Оқи отырыңыз: "Алматы жастары 3.0" тұрғын үй бағдарламасының шарттары қандай? Бүгін құжат қабылдау басталды

№1. "5-20-25"

Бұл бағдарламаның шарттары 2019 жылдың қараша айында таныстырылды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, "5-20-25" бағдарламасының ережелері 2016 жылдың желтоқсан айынан бері әрекет етіп келеді. Осыған дейін банк тарапынан 150 млрд теңгеге 19800 қарыз берілген.

"5-20-25" бойынша әкімдік кезегінде тұрған әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер, бюджет саласының қызметкерлері ипотека рәсімдей алады.

Бағдарлама талаптары:

  • Табыс көзі отбасындағы жан басына шаққанда 3,1 күнкөріс деңгейінен аспауы қажет (2020 жылы 96 667 теңге);
  • 5 пайыз жылдық мөлшерлеме;
  • 20 пайыз бастапқы жарна;
  • Қарызды өтеу мерзімі – 25 жыл;
  • Үміткердің атында соңғы 5 жылда үй болмауы шарт;
  • Төлем қабілетін растау міндетті.

Оқи отырыңыз: Биыл ипотекаға пәтер алу жеңілдей түсті. Жылжымайтын мүлік нарығы қалай өзгереді?

№2. "7-20-25"

"7-20-25" – Қазақстан азаматтарына арналған әлеуметтік бағдарлама. Оның негізгі талаптары:
  • 7 пайыз жылдық мөлшерлеме;
  • Бастапқы жарна 20 пайыз не одан жоғары;
  • Қарызды өтеу мерзімі – 25 жыл;
  • Үміткердің атында үй болмауы шарт;
  • Ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша өтелмеген берешектің болмауы міндетті;
  • Тек құрылыс салушылардан сатып алған жаңа үйлерден пәтер алуға болады.

Бұл бағдарламамен жұмыс істейтін банктер: ЦентрКредит банкі, Сбербанк, Жусан банк, Еуразиялық банк, АТФ банк, Банк RBK, Халық банк және Форте банк.

Бағдарламаға қатысты жиі қойылатын сұрақтардың жауабын мына жерден оқуға болады.

Оқи отырыңыз: "7-20-25" талаптары төмендетілді: халыққа бастапқы жарнаны 20 пайыздан артық сомада құюға мүмкіндік берілді.

№3. "Баспана хит"

Бұл жаңа, сондай-ақ, қолданыста болған тұрғын үйді де сатып алу үшін тиімді ипотекалық бағдарлама. Бағдарламаның негізгі талаптары:

  • 13,75 пайыз жылдық мөлшерлеме (бұл көрсеткіш бұрын 10,75 % болатын. 2020 жылдың 10 наурызынан бастап өзгерді);
  • 20 пайыз бастапқы жарна;
  • Қарызды өтеу мерзімі – 15 жыл;
  • Атыңызда үй болса да, қарыз рәсімдей аласыз. Бірақ ипотекалық берешегіңіз болмауы шарт;
  • Жаңа емес үйлерден (вторичный рынок) пәтер таңдауға болады;
  • Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында 25 млн теңгеге дейін, басқа аймақтарда 15 млн теңгеге дейінгі бағада үй сатып алуға мүмкіндік беріледі.

Бұл бағдарламамен жұмыс істейтін банктер: ЦентрКредит банкі, Сбербанк, Жусан банк, Еуразиялық банк, АТФ банк, Банк RBK, Халық банк және Форте банк.

Толығырақ ақпаратты мына жерден алуға болады.

Оқи отырыңыз: Көп балалы отбасыларға үй беріле бастады. Жалдамалы үйлер мен 2% несиені алу үшін қойылатын талаптар

№4. ЦентрКредит банкінің "Жас отбасы" бағдарламасы

Бағдарламаның негізгі талаптары:

  • Үміткер жұбайлардың жасы 35-тен аспауы шарт;
  • 16 пайыз жылдық мөлшерлеме;
  • 30 пайыз бастапқы жарна;
  • Қарызды өтеу мерзімі – 20 жыл;
  • Өтініш 3 күн ішінде қаралады;
  • Тұрғын үйді Қазақстанның кез келген қаласынан сатып алуға болады.

Толығырақ мына жерден оқуға болады.

Оқи отырыңыз: 2020 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кім үй ала алады?

№5. Әйелдер ипотекасы

2020 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Орталық Азиядағы тұңғыш гендерлік ипотеканы енгізгелі отыр. Несиеге берілетін 38 млрд теңгені Азия даму банкі ұсынады. Мөлшерлеме көлемі 12 пайыз болады деп жоспарланып отыр.

Ипотека табысы төмен әйелдерге беріледі. "Әйелдер ипотекасы" бағдарламасы арқылы қарыз рәсімдеу үшін әйелдерге ТҮҚЖБ шот ашып, бастапқы жарнасын толтыруы қажет. Оның көлемі кіріс деңгейіне байланысты:

  • Егер әйелдің кірісі 200 мың теңгеден аз болса, бастапқы жарна 15 пайыз;
  • 200 мың теңгеден көп болса, бастапқы жарна 20 пайыз болады.
  • Берілетін несиенің шекті сомасы – 30 млн теңге.

Бағдарлама нақты қай уақыттан жүзеге аса бастайтыны әзірге белгісіз.

Оқи отырыңыз: Әйелдер ипотекасы мен "Корпоратив" бағдарламасы. Баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері қандай?

№6. "Бақытты отбасы"

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бұл бағдарламасымен әкімдік кезегінде тұрған жандар ғана ипотека рәсімдей алады. Олар:
  • Көпбалалы отбасылар;
  • Толық емес отбасылар;
  • Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар.

Ипотека рәсімдеушілерге әзірше Қазақстандағы ең төмен көрсеткіш – 2 пайыз жылдық мөлшерлеме ұсынылып отыр. Бастапқы жарна ретінде үй бағасының 10 пайызын толтыру және отбасының табыс көзін растау міндетті. Сондай-ақ, отбасылардың атында басқа үй болмауы шарт.

  • Қарызды өтеу мерзімі – 20 жыл;
  • Соңғы 6 ай ішінде отбасының әр мүшесінің айлық табысы ең төменгі жалақыдан артық болмауы керек (2020 жылы Қазақстандағы ең төменгі жалақы – 42 500 теңге).

"Бақытты отбасы" бағдарламасы 2020 жылдың наурыз-сәуір айларында басталады. Толығырақ мына жерден оқуға болады.

Оқи отырыңыз: "Жастарға – жаңа тұрғын үй бағдарламасы". Алматы әкімінің тұрғындармен кездесуінен репортаж

№7. "Әскери баспана"

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бұл бағдарламасымен үкіметтен тұрғын үй төлемін алатын әскерилер ғана ипотека рәсімдей алады.
  • 8 пайыз жылдық мөлшерлеме;
  • 15 пайыз бастапқы жарна;
  • Қарызды өтеу мерзімі – 25 жылға дейін.

"Әскери баспана" бағдарламасы 2020 жылдың наурыз-сәуір айларында басталады.

№8. Балаларға арналған "Арнау" депозиті

2020 жылдың наурыз айында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қазақстандық ата-аналарға "Арнау" деп аталатын жаңартылған балалар депозитін ұсынады. Бұл бағдарламамен 2 пайыз жылдық мөлшерлемемен қарыз рәсімдеуге болады. Алайда, ата-аналар сатып алынатын үй құнының 50 пайызын 10 жыл бойы жинауы шарт.

№9. 50/50

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі стандарт рәсімдеу қалай жүзеге асады?

Бағдарлама шарты:

  • 50/50 (көзделген соманың жартысын жинау қажет);
  • 3,5 - 8,5 пайыз аралығындағы жылдық мөлшерлеме;

Қарыз бойынша:

  • Пәтер немесе жер үй сатып алуға;
  • Тұрғын үйге жөндеу жүргізуге;
  • Жер телімін сатып алуға;
  • Басқа банктен бұрын алынған ипотекалық несиені қайта қаржыландыруға болады.

Қарыз: тұрғын үй қарызы, аралық қарыз және алдын-ала қарыз деп бөлінеді. Әрқайсының шарты, пайыздық мөлшерлемесі, қарызды өтеу мерзімі әртүрлі. Олардың айырмашылығы туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.

Оқи отырыңыз: Пәтер таңдауда неге мән беру қажет?

№10. "Орда" ипотекасы

Қазақстанның ипотекалық компаниясы ұсынған бағдарлама жаңа және ескі үйлерден пәтер алуға мүмкіндік береді.

  • Табыс көзін толықтай растаған жағдайда 12 пайыз, ал, жартылай растағанда 14 пайыз жылдық мөлшерлемемен қарыз рәсімдеуге болады;
  • Қарыз көлемі: Алматы мен Нұр-Сұлтанда 1-65 млн теңге, аймақтарда 1-40 млн теңге аралығы;
  • Үміткердің өтініші 3 күн ішінде қаралады;
  • Қарызды өтеу мерзімі – 20 жыл;
  • Бастапқы жарнаның орнына жылжымайтын мүлік қоюға болады.

Бұл бағдарламамен жұмыс істейтін банктер: Еуразиялық банк, ЦентрКредит банкі, Kassa Nova банкі және Жусан банк.

Бағдарлама туралы толық ақпаратты мына жерден оқуға болады.

№11. "Өз үйім"

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің "Өз үйім" бағдарламасымен қарыз рәсімдеу үшін салымшының шотында кем дегенде 500 мың теңге болуы тиіс. Қарызды өтеу мерзімі таңдап алынған қарыз түріне байланысты 6 айдан 25 жылға дейін созылады. Бағдарлама жаңа үйлерден пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, құрылыс барысында үлескерлік әдіспен үй сатып алуға болады.

Бағдарлама шарттары:

  • 20 пайыз бастапқы жарна;
  • Салымшының атында үй бар-жоғы маңызды емес;
  • 90 млн теңгеге дейін қарыз беріледі;
  • 7 пайыз жылдық мөлшерлеме (кейін 3,5 пайызға дейін төмендетуге болады);
  • Үй сатып алынатын мекенде тіркеуде тұру міндетті емес;
  • Бағдарламаға қатысушылар салық жеңілдігін ала алады.

"Өз үйім" бағдарламасы аясындағы барлық нысандар туралы ақпарат baspana.kz порталында жарияланады. Мұнда өзіңіз үй сатып алғыңыз келетін қаладан пәтер таңдап, қандай нысандардың салынып жатқанын тексеріп, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысу үшін өтініш беруге болады.