Тозығы жеткен төрт мың лифт. Ұлттық стандарт бұл мәселені шеше ала ма?
2018 жылы Ақтөбеде қызмет көрсетуші компанияның кінәсінен лифт ішінде жас әйел қаза тапты. Осы оқиғадан кейін лифтілерді пайдалану талаптары белгіленген ұлттық стандарт әзірленді.
2020 жылы бұл стандарт "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңға енгізілді. Стандарттарды лифт нарығына қатысушылардың барлығы орындауға міндетті.
Оқи отырыңыз: "Заң жалаңаш келді". Нұрлан Нығматулин тұрғын үй саласындағы былықтардың бетін ашты
4 мың лифтінің тозығы жеткен
Қазақстан лифтшілері ұлттық қауымдастығының президенті Ержан Игібаевтың сөзінше, елде 4 мыңнан астам лифтіні жаңғырту қажет. Олар – нормативтік мерзімі өткен лифтілер. Орташа қолданылу мерзімі – 25 жыл. Қазақстанда отыз жылдан астам уақыт қолданылып келе жатқан лифтілер бар.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі машина құрастыру басқармасының басшысы Ержан Иманслям әр лифтінің ішінде жағдайы туралы ақпарат болуы тиіс екенін айтады. Алматы қаласында пилотты жоба ретінде лифтінің нормативті мерзімін көрсету көзделген. Оның сөзінше, қауымдастықпен бірге монтаждау, техникалық қызмет көрсету және техникалық диагностикалау, лифт құрылғыларын жөндеу ережелері әзірленіп жатыр.
Министрлік 2019 жылы лифт саласын дамыту жөніндегі Жол картасын қабылдады. Құжатта қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен жергілікті лифт жабдықтарын өндірушілерді, жергілікті қызмет көрсетуші және монтаждау компанияларын қолдау көзделген.
Оқи отырыңыз: "Жастарға – жаңа тұрғын үй бағдарламасы". Алматы әкімінің тұрғындармен кездесуінен репортажАлматыда мың лифтіні ауыстыру қажет
Қазақстандағы ең ірі тұрғын үй қоры Алматыда. Қалада 8 мыңнан астам тұрғын үй мен 5400 лифт бар. Оның ішінде 1 003 лифтінің қолданылып келе жатқанына 25 жылдан асқан.
Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиевтің сөзінше, әкімдік лифтілердің жағдайын тексеріп тұрады. 2018 жылы тексерілген 1 мыңнан астам лифтінің 80 пайызынан ақаулар анықталған. 23 пәтер иелерінің коопеативі, 3 лауазымды тұлғаға 1 млн теңге айыппұл салынған. 2019 жылы 61 ұйым тексеріліп, 779 лифт, 9 эскалатор, 2 траволатор талапқа сай келмеген. 21 нысанға салынған айыппұл – 1,3 млн теңге.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мемлекеттік бағдарламасы аясында қалада ауыстырылған лифт саны – 941. 2020 жылы 300 лифтіні ауыстыруға бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінді.
Оқи отырыңыз: 2020 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кім үй ала алады?
"Бұл 7 жылдан 15 жылға дейін қайтарылатын ақша. Тұрғындар лифтіні ауыстыру туралы өздерінің жалпы жиналысында шешеді. Тұрғын үйдегі бір ғана подъезд тұрғындары лифт ауыстырамыз деп шешсе, басқа подъездегілер де дауысқа салады. Ал біздің ойымызша, лифт ауыстыратын подъезд тұрғындары ғана дауыс беруге тиіс", – деді Мейіржан Отыншиев.
2019 жылы қалада қауіпті техникалық жабдықтарды есепке қою мен алып тастау тәртібі әзірленген. Барлық қауіпті техникалық жабдық міндетті тұрде тұрғын үй саясаты басқармасында тіркелу қажет. Бұл шара қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі. Есепке тұрған әрбір нысан әкімдіктің бақылауында болады.
Тұрғын үй саясаты басқармасы 5 жылда жөндеуді қажет ететін барлық лифтіні ауыстырмақ. Жыл сайын кемінде 300 лифтіні жаңартуға бюджеттен ақша көзделген.
Өңірлердегі жағдай да мәз емес. "Ертіс-Лифт" ЖШС директоры Николай Сергиенконың айтуынша, Павлодар қаласында 1 400 лифтіні шұғыл ауыстыру қажет. Алайда жергілікті атқарушы органдар бұл мәселеге еш назар аудармайды. 2009 жылы тоғызы жеткен екі лифт қана ауыстырылған.
Оқи отырыңыз: 60 млрд теңге жеңілдетілген несие. Биыл "Әскери баспанамен" кімдер үй ала алады?
Қазақстандық лифтілерге сұраныс аз
Қазақстан лифтшілері ұлттық қауымдастығының мәліметінше, елімізде 5 лифт құрастырушы зауыт бар. Нарық көлемі келесідей:
- 2017 жылы – 2 500 лифт: 314 – отандық, 1 800-ден астамы – импорт;
- 2018 жылы – 2 330 лифт: 437 – отандық, 1 993 – импорт;
- 2019 жылы – 2 056 лифт: 232 – отандық, 1 824 – импорт.
Қазақстанда лифт құрастыратын кәсіпорындар жылына 1 350 лифт шығаруға қауқарлы. Нарық сұранысын толық қамтамасыз ете алады. Алайда статистика көрсетіп отырғандай, шетелдік лифтілер көптеп пайдаланылады.
Ержан Игібаевтың сөзінше, дайын лифтіні жеткізушілерге кеден бажы салынбайды. Ал оны жинақтау үшін салынатын баж – 5-15 пайыз. Осыдан қазақстандық өндірушілерге экономикалық тиімсіз жағдай жасалғаны көрінеді. Яғни, Қазақстанда лифт құрастырғаннан дайын өнімді сырттан әкелген оңай. Осыған орай, нарықта отандық өндірушілерге басымдық беру, жеңілдетілген несие беру қарастырылып жатыр.
Оқи отырыңыз: Әйелдер ипотекасы мен "Корпоратив" бағдарламасы. Баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері қандай?
"Қазақстанда өндірілген лифтілердің бағасы бәсекеге қабілетті. Баға көптеген параметрлерге тәуелді болған соң, құбылып отырады. Мысалы, 9 қабатқа арналған 500 келілік лифт монтажсыз 8-8,5 млн теңге тұрады. Монтаж құны шамамен 1 млн теңге. Бұл да еңбекті, материалдық шығынды қажет ететін жұмыс", – дейді ол.
Бюджеттен бір лифтіні жаңартуға 7,2 млн теңге бөлінеді. Жалпы жиналыста бағасы мен моделі туралы шешімді тұрғындардың өзі қабылдайды.
Жеткізушілер өнімдеріне 3 жылға кепілдік береді. Оған қоса 5 жыл бойы қажет бөлшектерді жеткізуі тиіс.
"Отандық лифтілерді ғана пайдалану керек"
"LGS Kazakhstan elevator group" ЖШС директоры Алиш Халафов бюджет қаржысына лифт салушыларға заңнама деңгейінде тек қазақстандық лифт жабдықтарын алуды міндеттеу туралы нормативті-құқықтық акт қабылдауды ұсынды.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі
Ержан Игібаевтің сөзінше, Инвестициялар және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2017 жылғы 255-бұйрығында "мемлекет қаржысына құрылыс жүргізгенде отандық өндірушілердің қызметі мен өнімдерін пайдалануы қажет" делінген. Алайда бұл бұйрық іс жүзінде орындалмай келеді. Бюджет қаржысына лифт салғанда кейде сапасы күмән туғызатын қытайлық лифтілер қолданылады. Бірақ, Игібаев қытайлық лифтілерді сапасыз деуге болмайтынын, онда лифт өндірісі дамығанын айтты.
"Алматы лифт" ЖШС директорының орынбасары Максим Телицкий өзі қызмет ететін зауыттың Қытай және басқа да елдерден әкелінетін өнімдермен бәсекеде қиындыққа тап болып отырғанын айтты.
"255-бұйрық жұмыс істемейді. Өйткені, жауапкершілік жүктелмеген. Құрастырушы ұйым келеді де, Қытайда өндірілген лифтіні сатып алады. Осы салаға жетекші органдар талапқа сай емес лифтілерге қатысты ешқандай әрекет жасамайды. Мұндай лифтіні ауыстыруға мәжбүрлеу керек. Бірақ, олай жасалмайды. Нақты жауапкершілік жүктеп, оның орындалуын қадағалау керек. Бәсеке отандық өндірушілер арасында болуы тиіс", – дейді ол.
Оның айтуынша, шетелдік жабдықтар баж бен басқа да салықтарға байланысты жергілікті өнімдерден 15-20 пайыз арзан. Сол себепті жеңілдіктер қарастыруды, лифт салушы мен осы салаға жетекші мемлекеттік органдардың жауапкершілігін қатаңдатуды ұсынды.
Оқи отырыңыз: Антикоррупциялық қызмет өкілі ТҮКШ саласында жиі кездесетін қылмыстарды атады
Бірінші және екінші қабат тұрғындары лифт ақысынан босатылады
Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиевтің сөзінше, бүгінде Алматыдағы бірінші және екінші қабаттағы пәтер иелері лифт қызмет көрсету ақысынан босатылған. Алайда Тұрғын үй шаруашылығы туралы заңға сәйкес, соңғы шешім пәтер иелерінің ортақ жиналысында қабылданады.
"ТКШ ҚазОрталық" АҚ әдістеме және өңірлік даму департаментінің басшысы Марғұлан Әбдікәрімовтің айтуынша, үй иелерінің шешімімен лифтіні мүлде қолданбайтын тұрғындар қызмет көрсету ақысынан босатылады. Ал лифтіні ұстау шығындары – бәріне ортақ.
"2020 жылдың 7 қаңтарында пәтер иелері ортақ мүлікті ұстауға жауапкершілік алады делінген ТҮКШ туралы заңдағы өзгерістер күшіне енді. Оған лифтілер де кіреді. Екі айдан кейін, 7 наурызға дейін тұрғындар лифтіні ұстауға қатысты сұрақтарды жалпы жиналыста шешетіні туралы қала деңгейінде заңнамалық нормативті-құқықтық акт қабылданады", – деді ол.