Бүгін Алматы облысы Іле ауданының сотында трансгендер әйел Виктория Беркходжаеваны зорлады деп айыпталған Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облыстық департаментінің бұрынғы қызметкері Сани Әбдіқашқа қатысты сот үкімі шықты. Сот шешімімен ол 5 жыл 6 айға бас бостандығынан және "ұлттық қауіпсіздік майоры" шенінен айырылды. Сондай-ақ, оның мемлекеттік қызметте істеуіне үш жылға тыйым салынды. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Сани Әбдіқаштан сот жәбірленушілерге көмек көрсету қорына 20 АЕК және 877 786 теңге сомасындағы сот шығындарын өндіріп алу туралы шешім шығарды.

ҰҚК қызметкері Сани Әбдіқаш Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша сотталды:

  • 121 бап – жәбірленушіге бірнеше рет жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін;
  • 146 бап – жәбірленушіні азаптағаны үшін.

"Сотталушы өз кінәсін мойындамай, ақталуын сұрады. Алайда сот барлық дәлелдерді зерттеп, зорлық-зомбылық әрекеттері дерегін анықтады, сондай-ақ оларды азаптау деп таныды. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, жүргізілген сараптамалардың қорытындыларымен де дәлелденді. Сондықтан, соттың шартты түрде үкім шығаруға немесе жеңіл жаза тағайындауға негізі болған жоқ. Заңға сәйкес, жаза қылмыс жасалған кездегі қолданыстағы қылмыстық заңнамаға сәйкес тағайындалады. Яғни 2019 жылы осы қылмыстарға жаза қатаңдатылғанға дейін жасалған", – деп атап өтті соттың баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Алматыда қыз зорлады деп айыпталған экс-прокурор мен банк қызметкері әлі бостандықта. Олар істі қалай жабуға тырысқан?

Басты сот талқылауы Іле аудандық сотында жабық режимде өтті. Іс бойынша жәбірленуші трансгендер әйел Виктория Беркходжаева. Шулы оқиға былтыр шілде айында болған. Алматы облысындағы "Жауғашты" колониясында жазасын өтеп жатқан трансгендер әйел Виктория Беркходжаева 25 шілдеде өзін түрме қабырғасында ҰҚК қызметкері бірнеше рет зорлағанын мәлімдеген. Құқық қорғаушылардың айтуынша, қыздың өзі болған оқиғаны жариялау үшін прокуратураға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке жүгінген. Осыдан кейін Виктория Беркходжаеваны жәбірленуші ретінде танып, 9 қазанда Әбдіқаш Сани қамауға алынды.

Викторияның адвокаты Айман Омарованың айтуынша, молекулалық-химиялық сараптама жәбірленушінің заттарында күдіктіге тиесілі болуы мүмкін биоматериалдың іздері бар екенін көрсеткен.

Виктория Беркходжаеваны сот залына айдауылдар үкім жарияланғаннан кейін жеткізді. Ол өзіне қорлық көрсеткен адамға тағайындалған жаза тым жеңіл екенін және үкіммен келіспейтінін айтты.


Виктория Беркходжаева сот залында / informburo.kz фотосы

"Мен сот үкіміне қарсы шағым түсіремін, оның жазасын 10 жылға дейін қатаңдатуды сұраймын. Қажет болса, Жоғарғы сотқа да шағым түсіремін, – деді Виктория Беркходжаева.

Викторияның адвокаты Айман Омарова да үкімді тым жұмсақ деп санайды.

"Ол істеген қылмысы үшін бес жыл алты айға сотталды. Бұл күлкілі. Біз бұл жерде ҰҚК-нің әсері бар деп санаймыз. Егер ол қарапайым адам болса, үкім қатал болар еді. Менің ойымша, үкім әділ емес, мұндай әрекет үшін өте қысқа мерзім тағайындалып отыр. Ол бүкіл ҰҚК-нің масқарасын шығарды. Егер олардың ұяты болса, погондарын құрметтейтін болса, ҰҚК сотталушыны қолдамауы керек. Олар куәгерлерге, Викторияға, туыстарына қысым көрсетті. Оны құтқару үшін не істемеді? Бірақ жалғыз оң нәрсе – сот оның кінәсін мойындады. Бұл үшін сотқа рахмет айтамыз", – деді Айман Омарова.

Адвокат, Сани Әбдіқаш кінәлі деп танылған екі баптың біреуі бойынша ғана ең аз жаза - бес жыл екенін алға тартты. Сотталушы өз кінәсін мойындамағанын ескере отырып, мұндай жеңіл жазаның тағайындалуы сұрақтар тудырады, дейді қорғаушы.

"Ол тергеу кезінен бастап түрмеде бір жыл отырды. Енді тек төрт жыл ғана жазасын өтеуіне тура келеді. Оның ар жағында шартты түрде мерзімінен бұрын босату бар. Бұл жерде Викторияның трансгендерлік әйел екендігі үлкен рөл атқарды. Дискриминация болып тұр. Әйтпесе, басқаша жаза тағайындар еді. Біз сотталушыға тағайындалған жазаға риза емеспіз", – деп қорытындылады Айман Омарова.

Сотталушының адвокаты Серік Ноғайбаев та сот үкімі бойынша апелляциялық шағым түсірмекші. Өйткені ол өзінің қорғауындағы ҰҚКД экс-қызметкері ақталуы керек еді деп есептейді.

"Біз сот үкімімен келіспейміз. Басты сот талқылауы барысында анықталған мән-жайлар болған кезде, оны ақтау керек еді деп санаймыз. Сондықтан біз үкімге шағым түсіреміз. Сот отырысы жабық есік жағдайында өтті, біз істің мән-жайы туралы айта алмаймыз", – деді ол.

Айта кетсек, Виктория Беркходжаева "Жауғашты" колониясында 2017 жылдың наурыз айынан бастап "аса ірі көлемде ақша бопсалағаны" үшін жазасын өтеп жатыр. Жынысын ауыстырған әйел 2016 жылы өзі сияқты транс-әйел досынан ақша бопсалаған. Тергеу мәліметтері бойынша, Виктория Беркходжаеваға жынысын өзгерту үшін тағы бір операция жасату керек болған. Сондықтан ол досынан 33 мың доллар талап еткен. Егер ақша таппаса, досының бұрын еркек болғанын айтып, елге жариялаймын деп қорқытқан. Бірақ, қомақты қаржыны таба алмаған жәбірленуші Беркходжаеваның әрекетін құқық қорғау органдарына әшкерелейді. Нәтиежесінде, трансгендер әйелдің кәнісі толық дәлелденіп, ол 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда әйелдер мен қыздардың құқығын қалай қорғаймыз?

Еске салсақ, Виктория Беркходжаева қамауға алынғанда жынысын ауыстырып үлгергенімен, жеке басын куәландыратын құжаттарын ауыстырып үлгермеген болатын. Сондықтан, Каримжан Беркходжаевты (Виктория Беркходжаеваның бұрынғы аты – автор) заңды құжаты бойынша ер адамдар жазасын өтеп жатқан колонияға отырғызу мәселесі қаралған болатын. Дегенмен, үкім шыққанша сотталушының құжаттары ауыстырылып, Виктория Беркходжаеваның "Жауғаштыда" жазасын өтейтіні шешілген болатын.

ҰҚК қызметкерінен қорлық көрмей тұрып, өзінің соты кезінде де Виктория Беркходжаева оған полиция қызметкерлері мен айдауылдар психологиялық қысым көрсеткенін айтқан болатын. Сол кезде сотталушы құзырлылардың оған киімдерін шешіп, жалаңаш денесін көрсетуді талап еткенін мәлімдеген.