Мемлекеттен балаларға, мүгедектерге, асыраушысынан айрылу бойынша және аса зиянды және ауыр жұмыстарда еңбек ететін адамдарға төленетін әлеуметтік жәрдемақылар сомасы артты.

1 қаңтардан бастап ең төменгі зейнетақының мөлшері 38 636 теңге болды. 2020 жылдың басынан қазақстандықтардың зейнетақысы инфляция деңгейіне қарай өседі.

  • ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31 183 теңге;
  • ең төменгі жалақы – 42 500 теңге;
  • айлық есептік көрсеткіш – 2 651 теңге.

Шәкіртақы қаншаға өсті?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан студенттердің шәкіртақысын 25 пайызға арттыруды тапсырған болатын. Мемлекет басшысы бұл туралы Жастар жылының жабылу салтанатында мәлімдеген еді.

1 қаңтардан бастап студенттердің стипендиясы келесідей өзгерді:

  • бакалавриат – 20 949 теңгеден 26 186 теңгеге;
  • магистратура – 53 530 теңгеден 66 913 теңгеге;
  • докторантура – 81 998 теңгеден 102 498 теңгеге.

Жаңа жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмекте өзгеріс бар

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі барлық көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы табыс көлемінен тәуелсіз төленеді. Ай сайынғы жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға беріледі.

Мемлекеттік жәрдемақы бала санына қарай есептеледі:

  • төрт баласы бар отбасыларға – 42 496 теңге;
  • бес бала – 53 127 теңге;
  • алты бала – 63 757 теңге;
  • жеті және одан көп бала – 74 388 теңге.

Сонымен қатар, жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жүйесі де өзгереді.

Оқи отырыңыз: Еңбек министрі көпбалалы отбасылардың бәріне жәрдемақы төлеуді ұсынды

Атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдай алты немесе он екі айға есептелмейді, енді тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасы үшін тоқтатылады.

Оқи отырыңыз: Атаулы әлеуметтік көмек қандай жағдайда берілмейді?

Атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет берілетін болады. Яғни, мектеп жасына дейінгі балалар азық-түлік және гигиеналық құралдармен қамтылса, мектеп жасындағыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқу-құралдары беріледі, күнделікті мектепке барып-келуге жұмсалатын жол шығыны өтеледі.

Оқи отырыңыз: Атаулы әлеуметтік көмекті алудың жаңа шарттары қандай?

Балалар жәрдемақысы қалай өседі?

Бала тууына байланысты берілетін бір реттік жәрдемақы:

  • бірінші, екінші және үшінші балаға – 100 738 теңгеге дейін (38 АЕК);
  • төртінші баладан бастап – 167 013 теңгеге дейін (63 АЕК) артады.

Бала күтіміне берілетін ай сайынғы жәрдемақы әйелдерге:

  • бірінші балаға – 15 270 теңге (5,76 АЕК);
  • екінші балаға – 18 054 теңге (6,81 АЕК);
  • үшінші балаға – 20 811 теңге (7,85 АЕК);
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 23 594 теңге (8,9 АЕК) көлемінде беріледі.

Асыраушысынан айрылғанда берілетін жәрдемақылар

Ата-анасының бірі болмаған жағдайда балаларға немесе еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне ай сайын 26 818 теңге (ең төмен күнкөріс деңгейінің 0,86 мөлшері), екі адамға – 46 463 теңге (1,49 КД), үш адамға – 57 689 теңге (1,85 КД), төрт адамға – 61 119 теңгеге (1,96 КД), бес адамға – 63 302 теңге (2,03 КД) алты және одан көп адамға – 65 797 теңге (2,11 КД) көлемінде төленеді.

Тұл жетім балалар 36 796 теңге (1,18 КД) алады.

Асыраушысынан айрылған отбасылардың әлеуметтік қорғалуын арттыру үшін әлеуметтік төлем мөлшері артады, алайда бұл асырауындағы адамдар санына байланысты болады. Мәселен, асырауында бір адам болса, оның коэффициенті 40-тан 50 пайызға дейін, асырауында екі адам болса – 50-ден 65-ке дейін, үшеу болса – 60-тан 80 пайызға дейін, төрт және одан көп болса – 80-нен 100 пайызға дейін көтеріледі.

Отбасының асырауында бір бала болса, жаңа параметрлермен есептегенде төлем сомасы 23 907 теңге болса, бұл қазіргі қолданыстағы параметрмен есептегендегі сомадан 30 пайызға артық – 18 390 теңге болады. Асыраушысынан айрылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны есепке ала отырып, төлемнің жалпы сомасы 43 910 теңгеден 49 448 теңгеге дейін өседі.

Мүгедектік бойынша жәрдемақылар:

  • I топтағы мүгедектерге 59 872 теңге (төмен күнкөріс деңгейінің 1,92 мөлшері);
  • II топтағы мүгедектерге 47 710 теңге (1,53 КД);
  • III топтағы мүгедектерге 32 431 теңге (1,04 КД) төленеді.

Балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы (16 жасқа дейін):

  • I топ мүгедектігі барларға 59 872 теңге (1,92 КД);
  • II топ – 49 581 теңге (1,59 КД);
  • ІІІ топ – 37 420 теңге (1,20 КД).
  • 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 43 657 теңге (1,4 КД) төленеді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

1 қаңтардан бастап Қазақстан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшті.

МӘМС аясында мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды.

1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар медициналық сақтандыру қорына жарна аударуға міндеттеледі:

  • жұмыс берушілер үшін – жалақы қорының 2 пайызы;
  • жұмысшылар үшін – еңбекақының 1 пайызы;
  • жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, жеке практикамен айналысатын тұлғалар – 1,4 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5 пайызы;
  • азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен жұмыс істейтіндер – табысының 1 пайызы;
  • өздігінен төлеушілер – 1 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5 пайызы.

Ал жеңілдікке ие азаматтардың 15 санатына мемлекет жарнаны қорға өзі аударады.