Экстракорпоральды ұрықтандыру – әйелдер мен ерлер арасындағы бедеулікке қарсы күрестің ең тиімді тәсілі. Заманауи репродуктивтік технологиялардың арқасында сәби сүйе алмауы мүмкін жұптар да балалы болып жатады.

ЭКО бағдарламасына кімдер қатыса алады? Квотамен ЭКО жасату үшін не істеу қажет? Осы және өзге де сауалдарға Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы сарапшылары жауап берді.

№1. ЭКО жасату үшін қайда жүгіну қажет?

Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасына қатысқысы келетіндерді тіркеу емханалар арқылы жүргізіледі. БМСК (Бастапқы медициналық-санитариялық көмек) ұйымы бедеулікке шалдыққан пациентті диспансерлік науқастардың электронды регистріне (ЭРДБ) тіркейді. Денсаулығын тексеріп, бедеулік себептері анықталғаннан кейін емхана құжаттарды арнайы маманның қорытындысымен бірге Денсаулық сақтау басқармасындағы жоғары технологиялы операциялар жөніндегі арнайы комиссияға жолдайды.

№2. Клиниканы кім таңдайды?

Қосалқы репродуктивтік технологиялармен жұмыс істейтін клиниканы пациенттің өзі таңдайды. Комиссия тарапынан оң шешім қабылданған жағдайда Ауруханаға жатқызу бюросы порталына жолдама беріледі.


Оқи отырыңыз: "Аңсаған сәби" аясында ЭКО-ға жылына 7 мың квота беріледі. Оны қалай алуға болады?


№3. Қандай клиникалар қатысады?

Клиникалардың тізімімен Қордың fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады. 

Бүгінгі таңда Алматы қаласында Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен 7 клиника жұмыс істейді:

  • Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы;
  • Репродуктивті медицина институты;
  • "Нұрай" ЭКО клиникасы;
  • "Persona" репродуктологияның халықаралық клиникалық орталығы;
  •  "Private Clinic Almaty";
  •  "Экомед";
  • "ЭКО".

Астана қаласында:

  • "Геном Астана" ЖШС
  • "АстанаЭколайф" ЖШС
  • "Экомед Плюс" ЖШС

Шымкент қаласында:

  •  "Экомед-Шымкент";
  •  "ЭКО центр доктора Тарарака".

Тараз қаласында:

  • "Неке және жанұя" медициналық орталығы;
  •  "Арман репродуктивтік орталығы".

Ақтөбе қаласында – облыстық перинаталдық орталығы. 

Атырау қаласында – "Экомед-Атырау". 

Қарағанды қаласында – "Ақжан" ЖШС.

Өскемен қаласында – облыстық репродуктивті медицина орталығы.

Түркістан қаласында – "Экомед-Туркестан".


Оқи отырыңыз: 30 жылда ерлердің ұрығы 3 есе әлсіреген. Бедеуліктің емі бар ма? 


№4. 2023 жылы қанша қаржы бөлінді?

Биыл еліміз бойынша 7 мың квотаға қаржы қарастырылған. Соның ішінде 3,7 млрд теңге, яғни 3192 квота Алматы қаласына бөлінген.

2021-2022 жылдары МӘМС есебінен "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында 4080 сәби дүниеге келген. Бүгінде бағдарламаға қатысқан тағы 2100 келіншектің аяғы ауыр.

№5. Кімдер тегін жасата алады?

Жасанды ұрықтандыру бағдарламасы 2020 жылдан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті арқылы қаржыландырылады. Бағдарламаға қатысқысы келетін адам міндетті түрде сақтандырылған болуы шарт.

№6. Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасының басты шарты – бедеуліктің терапевтік емдеуге келмейтін түрі. Бағдарламаға отбасылық жұптар ғана емес, ресми некеге тұрмаған жұптар да қатыса алады. Мұндай жағдайда екі жақтың өзара жазбаша келісімі қажет.


Оқи отырыңыз: "Болашақ балаңның руын да, түрін де таңдауға болады". Қазақстанда ұрық саудасындағы сұраныс қандай?


№7. Қандай талаптар қойылады?

Денсаулық сақтау министрлігінің ЭКО жасау тәртібі жөнінде арнайы бұйрығында жасанды ұрықтандыру процедурасына іріктеуге қойылатын талаптар көрсетілген. Мәселен:

  • 18 бен 42 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары;
  • соматикалық, эндокриндік статусы қалыпты жағдайдағы пациенттер.

Әйелдерге қойылатын талаптар:

  • антимюллер гормоны (АМГ) 1,0 нанограмм/миллилитрден төмен емес;
  • фолликулостимуляциялық гормоны (ФСГ) 12-ден аспауға тиіс (циклдің 2-5 күндері);
  • антральдық фолликулдың жалпы саны 6-дан (циклдің 2-5 күндері) кем болмауы керек.