Бұл өзгерістер 2018 жылғы 23 шілдедегі Үкіметтің қаулысында қарастырылды. Ресми жарияланған сәттен 10 күн өткеннен кейін күшіне енеді. Яғни, тамыздың екісінен бұл әдіс жүзеге аса бастады. Жеке куәлікті алуға қатысты жұрт көкейінде жүрген сұрақтардың жауабын қарастырып көрдік.

Жеке куәлікті 15 күн ішінде рәсімдеу үшін 481 теңге төлейсіз

Ең бірінші төлқұжат пен жеке куәліктің аражігін ажыратып алайық. Төлқұжат (паспорт) – азаматтардың қалаулары бойынша жасына қарамастан 10 жылға беріледі. ҚР аумағынан тыс жерлерде иесінің жеке басын куәландыратын құжатқа жатады. Тіпті жаңа туған шақалақпен шетелге барғыңыз келсе де, бөпеңіздің туу туралы куәлігі арқылы төлқұжат жасатасыз. Ал, жеке куәлікті 16 жасқа толған азаматтар ала алады. Оның тек республика аумағында ғана жарамды екенін білесіздер. Елімізде тұратын барлық азаматтардың жеке куәлігі болуы тиіс. Ол да он жылға беріледі.

Оқи отырыңыз: Жеке куәлікті қалай қайта жасатуға болады?

– Төлқұжат пен жеке куәлікті рәсімдеу кезінде мемлекеттік міндеттеме төленеді. Мысалы, жеке куәлікті алуға 0,2 АЕК төлеу керек. Бұл жердегі айлық есептік көрсеткіш 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2405 теңге болып бекітілген. Сонда 481 теңге төлейді. Ал төлқұжатты алу үшін 8 АЕК (19 240 теңге) береді. Өтініш берілген күнді есептемегенде 15 жұмыс күн ішінде рәсімделеді, – дейді Астана қаласының ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің басшысы София Қолышбекова.

Құжаттарды жеделдетілген тәртіппен алғыңыз келсе...

Төлқұжат пен жеке куәлікті тез алу мерзімі рәсімделген күннен бастап есептеледі. Мемлекеттік бажды есептемегенде құжаттарды жедел даярлау қызмет құнын төлегендерге Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында тез әзірленеді. Өзге өңірлерде ұзағырақ күтуге тура келеді. Мысалы:

Бірінші деңгей бойынша бір жұмыс күн ішінде рәсімделеді – 4983 теңге;

Екінші деңгейде үш жұмыс күн ішінде рәсімделеді – 2752 теңге.

Облыс орталықтары үшін:

Бірінші санатты жеделдік (3 жұмыс күніне дейін) – 4983 теңге;

Екінші санатты жеделдік (5 жұмыс күніне дейін) – 2752 теңге.

Облыстардың аудандары мен қалалары үшін:

Үшінші санат бойынша 7 жұмыс күніне дейін – 1116 теңге. Толығырақ білу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы бөліміне немесе 1414 телефон нөміріне хабарлассаңыз болды. Қоңырау шалу тегін.

Оқи отырыңыз: Фамилия ауыстырудың тәртібі қандай?


Жеке куәлік пен жеделдетілген түрі әр өңірде әрқалай / itube.kaztrk.kz сайтынан алынды

Электронды үкімет порталына жүгінсеңіз, 15 күнде шешіледі

– Портал арқылы құжаттарды жеделдетілген тәртіппен рәсімдеу қарастырылмаған. Халыққа қызмет көрсету орталығына немесе порталға жүгінген кезде 15 жұмыс күнінен кешіктірілмей әзірленеді. Өтінішіңіз қабылданған күн қызмет көрсету күніне кірмейді, – дейді София Қолышбекова.

Оқи отырыңыз: Көпбалалы отбасыларға куәлік беріле бастады

Құжаттарды алу үшін мемлекеттік баж төлеу керек

www.egov.kz электрондық үкімет порталындағы авторизацияланбаған пайдаланушылар үшін 38 қызмет іске қосылды. Енді ол үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет емес. Соның бірі – мемлекеттік баж алымын төлеу кезіндегі сервис.

Мемлекеттік баж алымы дегеніміз – бұл заңмен белгіленген маңызды құжаттарды алу үшін әр түрлі инстанцияларға жүгінгенде салынатын салықтың түрі. Енді инстанция дегеніміз не? Ол – мемлекеттің жүйесіндегі төменнен жоғары қарай бағыну сатысы. Яғни, 16 жасқа толғаннан кейін жеке куәлік алу үшін 0,2 АЕК (481 теңге) мемлекеттік баж алымын қолма–қол немесе портал арқылы төлем жасаған кезде комиссия 100 теңге ұсталады.

Ол үшін:

  • Туу туралы куәлік;
  • Ата-анасының бірінің жеке куәлігі;
  • Мемлекеттiк баждың төленгенi туралы түбiртек;
  • Төлқұжат (болған жағдайда).

16 жасқа дейінгі балаларға төлқұжатты (паспортты) рәсімдеуге арналған құжаттар тізбесі:

  • Туу туралы куәлік;
  • Ата-анасының бірінің жеке куәлігі;
  • 8 АЕК мөлшеріндегі жеке куәлік үшін мемлекеттік баж алымын төлеу туралы түбіртек.
Оқи отырыңыз: Дүниеге келген нәрестеге берілетін көмектер

Оны қалай төлеуге болады?

еgov.kz порталының басты бетінде "Азаматтар үшін онлайн қызметтер бір тізімде" батырмасын шертіп, "Төлемдер" тізімінен қажетті төлем түрін таңдап, "Онлайн төлеу" батырмасын басу керек. Азаматтық, миграция және иммиграция деген бөлімнен жеке куәлік алу үшін мемлекеттік баж алым дегенді басып, әр қадамын түсіндіріп көрейік.

  1. "Онлайн төлеу" батырмасы арқылы өту.
  2. Салық органын көрсету және төлемді тағайындау коды (ТТК).
  3. Ұсынылған төлем тәсілдерінің бірін таңдау.
  4. Төлем картасының немесе жеке шоттың мәліметтерін енгізу (нөмірі, иесінің аты-жөні картада жазылғандай, қолданылу мерзімі және CV-код).
  5. Жеке кабинетте төлем чегімен танысып, талап етілген жерге ұсыну.

Онлайн төлем тәсіліне де жүгіне аласыз.

  • Барлық банктердің VISA, VISA Electron, MasterCard, Maestro төлем карталарының көмегімен төлеуге болады. Altyn тек "Қазақстан Ұлттық банкі" АҚ тұтынушыларына арналған.
  • "Еуразия Банкі" АҚ Интернет-банкингінде және кассада, "Казпошта" АҚ және "PayPoint" электрондық ақша жүйесінде шот өтінімін төлейсіз.

Жадыңызда ұстаңыз: Қауіпсіздік үшін кейбір банктер төлем карталарына лимиттер немесе қосымша кодтар белгілейді. Егер онлайн төлемді жүзеге асырған кезде, қиындықтар туындаса, банктегі менеджеріңізге жүгіне аласыз. Бір күн ішінде үш транзакциядан артық жасауға болмайды.

Чектерді тексеру сервисі арқылы онлайн төлем портал, банк терминалы немесе "Салық төлеушінің кабинеті" арқылы жүргізілгеніне көз жеткізе аласыз.

Оқи отырыңыз: ONAY картасы жоғалса, қалай бұғаттауға және қайта жасатуға болады?

Мемлекеттiк баж төлеуден кімдер босатылады?

Олар:

  • Мүгедектер;
  • Мүгедек балаларды асыраушылар;
  • Алтын, күміс алқа иегерлері;
  • Ұлы Отан соғысына қатысушылар;
  • Жетім балалар.

Салық төлемес үшін, жоғарыдағы тізімге кіретініңіз туралы анықтаманы көрсетуіңіз қажет.

Ескіден жаңаға көшкенде ғана онлайн қызмет түрін пайдалана аласыз

Мерзімі аяқталған жеке куәлікті жаңа нұсқасына ауыстыратын болсаңыз, үйде немесе жұмыста отырып-ақ рәсімдеуіңізге болады. Сонда халыққа қызмет көрсету орталығына барып, ары-бері сабылмайсыз.

Біріншіден, сіз egov.kz сайтына авторлану үшін "Кіру" батырмасын басып, жеке сәйкестендіру нөмірі мен құпия сөзіңізді енгізіңіз. Одан кейін "Жүйеге кіру" батырмасын басыңыз.

Екіншіден, "Онлайн қызметке тапсырыс" батырмасын басыңыз. Жеке деректеріңізді тексеріп, алғыңыз келген құжат түрін көрсетіңіз. Тіркеу пунктін таңдап, суретіңізді тіркеуіңіз керек. Толығырақ батырмасын басқаннан кейін құжатта бейнеленетін суретіңізді таңдап, "Сақтау" батырмасын басыңыз.

Қолыңыздың сканерленген нұсқасын жүктеген соң, құжатта бейнеленетін аумақты таңдаңыз. Бәрін сақтап, "Жіберу" батырмасын басыңыз.

Үшіншіден, мемлекеттік бажды төлейтін салық мекемесін таңдаңыз. Одан кейін "Төлеуді" бассаңыз, электронды үкіметтің төлем жүйесіне жіберіледі. Мәліметтерді тексеріп, "Бұдан әрі" батырмасын шертіңіз.

Жұлдызшамен белгіленген жолдарды толтырып, төлем карточкаңыздағы деректерді көрсетіңіз. "Төлеу" батырмасын басып, төлемді растайсыз.

Төртіншіден, түбіртекті алғаннан кейін жеке кабинетке өту батырмасын басыңыз. Электронды цифрлы қолтаңбаңыз (ЭЦҚ) флешкада немесе компьютеріңізде сақталса, "Файлды таңдауды" басыңыз. Қолтаңбаңызды қолданып, құпия сөзіңізді енгізіңіз. Содан кейін сертификат деректері алдыңыздан шыға келеді. "Қол қою" батырмасын басыңыз.

Енді отыз күн ішінде Халыққа қызмет көрсету орталығынан барып, алып кетуіңізге болады.

Жеке куәліктегі ұлты туралы жазба ата-аналарының ұлтына қарай таңдалады

– Ата-аналарының ұлты әртүрлі болған кезде ҚР азаматы әкесінің немесе анасының ұлты бойынша еркін таңдау құқы бар. Азаматтардың паспортындағы және жеке куәлiгiндегі ұлты туралы жазбаны өзгерту жөнiндегi даулар ҚР заңдарына сәйкес сот тәртiбiмен шешiледi. Егер азамат өз еркімен құжатта ұлты көрсетілмегенін қаласа, онда рұқсат беріледі. Қуғын-сүргін кезінде ҚР аумағына күштеп көшірілген ҚР азаматтарына паспортта, жеке куәлікте ұлты туралы жазбаны өзгертуге рұқсат. Ұлтын өзгерту "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" 1993 жылғы 14 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілетін ақталғаны туралы анықтама негізінде жүргізіледі.

Кейіннен өтініш бойынша ұлты тек екінші ата-анасының ұлты бойынша ғана өзгертіледі.

Ұлтын өзгертуіне байланысты жеке куәлікті берген кезде ұлты туралы жазбаның өзгертілгені туралы анықтаманы қоса береді. Ол мәліметтерді енгізу үшін тұрғылықты жері бойынша азаматтық хал актілері жазбалары (АХАЖ) органдарына баруы керек, – дейді София Қолышбекова.

Ұлтын өзгертуіне байланысты жеке куәлікті және паспортты алу үшін ҚР азаматтары мынадай құжаттарды ұсынады:

  • Қалайтын ұлты көрсетілген жазбаша өтініш;
  • Туу туралы куәлік;
  • Қуғын-сүргінде республика аумағына еріксіз қоныс аударғандар үшін – ақталғаны туралы анықтама;
  • Ауыстырылатын жеке куәлік, паспорт, болған жағдайда;
  • Жеке бас куәлігі үшін – 0,2 АЕК, паспорт үшін 8 АЕК көлемінде мемлекеттік баж салығы төленгені туралы түбіртек.

Жарамсыз жеке куәлікпен жүрсеңіз, айыппұл салынады

Жеке куәліксіз, жарамсыз жеке куәлікпен немесе тұрғылықты жерінде тіркеусіз 10 күннен 1 айға дейінгі мерзімде тұрған жағдайда ескерту жасалады. Мерзімі өткен құжатпен үш айдан астам жүрсе, (ҚР әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 492-бабының 2-тармағы бойынша) 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Яғни, 16 мың 835 теңге. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылдың ішінде қайтадан осы әрекетін қайталаса, 13 АЕК мөлшеріндегі айыппұл түрінде (31 мың 265 теңге) әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал ҚР азаматының паспортының мерзімі өтіп кетсе, ауыстыру немесе ауыстырмау мәселесін азаматтң өзі шешеді. Әкімшілік заңнамада мерзімі өтіп кеткен паспорт үшін жауапкершілік көзделмеген.

Бірақ, мерзімі өтуіне, сондай-ақ, айқындама деректерді өзгертуіне байланысты жаңа жеке куәлікті алған кезде, жарамсыз паспорт болған жағдайда, оны міндетті түрде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) тапсыру қажет. Көбінесе әмияндарын ұрлатып алатын немесе сөмкелерін қоғамдық көліктерде ұмытып кететін жағдайлар көп кездеседі. Сонымен бірге жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтатындар көп.

Жеке куәлікті жоғалтсаңыз...

  • Жеке куәлікті жоғалту мән-жайларын көрсете отырып, оны қалпына келтіру туралы жазбаша өтініш.
  • Мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек;
  • 3,5 x 4,5 см. өлшемді 2 фотосурет;
  • ҚР азаматының паспорты (бар болса).

Ұрлатсаңыз...

  • Аудандық ішкі істер басқармасына құжаттың ұрланғаны туралы анықтама;
  • Жеке куәліктің жоғалған жағдайларын көрсетумен жазбаша өтініш;
  • Ұрланған жеке куәліктің көшірмесі (бар болған жағдайда);
  • Мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек;
  • 3,5 x 4,5 см. өлшемді 2 фотосурет.
  • ҚР азаматының паспорты (бар болса).

Жеке куәлікті алғанға дейін үш ай мерзімге уақытша құжат беріледі. Оны алу үшін өтініш жазасыз, әрі 0,2 АЕК (481 теңге) төлейсіз. Сонымен қатар 3,5 х 4,5 см фотосурет өткізесіз. Екі жұмыс күн ішінде дайын болады. Осы тұста уақытша тіркеу туралы да айта кетсек.

Бір айдан артық мерзімге келген адам уақытша тіркеуге тұруы керек

Тіркеудің екі түрі бар. Тұрақты тіркеу дегеніміз – тұрғылықты жері бойынша тіркеу. Уақытша тіркеу – бір айдан артық уақытша келгендіктен тұрып жатқан мекен-жайға тіркелу. 2017 жылғы 7 қаңтарда "Халықтың көші-қоны туралы", "Тұрғын үй қатынастары туралы" ҚР заңдарына өзгерістер енгізілді.

Онда меншік иелері немесе тұрғын үйді жалға беруге уәкілетті адамдардың онда тұратын адамдарды міндетті түрде тіркеу керек екені көрсетілген. Тіркеу бойынша қабылданған жаңа ережелер тұрғылықты жерін уақытша өзгерткен адамдарға қатысты.

Яғни, қонаққа немесе басқа да жұмыстар бойынша бір айға дейінгі мерзімге келген адамдарға тіркелмеуге болады. Егер бір айдан артық тұратын болса, онда міндетті түрде уақытша тіркелуі керек. Уақытша тіркеуге тұрғыңыз келсе, халыққа қызмет көрсету орталығына үй иесімен бірге барыңыз. 10-15 минут ішінде мәліметтер ақпараттық жүйеге енгізіледі.

Қолыңыз жұмыстан босамайтын болса, электрондық үкімет порталы арқылы тіркеуге электрондық сұраныс бере аласыз. Ол үшін қызмет алушының электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) және тіркеуге келісімге "жеке кабинетте" қол қою үшін тұрғын үй меншік иесінің ЭЦҚ болуы қажет. Қажетті құжаттар:

  • Тұрғын үй иесінің келісімі;
  • Тұрғын үй иесінің жеке басын куәландыратын құжат;
  • Тіркелушінің жеке куәлігі.

Уақытша тіркелгеннен кейін тұрып жатқан жер – заңды мекен-жай болып табылады. Бұл – меншік иесінің құқығына ие болу деген сөз емес. Тұрғын үйге иелікке үміткер де бола алмайсыз.

Бір айдан артық уақытша тіркеуге тұрмасаңыз, әкімшілік жауапкершілікке тартыласыз. 10 күнтізбелік күннен бір айға дейінгі мерзімде тіркеусіз болғанда ескерту жасалады. Бір ай өткеннен кейін 7 АЕК (16 835 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Сонымен қатар әкімшілік жауапкершілікке пәтерлерін жалға беріп, онда өзінің пәтер жалдаушыларын тіркемеген жалға берушілер де әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Айыппұл мөлшері 10 АЕК (24 050 теңге) құрайды.

Егер көрсетілген бұзушылықтар әкімшілік жазадан кейін жыл ішінде қайтадан анықталса, 20 АЕК (48 100 теңге) мөлшерінде айыппұл көзделген.

Құжаттағы тегіңізді ауыстыру үшін электрондық өтініш беруге бола ма?

Жеке куәлікті оның қолданыс мерзіміне қарамастан ауыстыру қажет болатын кез болады. Некеге тұру немесе некені бұзу кезінде жеке куәлігін ауыстыратындар бар. Осы жағдайда ғана онлайн өтінішті беруге болады.

Некеге тұру немесе некені бұзу туралы куәлікті алған сәттен бастап 30 күн ішінде жеке куәлікті ауыстыру қажет. Аталған мерзімнен кеш жүгінсе, 7 АЕК мөлшеріндегі (16 835 теңге) айыппұл салынады.

egov.kz сайтындағы "Азаматтарға арналған онлайн қызметтер бір тізімде" дегенді шертіп, "Тегін, атын, әкесінің атын өзгертуді тіркеуге арналған электрондық өтінішті" таңдаңыз. ЭЦҚ арқылы, құпия сөзіңізді енгізіп, жеке кабинетке кіресіз. Содан кейін "онлайн сұрау" батырмасын басып, мәліметтеріңізді енгізесіз. Қызмет құны – 2 АЕК (4810 теңге).

"Жеке кабинетке" электронды өтініштің қабылданғаны туралы және атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды тіркеу күнінің тағайындалғаны туралы хабарлама жолданады.

Жеке куәліктегі текті қандай жағдайда ауыстыруға болады?

Ұлты қазақ адамдар тегін, әкесінің атын мемлекеттік немесе орыс тілінде көрсетіп, еркін нысандағы өтінішпен жүгіне алады. Тектерінде қазақ тіліне жат "-ов, -ова", "-ев, ева", "-ин, -ина" жалғауды алып тастап, тегі мен әкесінің атын жазады. Әкесінің атын жазылғанда олардың орнына жынысына қарай "ұлы", "қызы" жалғауларын бірге қосып жазады.

Өтінішпен бірге:

  • Туу туралы куәлік (жеке басын куәландыратын құжатты алғашқы рет алған кезде);
  • Ауыстыруға жататын жеке куәлік, паспорт;
  • ҚР азаматтығына қабылдау туралы анықтама (ҚР азаматтығына қабылдауына байланысты жеке куәлікті алған кезде);
  • Мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек;
Мына жағдайларда құжаттағы текті ауыстыруға болады:
  1. Аты, әкесiнiң аты, тегi оғаш естiлсе;
  2. Аты, әкесiнiң аты, тегi айтуға қиындық келтірсе;
  3. Егер некені мемлекеттік тіркеу кезінде некеге дейiнгі тектерінде қалса, жұбайымен ортақ текте болғысы келсе;
  4. Егер неке бұзылған кезде бұл туралы мәлімделмесе, некеге дейiнгi тегiн алғысы келсе;
  5. Бұрынғы некеден туған балаларымен ортақ текте болғысы келсе;
  6. Жұбайы қайтыс болған жағдайда некеге дейiнгi тегiн алғысы келсе;
  7. Жұбайы қайтыс болған жағдайда өтiнiш берушi некеге дейiнгi тегiнде болғанда, балаларымен ортақ текте болғысы келсе;
  8. Өтініш беруші таңдаған ата-аналарының бірінің ұлтына (ата-аналарының ұлты әртүрлі болған кезде) сәйкес келетін атты текті алғысы келсе;
  9. Құжаттардағы атынан өзгеше, өмірде нақты қалыптасқан атын алғысы келсе;
  10. Егер некеге отырған (ерлі-зайыпты болған) кезде жұбайының тегі қабылданса, некеге дейінгі тегін алғысы келсе;
  11. Ұлттық дәстүрлерге байланысты әкесiнiң немесе атасының аты бойынша текте болғысы келсеі;
  12. Өтініш берушіні іс жүзінде тәрбиелеген адамның тегі мен аты бойынша текті және әкесінің атын алғысы келсе;
  13. Жынысын хирургиялық жолмен өзгерткен кезде, таңдаған жынысқа сәйкес келетін атты, әкесінің атын, текті алғысы келуі кезінде жүргізіледі.

Шетелдің біраз елдерінде жеке куәлік ID-карта ретінде пайдаланылады

Шетелдің бірнеше елінде төлқұжатты электронды түрде қалай рәсімдейтіндерін көрсетейік. Әуелі биометрлік құжат туралы айта кетейік.

Ол – көз картасы, бет әлпеті және саусақ іздерімен қатар биометрлік мәліметі енгізілген компьютерлік чиптары бар заманауи жеке куәлік. Адамның жеке басына қатысты барлық мәліметтерді қамтиды. Оны ұстаудың бір артықшылығы кейбір қызмет түрлерін жеке куәліксіз саусақ бедерімен пайдалана беруге болады. Қазіргі заманда жеке басыңды растау үшін куәліктегі сурет аздық етеді. Саусақ іздері енгізіледі. Жеке куәлігі қолында болмаса да саусақтың ізімен банктердің, меморгандардың қызметін алуға болады.

Мысалы, Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттерде осындай негізде ұлттық ID-карталар беріледі. Оның чипінде қолданушының толық аты-жөні, жынысы, ұлттық сәйкестендіру нөмірі, криптографиялық кілті және сертификат бар.

ID-картаны Еуропалық Одақ елдерінде жол жүргенде, яғни Исландия, Норвегия, Швейцарияда жеке куәлік ретінде пайдалануға болады. Яғни, биометрлік паспорттары бар азаматтарды шекарадан өту кезінде шекара қызметкерлері тексермейді. 2000 жылдары әлем бойынша Сингапур бірінші болып электронды паспортты шығарды. Банк карточкасы мен жеке куәлікті, әрі ЭЦҚ-ны біріктіріп жасаған. Бірақ, бұл жоба әлі күнге дейін коммерциялық бағытта дамымай келеді.

Эстонияда да ID жеке куәлік екен. Уақытша тіркелген елдің азаматтары мен шетелдіктерге 15 жылға беріледі. Сонымен қатар виртуалды жол жүру билеті ретінде де қолдана алады. Билеттің мерзімі қашан аяқталатынын SMS немесе e-mail арқылы еске түсіреді. Интернетте электронды қолтаңба арқылы пікір білдіруге болады.

Сауд Арабия 2020 жылдан бастап ID-картаны жеке куәлік ретінде қолдана бастауды жоспарлап отыр.

Батыс Африка елдерінің экономикалық бірлестігінде биометрлік жеке куәлік қолданылады екен. Батыс Африканың 15 елінің азаматтары осы құжат арқылы бір-біріне емін еркін кіре алады. Іргеміздегі Қырғызстан ше?

2017 жылдың ортасынан бастап 16 жасқа толғандарға биометрлік ID-картаның жаңа нұсқасы беріле бастаған. Айырмашылығы – түсі мен жеке мәліметтер топтасқан чипте. 2004 жылдан бастап жеке куәлік сары түсті болып келсе, көк түске ауысқан. Оларда да біз сияқты 10 жылға беріледі.

2021 жылдан бастап барлық куәліктердің чиптарына саусақ іздері енгізілуі мүмкін

Былтыр ІІМ Көші-қон полиция департаментінің бастығы Серік Сайынов: "Биометрлік мәліметтердің із-түзсіз жоғалғандар мен анықталмаған мәйіттерді анықтау кезінде көп көмегі тиеді. Мәселен, жыл сайын 300 мыңға жуық із-түзсіз жоғалғандар мен анықталмаған мәйіттер тіркеледі. Бүгінде олардың жеке басын анықтау деңгейі өте төмен. Ізім-ғайым жоғалғандар мен түрлі табиғи апаттардың зардабын тартқан адамдардың түр-тұлғасы арқылы анықтау мүмкін болмаған жағдайда саусақ іздері бұл істі айтарлықтай жеңілдетеді. Дактилоскоптық мәліметтерді енгізу үшін адамдар бар болғаны бұрынғы процедуралармен бірге сенсорлық құрылғыларға саусағын басып, бармақ мөрін қалдырады. 2021 жылдан бастап барлық куәліктердің чиптарына дактилоскоптық мәліметтер енгізіледі", – деген болатын.

Дауыс тембрі, көз қабықшасын алу сияқты түрлі тәсілдері бар. Бірақ бұның қымбатқа түскенінен бұрын, қолданысқа енгізгенде біздің еліміз үшін туындайтын айтарлықтай қиындықтары бар екен. 2001 жылы АҚШ-та террорлық әрекеттен кейін жеке куәлікке саусақ іздерін енгізу тәжірибесін енгізуді ойластыра бастаған. 2004 жылдан бастап АҚШ құжат иесінің куәлігінде биометрлік мәліметі енгізілген компьютерлік чиптарды бере бастады.

Ал Еуро Одаққа мүше мемлекеттердің арасында бірінші болып Германия 2007 жылы электрондық суреттен бөлек, саусақ іздері енгізілген құжат беруді қолға алды. Қытайда дактилоскопияландыру үрдісі 2011 жылы басталды.

Ал ТМД елдерінің ішінен Ресей 1998 жылы дактилоскопиялық тіркеу туралы, ал 2008 жылы мемлекеттік геномдық тіркеу туралы заң қабылданды. Одан өзге мұндай заң Белорусь, Тәжікстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Молдова мемлекеттерінде бар.