыңыз: Қазыққа байланған қанат
Мемлекеттік қызмет бойынша десек те, "бастық" сөзін жоққа шығарсақ, біздің ұлтымызға Бауыржан Момышұлын да жоққа шығаруға тура келмек. Совет-герман соғысының даңқты қолбасшысы кезінде "Мың арыстанды бастаған қой бастықтан мың қойды бастаған арыстан бастық артық" деп жазған. Мұнысы мақалға айналып кеткен. Әлгі "Отан оттан да ыстық" немесе "Үлкенді ізетте, кішіні – күзетке" дегендері сияқты. Жалпы Баукеңнен жаумен қалай соғысу тәсілдері де, қазақтың сөзі де артылмаған. Екеуін бірдей санада сақтап жүрген ләзім. Демек, Момышұлының тобығынан келмейтін біреуге болса, "бастық" сөзі екі рет айтылатын бұл кісінің нақылынан бас тартармыз ба?!
Тізе берсең, мысал көп. Ұлттық ұғымдағы "бастық" сөзін әлдеқалай бастық бола қалған біреуге бола тілдік қордан да, санадан да ысырып тастау мүмкін емес. Сонымен мақаламызға қойылған тақырыпты ақтап алдық па дейміз. Енді негізгі әңгімеге көшейік.
Жермай жайындағы сөз
Негізгі әңгімені қазақтың "алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен" мақалынан бастаған ләзім. Бұл мақалдың қаншалықты құнды болғандығын коронавирус дүрлігісінен кейінгі әлем мойындамақ. Тіпті , қазірдің өзінде мойындай бастапты. Жез жүзінде алдағы уақыттың азық-түлігіне қатысты пікір лаулап тұр. Барды бөлісу мен болашаққа қам жасау – Біріккен Ұлттар Ұйымының деңгейінде, һәм оған қарасты дүниежүзілік ұйымдар шеңберінде талқыға түсіп жатыр. Жеке мемлекеттердің шешімдерін айтпаған күнде.
Қазақ ішінде бұл мақал қалыптасқан тұста, яғни "алтын" мен "астықты" салыстырған уақытта жер үстінде іштен жану құрылғысы жасалмаған, демек жанармайға, оған негіз болған мұнайға қажеттік туындай қоймаған. Ал алтын мен күміс – сонау сақ дәуірінен сән мен салтанаттың айғағы. Қытай ішінде қалған Еренқабырға мен орыс жерінде тұрған Таскемер тауының арасындағы ұлан-ғайыр даланың ана тұсын қазып қалса да, мына тұсын қазып қалса да, Алтын адам шығатыны содан.
Оқи отырыңыз: Ұяға оралған ұят емес
Мұнайдың өзін қазекем әріде затына сай етіп "жермай" деген. Еш керекке жаратпаған. Оны ұлттың ең қадірлі ақындарының қатарындағы Қадыр Мырза Әли керемет өлеңге қосып кеткен:
Ақиқат: талай нәрсе жетпеді де,
Алайда бабам шүкір етпеді ме?!
Астында жамбасының жермай жатып,
Жарықсыз бүкіл түні өтпеді ме?!
Келесі шумағында қазекемнің жамбасының астында көмір жатқанымен, қи жағып өмір сүргені айтылады. Негізі экология жағынан екеуі де дұрыс шешім еді. Бірақ әлемдік даму көшінен қалай тыс қалуға болады. Әзірге ондай мүмкіндік Бразилияның Амазонка өзенінің бойындағы қалың жыныс арасында өмір сүретін бірер тайпада ғана бар екені талассыз.
Дүниеге мұнай өктемдік етіп кеткен ХХ және ХХІ ғасырдың алғашқы жиырма жылында арпа-бидайдан гөрі бензин мен керосин құнды болды. Тіпті, астықты егу мен орудың өзі техника күшімен жүзеге асатын. Онсыз жанармайсыз жүрмейді. Ал нансыз ешкімнің жұмыс істеуі тұрмақ, тірі қалуы қиын ғой.
Мұнай мен астық осылай бірінсіз бірі болмайтын байланыста тұр. Тағы да Қадыр ақынның өлеңін еске салсақ, анасы туралы:
Біріміз үй, біріміз
Пешіндейміз сол үйдің,
Талай рет есіктен
Өлім келіп мөлиді, – дейтіні бар.
Мұнай мен астық та сол үй мен пеш сияқты, бірінсіз бірі өндірілмейді. Бірақ нарық таразысында, саясат безбенінде талай уақыт біріншісінің салмағы басым болды. Берідегі соғыстың бәрінен мұнайдың иісі шығады. Ирак, Ливия, Сирия, Иран. Қайда да мұнайдан басталған дау-талас. Зымыранмен атқан жанталас. Аяғы жанып жатқан терминалдар. Тіпті, ХХІ ғасырға дейін жеткен теңіз қарақшыларының басып алатыны да – басқа емес, мұнай танкері.
Оқи отырыңыз: "Тауыңды танисың ба?" Коронавирус сұрақ қоя алатын болса, талайлардан тура осылай сұрар еді
Иә, әлемдік мұхитта мұнай тасыған қаншама танкер жүргенін мына картадан байқауға болады. Ал астық тасытын балкер саны бұдан аз, әзірге мынандай қаптап жүрген жоқ. Бірақ, болашақта танкер азайып, балкер көбейіп кетерін болжаймыз. Коронавирустан кейінгі әлемнің сұранымы солай болмақ.
Әлемде танкердің жүк тасу қуаты да басқалардан өктем болып келеді. Оны келесі кестеден көруге болады. Ең ірі мұнай танкері Knock Nevis-тің ұзындығы 458 метрге жетсе, ең ірі астық таситын баркер, яғни құрғақ жүк тасушы кеме MS Berge Stahl-дің ұзындығы 342 метр болып, тіпті жолаушылар лайнерінен кейін қалыпты. Бірақ, алдағы уақытта әлемде мұнай өктемдігі шектеліп, астық өктемдігі байқалатын шығар. Коронавирус дағдарысы соның алғашқы мысалы болуы керек.
Ондай күн жеткенде "Арпа-бидай ну екен, керосин-бензин су екен" деп мақалдатып жүрмесімізге кім кепіл?!
Алпауыттар айналасындағы сөз
Әлемдік астық саудасында мұрты майланып жүрген бірнеше мемлекет бар: Австралия, Канада, Франция, АҚШ және Ресей. Бұлар – бірінші бестікті құрайды. Екінші қатардағы саудагерлер арасынан Қазақстанды көруге болады.
Австралия жыл сайын орта есеппен 20 миллион тонна маңайында астық сатады. Ресей ХХІ ғасыр басындағы 10 миллион тоннаны қазір 20 миллионнан асырып жіберіп, Австралияның алдына түсіп кетті. 2017 жылы тарихында тұңғыш рет 30 миллиондық межеге шықты. Бәрібір басты бәсекелеске жете алмады. АҚШ-тың рекордты өнім жинаған жылғы сыртқа сатқан астығы 33 миллион тонна болған. Бұл – әлемдік рекорд. 24 миллион тонналық көрсеткіш Канадада бар. Франция 2014 жылы 20 миллион тоннадан асырып астық саудалаған.
Оқи отырыңыз: Коронавирус майданы. Батырлар жыры сарынына салғанда...
Даусы залда тұрған бес мемлекетке жету біз үшін арман сияқты. Мақтанғанда "бізге бес Франция сияды" дейтін Қазақстан ХХІ ғасыр басталған жылы 3 миллион тонна мөлшерінде бидай экспорттаса, арада бір мүшел өткенде 7,5 миллион тоннаға жеткізе алды. Бұл – ауа райы өте қолайлы болып, бидай бітік шыққан жылғы көрсеткіш. Орташа есебіміз одан төмен. Қалай десе де, астық саудасы бойынша алғашқы ондықтамыз. Жер көлеміміз де сондай ғой. Алғашқы бестікте Франциядан басқаларынының жері біздікінен үлкен.
Екінші топта бізбен бірге Украина бар. Түсім жақсы жылы сыртқа астық сатуды 12 миллион тоннаға жеткізген. Беріде шамамен 7-9 миллионның арасында жүреді. Аргентина да осы топта. Бір жылы 10 миллион сатса, тағы бір жылы 1 миллон тоннадан асыра алмаған кезі бар. Латын Америкасының астық экспортындағы ең ала-құла көрсеткіш осы мемлекетке тән. Ауа райының әсері ме, әлде саясаттың салдары ма, ол туралы ақпарат кездестірмедік.
Еуропаның көлемі шағын Польша, Болгария сияқты елдері ара-тұра 3,5 миллион тоннаға жетіп тұрады. Сіз бен біз көпшілік халқы аш-жалаңаш жүреді деп ойлайтын Үндістан 2012 жылы Қазақстанмен бәсекелесіп 4,5 милллон тонна астық сатқанын ұмытуға болмас. Кей жылы керісінше өзі сатып алған. Демек нағыз ала-құланың көкесі осында.
Кім қайда сатады деген де қызғылықты тақырып. Әлемде астықты сырттан ең көп сатып алатын мемлекет – Мысыр. Одан кейін Индонезия көрінеді. Ол жыл сайын 10 миллион тонна астық сұрайды. Негізінен АҚШ, Канада және жағалауы бұлардан сәл жақындау Австралиядан тасыған. Қазір бұл елдің астық нарығына Ресей де кіріп отыр.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан кейін...
Индонезиядан басқа Оңтүстік-Шығыс Азияның Въетнам, Филиппин, Жапония, Малайзия мемлекеттері астықты бұрынғыдан көп сатып ала бастады. Халық санының өсуі осыған мәжбүрлейтіні белгілі.
Бұған дейін бұл аймақтағы елдерде Ресей астығынан тартып, ұн жасайтын технология кемшін болған екен. Австралиялық Market Check консалитнг компаниясының аға менеджері Том Баснеттің пікірінше, қазір Оңтүстік-Шығыс Азия ұн тартушылардың мүмкіндігі ұлғайған. Олар орыс алқабында өскен бидайды сапалы ұнға айналдыра алады. Бұл пікірді Қазақстан да ескеруі керек. Ресейге қатысты әңгіменің бәрі біз үшін "Қызым, саған айтамын, келінім, сен де тыңда" дегеннің өзі емес пе!
Салыстыруға қатысты сөз
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының дерегіне қарағанда 2020 жылғы наурыз айының ортасына бастап әлемде бидай бағасы өсе бастаған. Оған пандемия тікелей әсер еткен.
Мұнай бағасы барреліне 25 доллардан төмендеген шақта Америка мен Еуропада бидай бағасы 7 процентке дейін көтеріліп кетті. Мәлімет түсінікті болуы үшін Ресей сарапшыларының есебін келтірсек, Urals аталатын олардың мұнайының бір тоннасы 12,9 мың рубльге түскенде, астығының тоннасы 13,3 мың рубльге сатылған. Өткен жылы Ресей шикі мұнайды саудалаудан 121 миллиард доллар, ал астықтан 6,4 миллиард доллар түсірсе, 2020 жылғы көрсеткіш мүлде басқаша болмақ. Жалпы бұл елдің ауыл шаруашылық өнімдерінің жиынтық экспорты 25 миллиард долларға жетіп, сыртқа сататын қару-жарағынан екі есе асты. Әскери техникасын саудалаудан былтыр 13 миллиард доллар тапқан еді.
Айналада осындай көрініс орын алғанда Қазақстан не істеуі керек? Әлбетте, дереу астық шаруашылығына көңіл бөлуі тиіс.
Оқи отырыңыз: Супер кептер самғайды
Алдымен механизатор керек. Оңтүстік жастарын астық танаптары шексіз солтүстік аймақтарға көшіріп, оқытудың маңызы бұрынғыдан аса түседі.
Жаңа техника қажет. Мұндай жағдайда қандай техника қолайлы? АҚШ пен Батыс Еуропаныкі сапалы, бірақ қымбат. Оның үстіне кейінгі уақытта сырттан әкелінетін ауыл шаруашылық техникасына темір-терсек салығын қосу біраз дау-дамай тудырды. Өзіміз басымызды сұғып кірген, анығында құрылуына себепкер болған Еуразия Экономикалық Кеңесінің комиссиясы төбемізден тоқпақтап жатыр. Өйткені, біздің еліміз 2019 жылғы 5 желтоқсанда өзі жүретін ауыл шаруашылық техникасы сырттан әкелінсе, оған темір-терсек салығын салған. Бұл отандық ауыл шаруашылық машинасын жасаушыларды қолдау саясаты еді. Енді біздің үкіметтен жоғары тұратын Еуразиялық экономикалық комиссия 2020 жылғы 7 мамырға дейін бұл шешімнің күшін жоюды талап етіп отыр.
Сөйтіп, отандық ауыл шаруашалығы техникасы өндірісін дамыту қадамы жасалмай жатып, Ресей тарапынан қатты қаһарға ұшырады. Бұл одақтан тысқары Өзбекстанда бүкіл трактор мен комбайнның 80 проценті өзінде жасалған. Темір-терсек салығын еңгізіп алған беларустар түгелге жуық (90 проценттен астам) отандық ауыл шаруашылық техникасымен қамтамасыз етілген.
Оқи отырыңыз: Коронавирустың күтпеген тұсы
Аңырап отырған да, қаңырап тұрған да сол баяғы Қазақстан. Бұл сөзді цифрмен өрнектесек, тракторымыздың 84 процентінің, комбайнның 54 процентінің пайдалану мерзімі 15 жылдан асып кеткен! Жиырма мыңға жуық трактор, үш мыңға жуық комбайн мүлде жүруге жарамайды, бірақ есепте бар!
Коронавирус дабылы біздің медицинаның, қашықтан білім берудің, цифрланудың ғана емес, ауыл шаруашылығының да мәз еместігін аңғартып жатыр, ағайын.
Соңғы сөз өнімділікке келгенде тағы ұяттымыз. Канада мен АҚШ фермерлері әр гектардан 60 центнерден астық орып отырған заманда, бізге 20 центнер арман болып келеді. Отыз жыл бойы. Кезінде жағдайымыз жақсы болады деген бар үміт 2020 жылға артылған еді. Сол үміт ақталар ма?